Қазақстан Республикасының (2015.29.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2016 жылғы 8 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы: ҚР 2015 жылғы 27 қарашадағы № 424-V Заңын қараңыз (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі)
Осы Заң тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) дайындаушы - өткізу үшін тауар өндіретін жеке немесе заңды тұлға; 2) жарамдылық мерзімі - бітуіне қарай тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңі; 3) жұмыс - тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатқа ие қызмет; 4) кемшілік - тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарына, шарттың ережелеріне, сондай-ақ тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынған ақпаратқа сәйкес келмеуі; 5) кепілді мерзім - тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) тиісті түрде пайдаланылған және сақталған жағдайда оның сапасына сатушы (дайындаушы, орындаушы) кепілдік беретін уақыт кезеңі; 6) көрсетілетін қызмет - тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатта болмайтын қызмет; 7) қызмет ету мерзімі - тауарды мақсаты бойынша пайдалану мүмкін болатын уақыт кезеңі; 8) орындаушы - шарт бойынша жұмысты орындаушы немесе қызмет көрсетуші жеке немесе заңды тұлға; 9) сақтау мерзімі - сақтаудың белгіленген талаптары орындалған кезде тауардың сапасы сақталатын уақыт кезеңі; 10) сатушы - Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тауарларды өткізуші жеке немесе заңды тұлға; 11) тауар - дайындаушы (орындаушы) қызметінің өткізуге арналған өнімі; 12) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігі - тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың, кәдеге жаратудың әдеттегідей жағдайларында немесе жұмысты орындау (қызмет көрсету) процесінде тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты жол берілмейтін қатердің болмауы; 13) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы - тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тұтынушы қажеттіліктерін қанағаттандыру қабілетіне жататын сипаттамаларының жиынтығы; 14) тауарды иелену (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжат - бақылау (тауарлық) чегі не кассалық кіріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжат; 15) тұтынушы - өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе иелену ниеті бар не тапсырыс беретін, оларды иеленетін және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға; 16) уәкілетті орган - тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Тұтынушылардың қаржылық, әлеуметтік, медициналық, туристік және өзге де көрсетілетін қызметтер саласындағы құқықтары, сондай-ақ оларды қорғау мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді. 3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiне және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулыларына сәйкес жүзеге асырылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы құзыреті Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) мемлекеттік саясаттың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы негізгі бағыттарын әзірлейді; 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті Уәкілетті орган: 1) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді; 2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді; 3) Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады; 4) Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдайды; 5) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде: 1) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 2) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 3) жеке немесе заңды тұлғалардың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы өтініштерін қарайды; 4) Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзушыларға жауапкершілік шараларын қолданады; 5) Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады; 6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. Тұтынушылардың құқықтары және оларды қорғау
7-бап. Тұтынушылардың құқықтары Тұтынушылардың: 1) тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасуға; 2) тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ақпаратқа қол жеткізуге; 3) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға; 4) қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға; 5) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауға; 6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына; 7) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге; 8) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге; 9) сатушыдан (орындаушыдан, дайындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты алуға; 10) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы бойынша ойындардың бастамашысына (ұйымдастырушысына) кінә қоюға; 11) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға; 13) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға; 14) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
8-бап. Тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасу құқығы Тұтынушының тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасуға құқығы бар. Тұтынушыны тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
9-бап. Тұтынушылардың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ақпаратқа қол жеткізу құқығы Тұтынушының тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ақпаратқа қол жеткізу құқығы тұтынушылық білім негіздері жөніндегі мәселелерді білім беру бағдарламаларына енгізу арқылы, сондай-ақ тұтынушыға оның құқықтары және осы құқықтарын қорғау жөніндегі қажетті іс-қимылдар туралы ақпарат беру жүйесін ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі.
10-бап. Тұтынушылардың тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы,орындаушы) туралы ақпарат алу құқығы 1. Тұтынушының тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы осы Заңның 25-бабына сәйкес толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар. 2. Егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы толық емес, дұрыс емес және уақтылы емес ақпарат беру: тұтынушыға қажетті қасиеттері жоқ тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға әкеп соқса, ол шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы; сатып алынған тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) мақсатына сай пайдалану мүмкіндігінің болмауына әкеп соқса, тұтынушы тауарды сатып алған (жұмыс орындалған, қызмет көрсетілген) күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тиісті ақпарат беруді талап етуге құқылы. Егер көрсетілген мерзімде ақпарат берілмесе, тұтынушы шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы; тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіруге әкеп соқса, ол сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 16 және 31-баптарында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 11-бап. Тұтынушылардың қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құқығы Тұтынушының тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың және кәдеге жаратудың белгіленген шарттарына сай оның тұтынушы өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіпсіз болуына құқығы бар. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс талаптар міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
12-бап. Тұтынушылардың тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдау құқығы Тұтынушының азаматтық айналымнан алынып қоймаған немесе айналымы шектелмеген тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескере отырып, өзіне ыңғайлы уақытта еркін таңдауға құқығы бар.
13-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына құқығы 1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, тұтынушының осы талаптарға сай келетін тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар. 2. Тұтынушының иеленетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасын, жиынтықталымын, салмағын, көлемін, санын, мөлшерін тексеруге, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болатын болса, өзінің қатысуымен тауардың қасиеттерін тексертуді немесе оның дұрыс және қауіпсіз пайдаланылуын көрсетуді жүргізуге құқығы бар. 3. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыға (орындаушыға) тауарды иеленудің (жұмысты орындаудың, қызмет көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, оның тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар. 4. Тауарды үлгісі және (немесе) сипаттамасы бойынша сату кезінде тұтынушының үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды алуға құқығы бар.
14-бап. Тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығы 1. Тұтынушы азық-түліктік емес тауар өзіне берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) бұдан да ұзақ мерзім жарияламаған болса, сатып алынған тауарды оның бағасында айырма болған жағдайда сатушымен (дайындаушымен) қажетті қайта есеп айырыса отырып, мөлшері, нысаны, ауқымы, пішіні, түсі, жиынтықталымы жағынан басқа, соған ұқсас тауарға айырбастап алуға құқылы. Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі. 2. Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы. 3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.
15-бап. Тұтынушылардың тиісті емес сападағы тауар сатылған жағдайдағы құқығы 1. Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша: 1) сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді; 2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге құқылы. Тиісті емес сападағы тауарды сатушы оның дайындаушысы болып табылмаған жағдайда, осы тармақтың 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкін; 3) тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді; 4) соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды; 5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды; 6) шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы. Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1)-6) тармақшаларында көрсетілген талапты таңдауына қарамастан, келтірілген залалды өтету құқығы тұтынушыға тиесілі болады. 2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушы тауарды сатып алу орны бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптарды қоюға құқылы. 3. Тұтынушы, осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар осы Заңда белгіленген мерзімде анықталған жағдайда, осы талаптарды қоюға құқылы.
16-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтету құқығы 1. Тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) құрастыру, рецептілік немесе өзге де кемшіліктері салдарынан өз өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге құқығы бар. 2. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кінәсіне және тұтынушының онымен шарттық қатынастарда тұрғанына немесе тұрмағанына қарамастан, кез келген тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеуді талап ету құқығы танылады.
17-бап. Тұтынушының тауардағы кемшіліктерге қатысты талаптар қою мерзімдері 1. Жарамдылық мерзімі белгіленген тауарға қатысты тұтынушы тауардағы кемшіліктер туралы, егер олар тауардың жарамдылық мерзімі ішінде табылса, талаптар қоюға құқылы. 2. Егер тауарға кепілді мерзім белгіленген болса, тауардағы кемшіліктер кепілді мерзім ішінде табылған жағдайда тұтынушы тауардағы кемшіліктермен байланысты талаптар қоюға құқылы. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілді мерзім тауар сатып алушыға берілген кезден бастап есептеледі. Егер тауарға кепілді мерзім немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе, тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда тұтынушы тауардағы кемшіліктермен байланысты талаптар қоя алады. Шартта көзделген кепілді мерзім екі жылдан аз уақытты құрайтын және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілді мерзім өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады. Шартта жиынтықтаушы бұйымдарға кепілді мерзімнің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілді мерзімнің ұзақтығынан аз болып белгіленген жағдайда, тұтынушы жиынтықтаушы бұйымнан кемшіліктер тапқан кезде ол жөнінде негізгі бұйымға белгіленген кепілді мерзім ішінде талаптар қоюға құқылы. Егер жиынтықтаушы бұйымдарға кепілді мерзімнің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілді мерзімнің ұзақтығынан артық болып белгіленсе, тұтынушы, егер негізгі бұйымға белгіленген кепілді мерзімнің өтіп кетуіне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымдағы кемшіліктер оған белгіленген кепілді мерзім ішінде табылса, тауардағы кемшіліктер туралы талаптар қоюға құқылы. Тауарларды үлгілері бойынша, почта арқылы сату кезінде, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасу кезі мен тауарды тұтынушыға беру кезі сәйкес келмейтін жағдайларда, кепілді мерзім не тауардың кемшіліктерін анықтауға арналған мерзім - тауардың тұтынушыға берілген (жеткізілген) күнінен бастап, ал егер тауар арнайы орнатуды (қосуды) немесе жинауды қажет ететін болса, оны орнату (қосу) немесе жинау күнінен бастап есептеледі. Егер тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) байланысты мән-жайлар бойынша тауарды пайдалану мүмкіндігінен айырылса, кепілді мерзім не тауардың кемшіліктерін анықтауға арналған мерзім сатушы (дайындаушы) осындай мән-жайларды жойғанға дейін есептелмейді. Егер тауарды беру (жеткізу), орнату (қосу) немесе жинау, соның салдарынан тұтынушы тауарды мақсаты бойынша пайдалана алмайтын, сатушыға байланысты мән-жайларды жою күнін анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзім сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап есептеледі.
18-бап. Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды иелену (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты алу құқығы Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды иелену (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты алуға құқығы бар. Тұтынушыда тауарды иелену фактісін растайтын құжаттың болмауы оны шарттың жасалу фактісін немесе оның талаптарын растауда куәлердің айғақтарына сілтеме жасау құқығынан айырмайды.
19-бап. Тұтынушының ойын бастамашысына (ұйымдастырушысына) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, қызметтің) сапасы бойынша кінә қою құқығы Егер ойын бастамашысы (ұйымдастырушысы) тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктердің оларды тұтынушыға бергеннен (орындағаннан, көрсеткеннен) кейін тұтынушының тауарды пайдалану немесе сақтау ережелерін бұзуы не үшінші бір тұлғалардың іс-әрекеттері немесе еңсерілмейтін күш салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктерді жою жөнінде сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) жүгіну жолымен күнтізбелік жиырма күн ішінде тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға тиіс.
20-бап. Тұтынушылардың тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерін құру құқығы Тұтынушылар ерікті негізде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне бірігуге құқылы.
21-бап. Моральдық зиянды өтету құқығы Тұтынушының Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген құқықтары мен заңды мүдделерін сатушының (дайындаушының, орындаушының) бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиян, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сатушының (дайындаушының, орындаушының) кінәсі болған кезде сот айқындайтын мөлшерде өтеуге жатады.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 22-бап. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына құқығы Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды тиісті мемлекеттік органдар, сот, төрелік немесе аралық сот өз құзыреті шегінде жүзеге асырады. Тұтынушы тауарды (жұмысты, көрсетілген қызметті) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) өз құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықты жою туралы және осы бұзушылықтардан тұтынушыға келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеу туралы кінә қойып жүгінуге құқылы. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) қойылған кінәға күнтізбелік он күн ішінде жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.
4-тарау. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) құқықтары мен міндеттері
23-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кепілді мерзімді белгілеу жөніндегі құқығы Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше айқындалмаған болса, дайындаушы (орындаушы) тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) кепілді мерзім белгілеуге құқылы, осы мерзім ішінде тауардан (жұмыстан, көрсетілетін қызметтен) кемшілік табылған жағдайда дайындаушы (орындаушы) тұтынушының осы Заңда белгіленген талаптарын қанағаттандыруға міндетті. Сатушы дайындаушының (орындаушының) белгілеген кепілді мерзімін ұзартуға құқылы, бірақ оны азайтуға құқылы емес.
24-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) міндеттері Сатушы (дайындаушы, орындаушы): 1) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беруге; 2) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге; 3) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз етуге; 4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасын қамтамасыз етуге; 5) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауардың ауыстырылып берілуін немесе қайтарылуын қамтамасыз етуге; 6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтеуге; 7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда бақылау-кассалық машиналарының болуына; 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 8) бақылау-кассалық машиналар орналастырылған жерде тұтынушының бақылау (тауарлық) чегін алу қажеттігі туралы және бақылау-кассалық машиналарын қолдану тәртібі бұзылған жағдайда оның мемлекеттік кіріс органына (тиісті мемлекеттік кіріс органының телефон нөмірін көрсетіп) жүгіну құқығы туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастыруға; 9) тауарларды сату (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) жөніндегі қызметті тікелей жүзеге асыратын жеке тұлғада оның тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) көрсетілген омырау карточкасының (бейджінің) болуын және оның санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерді сақтауын қамтамасыз етуге; |