|
|
|
Жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесi туралы
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 16 шілдедегі № 599 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес және бюджетаралық қатынастарды жетілдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса берiлiп отырған Жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесi бекітілсiн. 2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2004 жылғы 31 тамыздағы № 916 қаулысымен бекiтілген Жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесi 1. Негізгi ережелер 1. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық кезеңге арналған көлемiн айқындау, олардың әрбiр үш жыл сайын өзгеруi Жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесiнiң (бұдан әрi Әдiстеме) негiзiнде жасалады. 2. Бюджет субвенциялары мен бюджеттік алып қоюлар жалпы сипаттағы ресми трансферттер болып табылады. Жоғары тұрған бюджеттерден төмен тұрған бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегiнде берiлетiн ресми трансферттер бюджет субвенциялары болып табылады. Төмен тұрған бюджеттерден жоғары тұрған бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте, бекітілген сомалар шегiнде берiлетiн ресми трансферттер бюджеттік алып қоюлар болып табылады. 3. Бюджет кодексiне сәйкес жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерi абсолюттік түрде жылдар бойынша бөлiне отырып үш жылдық кезеңге белгiленедi және әрбiр үш жылда өзгертiлуге жатады. 2. Жергiлiктi бюджеттер кiрiстерiнiң болжамды көлемдерiн айқындау 4. Жергiлiктi бюджеттер кiрiстерiнiң болжамды көлемдерi бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындайтын Бюджет түсiмдерiн болжау әдiстемесiне сәйкес және: 1) түсiмдердi бюджеттер деңгейлерi арасында бөлу; 2) алдағы үш жылдық кезеңге арналған Орта мерзiмдi фискалдық саясат; 3) республиканың немесе өңiрдiң Әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспары; 4) облыстық өкiлдi органның шешiмiне сәйкес кiрiстердi облыстық бюджеттер мен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң арасында бөлу нормативтерi; 5) Қазақстан Республикасының жергiлiктi бюджеттерге түсетiн түсiмдердi бюджетке есепке алудың тәртібі мен шарттарын реттейтiн заңнамасының, оның iшiнде жоспарланып отырған кезеңде енгізiлетiн және жергілiктi бюджеттер түсiмдерiнiң қысқаруын немесе ұлғаюын көздейтiн ережелер негiзiнде есептеледi. 3. Жергiлiктi бюджеттер шығындарының болжамды көлемдерiн айқындау 5. Жергiлiктi бюджеттер шығындарының болжамды көлемдерi Бюджет кодексiне сәйкес олардың ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға және бюджеттік даму бағдарламаларына бөлiнуiн, бюджеттік қамтамасыз етiлудi ескере отырып және бюджеттер деңгейлерi арасында шығыстарды бөлу негiзiнде есептеледi. Ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға жергілiктi бюджеттердiң жоспарланып отырған кезеңге арналған шығындарының көлемiн болжаудың есептi базасы ретiнде жоспарланып отырған кезеңнiң алдындағы жылғы жергiлiктi бюджеттер шығындарының бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар төмен тұрған бюджеттердiң деңгейлерiне қатысты айқындаған болжамды көлемдерi алынады. 6. Ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға шығындардың болжамды көлемiн айқындау кезiнде: 1) Қазақстан Республикасы заңдарының жергiлiктi бюджеттер шығыстарының ұлғаюын немесе қысқаруын көздейтiн және жоспарланып отырған кезеңде қолданысқа енгізiлетiн ережелерi; 2) Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулыларының жергілiктi бюджеттер шығыстарының ұлғаюын немесе қысқаруын көздейтiн және жоспарланып отырған кезеңде қолданысқа енгiзiлетін ережелерi; 3) Республикалық бюджет комиссиясы шешiмдерiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының бұрын қолданысқа енгiзiлген, бiрақ қаржыландырумен қамтамасыз етiлмеген ережелерi; 4) Орта мерзiмдi фискалдық саясатқа сәйкес ағымдағы шығыстардың жоспарланып отырған кезеңдегі тұтыну бағаларының индексiне ұлғаюы; 5) мақсатты ағымдағы трансферттердің есебiнен қаржыландырылатын тұрақты сипаттағы шығындар; 6) ағымдағы шығындардың жалпы көлемiне пайыздық қатынаста айқындалатын күрделi жөндеуге және материалдық-техникалық базаны нығайтуға арналған шығындар ескеріледi. 7. Аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнің ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға арналған шығындарының болжамды көлемiн айқындау кезiнде, сондай-ақ: 1) аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) бюджеттер шығыстарының ұлғаюын немесе қысқаруын көздейтiн және жоспарланып отырған кезеңде қолданысқа енгізілетiн облыстық өкiлдi және атқарушы органдар шешiмдерiнiң ережелерi; 2) бұрын қолданысқа енгізiлген, бiрақ облыстық бюджет комиссиясы шешiмiнiң негiзiнде қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген облыстық өкiлдi және атқарушы органдар шешімдерiнiң ережелерi, ескерiледi. 8. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерiн есептеу кезiнде, осы Әдiстеменiң 6-тармағы 6) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоғары тұрған бюджеттің мақсатты трансферттерiнiң есебiнен жүзеге асырылатын шығындар ескерiлмейдi. 9. Бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындарды қаржыландыру үшiн көзделетiн қаражаттың жалпы болжамды көлемi алдағы үш жылдық кезеңге арналған Орта мерзiмдi фискалдық саясатта айқындалған ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша шығындарды қаржыландырудың жалпы көлемiне пайыздық қатынасқа сәйкес жылдар бойынша бөліне отырып айқындалады. 10. Жергiлiктi бюджеттер шығындарының болжамды көлемi ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындардың болжамды көлемiнiң сомасы ретiнде айқындалады. 4. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерiн анықтау 11. Бюджет кодексiне сәйкес жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерi тиiстi жергілiктi бюджеттiң кiрiстерi мен шығындарының болжамды көлемдерi арасындағы айырма ретiнде айқындалады. Кiрiстердiң болжамды көлемi жергiлiктi бюджет шығындарының болжамды көлемiнен асып түскен жағдайда жергiлiктi бюджеттен жоғары тұрған бюджетке бюджеттік алып қоюлар белгiленедi. Шығындардың болжамды көлемi жергiлiктi бюджет кiрiстерiнiң болжамды көлемiнен асып түскен жағдайда жоғары тұрған бюджеттен жергіліктi бюджетке бюджет субвенциялары белгiленедi. 12. Бюджет кодексiне сәйкес, егер бекітілген (нақтыланған, түзетiлген) жергiлiктi бюджетте бюджеттік алып қоюлар мен субвенцияларды есептеу кезiнде ескерiлген шығыстар көзделмесе, онда Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың жергiлiктi атқарушы органы қаржы жылы iшiнде тиiстi мөлшерге бюджеттік субвенцияларды қысқарту немесе бюджеттік алып қоюларды ұлғайту туралы шешiм қабылдайды. 13. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемiн айқындау есебiн бюджеттік жоспарлау жөнiндегі орталық (жергiлiкті) уәкiлеттi орган Республикалық (облыстық) бюджет комиссиясының қарауына алдағы үш жылдық кезеңге арналған жергiлiктi бюджеттердiң болжамды көрсеткiштерiн айқындау үшiн енгізеді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |