|
|
|
Құқықтық мемлекетті нығайту жолында
Сәрпеков Рамазан Құмарбекұлы Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, з.ғ.к.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде норма шығармашылығы қызметінің тиімділігін арттыру, құқықтық ғылымның рөлін күшейту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің бірыңғай мемлекеттік есебін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны оған «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» мемлекеттік мекемесін қосу арқылы «Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК (бұдан әрі - Институт) құру туралы № 149 қаулысы қабылданды. Алайда Институт тарихы 1993 жылдан басталады. 1993 жылғы 16 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында құқықтық реформаның тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» № 1228 Жарлығы қабылданған болатын. Сөйтіп, 30 жылға жуық Институт елімізбен бірге дамып, өзіне жүктелген құқықтық реформаларды ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және заң шығармашылығы қызметінің тиімділігін арттыруға байланысты бірден бір ерекше ғылыми мекеме ретінде абыроймен өз қызметін атқарып келеді. Қоғамдық қатынастарға нәтижелі әрі нысаналы ықпал етуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі құралы норма шығармашылығы қызметі болып табылатыны белгілі. Заң жобаларын әзірлеу күрделі және өзіндік ерекше процесс екенін атап айтуымыз жөн. Заң жобаларын әзірлеу орасан зор күш-жігермен қатар заң техникасының арнайы дағдылары мен білімін де меңгеруді қажет етеді. Мұндай проблемалар жеткілікті дәрежеде сарапталмаған жағдайда өрескел қателіктер туындайды. Соның салдарынан жобалардың тұжырымдамалық ережелері бұзылады, заңнамалық актілер мәтіндерінің заң тұрғысынан жеткіліксіз пысықталуына және асығыс шешімдер қабылдауға әкеп соғады. Қазіргі кезде Институт заң шығармашылығы қызметінің тиімділігін арттырумен айналысу бағытында отандық және шетелдік ұйымдарға консалтингтік қызметтер көрсетіп, құқықтың әртүрлі салалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді. Нәтижелі атқарылған қызметтің арқасында Германия, Түркия, Ресей және басқа ТМД елдерінің ұйымдарымен бірлескен жобалар сапалы аяқталды, сондай-ақ Қазақстанның ірі ұйымдарының да тапсырыстары дер кезінде іске асырылды. Институт зор ғылыми әлеуетке ие, жұмыс жасау кезеңінен бері қызметкерлер 1500-ден астам заңнамалық актілер жобаларын әзірлеуге тікелей қатыса отырып, ұлттық заңнаманы жетілдіруге әліде өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Институт қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін әзірлеуге және еліміздің Парламентінде оның таныстырылымына тікелей қатысты. Жоғарғы Сот, Әділет министрлігі және мемлекеттік органдармен, отандық және шетелдік ұйымдармен бірлесіп, әкімшілік рәсімдер және әкімшілік процесс мәселелерін талқылау бойынша бірнеше ауқымды іс-шаралар жүргізді. Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс (2014 ж.), Қылмыстық кодекс (2014 ж.), Кәсіпкерлік кодекс (2015 ж.), «Төрелік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2016 ж.) және басқа да ірі жобаларды әзірлеуге белсенді қатысты. Сонымен қатар, Институт талдамалық анықтамалар түрінде заңнаманың тиімділігіне талдау жүргізеді, оның қорытындысын заң шығармашылығы барысында есепке алу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жібереді, сондай-ақ оны «ZAN.KZ» (http://www.zan.kz) деректер базасына орналастырады. Сонымен қатар Институтқа мемлекеттік маңызы бар міндет - заңнамалық актілердің, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниет білдірген халықаралық шарттардың жобаларына, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобаларына ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу де жүктелген. Бұл бағыттағы жұмыста сарапшылар оның әдістемесіне және заң терминдерін мемлекеттік тілге аударудың бірыңғай стандартын әзірлеуге аса назар аударады. Институт жыл сайын заң ғылымы мен практикасы саласында іргелі және ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Зерттеулер нәтижесінде құқық пен заңнама саласының дамуына түзетулер енгізіле отырып, өзектілігіне орай қолданылып келеді, сондықтан ондай зерттеулердің жүргізілуі тікелей практикалық құндылыққа ие. Мұндай зерттеулерге деген сұраныс заңнама саласын жетілдіру қажеттігінен туындап отырғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл зерттеулердің нәтижесі игерілген ғылыми білімді, сондай-ақ ғылыми жарияланымдарды және басқалай ұсынымдарды практикалық пайдалану мүмкіндіктерін іске асыруға тиімді. Қызметіміздің келесі бағытының бірі тоқсан сайын шығарылатын «Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жаршысы» ғылыми-құқықтық журналы. Бұдан басқа, Институттың базасында Қазақстанның құқықтық актілеріне халықтың еркін және тегін қол жеткізуін қамтамасыз ететін «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі қарастырылған. Google Analytics есептеуішінің деректеріне сәйкес Өзбекстан Республикасында, Ресей Федерациясында, Украинада, АҚШ, Швецияда және басқа да елдерде бұл жүйенің жоғары танымалдығы тіркелген, сонымен қатар жыл сайын 30 миллионнан астам интернет пайдаланушыларының жүгінетіндігі анықталған. Сондай-ақ мемлекеттік есепке алуды жүргізетін және нормативтік құқықтық актілердің 1991 жылдан бастап қолданылып келе жатқан өзекті сипатқа ие ресми мәтіндерін қамтитын «Эталондық бақылау банкі» ақпараттық жүйесі жұмыс жасауда. Көптеген жылдардан бері Институт мемлекеттің ақпараттық-құқықтық саясатын таратушы және Қазақстанда «Zan» деректер базасының алғашқы әзірлеушісі. Халықтың білікті заң көмегіне қолжетімділігін кеңейте отырып, барлық қажетті жағдайларды жасау мақсатымен 2011 жылдан бері Институт қабырғасында Құқықтық ақпараттық қызметі өз жұмысын атқарады. Оның негізгі мақсаттары мен міндеттері халыққа құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беру, Қазақстанның қолданыстағы ұлттық заңнамасының ережелерін ауызша - 119, 58-00-58 нөміріне қоңырау шалу жолымен және жазбаша түрде WhatsApp мессенджерін, «Әділет» АҚЖ «Құқықтық кеңес» бөлімін, сондай-ақ «Әділет» АҚЖ «Виртуалды кеңесші» модулін қолдану арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады. Институт қызметінің тиімділігі, әрине, оның қызметкерлеріне де тікелей байланысты. Кадрлық әлеуетті нығайту жүйелі негізде жүргізілуде. Қазіргі кезде Институттың командасы әртүрлі бағыттағы белгілі қазақстандық ғалымдардан, мамандардан, сарапшылардан, аналитиктерден, сондай-ақ жас мамандардан құралған. Бүгінгі таңда Институт Ресей Федерациясының, Беларусьтің, Украинаның, Корея Республикасының, Германияның және басқа елдердің халықаралық ғылыми-зерттеу мекемелерімен ынтымақтаса отырып іс-шаралар атқаруда. Сонымен, мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалардың және азаматтардың жұмысында заңдылық режимін қолдау, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Қазақстан Республикасы Әділет органдарының 30 жылдығы мерекесін лайықты қарсы алу жолында мол жұмыстың атқарылғандығын және жаңа Қазақстанның игілігі үшін бұдан да зор жұмыстарды атқару міндеті алда тұрғандығын атап айтқымыз келеді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |