|
|
|
Қазақстан Республикасы Президентінің (2024.20.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ереже бекітілсін. 2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін. 3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын. 4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Астана, Ақорда, 2014 жылғы мамырдың 4-і.
№ 814
ҚР Президентінің 2017.05.05. № 471 Жарлығымен бүкіл мәтін бойынша «(Республикалық ұлан)», «(Республикалық ұланды)» деген сөздер алып тасталды (бұр.ред.қара); 2019.13.06. № 13 Жарлығымен барлық мәтін бойынша «Объектілерді қорғау қызметі», «Объектілерді қорғау қызметін», «Объектілерді қорғау қызметінің» деген сөздер тиісінше «Айрықша мақсаттағы күштері», «Айрықша мақсаттағы күштерін», «Айрықша мақсаттағы күштерінің» деген сөздермен ауыстырылды өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Президентінің 2023.17.07. № 285 Жарлығымен ереже жаңа редакцияда (2023 ж. 4 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі - Мемлекеттік күзет қызметі) - Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және заңнамада белгіленген құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Президентінің, басқа да күзетілетін адамдардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган. 2. Мемлекеттік күзет қызметінің ведомствосы - Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштері (бұдан әрі - Айрықша мақсаттағы күштер) бар. Айрықша мақсаттағы күштер әскери құралым болып табылады. 3. Мемлекеттік күзет қызметі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. ҚР Президентінің 2024.19.02. № 483 Жарлығымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 21 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4. Мемлекеттік күзет қызметі республикалық мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның нақты және шартты атаулары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері, мөртабандары, белгіленген үлгідегі мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі бланкілері, өзінің рәмізі мен айырым белгілері, туы, жалауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар. 5. Мемлекеттік күзет қызметі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі. 6. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, Мемлекеттік күзет қызметінің мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар. 7. Мемлекеттік күзет қызметі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мемлекеттік күзет қызметі бастығының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды. 8. Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Мемлекеттік күзет қызметінің құрылымы мен штат санының лимитін бекітеді. Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы осы мақсатқа бөлінген қаражат шегінде Мемлекеттік күзет қызметі жұмыскерлерінің санын белгілейді. ҚР Президентінің 2024.19.02. № 483 Жарлығымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 21 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 30. 10. Осы Ереже Мемлекеттік күзет қызметінің құрылтай құжаты болып табылады. 11. Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. 12. Мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан Мемлекеттік күзет қызметінің кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады. Егер Мемлекеттік күзет қызметіне заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік күзет қызметінің міндеттері мен өкілеттіктері
13. Міндеттері: 1) Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; 2) Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу; 3) күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде олардың меншігін күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету; 4) өз өкілеттіктері шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру; 5) күзетілетін адамдар мен объектілерге төнетін қатерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және бейтараптандыру жөніндегі жедел шаралар кешенін жүзеге асыру; 6) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзетуді жүзеге асыру, рәсімдік және протоколдық іс-шараларды орындауға қатысу; 7) президенттік байланыспен қамтамасыз етуді ұйымдастыру; 8) Қазақстан Республикасының заңдарында және Президент актілерінде айқындалатын өзге де міндеттер. ҚР Президентінің 2024.19.02. № 483 Жарлығымен 16-тармақ өзгертілді (2024 ж. 21 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 16. Өкілеттіктері: 1) құқықтары: жеке тұлғалар күзетілетін объектілерге кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеру (күзетілетін адамдардан басқа), оларды жеке қарап-тексеру, олардың өзімен алып жүретін заттарын қарап-тексеру, көлік құралдарын және оларда алып өтетін заттарын, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып қарап-тексеру; күзетілетін объектілерге заттар мен заттектерді алып өтуге тыйым салу; қажет болған кезде мәртебесі мен өкілеттігі күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілетін ережеде айқындалатын күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі жедел штабтар (бұдан әрі - жедел штабтар) құру; күзет іс-шараларын өткізу кезінде фактілер мен оқиғаларды суретке түсіруді, дыбысжазбаны, кино- және бейнетүсірілімді жүзеге асыру; Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде анықтау жүргізу; күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою туралы ұсыныстар және (немесе) нұсқамалар енгізу; Мемлекеттік күзет қызметінің орналасқан жерінен тыс жерде уәкілетті органда есептік тіркеуге жатпайтын айрықшаланған бөлімшелер құру; мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметтік үй-жайларын, көлік құралдарын, байланыс және өзге де мүлкін, сондай-ақ келісімшарт негізінде азаматтардың тұрғын үйлері мен басқа да мүліктерін, ал шұғыл жағдайларда азаматтардың байланыс құралдарын пайдалану; күзетілетін объектілерді күзет сигнализациясы, бейнебақылау, жедел-техникалық бақылау құралдарымен, басқа да техникалық күзет құралдарымен белгіленген тәртіппен жабдықтауды, сондай-ақ аталған құралдарға техникалық-пайдалану қызметін көрсетуді ұйымдастыру және жүзеге асыру, оларды пайдалану уақытында қажет болған кезде ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезеңінде шет мемлекеттердің, шет елдер парламенттері мен үкіметтері басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасына келетін шетел құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтері қызметкерлерінің жауынгерлік қол атыс қаруын және олардың оқ-дәрілерін Қазақстан Республикасының аумағына алып кіруіне және Қазақстан Республикасының аумағынан алып шығуына қорытынды беру; қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу; Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасының шегінде және республиканың аумағынан тыс жерлерге іссапарға жіберу; Қазақстан Республикасының оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнаулы және өзге де мемлекеттік органдарының қарамағындағы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, сондай-ақ басқа мемлекеттердің оқу орындарында кадрларды даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды шарт негізінде жүзеге асыру; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық мекемелер мен бөлімшелерге ие болу; полиграфиялық және фото-, бейнестудия жабдықтарын пайдалану, сондай-ақ ақпараттық-талдау, әскери-публицистикалық және өзге де материалдарды басып шығаруды жүзеге асыру; күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сіңірген еңбегі үшін азаматтарды көтермелеу, оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсыну; Мемлекеттік күзет қызметінің штаттан тыс жедел қызметкерлері ретінде Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде тарту; көлік құралдарының, оның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің, сондай-ақ жеке тұлғалардың көлік құралдарының жекелеген жерлердің учаскелері мен объектілердегі қозғалысын уақытша шектеу немесе тыйым салу, оларды жекелеген жерлердің учаскелерінде немесе объектілерде қалуға не осы учаскелерден немесе объектілерден кетуге міндеттеу; күзетілетін адамдар мен объектілерді күзету және оларға қызмет көрсету жұмыстарына жеке және заңды тұлғаларды жіберуді және тексеруді жүзеге асыру; құпия; құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда азаматтарды ұстау, ішкі істер органдарына, өзге де құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың қызметтік үй-жайларына жеткізу; Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындаған тәртіппен қызметтік иттерді пайдалану; Мемлекеттік күзет қызметінің арнайы дайындықтан өткен қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің табельдік қару мен арнаулы құралдарды сақтауына, алып жүруіне рұқсат беру; қаруды, жауынгерлік техниканы, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану; әзірленетін әдістемелерге сәйкес күзетілетін адамдардың қауіпсіздігіне қол сұғатын құқыққа қайшы іс-әрекеттің жолын кесу бойынша жедел-жауынгерлік іс-шараларды жүзеге асыру; Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындайтын тәртіппен арнаулы мақсаттағы автомобильдерге еріп жүруді және шабуыл жасау қаупін және (немесе) олардың қозғалысына кедергілерді жою бойынша тактикалық іс-әрекеттерді, оның ішінде соқтығысу арқылы қорғауды жүзеге асыру; терроризмге қарсы операция режимінде күзет іс-шараларын ұйымдастыру және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз ету кезінде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдану; әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларда, төтенше немесе соғыс жағдайында міндеттерді атқару кезінде телекоммуникациялық желілерді пайдалану; өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету; күзет іс-шараларына қатысу үшін ішкі істер органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тарту; заңды және жеке тұлғалардың күзет іс-шараларын өткізу орындарында белгіленген тәртіпті сақтауын талап ету; құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу; егер кешеуілдеу күзетілетін адамдар мен объектілерге шын мәнінде қатер төндіретін болса, күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге қатер төндiретiн қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу кезiнде, сондай-ақ осындай қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілгендерді қудалау кезінде азаматтарға тиесілі тұрғын үй-жайлар мен өзге де үй-жайларға, меншiк нысанына қарамастан, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық, консулдық және өзге де өкiлдiктерiнен басқа) аумақтары мен үй-жайларына кедергiсiз кiру; күзетілетін адамдардың болуына арналған, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын қосымша талаптарды белгілеу; баланста тұрған объектiлердi пайдалану мен оларға техникалық күтiмдi қамтамасыз ету, санитариялық-гигиеналық, экологиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастыру; өз құзыреті шегінде тергеушінің, анықтаушының тапсырмасы бойынша жасырын тергеу іс-қимылдарын жүргізу; астыртын әрекет ететін объектілерді (кәсіпорындарды және ұйымдарды) құру, сондай-ақ қызметкерлерді, әскери қызметшілерді, құпия көмекшілерді, бөлімшелердің, ұйымдардың, үй-жайлар мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін шифрлайтын құжаттарды пайдалану; қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнаулы білім-білігі бар лауазымды адамдар мен мамандардың көмегін пайдалану; Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, басқа ұйымдардан жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар ақпаратты өтеусіз алу және пайдалану; Қазақстан Республикасының аумағында жедел-іздестіру қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыруға құқығы бар басқа органдармен келісу бойынша қарсы барлау және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін осы органдардың күші мен құралдарын тарту; өз бастамасы немесе өзге мемлекеттік органдардың бастамасы бойынша «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағында көзделген шешімдерді қабылдау үшін қажетті, тұлғаны сипаттайтын деректерді жинау; күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілерден терроризмге қарсы операциялар құқықтық режимі енгізілген аймақта күзет қызметін тоқтата тұруды талап ету; айрықша мақсаттағы автомобильдердің Астана және Алматы қалаларында жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың автомобиль жолдарымен немесе автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерімен жүру жылдамдығын айқындау және осы жолдарда көлік құралдарының жүруіне, аялдауына және тоқтап тұруына шектеу енгізу, жол қозғалысының бағытын уақытша өзгерту; күзет іс-шараларын өткізу кезеңінде күзетілетін адамдардың жүріп-тұру маршруттарында (бұдан әрі - арнаулы трассалар) және әуежайлар аумағы шегінде жөндеу, құрылыс, монтаждау және басқа да жұмыстардың барлық түрлерін тоқтата тұру; күзет іс-шараларын дайындау және өткізу кезінде, сондай-ақ күзет іс-шараларын өткізу аймағында немесе күзетілетін объектілер аумағының үстіндегі әуе кеңістігінің пайдаланылуын бұзудың жолын кесу үшін пилотсыз әуе кемелерін пайдалану; кинологиялық қызметті жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қарулы Күштерінің, басқа әскерлері мен әскери құралымдарының, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында оқытуды, даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыру; күзет іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік органдармен келісу бойынша күзет іс-шараларына қатысуға тартылған күштер мен құралдардың құрамын айқындау; 2) міндеттіліктері: Қазақстан Республикасы Президентінің, басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу, олардың ықтимал жасалуына ықпал ететін мән-жайларды анықтау және өз құқықтары шегінде оларды жою бойынша шаралар қолдану; құқық бұзушылықтардан және жазатайым оқиғалардан зардап шеккен, сондай-ақ дәрменсіз күйде не денсаулығы мен өміріне қауіпті өзге де жағдайдағы күзетілетін адамдарға көмек көрсету; күзетілетін адамдардың жеке басының қауіпсіздігіне немесе күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа да жерлерде қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін, дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар мен оқиғалар туралы мәлімдемелерді, хабарламаларды және өзге де ақпаратты қабылдап алу, заңнамада көзделген шараларды уақтылы қолдану; күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиеті мен меншігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтау мен іздестіруде құқық қорғау органдарына жәрдем көрсету; күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету; авария, апат, өрт, табиғат зілзаласы және басқа да төтенше жағдайлар кезінде күзетілетін адамдарды құтқару және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ күзетілетін адамдардың жеке мүлкін және күзетілуге тиіс әрі қараусыз қалған өзге де мүлікті күзету жөнінде шұғыл шаралар қолдану; Қазақстан Республикасының аумағында немесе жекелеген жерлерде төтенше немесе әскери жағдай енгізілгенде заңға сәйкес күзетілетін адамдарға қатысты осындай жағдайдағы құқықтық режимнің қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ эпидемия мен эпизоотия кезінде күзетілетін адамдарға қатысты карантиндік шаралардың жүргізілуіне қатысу; Қазақстан Республикасының Президентін және өзге де күзетiлетiн адамдарды байланыспен қамтамасыз етуді, президенттік байланыс жүйелерінің қауіпсіздігін, сондай-ақ олардың ақпараттан оқшау қалуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуді ұйымдастыру. Президенттік байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәртібі Мемлекеттік күзет қызметінің және мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады. Мемлекеттік күзет қызметін және өзге де ұйымдарды президенттік байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәртібі келісімдерде (шарттарда) айқындалады; азаматтарға, кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге олардың байланыс құралдарын, көлігі мен үй-жайларын қызмет мақсатында пайдалануға байланысты келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеу; күзетілетін адамдардың көліктің барлық түрінде жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзетілетін адамдардың жүріп-тұруы үшін бөлінетін автомобиль және басқа көлік құралдарының жүру қауіпсіздігі саласында қолданылып жүрген белгіленген қағидаларды, нормативтер мен стандарттарды сақтау және сақталуын бақылау; күзетілетін адамдарға медициналық қызмет көрсетуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге өз құзыреті шегінде қатысу; барлау-нұқсан келтіру әрекетінің белгілерін, фактілерін анықтау және барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолдану; Қазақстан Республикасының Президентіне және мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатер туралы хабарлау; Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғау жөнінде қажетті шаралар қолдану; қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде астыртын әрекет етуді, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметі күштерінің, құралдарының және ақпаратының қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану; кезең-кезеңімен, бірақ кемінде әрбір бес жыл сайын құпияландыруға жататын мәліметтердің қолданыстағы тізбесінің мазмұнын мәліметтерді құпияландырудың негізділігі мен олардың бұрын белгіленген құпиялық дәрежесіне сәйкес келуі бөлігінде қайта қарау. ҚР Президентінің 2024.19.02. № 483 Жарлығымен 17-тармақ өзгертілді (2024 ж. 21 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 17. Функциялары: 1) Қазақстан Республикасы Президентінің, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын ұйымдастырады және өткізеді. Күзет іс-шараларына қатысу үшін тартылған мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарына басшылық етуді жүзеге асырады. Күзет іс-шараларын өткізу аймағының шекарасын, олардың басталу және аяқталу уақытын, күзет іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін, оны өткізуге қатысу үшін тартылған күштер мен құралдардың құрамын, сондай-ақ күзет іс-шаралары өткізілетін аймақта дыбысжазба, фото- және бейнетүсірілім жасау тәртібін айқындайды; 2) Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындайтын тәртіппен күзетілетін объектілердің күзеті мен қорғанысын жүзеге асырады, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік кезекшілікті атқаруды ұйымдастырады; 3) жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын өткізеді, жүктелген міндеттерді орындау үшін ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді; 4) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мемлекеттік органдарын Мемлекеттік күзет қызметінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша хабардар етеді; 5) Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындайтын тәртіппен жұмылдыру, жауынгерлік және жедел әзірлігін қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде оқуларды, жаттығулар мен эксперименттерді өткізу арқылы іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді; 6) ведомствоның және құрылымдық бөлімшелердің жедел-қызметтік, жауынгерлік, жедел-іздестіру, қарсы барлау, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметін ведомстволық бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады; 7) арнайы тексеру жүргізу арқылы қызметке кәсіби іріктеуді ұйымдастырады, Мемлекеттік күзет қызметінің кадрын негізінен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының әскери қызметшілері мен қызметкерлері қатарынан жасақтайды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Мемлекеттік күзет қызметінің кадрына қызметке түсетін адамдарды зерделеуге және арнайы тексеруден өткізуге Мемлекеттік күзет қызметіне жәрдем көрсетеді; 8) техникалық барлау құралдарына қарсы іс-қимылды және ақпаратты техникалық қорғау, пилотсыз әуе кемелерінің рұқсатсыз ұшуына қарсы іс-қимыл бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және жүзеге асырады; 9) Қазақстан Республикасының Президентін, өзге де күзетілетін және лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес президенттік байланыспен қамтамасыз етеді; 10) күзетілетін адамдардың авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерімен жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Арнаулы трассаларды айқындайды, күзетілетін адамдардың жүріп-тұруы үшін бөлінген авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерінің қозғалыс қауіпсіздігі саласында қолданылатын қағидалардың, нормативтер мен стандарттардың сақталуын бақылайды. Күзетілетін адамдардың жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалады;
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |