|
|
|
Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы (2014.18.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 7 қыркүйектегі № 750 Қаулысымен күші жойылды
«Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуі қағидалары бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2012 жылғы 29 қарашадағы № 1508 қаулысымен бекітілген
Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағиадалар «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасындағы электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу тәртібін айқындайды. ҚР Үкіметінің 2014.18.04. № 376 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі - өлшеу құралдарының және электр энергиясын есепке алу деректерін өлшеуге, жинақтауға, өңдеуге, сақтауға және беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен жиынтығы; 2) электр энергиясын өндірудің - тұтынудың теңгерілімін ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету шарты - жүйелік оператор және электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері немесе олардың теңгерім провайдерлері арасында жасалатын шарт; 3) реттеуге қатысуға арналған өтінім - Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі бойынша электр энергиясының теңгерімсіздігін табиғи реттеуге қатысу үшін теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушілердің/сатып алушылардың жүйелік операторға беретін теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізуге/сатып алуға арналған жазбаша құжат; 4) теңгерімдеу аймағы - қуаттың біртұтас резервін пайдалануға, теңгерімдеуші электр энергиясының бірыңғай бағасын қолдануға кедергі келтіретін техникалық сипаттағы шектеу қойылмаған Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінің бір бөлігі; 5) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының имитациялық режимі (бұдан әрі - имитациялық режим) - электр энергиясының теңгерімсіздігін қаржылық реттеуді жүзеге асырмастан электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуі; 6) теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушi/сатып алушы - реттеуге қатысуға берілген өтінімге сәйкес электр энергиясының теңгерімсіздігін табиғи реттеуге қатысатын электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі; 7) теңгерім провайдері - жасалған шарттарға сәйкес электр энергиясын өндіру-тұтынудың өзінің теңгерімсіздіктерін де, электр энергиясы нарығының басқа субъектілерінің теңгерімсіздіктерін де қаржылық реттеу үшін жауапкершілік қабылдаған электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі; 8) жүктеме бейіні - көтерме сауда нарығы тұтынушысының (энергиямен жабдықтаушы ұйым) электр энергиясын тұтынудың сағаттық мәнін есептеудегі (сальдо-ағыны) жүйелік оператормен келісілген (айқындалған) есептеу алгоритмі. Жүктеме бейіні коммерциялық есепке алудың сағаттық деректер жүйелері (аспаптары) болмаған жағдайда тұтынудың нақты сағаттық шамаларын есептеу үшін (сальдо-ағыны) пайдаланылады; 9) есеп айырысу кезеңі - нәтижесінде Қазақстан Республикасының электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында электр энергиясын сатудың орталықсыздандырылмаған және орталықтандырылған нарықтарында шарттар бойынша электр энергиясын сатып алу-сату көлемдеріне соңғы есеп айырысулар жүргізілетін күнтізбелік ай; 10) есеп айырысу орталығы - жүйелік оператордың атынан теңгерімдеуші нарықта операцияларды және теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сатуды жүзеге асыратын жүйелік оператордың еншілес ұйымы; 10-1) жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы (бұдан әрі - есеп айырысу-қаржы орталығы) - жүйелік оператор құратын және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілер өндірген және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне берілген электр энергиясын орталықтандырылған түрде сатып алуды және сатуды «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асыратын заңды тұлға; 11) сұрыпталған тізім - теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу/сатуға мәлімделген бағалар бойынша реттеуге қатысу үшін берілген өтінімдердің реттелген тізімі; 12) өсіруге бағытталған реттеу - Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі бойынша электр энергиясының теңгерімсіздігін өтеу мақсатында жүйелік оператордың өндіруді арттыру немесе тұтынуды азайту үшін реттеуге қатысуға берілген өтінімдерді жандандыру жөніндегі әрекеті; 13) төмендеуге бағытталған реттеу - Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі бойынша электр энергиясының теңгерімсіздігін өтеу мақсатында жүйелік оператордың өндіруді азайту немесе тұтынуды арттыру үшін реттеуге қатысуға берілген өтінімдерді жандандыру жөніндегі әрекеті; 14) электр энергиясының сальдо-ағыны - электр беру желісінің белгілі бір тобы (қимасы) арқылы немесе коммерциялық есепке алу нүктелері арқылы электр энергиясын қабылдау/босату мәнінің алгебралық сомасы; 15) электр энергиясын коммерциялық есепке алу нүктелері - электр энергиясының көтерме сауда нарығында қаржылық өзара есеп айырысу жүзеге асырылатын, электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектісінің электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің құрамына кіретін, электр энергиясын есептеудегі жүйелік оператормен келісілген өлшеу кешендері; 16) электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру - электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуін ұйымдастыру жөніндегі жүйелік оператор көрсететін қызмет; 17) Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты теңгерімі - жүйелік оператор жасаған орталықсыздандырылған және орталықтандырылған сауда нарықтарында, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында есепті кезең ішінде өндірілген, жеткізілген және тұтынылған электр энергиясының көлемдерін атаулы бөлуді белгілейтін құжат. Нақты теңгерім Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері арасында өзара есеп айырысуларды жүргізу үшін негіз болып табылады; 18) электр энергиясының теңгерімсіздігі - электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты шамасының электр энергиясын өндіру-тұтынудың сағаттық тәуліктік кестесіндегі жүйелік оператор бекіткен шамадан ауытқуы; 19) теңгерімдеуші электр энергиясы - электр энергиясын өндірудің-тұтынудың жүйелік оператор бекіткен сағат сайынғы тәуліктік кестесін іске асыру кезінде туындайтын теңгерімсіздікті жою үшін пайдаланылатын электр энергиясы; 20) электр энергиясының теңгерімдеуші нарық жүйесі - жүйелік операторда орнатылған және теңгерімдеуші нарықты басқару, теңгерімдеуші электр энергиясының сағаттық көлемі мен құнын айқындау, сондай-ақ нарыққа қатысушылар арасында есеп айырысу жүргізу үшін қажетті барлық ақпаратты алу жөніндегі орталық тетік болып табылатын аппараттық бағдарламалық кешен. Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады. 3. Электр энергиясын өндіру, беру және тұтыну қатынастарына қатысушылар электр энергиясының теңгерімсіздігін физикалық реттеу нәтижелері бойынша жүйелік оператор ұсынатын теңгерімдеуші электр энергиясы көлемін есептеу негізінде электр энергиясын өндірудің-тұтынудың шарттық және физикалық шамалары арасындағы теңгермелі электр энергиясы нарығында қаржылық реттеу үшін өзара міндеттемелер алады. 4. Электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері меншік нысанына қарамастан электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына қатысады. ҚР Үкіметінің 2013.28.12. № 1417 Қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5. Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу жағдайында теңгерімдеуші нарық субъектілерінің өзара іс-қимыл жасау тетігін пысықтау, Қазақстан Республикасының бірыңғай электр жүйесіндегі электр энергиясын өндіру-тұтынудағы теңгерімсіздіктің нақты шамаларын айқындау, реттеуші қуатқа қажеттілігін нақтылау, теңгерімдеуші электр энергиясының бағалар ауқымын айқындау мақсатында теңгерімдеуші нарықтың жұмысы 2016 жылға дейін имитациялық режимде жүзеге асырылады.
2. Электр энергиясының теңгерімді нарығының жұмыс істеу тәртібі
6. Электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері жүйелік оператормен электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі жүйелік қызметтерді көрсетуге жасалған шарттар негізінде нақты уақыт режимінде де, имитациялық режимде де жұмыс істейтін электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына қатысады. 7. Электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі жүйелік оператордың қызметтеріне ақы төлеуді: 1) энергия өндіретін, оның ішінде өнеркәсіп кешендерінің құрамына кіретін ұйымдар энергия өндіруші ұйымдардың шинасынан босатылған электр энергиясының нақты көлемі үшін, сондай-ақ бөлшек сауда нарығының тұтынушылары (оның ішінде жеке тұлғалар) осы энергия өндіруші ұйымдардан тікелей сатып алған электр энергиясының нақты көлемі үшін; 2) энергия беруші ұйымдар энергия беруші ұйымдардың желілеріндегі электр энергиясының технологиялық шығысын өтеу және энергия беруші ұйымдардың шаруашылық қажеттіліктері үшін алынған, сондай-ақ бөлшек сауда нарығының тұтынушылары тікелей өңірлік энергия өндіруші ұйымдардан алған және энергия беруші ұйымдардың желілері бойынша берілген электр энергиясының нақты көлемі үшін; 3) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясының көтерме сауда және бөлшек сауда, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс нарықтарда энергиямен жабдықтаушы ұйымның тұтынушылары үшін алынған электр энергиясының нақты көлемі үшін; 4) электр энергиясының көтерме сауда нарығының тұтынушылары электр энергиясының көтерме сауда, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс нарықтарда алынған электр энергиясының нақты көлемі үшін, сондай-ақ өнеркәсіп кешендерінің энергия өндіруші ұйымдарынан осы кешендердің құрамына кіретін кәсіпорындар мен бірлестіктер тұтынған электр энергиясының нақты көлемі үшін жүргізеді. 8. Жүйелік оператормен өз бетінше электр энергиясының өндіру-тұтынуын теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуге шарт жасасқан электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында меншікті теңгерімсіздік бойынша теңгерім провайдерлері болып табылады не меншікті теңгерімсіздікті табиғи және қаржылай реттеу жауапкершілігін басқа теңгерім провайдеріне береді. 9. Электр энергиясы нарығының теңгерім провайдерлері болып табылмайтын электр энергиясының көтерме нарығының субъектілері теңгерім провайдерімен электр энергиясындағы теңгерімсіздікті қаржылық реттеу бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасады. Электр өндіруші ұйымдардың шиналарына тікелей немесе өңірлік деңгейдегі желілерге қосылған және екі жақты шарт бойынша олардан электр энергиясын алатын бөлшек сауда субъектілері үшін теңгерім провайдері энергия өндіруші ұйым болып табылады. 10. Электр энергиясының көтерме нарығының субъектілері - энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы, энергия өндіруші ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, электр энергиясындағы теңгерімсіздік үшін дербес жауапкершілік алатынына, не өз жауапкершілігін теңгерім провайдеріне бергеніне қарамастан мыналарды қамтамасыз етеді: 1) теңгерімдік тиесілілік шегіне келтіре отырып коммерциялық есеп нүктелерінің тізбесіне сәйкес электр энергиясын сағат бойынша есептеу және теңгерім провайдеріне, сондай-ақ көтерме нарық субъектісі желілеріне тікелей қосылған энергия беруші ұйымдарға жүйелік оператордың электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесінің орталық дерекқорына келісілген хаттамалар бойынша электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған дерекқорынан сағат бойынша есептеу деректерін беру; 2) көтерме сауда нарығының сабақтас субъектілеріне және желілеріне тікелей қосылған энергия беруші ұйымдармен бірге электр энергиясы ағынының сағат бойынша есебінің он күндік актілерін қалыптастыру және келісу; 3) тәуліктік кестені жасау үшін электр энергиясын өндіру/тұтынудың, сатып алу/сатудың жоспарланған көлемдері туралы деректерді уақытында беру және түзету енгізу (қажет болған жағдайда); 4) теңгерім провайдерлерімен немесе есеп айрысу орталығымен электр энергиясын сағаттық теңгерімсіздіктерін сатып алу-сату бойынша уақтылы операциялар. 11. Электр энергиясының орталықсыздандырылған және орталықтандырылған сауда нарығында имитациялық режим кезеңінде нарықтың субъектілері арасындағы өзара есеп айырысу пайдаланылған электр энергиясының нақты көлемі үшін жасалады, электр энергиясының теңгерімсіздігіне қаржылық реттеу жүргізілмейді. Бір күндік кестемен берілген энергия көлемінен көтерме сауда нарығындағы субъектілердің электр энергиясын өндіру-тұтыну көлемдерінен ауытқуы тек жүйелік оператормен электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімділігін ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуге шарт болған жағдайда рұқсат етіледі. 12. Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында өз қызметін жүзеге асыру кезінде жүйелік оператор: 1) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің тұрақты және сенімді жұмысына, тұтынушыларды энергиямен үздіксіз қамтамасыз етуге қажетті қуат резервтерін дайындықта ұстау бойынша қызметтерді сатып алады; 2) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі бойынша электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу кезінде олардың диспетчерлендіру реттілігін айқындайтын теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізуге/сатып алуға арналған өтінімдердің сұрыпталған тізімін жасайды; 3) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеуді жүзеге асырады; 4) теңгерім провайдерлерімен қаржылық міндеттемелерді реттеуді жүргізеді, оның ішінде теңгерім провайдерлері электр энергиясының сағаттық теңгерімсіздіктерінің бағалары мен көлемдерін айқындауды жүзеге асырады; 5) осы Қағидалардың 35, 36, 37-тармақтарына сәйкес іске қосылған теңгерімдеуші электр энергиясының бағалары мен көлемдерін айқындауды жүзеге асырады; 6) жасалған шарттарға сәйкес электр энергиясының көтерме сауда нарығының барлық субъектілерінен меншік нысанына қарамастан ақпарат алады; 7) табиғи теңгерімсіздіктерді реттеуге және электр энергиясын теңгерімдеуші жеткізушілермен/сатып алушылармен қаржылық өзара есеп айырысуларды жүзеге асыруға қатысуға өтінімдер беру регламентін әзірлейді. 13. Жүйелік оператор тәуліктік кестені құрастыру кезінде оған жүйелік оператормен не теңгерім провайдерімен теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтерді көрсетуге шарттар жасасқан электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерін ғана қосады. Теңгерім провайдерлері теңгерімдеуші нарықта жасасқан шарттарының талаптарын бұзған жағдайда жүйелік оператор көтерме сауда нарығының субъектілерінің ауытқуларға жол бермей, тәуліктік кестені және электр энергиясын жеткізу-тұтынудың айлық көлемін орындауын қамтамасыз етеді. 14. Теңгерім провайдері бір теңгерім аймағында орналасқан көтерме сауда нарығының субъектілерімен электр энергиясының теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеуге арналған шарттар жасасады. 15. Теңгерім провайдері шарттық негізде электр энергиясының теңгерімсіздіктері үшін жүйелік оператордың алдындағы жауапкершілігін теңгерім провайдеріне берген электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілеріне теңгерімсіздіктерді қаржылық реттеу бойынша қызмет көрсетеді. 16. Көтерме сауда нарығы субъектісінің басқа теңгерім провайдеріне ауысуы кемінде бір ай бұрын теңгерім провайдері мен жүйелік операторды қызметтерден бас тарту және шарттың қолданысын тоқтату туралы алдын ала хабардар еткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте теңгерім провайдері хабарламаны алғаннан кейін 3 тәуліктен кешіктірмей, электр энергиясының теңгерімі үшін өзіне жауапкершілік қабылдаған электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектілері құрамының алдағы болатын өзгерістері туралы жүйелік операторды хабардар етеді. Электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектісі келесі айдың бірінші күнінен бастап қана басқа теңгерім провайдеріне ауыса алады. 17. Теңгерім провайдері электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында өз қызметін жүзеге асыру кезінде: 1) электр энергиясының теңгерімі үшін жауапкершілік қабылдаған және электр энергиясының теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеу жөнінде қызмет көрсетуге олармен шарттар жасасқан электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектілерінің құрамы мен коммерциялық есепке алу нүктелерін жүйелік оператормен келіседі; 2) электр энергиясын өндіру-тұтыну, беру-қабылдау, сатып алу-сатудың жоспарланған сағаттық мәндері туралы деректерді қалыптастырады және жүйелік операторға береді; 3) бекітілген тәуліктік кестенің мүмкін болатын түзетулерін жүйелік оператормен келіседі; 4) келісілген хаттамалар бойынша электр энергиясын беру-қабылдаудың нақты сағаттық мәндерін қалыптастырады және жүйелік операторға береді; 5) жүктеме профилін жүйелік оператормен келіседі; 6) электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерінен, жүйелік оператордан осы Қағидалармен айқындалған функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алады; 7) жүйелік оператормен электр энергиясының сағаттық теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеуді, оның ішінде жүйелік оператордың есеп айрысу орталығымен теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату жөніндегі операцияларды жүзеге асырады; 8) жүйелік оператор алдындағы электр энергиясы теңгерімсіздігі үшін жауапкершілікті теңгерім провайдеріне берген электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерімен электр энергиясының теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеуді жүзеге асырады. 18. Теңгерімдеуші нарықтағы теңгерімдеуші электр энергиясының жеткізушілері/сатып алушылары: 1) жүйелік оператор белгілеген регламентке сәйкес табиғи теңгерімсіздіктерді реттеуге қатысуға арналған өтінімдерді жүйелік операторға беруді; 2) берілген өтінімге сәйкес электр энергиясын өндіру немесе тұтыну режимін жедел өзгертуге арналған жүйелік оператордың тапсырмасын орындауды; 3) жүйелік оператордың есеп айрысу орталығымен теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату жөніндегі операцияларды; 4) осы Қағидаларда айқындалған функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты жүйелік операторға беруді; 5) келісілген хаттама бойынша электр энергиясын берудің нақты сағаттық мәндерін жасау мен жүйелік операторға беруді жүзеге асырады. 19. Электр энергиясын есептеудің өлшеуші кешеніне ие немесе оны шарттық негізде пайдаланушы электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына қатысушысы жүйелік оператордың электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесімен электр энергиясының коммерциялық есептеудің деректерімен алмасуды қамтамасыз етеді. 20. Электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйелерінің ақпарат алмасу хаттамасының регламенті және құрылымы жүйелік оператор қолданатын жүйемен біріздендірілген. Жүйелік оператор тараптармен келісе отырып, коммерциялық ақпарат алмасу хаттамасын ауыстырады. 21. Жүйелік оператор теңгерім провайдері электр энергиясының меншікті теңгерімсіздіктерін есептеуге қажетті коммерциялық есепке алу дерекқорынан алынған электр энергиясының көтерме нарығы субъектілері туралы деректерді келісілген мерзімде және келісілген хаттамаға сәйкес теңгерім провайдерлеріне ұсынады.
2. Электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу
22. Көтерме нарық субъектілері - теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушілер/сатып алушылар жүйелік операторға келесі операциялық тәуліктерге арналған реттеуге қатысу жөніндегі өтінімдерін жібереді. 23. Алдағы операциялық тәуліктердің әрбір сағаты үшін қатысуға арналған өтінім мынадай ақпаратты қамтиды: 1) энергия өндіруші ұйымның немесе электр энергиясын тұтынушының атауы; 2) энергия өндіруші ұйым немесе электр энергиясын тұтынушы орналасқан өңір; 3) ұсынылатын реттеудің бағыты - энергия өндіруші ұйымдар үшін тиісінше электр энергиясын өндіруді өсіруді немесе азайтуды, сондай-ақ тұтынушылар үшін электр энергиясын тұтынуды азайтуды немесе ұлғайтуды білдіретін өсіруге немесе азайтуға бағытталған реттеу; 4) операциялық тәуліктердің әрбір сағатына арналған реттеудің әрбір бағыты үшін ұсынылып отырған реттеудің шамасы; 5) өсіруге арналған реттеу кезінде теңгерімдеуші электр энергиясының бір кВтс бағасы; 6) азайтуға арналған реттеу кезінде теңгерімдеуші электр энергиясының бір кВтс бағасы; 7) ұсынылып отырған толық көлемдегі шаманың жиналуы/түсуі уақыты (мин); 8) операциялық тәуліктер ішінде реттеу үшін ұсынылып отырған электр энергиясының теңгерімдеуші көлемі. Ұсынылып отырған реттеудің шамасы 10 МВт есе болуы тиіс. Жүктеменің толық жиналуының/түсуінің барынша көп уақыты 1 сағаттан аспауы тиіс. 24. Жүйелік оператор реттеуге қатысуға түскен өтінімдерге техникалық сараптама жүргізеді. Өтінім теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушінің келісімі бойынша түзетілуі немесе өтінімді реттеу үшін қабылдауға мүмкіндік бермейтін келесі техникалық себептерді көрсете отырып, кейінге қалдырылуы мүмкін: электр қуатын беру желілерінің өткізу қабілетінің шектеулілігі; теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізу/сатып алу жөніндегі теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушінің өтінімде көрсетілген мүмкіндіктерімен іс жүзіндегі мүмкіндіктерінің сәйкес келмеуі. 25. Қуат резервтерін әзірлікте ұстау жөнінде қызмет көрсетуге арналған шарттардың негізінде реттеуге қатысуға арналған өтінімдер шарттың талаптарына сәйкес автоматты түрде жасалады және сұрыптау тізіміне енгізіледі. Теңгерімді электр энергиясын жеткізуші реттеуді арттыру кезінде теңгерімдеуші электр энергиясының бағасын төмендетуге, не болмаса азайтуға реттеу кезінде теңгерімдеуші электр энергиясының бағасын арттыруға арналған өтінім бере алады. 26. Реттеуге қатысуға қабылданған өтінімдер: 1) теңгерімдеуші электр энергиясының мәлімделген бағасының өсу ретімен арттыру бойынша; 2) теңгерімдеуші электр энергиясының мәлімделген бағасының кему ретімен кему бойынша сұрыпталады. 27. Сұрыптау тізіміне енгізілген реттеуге қатысуға арналған өтінімдер жүйелік оператордың тапсырмасы бойынша орындау үшін міндетті. 28. Қуат резерві жетіспеген жағдайда, жүйелік оператор реттеуге қатысуға арналған қосымша өтінімдерді қабылдауды жариялайды. 29. Жүйелік оператор мына жағдайларда сұрыпталған тізімге сәйкес реттеуге қатысуға арналған өтінімдерді жандандырады: 1) жиіліктің Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі жұмысының оқшауландырылған режимінде номиналдық мәндерінен ауытқуы; 2) іргелес мемлекеттердің энергия жүйелерімен Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі мемлекетаралық электр энергиясының сальдо-ағындарының нақты мәндерінің келісілген тәуліктік кестедегі мәндерінен ауытқулары; 3) қималардағы жүктемелер; 4) технологиялық бұзушылықтар мен авариялардың алдын алу, оқшауландыру және жою. 30. Жүйелік оператор Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясының сальдо-ағыны теңгерімсіздігінің мәні оң болған жағдайда, арттыруды реттеуге қатысуға арналған өтінімдерді жандандырады. Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясы теңгерімсіздігінің мәні теріс болған жағдайда, жүйелік оператор азайтуды реттеуге қатысуға арналған өтінімдерді жандандырады. 31. Жүйелік оператор бірінші кезекте 15 минуттан аспайтын толық мәлімделген жүктемені біртіндеп жинай/тастай отырып, реттеуге қатысуға арналған өтінімдерді жандандырады. 32. Жүктемені жинау/тастау жылдамдығын есепке ала отырып, электр энергиясының теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу үшін жүйелік оператордың тапсырмасы бойынша іске қосылған реттеу көлемі бекітілген тәуліктік кестенің түзетілімі ретінде тіркеуге алынады. Түзетілген тәуліктік кестеден ауытқу электр энергиясының теңгерімсіздіктері ретінде қаралады және қаржылық реттеуге жатады. 33. Реттеуге қатысуға арналған өтінімдерді іске қосу нәтижелері бойынша теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату мәмілелері жасалады. Жүйелік оператор теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату бойынша өткізілген сауда-саттық нәтижелері туралы хабарламаға қол қояды және оны теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушіге/сатып алушыға жібереді, онда мыналар көрсетіледі: теңгерімдеуші электр энергиясын жеткізушінің/сатып алушының атауы, оның пошталық және банктік деректемелері, қызмет көрсету кезеңі, теңгерімдеуші электр энергиясын сату/сатып алу көлемі, сұрыпталған тізім бойынша қалыптасқан баға, теңгерімдеуші электр энергиясының құны.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |