|
|
|
«Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының
ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 26 тамыздағы № 884 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарларын әзiрлеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 14 маусымдағы № 647 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспары (бiрiншi кезең) мынадай құрамда бекітілсiн: Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған негiзгi бағыттары; Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік реттеуіштерi. 2. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған маңызды көрсеткіштерi (бiрiншi кезең) мақұлдансын. 3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi тиiстi облыстар мен қалалардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспарларын уақтылы әзiрлеудi және заңнамада белгіленген тәртiппен бекітуді қамтамасыз етсiн. 4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2005 жылғы 3 маусымдағы № 560 қаулысымен Бекiтiлген
Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспары
1-бөлiм. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған негiзгi бағыттары
МАЗМҰНЫ
2. Экономиканың 2006-2008 жылдары жұмыс iстеу жағдайлары § 1. Стратегиялық мiндеттердi шешу саласында § 2. Орта мерзiмдi мiндеттердi шешу саласында 4. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету § 1. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борышты басқару саласындағы саясат 5. Бәсекелестiкті қорғау және дамыту, табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметiн реттеу § 1. Бәсекелестiктi қорғау және дамыту 6. Сауда және сыртқы экономикалық қызмет § 1. Жоғары бiлімдi мамандар даярлау жүйесін дамыту § 2. Кәсіптiк орта білімдi мамандар мен жұмысшы кадрларды даярлау жүйесiн дамыту § 3. Ғылым мен инновацияларды дамыту § 4. Халықтың әл-ауқатын арттыру Шағын кәсiпкерлiктi дамыту және орташа тапты құру § 5. Кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту § 6. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру § 8. Мәдениеттi, ақпаратты, мұрағат iсiн, туризмдi және спортты дамыту Мәдениет, ақпарат, мұрағат iсi және спорт 8. Өндiрiлген капиталды дамыту § 2. Индустриялық-инновациялық даму § 4. Аграрлық азық-түлiк саясаты § 1. Тау-кен өндiру кешенiн дамыту және оның ресурстарын пайдалану § 2. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану 10. Аумақтық даму және инфрақұрылым § 1. Демография және халықты ұтымды орналастыру § 3. Көлiктi және байланысты дамыту Телекоммуникациялар мен байланысты дамыту
Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспары (бұдан әрi - Жоспар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне және Қазақстан Республикасының экономикалық-әлеуметтік дамуының орта мерзiмдi жоспарларын әзiрлеудiң ережесіне сәйкес әзiрлендi. Жоспарда сыртқы және iшкi факторларға қарай 2006-2008 жылдарға арналған экономиканы дамытудың қарқындары негiзделедi және орталық және жергіліктi мемлекеттік басқару органдарының экономиканың жеке және мемлекеттік секторларын дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау саласындағы iс-қимылы айқындалады. Стратегиялық жоспарларда, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауларында және Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу және басымдықтарды iске асыру үшiн экономика салаларын дамыту саласындағы 2006-2008 жылдарға арналған мiндеттер және оларды шешу жолдары Жоспарда айқындалады.
1. Қазақстан Республикасының 2004 жылы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындылары және 2005 жылға арналған дамуын бағалау
2004 жылы экономиканың өсу үрдiсi сақталды. Жүргiзiлiп жатқан ақша-кредит және салық-бюджет саясаты экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етті. Кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлардың жетілдiрiлуi және тiкелей инвестициялар тартудың қолайлы шарттары экономикалық өсуге ықпал етті. Негізгі факторлардың бiрi қазақстандық экспорттың негiзiн құрайтын өнімдердің жекелеген түрлерi үшін әлемдік тауар рыноктарындағы қолайлы баға конъюнктурасы болды. 2003 жылмен салыстырғанда жалпы iшкi өнiм (бұдан әрi - ЖIӨ) 9,4%-ға өстi және 5542 млрд. теңгенi құрады. Экономиканың өсуiне өнеркәсiп елеулi үлес қосты, мұндағы жоғары даму қарқынын оның құрамдас секторларының тұрақты дамуы қамтамасыз еттi. 2003 жылмен салыстырғанда өнеркәсiптік өндiрiстің өсуi 10,1 %-ды құрады, оның ішінде тау-кен өнеркәсiбi - 12,7 %-ға, өңдеушi - 8,9 %-ға, өндiрiс және электр энергиясын, газ бен суды тарату - 3,5 %-ға өсті. 2003 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi 0,1%-ға өсті және 693,3 млрд. теңгенi құрады. Қызметтер секторындағы неғұрлым ауқымды өсу байланыста қамтамасыз етілдi, мұнда кәсiпорындар мен ұйымдар көрсететін қызметтер көлемi 2003 жылғы деңгейден 32 %-ға асып түстi және 150,8 млрд. теңгенi құрады. 2004 жылы инфляция деңгейi жылына орта есеппен 6,9 %-ды құрады және орта мерзiмдi жоспарда мақұлданған шекте қалыптасты. Қаржы рыногының барлық сегменттерiнiң тұрақты дамуы елдiң iшкi кредит рыногын едәуiр жандандыруға және өндiрiстiк сектор мен қызметтер секторын дамытуға бағытталатын ақша қаражатының мөлшерiн ұлғайтуға мүмкiндiк бердi. Екiншi деңгейдегі банктердiң экономика саласына кредиттiк салымдары 2005 жылғы желтоқсанның аяғында 1484,3 млрд. теңгенi құрады және 2003 жылдың осындай кезеңiмен салыстырғанда 51,8 %-ға өсті. 2003 жылмен салыстырғанда 2004 жылы барлық тауарлар номенклатурасы бойынша қазақстандық өнiм экспорты 55,5 %-ға ұлғайды. Нақты көлем құны мен индексi бойынша шикi мұнайдың және мұнай өнiмдерiнiң (газ конденсатын қоса алғанда) экспорты 2003 жылдың деңгейiнен тиiсiнше 61 %-ға және 19 %-ға жоғары болды. Темірден жасалған жалпақ илек экспорты 7 %-ға ұлғайды, бұл ретте сатудан түсетiн түсiм 15 %-ға, тазартылған мыс - 4 %-ға және 64 %-ға, өңделмеген мырыш - 14 %-ға және 42 %-ға, өңделмеген қорғасын - 21%-ға және 86%-ға ұлғайды. 2004 жылы Қазақстанға 5,5 млрд. долл. мөлшерiнде тiкелей шетелдiк инвестициялар тартылды, бұл 2003 жылдың осындай көрсеткiшiнен 2,5 есе көп. Шетелдiк қарыз капиталының мол ағылуымен қатар экспорттан түсетiн валюталық пайда түсiмдерi iшкі валюта рыногында шетелдiк валютаның шамадан тыс ұсынылуына себеп болды. Iшкi валюта рыногына көрсетілген қысым салдарынан АҚШ долларына қатысты теңгенің айырбас бағамы номиналды қымбаттады. 2004 жылғы қаңтар-желтоқсанда теңгенiң орташа өлшенген айырбас бағамы бiр доллар үшiн 136,04 теңгенi құрады, жыл басынан берi АҚШ долларына қатысты номиналды мәндегi теңге 9,30 %-ға нығайды. 2003 жылмен салыстырғанда 2004 жылы халықтың нақты есептелген кiрiсi 13,2 %-ға көтерiлдi. 2003 жылмен салыстырғанда 2004 жылы бiр жұмыскердің орташа жалақысының нақты өсуi 13,9 %-ды құрады. Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң деректерi бойынша өткен жылдың осындай кезеңiмен салыстырғанда ЖIӨ 9,1 %-ға өсті және 1377,3 млрд. теңгенi құрады. Өткен жылдың осындай кезеңiмен салыстырғанда өнеркәсiптiк өнiм өндiру көлемi 7,4 %-ға өстi және 1069,7 млрд. теңгенi құрады. Тау-кен өнеркәсiбiндегі өндiрiстiң 11,1 %-ға өсуi негізiнен, газ конденсатын өндiру көлемiнiң 55,3 %-ға, мыс рудаларын - 20,1%-ға, темір рудаларын 16,4 %-ға, лигниттi - 10,1 %-ға және шикi мұнайды өндiру көлемiнiң - 7 %-ға ұлғаюы есебiнен қамтамасыз етiлдi. Өңдеу өнеркәсiбiнде өндiрiс көлемi 3,4 %-ға өстi және 359,5 млрд. теңгенi құрады. Өткен жылдың осындай деңгейiмен салыстырғанда салада кокс, мұнай өнiмдерiн және ядролық материалдар өндiру 15,9%-ға, целлюлоза-қағаз өнеркәсiбінің өнiмдерiн өндiру - 7,3%-ға, сусындарды қоса алғанда, тағам өнiмдерiн өндiру 4,6 %-ға ұлғайды. Машина жасау саласында өнiм шығару 16,2 %-ға өсті. 2005 жылғы қаңтар-наурызда 19,4 млрд. кВт/сағ. электр энергиясы өндiрiлдi, бұл өткен жылғы осындай деңгейден 3,6 %-ға жоғары. Ауыл шаруашылығында 67,7 млрд. теңге сомасына өнiм өндiрiлдi, өсiм 3,5 %-ды құрады. Тұрғын үй құрылысы рыногы белсендi дамыды, бұл өз кезегiнде, тұтас құрылыс саласындағы өсу қарқынының айтарлықтай ұлғаюының негізгi шарты болды. Құрылыста өндiрiлген өнiмнiң жалпы көлемi 63,7 млрд. теңгенi құрады, бұл 2004 жылғы осындай кезеңнен 1,3 есе көп. Барлық көздер бойынша тұрғын үй құрылысына 29,5 млрд. теңге немесе 2004 жылғы тиiстi кезеңге 141,2 % инвестициялар жiберiлдi. Пайдалануға берiлген жалпы алаңы 856,9 мың шаршы метр тұрғын үй өткен жылғы осындай деңгейден 1,7 есе асып түсті. Тұрғын үй құрылысын дамыту құрылыс материалдарын, бұйымдары мен құрастырмаларын өндiрудiң едәуiр ұлғаюына алып келдi. Мысалы, құрылыс өнімдерiнiң негізгi 17 түрi бойынша өсу 31,7 %-ды құрады. 2005 жылғы қаңтар-наурызда тауар айналымы өткен жылғы осындай деңгейден 10,6 %-ға асып түстi. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурызында салынған 316,4 млрд. теңге мөлшерiндегі инвестициялық ресурстар өткен жылғы осындай деңгейден 47 %-ға асып түстi. Негізгi капиталға инвестициялардың негiзгi көздерi отандық кәсiпорындардың меншiктi қаражаты мен шетелдiк инвестициялар болды. Қызметтер секторындағы жұмыс нәтижелерi туралы мәлiметтер онша жоғары емес өсу қарқынының куәсi. Барлық көлiк түрлерiмен жүк тасымалдаудың, сондай-ақ байланыста көрсетiлген қызметтердiң жалпы көлемi 2,6 %-ға өстi. 2005 жылғы қаңтар-наурызда тұтыну рыногындағы бағалар деңгейiнің серпiнiнде күрт ауытқулар болған жоқ. 2004 жылғы желтоқсанға қатысты наурызда инфляция 101,9 %-ды құрады және өткен жылғы осындай кезеңнің деңгейiнен 0,4 пайыздық пунктке асып түстi. 