Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін бекіту туралы
Осы редакция 2014 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 154-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейтін жобалардың тізбесі бекітілсін. 2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын: 1) «Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 1254 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 47, 572-құжат); 2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 1254 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 қарашадағы № 1104 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 44, 505-құжат). 3. Осы қаулы үкіметтік сыртқы қарыздар қаражатынан қаржыландыру болжанып отырған жобаларға қолданылмайды. 4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2225 қаулысымен бекітілген
Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесі
1. Әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді салу көзделетін жобалар, оның ішінде: 1) қоса алғанда 1200 оқушыға дейінгі жалпы білім беру мектептері мен интернаттық мекемелерді салу; 2) қоса алғанда 360 орынға дейінгі мектепке дейінгі балалар мекемелерін салу; 3) қоса алғанда 600 орынға дейінгі кәсіптік лицейлер салу; 4) қоса алғанда жұмыс істеп тұрған мектептерге 900 оқушыға дейінгі интернаттар салу; 5) мүмкіндіктері шектелулі (нашар көретін, естімейтін және нашар еститін, сөйлеу қабілеті бұзылған және т.с.с.) балалар үшін қоса алғанда 500 орынға дейінгі мектеп-интернаттар салу; 6) тәулік бойы жұмыс істейтін мамандандырылған санаторийлік балалар мекемелерін салу; 7) жоғары оқу орындарының жанынан 1000 төсек-орынға дейінгі студенттік жатақханалар салу; 8) жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарын және шеберханаларын салу; 9) жетім балаларға арналған мекемелер салу; 10) қоса алғанда 300 төсекке дейінгі психоневрологиялық ауруханалар салу; 11) дәрігерлік амбулаториялар салу; 12) медициналық пункттер салу; 13) перзентхана бөлімшесі бар 180 төсекке дейінгі көп бейінді ауруханалар салу; 14) қоса алғанда 300 төсекке дейінгі көп бейінді ауруханалар салу; 15) қоса алғанда 200 төсекке дейінгі көп бейінді балалар ауруханаларын салу; 16) қоса алғанда 100 төсекке дейінгі ауылдық ауруханалар салу; 17) 60 төсекке дейінгі перзентханалар салу; 18) қоса алғанда бір ауысымда 250 адамға дейін қабылдайтын аудандық емханалар салу; 19) бір ауысымда 500 адамға дейін қабылдайтын қалалық емханалар салу; 20) қоса алғанда 100 төсекке және ауысымында 150 адамға дейінгі туберкулезге қарсы диспансерлер салу; 21) дайындау көлемі жылына 20000 литрге дейін қан орталықтарын салу; 22) қоса алғанда бір ауысымда 100 адамға дейін қабылдайтын емханалары бар 60 төсек-орынға дейінгі госпитальдар салу; 23) облыстық, аудандық және ауылдық елді мекендерде қоса алғанда 800 орынға дейінгі мәдени мақсаттағы объектілер (кітапханалар, мұрағаттар, мәдениет үйлері, клубтар) салу және қайта жаңарту; 24) 120 пәтерлік тұрғын үйлер және пәтер үлгісіндегі, оның ішінде әскери қалашықтар аумағында 100 бөлмеге арналған жатақханалар салу; 25) қалыпты геологиялық жағдайдағы аудандар үшін биіктігі - қоса алғанда 5 қабатқа дейінгі көп функционалдық қоғамдық, сондай-ақ жеке тұрған әкімшілік, қызметтік-басқару және мәдени-ағарту ғимараттарын (бір мезгілде 300-ден аспайтын адам болатын) салу; 26) сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) немесе құрылыс кезінде арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайдағы аудандар үшін - биіктігі қоса алғанда 3 қабатқа дейінгі көп функционалдық қоғамдық, сондай-ақ жеке тұрған әкімшілік, қызметтік-басқару және мәдени-ағарту ғимараттарын салу; 27) қалыпты геологиялық жағдайдағы аудандар үшін - сыйымдылығы 300 көрермен орындығынан аспайтын спорттық-ойын-сауық ғимараттары және залы бар жабық құрылыстар салу; 28) сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) немесе құрылыс кезінде арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайдағы аудандар үшін - сыйымдылығы 100-ден аспайтын көрерменге арналған спорттық-ойын-сауық ғимараттары және залы бар жабық құрылыстар салу; 29) республикалық және облыстық маңызы бар аудандарда, қалаларда 320 адамға дейін өткізу қабілеті бар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің объектілерін салу; 30) тәулігіне қоса алғанда 100 жолаушыға дейінгі өткізу қабілеті бар темір жол вокзалдарын салу; 31) қоса алғанда 75 адамға дейінгі күту залдары бар сапаржайлар салу; 32) авиажолаушыларға қызмет көрсетуге арналған, сағатына қоса алғанда 75 жолаушыға дейінгі өткізу қабілеті бар аэровокзалдары мен әуежай терминалдарын салу; 33) қоса алғанда 75 адамға дейінгі күту залдары бар теңіз және өзен вокзалдарын (жүзетін айлақтарды және дебаркадерлерді қоспағанда) салу; 34) сыйымдылығы 25 автомобильден аспайтын жеке тұрған бір қабатты (жер үстіндегі немесе жер астындағы) гараж-тұрақтарын салу; 35) су шаруашылығы жүйелерін қайта жаңарту және қалпына келтіру; 36) жобалық қуаты 50 Гкал/сағатқа дейінгі, оның ішінде әскери қалашықтар аумағында қазандықтар салу және қайта жаңарту; 37) елді мекендердегі көшелер мен жолдарға электр жарығын салу және қайта жаңарту; 38) ауылдық елді мекендер мен облыстық және республикалық маңызы бар қаларда жаппай тұрғын үй құрылысы салынып жатқан массивтерде электр желілерін салу және қайта жаңарту; 39) қалалардың шағын аудандары мен тұрғын үй массивтерінде, сондай-ақ жекелеген елді мекендерде тарату (сумен жабдықтау және су тарту, 220 кВт дейін электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау және жылумен жабдықтау) желілерін салу және қайта жаңарту; 40) суармалы сумен жабдықтау объектілерін қайта жаңарту; 41) жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 100 қума метрге дейінгі көпірлер салу. 2. Қоғамдық және әкімшілік мақсаттағы объектілерді салу көзделетін жобалар, оның ішінде: 1) салық органдарының ақпаратын қабылдау және өңдеу орталықтарын салу; 2) аумақтық қазынашылық бөлімшелерін орналастыру үшін ғимараттар салу; 3) әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарға жапсарлас құрылыстар салу; 4) соттар (жалпы, оның ішінде әскери) ғимараттарын салу. 3. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, құқық қорғау және қылмыстық-атқару жүйелерінің, сондай-ақ өрт, фито-санитариялық, ветеринариялық және өзге де қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі объектілерді салу көзделетін жобалар, оның ішінде: 1) желілік және аудандық ішкі істер бөлімдерін орналастыру үшін қоса алғанда 470 орынға дейінгі ғимараттар (кешендер) салу; 2) көшеттіктер және орман тұқымы шаруашылығының объектілерін салу; 3) мемлекеттік орман күзеті және табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары үшін қызметтік кордондар салу; 4) орман шаруашылығын жүргізетін ұйымдардың және табиғат қорғау мекемелерінің бақылау-өткізу пункттерін салу; 5) орман шаруашылығын жүргізетін ұйымдардың және табиғат қорғау мекемелерінің өртті қадағалау мұнараларын салу; 6) табиғат қорғау мекемелерінің өрт-химия станцияларын салу; 7) орман шаруашылығын жүргізетін ұйымдар және табиғат қорғау мекемелері үшін өртке қарсы жабдықтарды сақтауға арналған қалқалар салу; 8) түзеу мекемелерін қорғау жөніндегі ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін орналастыру үшін объектілер салу; 9) генетикалық түрлендірілген организмдерді зерттейтін ветеринариялық зертхана салу; 10) ветеринариялық лазареттер салу; 11) тұқымның сапасын сараптау жөніндегі зертханалар салу; 12) 2, 4, 6 және 8 қақпалы өрт депосын салу; 13) әскери, оның ішінде құтқару орталықтары және Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімшелері үшін қалашықтар салу; 14) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі үшін заставалар салу (бұдан әрі - ҚР ҰҚК ШК); 15) бөлімшелер салу; 16) комендатуралар салу; 17) бақылау-өткізу пункттерін салу; 18) көп бейінді қоймалар және материалдық-техникалық және жауынгерлік мүлікке, Азаматтық қорғаныс мүлкіне, мемлекеттік материалдық резервке арналған қоймалар салу; 19) әскери мекемелер үшін қызметтік-техникалық ғимараттар салу; 20) ҚР ҰҚК ШК-ның медициналық көмек көрсету пункттерін салу; 21) ҚР ҰҚК ШК-ның авиациялық техникасы үшін тұрақтар салу; 22) ҚР ҰҚК ШК үшін тік ұшақ алаңдарын салу; 23) 16, 24, 32 бірлік доңғалақты (шынжыр табанды) техникаға арналған сақтау қоймаларын салу; 24) сыйымдылығы 16 және 20 вагондарға арналған қоймалар салу; 25) 2 және 4 бекетке арналған техникалық қызмет көрсету және жөндеу пункттерін салу; 26) аккумуляторлық зарядтау станциясын салу; 27) бақылау-техникалық пункт салу; 28) автомобильге май құю станцияларын салу; 29) әскери қалашықтардың аумағында қоса алғанда бір ауысымда 40 адамға дейінгі монша-кір жуу комбинатын сапу; 30) 250 төсек/орынға дейінгі госпитальдар салу; 31)штаб салу; 32) 600 тесек/орынға дейінгі казармалар салу; 33) оқу корпустарын салу; 34) 150 отыратын орынға дейін асханалар салу; 35) трибуналары бар орындар салу; 36) кедергілер жолақтарын салу; 37) қарауыл үй-жайларын салу; 38) әскери қалашықтардың аумағында күніне 240 адамға дейін қызмет көрсететін спорттық кешендер салу; 39) әскери қалашықтардың аумағында спорттық алаңшалар салу; 40) май таратушы орны бар жанар-жағармай материалдарын құю пункттерін салу; 41) жекелеген радиолокациялық роталар кешендерін салу; 42) авиацияны бағыттау пункттерін салу; 43) авиатехника-пайдалану бөлімінің, оның ішінде құтқару авиациясының ғимараттарын салу; 44) ангарлар, оның ішінде құтқару авиациясының ангарларын салу; 45) автомобиль парктерін салу; 46) әуе-десанттық кешен салу; 47) өрт-техникалық зертханалар салу; 48) медициналық және апаттық, медициналық-психологиялық сауықтыру орталықтарының ғимараттарын салу; 49) өрт сөндіру және кәсіби авариялық құтқару қызметтері мен құрылымдарының техникалары үшін қалқалар салу; 50) автоматтандырылған пункттер (посттар, сел көшкіні, су тасқыны және кар көшкіні жағдайын бақылау станцияларын) салу; 51) жер сілкінісін болжамдау бақылау желілерін салу; 52) әуе техникасы және тік ұшақ алаңы, оның ішінде құтқару авиациясы үшін тұрақтар салу; 53) Азаматтық қорғаныстың қорғау құрылыстарын салу; 54) Азаматтық қорғаныстың қалалық және қала сыртындағы қосалқы басқару пункттерін салу; 55) өрт сөндірушілерді, кәсіби авариялық құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушыларын даярлау және қайта даярлау, біліктілігін арттыру үшін оқу-жаттығу орталықтарын, полигондар, кешендер салу; 56) суда құтқару қызметінің, кәсіби авариялық құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқару станцияларын, айлақтарын, бекеттерін орналастыру үшін жеке тұрған ғимараттар (кешендер) салу; 57) авиация, оның ішінде құтқару авиациясы үшін рульдеу жолдарын салу. 4. Автомобиль жолдарының қолданыстағы учаскелерін қайта жаңарту көзделетін жобалар. 5. Ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалылығын күшейту көзделетін жобалар. |