Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 936 Қаулысы
(2022.07.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2022 жылғы 19 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туралы ереже (бұдан әрі - Ереже);
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
2. Мыналар:
1) «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестиция комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі болып;
2) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес республикалық мемлекеттік мекемелер;
3) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес республикалық заңды тұлғалар қайта аталсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлiк және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес ұйымдардың мемлекеттік акциялар пакеттері мен қатысу үлестерін иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және оның ведомстволарына берсін;
2) «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акцияларын иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне берсін;.
4. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
5. Осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.