Қазақстан Республикасы Президентінің (2007.27.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2011 жылғы 1 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Мемлекеттік қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк сапаларына талапты арттыру мақсатында қаулы етемiн: 1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі (Мемлекеттік қызметшiлердiң қызмет этикасы ережелерi) бекітілсiн. 2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын: 1) «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшiлерiнiң қызмет этикасы ережелерiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 21 қаңтардағы № 328 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 2, 16-құжат); 2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 21 қаңтардағы № 328 Жарлығына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінiң 2002 жылғы 7 мамырдағы № 866 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 14, 137-құжат). 3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Астана, Ақорда, 2005 жылғы мамырдың 3-і.
№ 1567 ҚР Президентінің 2007.27.11. № 446 Жарлығымен ар-намыс кодексі өзгертілді (бұр.ред.қара) Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығымен бекiтілген
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң АР-НАМЫС КОДЕКСІ
(Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы ережелері)
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм бiлдiру болып табылады және мемлекеттік қызметшiлердің адамгершілiгiне және моральдық-этикалық бейнесiне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметшi өзiнiң барлық күш-жiгерiн, білімi мен тәжiрибесiн атқаратын кәсiби қызметiне жұмсайды, өзiнiң Отаны - Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етедi деп сенiм бiлдiредi. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнің осы ар-намыс кодексi (Мемлекеттік қызметшiлердiң қызмет этикасы ережелерi) (бұдан әрi - Кодекс) «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына және жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға сәйкес Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерi мiнез-құлқының негiзгi стандарттарын белгiлейдi. Мемлекеттік органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда - орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғалар, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе көрсетілген лауазымды тұлғалар болмаған жағдайда - орталық атқарушы органдардың басшылары) осы Кодекстiң мәтінiн мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетіндей жерлерге орналастыруды қамтамасыз етеді. 1. Мемлекеттік қызметшiлер өз қызметiнде: 1) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйектi жүзеге асыруға, өзiнiң iс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделiн нығайтуға, мемлекет мүдделерiн қорғауға; Қазақстанның беделiн түсiретiн iс-әрекеттер жасауға жол бермеуге; 2) Конституцияны бұлжытпай сақтай және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актілеріне сүйене отырып, заңдылықтар қағидаттарын басшылыққа алуға; 3) азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға бастайтын iс-әрекеттерге жол бермеуге; 4) Қазақстан халқының бiрлiгi мен елдегi ұлтаралық татулықты нығайтуға жәрдемдесуге; 5) мемлекеттік және еңбек тәртібін бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтiк мiндеттерiн адал, әдiл де сапалы атқаруға, ол үшiн өзiнiң жұмыс уақытын тиiмдi пайдалануға; 6) жоғары кәсiби жұмыс үшiн барлық күш-жiгерiн жұмсауға, қойылған мiндеттердi шешудiң оңтайлы және үнемдi әдiстерiн қолдануға, сенiп тапсырылған мемлекеттік мүлiктерге ұқыппен қарап, оны ұтымды әрi тиiмдi пайдалануға; 7) сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға; 8) мемлекеттік қызмет мүдделерiне залал келтiретiн iс-әрекеттi болдырмауға; мемлекеттік қызметшiнiң жеке мүдделерiн қозғайтын мәселелер жөнiнде шешiмдер қабылдауға қатысы бар адамдардың қызметiне араласпауға; 9) кәсіпкерлiк қызметке араласуға және жекелеген шаруашылық субъектiлерiнiң мүдделерiн сүйемелдеуге жол бермеуге; 10) қызметтiк ақпаратты пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарға пайдалануға жол бермеуге; 11) қызметi жоғары немесе төмен тұрған не өзiмен қызмет немесе жұмыс бойынша өзге де тәуелдiлiктегi адамдармен ақшалай немесе өзге де мүлiктiк сипаттағы құмар ойындарға қатыспауға; 12) мемлекеттік функцияларды орындаумен байланысты жеке және заңды тұлғалардан сыйлықтар қабылдау немесе қызметiн пайдалану фактілеріне жол бермеуге; 13) заңмен белгіленген жағдайлардан басқа, қазақстандық немесе шетелдiк жеке және заңды тұлғалар есебінен мемлекетішілiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақырулардан бас тартуға; 14) өзінің iске көзқарасымен және жеке мiнез-құлқымен ұжымда орнықты және жағымды моральдық-психологиялық жағдай туғызуға ықпал етуге; 15) мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс жасауына және мемлекеттік қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше орындауына бөгет болатын iс-әрекеттерге қарсы тұруға; 16) кадрларды жерлестiк және жеке өзiне берiлгендiк белгiлерi бойынша iрiктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге; 17) басқа мемлекеттік қызметшiлер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеуге және жолын кесуi; 18) өзінің қызметтік мiндеттерін атқару кезеңiнде киiм киюдің iскерлiк стилiн ұстануға тиiс. 2. Азаматтармен және заңды тұлғалармен қарым-қатынастарда мемлекеттік қызметшiлер: 1) азаматтардың мемлекет институттарына сенiмiн нығайтуға ықпал етуге; 2) қарапайымдылық танытуға, өзiнiң лауазымдық жағдайын, соның iшiнде көлiк, сервис және өзге де қызметтердi алу кезiнде, баса көрсетпеуге және пайдаланбауға; 3) өзiнiң iс-әрекеттерiмен және шешiмдерiмен қоғам тарапынан негiздi сынға ұшырамауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, оған төзiмдiлiкпен қарауға, оң сын-ескертпелерді кемшiлiктердi жою мен өзiнің кәсіби қызметiн жақсарту үшiн пайдалануға; 4) өтiнiштердi қарау кезiнде төрешiлдiк пен сөзбұйдаға салу көрiнiстерiне жол бермеуге, олар бойынша белгiленген мерзiмде қажеттi шаралар қолдануға; 5) шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайларына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге қарым-қатынасына, сенiмiне, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де жағдайларға қарамастан адамның және азаматтың ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге; 6) жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, мемлекеттік тiлге және басқа тiлдерге, Қазақстан халқының салттары мен дәстүрлерiне құрметпен қарауға; 7) сыпайы және әдептi болуға тиiс. 3. Өзiне бағынысты қызметкерлерi болатын мемлекеттік қызметшiлер: 1) бағынысты қызметкерлердiң мiндеттерi мен қызметтiк өкілеттiктерiнiң көлемiн олардың атқаратын лауазымдарына сәйкес дәл айқындауға, бағынысты қызметкерлерге анық орындай алмайтын өкiмдер бермеуге және олардан қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiнен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге; 2) бағынысты қызметкерлерiне қатысты негiзсiз айыптауларға, дөрекілік фактілеріне, адамдық қадiр-қасиетiн кемсiтуге, жөнсiздiкке жол бермеуге; 3) бағынысты қызметкерлердi құқыққа қайшы терiс қылықтар немесе жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормалармен үйлеспейтiн iс-әрекеттер жасауға мәжбүр етпеуге тиiс. 4. Мемлекеттік орган қызметiнің мәселелерi бойынша көпшiлiк алдында оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берiлген лауазымды тұлғалары сөйлейдi. Мемлекеттік қызметшiлер мемлекеттік қызметтiң беделiне нұқсан келтiрмей, пiкiрталасты әдептi түрде жүргiзуi тиiс. 5. Мемлекеттік қызметшiлер мемлекеттік саясат және қызметтiк iсінің мәселелерi жөніндегі өз пiкiрiн, егер ол: 1) мемлекет саясатының негiзгi бағыттарына сәйкес келмесе; 2) жариялауға рұқсат етiлмеген қызметтiк ақпараттарды ашатын болса; 3) мемлекеттік лауазымды тұлғаларының атына әдепке сай емес сөздер айтудан тұрса, көпшiлiк алдында бiлдiруге тиiс емес. 6. Мемлекеттік қызметшінің атына коммерциялық ұйымдарды басқаруы және/немесе кәсіпкерлiк қызметпен айналысуы, бiреудiң мүдделерiн сүйемелдеуi жөнiнде негiзсiз көпшілiк алдында айыптау болған жағдайда, ол тиiстi түрде мұндай айыптауларды терiске шығаратын ақпаратты жариялауға тиiс. 7. Мемлекеттік қызметшiнi сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілiк алдында айыптаған жағдайда, ол бұл айыптауларды терiске шығару, соның iшiнде сот арқылы терiске шығару шараларын қабылдауы керек. 8. Мемлекеттік қызметшiлердiң осы Кодекстi сақтауы олардың қызметтiк борышы болып табылады. 9. Осы Кодексте көзделген талаптарды бұзғаны үшiн мемлекеттік қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін. ҚР Президентінің 2007.27.11. № 446 Жарлығымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 10. Мемлекеттік органның ұжымы мемлекеттік қызметшіні қызметке тағайындау және қызметтен босату құқығы бар лауазымды тұлғаның шешiмi бойынша мемлекеттік қызметшiнiң осы Кoдекстi сақтамау фактiсiн қарап, қараудың нәтижесi бойынша қоғамдық мiн таға алады.
|