2004 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда азық-түлiктiк тауарлардың бағалары 2,7 %-ға (2004 жылғы осындай кезеңде 2,6 %), азық-түлiктік емес тауарлардiкi - 0,4 %-ға (0,3 %), ақылы қызметтердiкi - 1,8 %-ға (0,7 %) ұлғайды. 2005 жылғы бiрiншi тоқсанда елдiң халықаралық резервтерi 0,6%-ға ұлғайды және 14,4 млрд. АҚШ долл. жеттi, оның 5,16 млрд. АҚШ доллары Ұлттық қор қаражатын құрады. 2005 жылғы бiрiншi тоқсанда ақша массасын 546,1 млрд. теңгеге дейiн 5,5%-ға сығымдау жүргiзiлдi. 2005 жылғы екi айда ақша массасы 1619,7 млрд. теңгеге дейiн 0,9 %-ға азайды. Ақша массасының азаюына iшкi активтердiң 1,3 %-ғa және банк жүйесi мен кредиттiк серiктестiктер активтерiнің 0,4 %-ға азаюы ықпал еттi. 2005 жылғы қаңтар-ақпанда айналыстағы қолма-қол ақша 356,8 млрд. теңгеге дейiн 5,9 %-ға азайды, ал банк жүйесi мен кредиттік серiктестіктердiң ақша массасы құрылымындағы депозиттерi 1262,9 млрд. теңгеге дейiн 5,3 %-ға өсті. Осы кезеңде ақша базасымен салыстырғанда ақша массасының төмен қарқынмен азаюы ақша мультипликаторының 2,83-тен 3,06-ға дейiн ұлғаюына негіз болды. 2005 жылғы екi айда сыртқы сауда операциялары бойынша сальдо оң болып қалыптасты. Экспорт 3,6 млрд. АҚШ долларын құрады және 41%-ға өстi, импорт тиiсiнше 2,1 млрд. АҚШ долларын құрады және 37%-ға өстi. Ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанында жұмыссыздық деңгейi 8,5%-ды құрады және өткен жылдың осындай кезеңiмен салыстырғанда 0,4 пайыздық пунктке өсті. 4,5 млн. адам жалдамалы еңбекпен қамтылды, бұл өткен жылғы осындай деңгейден 4,3 %-ға жоғары. Жалдамалы еңбекке жаңадан тартылған жұмыскерлердің жалпы саны 188,1 мың адамды құрады. 2004 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 2005 жылғы қаңтар-наурызда халықтың нақты ақшалай кiрiсi 14 %-ға ұлғайды, ал нақты жалақы 6 %-ға өсті. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінiң бағалауы бойынша 2005 жылы ЖIӨ-нiң номиналды мәнi 6580 млрд. теңгенi құрайды және 2004 жылғы деңгейден 8 %-ға асып түседi. Экономикалық өсу өнеркәсiптегi өндiрiс қарқынының 7,1 %-ға өсуiмен қатар жүредi. Тұтастай республика бойынша егіс алаңының құрылымы өткен жылғы деңгейде сақталады және 17,9 млн. га құрайды, оның iшiнде 14,3 млн. га. жерге дәндi дақылдар (күздiк дақылдарды есепке алғанда) егiледi. 2004 жылмен салыстырғанда астық өндiру 4,8 %-ға ұлғаяды және 13,0 млн. тоннаны құрайды, оның iшiнде бидай 10,0 млн. тоннаны құрайды. Ауыл шаруашылығында өндiрiс көлемiнiң өсуi 102,7 %-ды құрайды деп күтілуде. Құрылыс қарқыны 2004 жылғы қарқыннан 9,5 %-ға жоғары болады. Саладағы өсу, негiзiнен, тұрғын үй құрылысын кеңейту есебiнен қамтамасыз етiледi. 2005 жылы 64 млн. тонна мұнай мен газ конденсаты өндiрiледi, бұл 2004 жылғы деңгейден 7,7 %-ға артық. Қазақстандық өнiмдердiң құндық көрiнiстегі экспорты 2004 жылғы деңгейден 11 %-ға асып түседi және 22,8 млрд. АҚШ долларын құрайды. Мұнай мен газ конденсатын экспорттаудан 13,1 млрд. АҚШ доллары түседi деп күтілуде. 2004 жылмен салыстырғанда импорт 7 %-ға ұлғаяды және 15 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бағалау бойынша орташа жылдық мәндегi инфляция 5-7 % аралығында болады.
2. Экономиканың 2006-2008 жылдары жұмыс iстеу жағдайлары
Әртүрлі халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша 2006-2008 жылдары әлемдiк экономика бiрқалыпты қарқынмен дамиды. Әлемдiк экономиканың өсуiнде АҚШ, Қытай, EO елдерi және Жапония айқындаушы рөл атқарады. Дүниежүзілік банктiң бағалауы бойынша 2004 жылы әлемдiк экономиканың өсуi 4%-ды құрады. Банк 2005-2006 жылдары әлемдiк экономиканың жыл сайын 3,2 % өсуiн болжап отыр. 2004 жылмен салыстырғанда өсу қарқынының бәсеңдеу болжамы әлемдiк экономиканың теңгерiмсiздiгiн ескере отырып жасалды, бұл AҚШ-тағы қосарлы жоғары тапшылықтың; Еуропа елдеріндегі экономиканы қалпына келтiрудiң созылып кетуiнiң; Қытай экономикасындағы белгiсiздiктiң және оның қызып кету ықтималдығының, сондай-ақ мұнайдың болжанбайтын бағаларының әсерiнен пайда болып отыр. Банк мамандарының бағалауы бойынша орта мерзiмдi перспективада осы факторлардың әлемдiк экономиканың өсуiне әсерi сақталады. Валюта рыногында америка долларының әлсiреуiмен сипатталатын өткен жылдардағы үрдiс жалғасады деп күтiлуде. 2004 жылы негізiнен екi фактор - АҚШ бюджетiнiң тапшылығы мен сауда теңгерiмінің күшеюi доллар бағамының өзгеруiне келеңсіз әсерiн тигіздi. Көрсетілген факторлардың салдарынан AҚШ доллары бағамының әлсiреуi евроға қатысты 8,7 %-ды, жапон йенiне қатысты 3,7%-ды құрады. Халықаралық валюта қорының (бұдан әрi - XBҚ) болжамы бойынша 2005 жылы әлемдiк экономиканың өсуi 4 %-дан астам болады. Қор мамандарының пiкiрi бойынша мұнайдың қымбаттауы, инфляцияның жеделдеуi және ағымдағы шоттардың теңгерiмсiздігі әлемдiк экономиканың өсуi үшiн айтарлықтай қауiп төндiредi. ХВҚ бағалауы бойынша Азияның дамушы елдерiндегі ЖIӨ-нiң өсу қарқыны 2004 жылғы 8 %-дан 2005 жылы 7 %-ға дейiн бәсеңдейдi. Өңiрдегi экономиканың өсуi, негiзiнен, iшкi сұраныстың айтарлықтай кеңеюi есебiнен болады деп күтілуде. Азия Даму Банкінің мәлiметтерi бойынша 2004 жылы Азия-Тынық мұхиты өңiріндегі дамушы елдердiң жиынтық ЖIӨ-сi 7,3 %-ға ұлғайды. Бұл 1987-1988 жылдардағы валюта-қаржы дағдарысы уақытынан бергi өңiрдегі ең жоғарғы өсу қарқыны. Рекордтық көрсеткiшке белгiлi бiр дәрежеде халық кiрiстерiнің жоғарылауы және iшкі сұраныстың өсуi; Қытайдың серпiндi экономикалық дамуы; өңiрдегi сауданы және экономикалық ықпалдасуды одан әрi жандандыру сияқты факторлардың есебiнен қол жеткiзілдi. Банк мамандарының болжамы бойынша мұнайдың жоғары бағаларына және 2004 жылғы желтоқсандағы апатты цунами салдарларына қарамастан, 2005 жылы Азияның дамушы елдерiндегі экономикалық өсу қарқыны жоғары болады және 6,5%-ды құрайды. 2006-2007 жылдары олардың экономикалық өсу қарқыны орта есеппен 6,6-6,9 %-ға жетуi мүмкiн. Азия-Тынық мұхиты өңiріндегі дамушы елдердiң экономикалық өсуiне iндеттер, террорлық қауiп, энергия тасығыштарға бағалар өсуiнiң жалғасуы және AҚШ-тағы зор сыртқы сауда тапшылығының салдарынан валюта бағамдарының тұрақсыздығы терiс әсерiн тигiзуi мүмкiн.
2004 жылы қазақстандық экспорттың негiзгi тауарларының әлемдiк бағалары сақталды. Энергия тасығыштар мен металдардың әлемдiк бағаларының жоғарылауын көп жағдайда, Қытай мен басқа да дамушы елдердің шапшаң дамуы, шикiзат өндiру мен жеткізудегі зілзала апаттары және биржа трейдерлерiнiң алып-сатарлық белсендiлiгi нәтижесiнде туындаған үзiлiстер айқындап бердi. Дүниежүзілiк банк мәлiметтерi бойынша 2004 жылы Brent маркалы мұнайдың әлемдiк орташа бағасы бiр баррель үшiн 38,30 долларды құрады. 2005 жылы Brent мұнайының орташа айлық бағасы қаңтарда бiр баррель үшiн 44,28 доллар, ақпанда бiр баррель үшiн 45,56 доллар және наурызда бiр баррель үшiн 53,08 доллар деңгейiнде тiркелдi, 2005 жылға арналған күтілетiн болжам бiр баррель үшiн 42 долларды құрайды. Халықаралық энергетика агенттiгінiң (IЕА) болжамы бойынша 2005 жылы әлемдегi мұнай тұтыну деңгейi тәулiгiне 84,27 млн. баррельдi құрайды. Қытайда шикiзат тұтынудың азаюы, АҚШ-та тауар запастарының өсуi және Таяу Шығыс елдерiнде мұнай өндiрудiң ұлғаюы бағалардың төмендеуiне ықпал етуi мүмкiн. IEA мәліметтерi бойынша Қытайда мұнайға сұраныстың өсу қарқыны 2004 жылғы 21%-бен салыстырғанда 2005 жылдың басында 5,4%-ға дейiн азайды. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (бұдан әрі - ОПЕК) 2005 жылы шикi мұнайға жаhандық сұранысқа қатысты өз болжамын күнiне 80 мың баррельге ұлғайтты. Әлемдiк мұнай картелінiң веналық штаб-пәтерiнде жарияланған ОПЕК-тiң сараптамалық баяндамасында аталғандай, 2005 жылы мұнайға жаhандық сұраныс күнiне 1,73 миллион баррельге өседi. 2005 жылы әлемдiк тауар рыногында мыс тапшылығы байқалатын болады. International Copper Studi Group (IСSG) бағалауы бойынша 2005 жылдың аяғына қарай рынокта мыстың жетiспеуi 260 мың тоннаны құрайды. Sokiete Generale француз банкінің талдаушылары 2005 жылғы мыстың құнына қатысты қаңтардағы болжамды қайта қарады. Осылайша, мыстың орташа бағасы бiр тонна үшiн 2980 доллар деңгейiнде болжанып отыр, бұл алдыңғы болжамнан 9,7%-ға жоғары. Банктiң бағалауы бойынша 2005 жылы металға сұраныс 3,9%-ға - 17,4 млн. тоннаға дейiн ұлғаяды, соның нәтижесiнде 50 мың тонна мөлшерiнде тапшылық пайда болады. Орта мерзiмдi жоспарда мыс рыногына қатысушылар металдың биржалық запастарының азаюын және Қытай тарапынан сұраныстың ұлғаюын болжап отыр. Қорғасын бағасы ұлғаюының жалғасуы әлемдiк экономиканың дамуымен, Қытай сұранысының өсуiмен, сондай-ақ шикізат өндiру жағдайларының күрделенуiмен түсiндiрiледi. 2005 жылғы наурызда Лондон металдар биржасында қорғасынның орташа құны бiр тонна үшiн 1004,6 долларды құрады және 11,3%-ға ұлғайды. Бұл ретте қойма запастары 34 мың тоннадан 33-кe дейiн азайды. Ұзақ мерзiмдi перспективада Қытай, АҚШ және Жапония тарапынан сұраныстың одан әрi өсу үрдiсi, сондай-ақ әлемдiк тауар рыноктарында қорғасын запастарының азаюы ықтимал. Қорғасын рыногына алып-сатарлық фактор зор әсерiн тигiзедi, талдаушылардың бағалауы бойынша бүгiнде қорғасын бағасының шамамен 20%-ын «алып-сатарлық үстеме» құрайды. Қорғасын құнына қатысты болжамдарда бағалардың 2005 жылы жоғарылауы және 2006 жылы төмендеуi күтіледi. 2005 жылы жалпы әлемдiк сұраныстың ұлғаюы және мырыштың биржалық жоғары бағасының сақталуы болжанып отыр. Goldman Sachs талдаушыларының болжамдары бойынша Қытай тарапынан сұраныстың өсуi және жаңа металл көздерiнiң болмауы салдарынан 2005 жылы мырыштың орташа жылдық құны 28%-ға өсуi мүмкiн. Тұтастай алғанда, өткен жылмен салыстырғанда сұраныстың 2%-ға ұлғаюы болжанып отыр. Лондон металдар биржасының мәлiметтерiне сәйкес наурызда мырыштың орташа айлық бағасы бiр тонна үшiн 1377 доллар деңгейiнде белгiлендi. 2005 жылдың басынан берi мырыш 7,6%-ға, өткен екі жылда 57%-ға қымбаттады. Бұл ретте мырыш қорлары наурызда 4,5 %-ға - 574,1 мың тоннаға дейiн азайды. Әлемдiк экономиканың бүгінгi жалпы өрлеуiне байланысты барлық өзге металдарға сұраныстың өсуi сияқты алюминийге әлемдiк сұраныс өседi. Бұл ретте алюминий тапшылығы байқалатын болады, бұл глиноземның iрi импорттаушысы болып отырған Қытай тарапынан болатын жоғары сұраныспен байланысты. Қазiргi уақытта Қытай әлемдегi бүкiл алюминийдің 20%-ынан астамын тұтынады. Алюминий бағасының 2005 жылға арналған болжамдарының басым көпшілігінде осы металл бағаларының өсуi болжанады. Мысалы, Sokiete Generale француз банкi алюминийдiң орташа бағалары болжамын 6 %-ға - бiр тонна үшін 1950 долларға дейiн көтердi. Болжамды бағалардың жоғарылауы алып-сатар инвесторлар тарапынан металға сұраныстың шапшаң ұлғаюы салдарынан болды. Тұтастай алғанда, Моrgan Stenley сарапшыларының бағалауы бойынша 2005 жылы болаттың бағасы 2004 жылғы орташа көрсеткiштен асып түседi. Мысалы, 2004 жылғы орташа көрсеткiшпен салыстырғанда 2005 жылы ыстықтай басылған рулонды болат құны 9%-ға ұлғаяды және бiр тонна үшiн 480 долларды құрайды. Сонымен қатар, талдаушылар ыстықтай басылған болат құны 2006 жылдың өзiнде 15%-ға - орта есеппен бiр тонна үшiн 409 долларға дейiн азаяды деп күтуде.
2006-2008 жылдары экономиканы дамытудың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшiн экономиканы өсiрудiң барлық негізгi факторларын жедел дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бағалауы бойынша 2006-2008 жылдары ЖIӨ-нiң орташа жылдық өсу қарқыны орта есеппен 8,2 %-ды құрайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi осы аралықтағы инфляцияны ұстап тұру мақсатында ақша-кредит саясатын қатаңдату жөніндегі шараларды қабылдайтын болады. Қайта қаржыландырудың ресми ставкасының реттеушi функцияларын күшейту үшiн практикаға тоқсан сайын қайта қарауды және қайта қаржыландырудың ресми ставкасын ақша рыногының жалпы жай-күйiне, қарыздар бойынша сұраныс пен ұсынысқа, инфляция мен инфляциялық күтiмдердiң деңгейiне қарай белгiлеудi енгізу жоспарланып отыр. Теңгенiң айырбас бағамының серпіні сыртқы жағдайлармен де, Ұлттық Банктiң бағамды iшкі валюта рыногына шетел валютасының ағынына байланысты қалыпты өзгеруiн қамтамасыз ете отырып, теңге бағамының күрт ауытқуларын болдырмауға бағытталған саясатымен де айқындалатын болады. Алдыңғы жылдардағыдай, бұл жылдары да өнеркәсiптi дамыту негiзiнен басты екi стратегиялық құжатта: Қазақстан Республикасы Президентінiң 2003 жылғы 16 мамырдағы № 1095 Жарлығымен бекітілген Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игерудiң мемлекеттік бағдарламасында және Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы № 1096 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясында айқындалатын болады. Каспий теңiзiнің қазақстандық секторын игерудiң мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2003 жылға қатынасы бойынша 2005 жылы мұнай мен газ конденсатын өндiру көлемiн 2,7-3 есе ұлғайту ұйғарылып отыр.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |