|
|
|
«Атом энергиясын, ядролық қызметті пайдалану, радиоактивті
ҚР Үкіметінің 2005.27.07. № 781 қаулысымен күші жойылды
Атом энергиясын, ядролық қызметтi пайдалану, радиоактивтi қалдықтар мен қолданылған ядролық отынды ұстау, сондай-ақ халықтың радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету салаларында мемлекеттік басқару органдарының, заңды және жеке тұлғалардың өзара iс-қимылын ұйымдастыру мен жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 1. Атом энергиясын, ядролық қызметтi пайдалану, радиоактивтi қалдықтар мен қолданылған ядролық материалдарды ұстау, Қазақстан Республикасы халқының радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы уақытша ереже бекітілсiн (қоса берiлiп отыр). 2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволары ведомстволық нормативтiк актiлердi екi ай мерзiмде осы қаулыға сәйкестендiретiн болсын. Қазақстан Республикасының Премьер-министрi
Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 11 сәуірдегі № 364 қаулысымен Бекiтiлген
Атом энергиясы мен ядролық қызметтi пайдалану, радиоактивтi қалдықтар мен қолданылған ядролық материалдарды ұстау, Қазақстан Республикасы халқының радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы УАҚЫТША ЕРЕЖЕ
1. Кiрiспе
Осы Уақытша ереже (бұдан әрi - Ереже) радиоактивтi қалдықтар мен қолданылған ядролық отынды ұстауды қосқанда, атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік өкiмет, мемлекеттік және жергiлiктi басқару органдарының, заңды және жеке тұлғалардың өзара iс-қимылын ұйымдастыру мен жүзеге асыру үшiн, халықтың радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн арналған. 1.1. Осы нормативтiк актiнiң мақсаты бейбiт уақыттағы ядролық қызмет қауiпсiздiгiнiң жоғары деңгейiн қамтамасыз ету, ядролық қарудың таратылуын және ядролық қалдықтарды қолданылған ядролық отын түрiнде рұқсатсыз пайдалануды болғызбау болып табылады. Осы нормативтiк актiнiң мақсаты сондай-ақ радиацияның қауiптi әсерiнен адам мен қоршаған табиғи ортаны қорғау болып табылады. 1.2. Құзыреттi мемлекеттік орган лицензия бермеген қандай да бiр ядролық қызметке жол берiлмейдi. 1.3. Ядролық материалдарды немесе радиацияны қолдана отырып қондырғыны пайдаланушы адам пайдалану кезіндегі iс-қимылының, кем дегенде, осы Ереженiң талаптарына сай келуiн қамтамасыз ету үшiн жауап бередi. Осы мақсат үшiн оларға ядролық қаруды тарату мен ядролық қалдықтардың рұқсатсыз пайдаланылуын болғызбайтын шаралардың жүйесi белгiленедi. Мұндай жүйе жабдықтардың iстен шығуын, қателiктердi, қасақана iс-қимылдарды және ядролық уақиға немесе радиациядан зиян келтiруге әкелiп соғатын басқа да әрекеттердi болғызбауды қамтамасыз етуге тиiс. 1.4. Ядролық материалдар немесе радиация пайдаланылатын қондырғыда 1,3-тармақта аталған жүйенiң болуын және оның қызметкерлерi біліктiлiгiнiң жеткiлiктi дәрежесi бар екенi, операциялар қауiпсiздiк мәдениетiнiң жоғары деңгейiнде жүргiзiлетiнi, қызметкерлер арасында операциялардың қауiпсiздiгi үшiн жауапкершiлiк дәлме-дәл бөлiнген, операторлардың тиiсiнше iшкi бақылауы сақталып, өрiс алуы құзыреттi мемлекеттік орган тарапынан бақыланып отырылуға тиiс. 1.5. Үкiмет уәкiлдiк берген құзыреттi мемлекеттік органның мұндай ерекшелiктер заңдарға және осы Ереженiң мақсатына қайшы келтiрмейтiндей жағдайда бұл Ереженiң нормаларынан ерекшелiктер белгiлеуге құқы бар. 2. Жалпы қағидалар
2.1. Осы Ереженiң ықпал ету саласы атом энергиясын пайдалану мен ядролық қызметтiң барлық түрлерi мен тарамдарына қолданылады, пайдалану процесiнiң барлық қатысушыларын (Ереженi қолдану субъектiлерiн), атом энергиясын пайдаланатын барлық объектiлердi (Ереже қолданылатын объектiлердi), атом энергиясын пайдалану кезіндегі қызметтiң барлық түрлерi мен қоғамдық қатынастарды қамтиды. Енгiзiлген бiрқатар терминдердi пайымдау халықаралық конвенцияларға және МАГАТЭ-нiң терминологиясына сәйкес келедi. 2.2. Осы Ережеде iс-қимыл субъектiлерi деп: - атқарушы өкiмет органдары; - атом энергиясын пайдалану мен ядролық қызмет саласындағы қауiпсiздiктi мемлекеттік реттеу және қадағалау органдары; пайдаланушы ұйымдар; ядролық материалдар мен ядролық қондырғылардың өмiрлiк циклының қандай кезеңiнде болсын қызмет атқаратын кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар (объектiнiң өмiрлiк циклының кезеңдерi деп саланы дамытудың тұжырымдамасын әзiрлеуге, iздестiру жұмыстарына, құрылыс үшiн алаңдар таңдап алуға, атом энергетикасы мен өнеркәсiбi объектiлерiн жобалауға, салуға, пайдалануға беруге, пайдалануға және пайдаланудан алуға байланысты қызметтiң барлық түрлерi, сондай-ақ пайдалануды тоқтатуға және алаңқайлар мен аумақтарды қалпына келтiруге байланысты қызмет түрлерi ұғынылады); - атом энергиясын пайдалану мен ядролық қызметке байланысты қарым-қатынас жасайтын өзге де заңды және жеке тұлғалар, соның iшiнде: а) ядролық материалдармен, ядролық қондырғылармен, радиоактивтi заттармен және иондандырылған сәулелендiру көздерiмен қызметтiң барлық түрлерiн жүзеге асыратын қызметкерлер; б) ядролық қондырғыларды бақылау және радиоактивтi қалдықтарды сақтау пункттерi аймақтарында тұрушылар; в) санитарлық-қорғау аймақтарында және ядролық қондырғыларды бақылау аймақтарында еңбек қызметiн жүзеге асырушылар; г) ядролық уақиғаның салдарынан радиоактивтiк әсер етуден зардап шеккендер; д) өрт сөндiру үшiн және ядролық уақиғаның зардабын жою жөніндегі жұмыстарды жүргiзу үшiн тартылғандар; е) техногендiк-өзгермелi радиациялық фонның ұлғаюы әсерiне шалдыққандар; ж) осы Ережеде аталған iс-қимыл объектiлерiн күзету мен қорғауды жүзеге асыратын әскери бөлiмдер ұғынылады. 2.3. Осы Ережедегi iс-қимыл объектiлерi деп: - ядролық материалдар; - ядролық қондырғылар; - басқа да радиоактивтi материалдар, соның iшiнде иондандырылған сәуле көздерi, бастапқы (шикiзаттық) радиоактивтi материалдар мен радиоактивтi қалдықтар; - ядролық емес арнайы материалдар; - техногендiк-өзгермелi радиациялық фоны бар объектiлер; - қоса қабат мақсаттағы материалдар мен бұйымдар ұғынылады. ЯДРОЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР деп уран, плутоний және торий ұғынылады. БАСТАПҚЫ (ШИКIЗАТТЫҚ) РАДИОАКТИВТI МАТЕРИАЛДАР деп ядролық отын, радиоактивтi изотоптар алу үшiн пайдаланылатын бөлiнгiш немесе өзге де радиоактивтi заттары бар табиғи материалдар ұғынылады. БАСҚА ДА РАДИОАКТИВТI МАТЕРИАЛДАР деп сондай-ақ табиғи (табиғи радиоактивтi изотоптары бар материалдар) және жасанды (ядролық қондырғылардың жұмысы кезiнде ядролық реакцияның нәтижесiнде немесе иондандырылған сәуле көздерiнiң ықпалымен радиоактивтiкке айналған кез келген материал) тұрғыдағы радиоактивтi заттар ұғынылады. ЯДРОЛЫҚ ЕМЕС АРНАЙЫ МАТЕРИАЛДАР деп: ауыр су, цирконий, ядролық тазалық графитi, ядролық экспортты реттейтiн халықаралық-құқықтық режимге байланысты осылайша айқындалған басқа да материалдар ұғынылады. РАДИОАКТИВТI ҚАЛДЫҚТАР деп: ядролық қондырғылар мен иондандырылған сәуле көздерiн пайдалануға байланысты қызметтiң және олардың үлестi таралымы реттелу деңгейiнен асып түсетiн қызметтiң басқа түрлерi нәтижесiнде пайда болған сұйық, қатты, газ тектес заттар немесе материалдар ұғынылады. ЯДРОЛЫҚ ҚОНДЫРҒЫЛАР деп: табиғи шикiзатта (рудалық өңдеу, аффинажды зауыттар, уранның гексафторидiң өндiру) олардың шоғырландыруын арттыра түсетiн ядролық тазалықтағы бастапқы (шикiзаттық) ядролық материалдарды өндiру жөніндегі қызмет үшiн пайдаланылатын технологиялық кешендер: өнеркәсiп, энергетика және зерттеу реакторларын қосқанда, ядролық реакторлар, сондай-ақ көлiк құралдарының, ғарыштық және ұшу аппараттарының ядролық реакторлары, соның iшiнде қиын және соған ұқсас жағдайдағы құрастырулар; ядролық отын өндiруге арналған ядролық материалды пайдаланатын зауыттар, сәулелендiрiлген ядролық отынды ұқсату жөніндегі зауытты қосқанда, ядролық материалды ұқсату жөніндегі зауыттар; ядролық материалдарды сақтауға (жинап қоюға) арналған ғимараттар; ажыратылмайтын ядролық материалдары бар радиоактивтi қалдықтарды сақтауға (жинап қоюға) немесе көмуге арналған ғимараттар; ядролық материалдарды тасымалдау үшiн лайықталған көлiктiк буып-қаттау құралдары; ядролық және термоядролық жарылғыш құрылғыларды сынуға арналған полигондық ғимараттар мен құрылғылар; өзiне сол қарудың зарядтың, оқ-дәрiсiн, ұшырғышы мен жиынтығын қамтитын ядролық және термоядролық қару, ядролық және термоядролық қаруды және олардың құрамды бөлшектерiн тасымалдау мен жасауға, сақтауға, техникалық жағынан қамтуға және жоюға арналған ғимараттар мен жабдықтар ұғынылады. ИОНДАУШЫ СӘУЛЕ КӨЗДЕРI деп: иондаушы сәуле көздерiн тасымалдау мақсатындағы арнайы көлiктiк буып-қаттау құралдарын қосқанда, ядролық қондырғыларға жатпайтын, өздерiнде радиоактивтi заттар немесе радиоактивтi қалдықтар яки иондаушы сәуле жайылған аппараттар, жабдықтар, бұйымдар мен материалдар ұғынылады. ТЕХНОГЕНДIК-ӨЗГЕРМЕЛI РАДИАЦИЯЛЫҚ ФОНЫ БАР ОБЪЕКТIЛЕР деп: өздерi салынған топырақтан келетiн радон қосындысы бар және (немесе) құрылыс материалдарының құрамында шамадан тыс табиғи радионуклидтердiң қоспасы бар тұрғын-жайлар мен жұмыс үйлерi; аспан мен су айдынында сондай-ақ үйiндiлер мен қоқыстарда табиғи түрде пайда болатын радиоактивтi материалдардың шоғырлану процесiн пайдаланып, тас көмiр, мұнай, газ бен полиметалл рудалары шығарылатын және ұқсатылатын жерлер; қалдықтарда табиғи радиоактивтi заттардың шоғырлануы белең алатын ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын өндiру iсi ұғынылады. ҚОСА-ҚАБАТ МАҚСАТТАҒЫ МАТЕРИАЛДАР МЕН БҰЙЫМДАР деп: Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 9 наурыздағы № 183 қаулысымен бекітілген ядролық материалдар, технологиялар, жабдықтар, қондырғылар, ядролық емес арнаулы материалдар, қоса қабат мақсатта пайдаланылатын жабдықтар, материалдар мен технологиялар, радиоактивті сәуле көздері мен изотопты өнімдер экспорты мен импорты туралы ережеге № 2 қосымшада және оны толықтыру мен дамыту жөнiнде шығарылған өзге де нормативтiк актiлерде көрсетiлген бұйымдар мен материалдар ұғынылады. 2.4. Атом энергиясын пайдалану, ядролық қызмет саласындағы қызмет деп: ядролық қарудың ұсталуын қосқанда, атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару, реттеу және қауiпсiздiгiн қадағалау; ядролық қондырғыларды салу мен пайдалануға және қызметтiң белгiлi бiр түрлерiне рұқсаттар немесе лицензиялар беру; ядролық материалдарды және солардың негiзiнде жасалған бұйымдарды алу, сақтау, тасымалдау мен пайдалану; радиоактивтi қалдықтарды ұстау және оларды көму; ядролық қондырғыларды және иондаушы сәуле көздерiн орналастыру, жобалау, дайындау, салу, iске қосу, пайдалану және пайдаланудан шығару, алаңдарды тазарту, қалпына келтiру, аумақтарды оңалту; ядролық қондырғыларды, ядролық материалдар мен иондаушы сәуле көздерiн пайдалана отырып, зерттеулер жүргiзу; Қазақстан Республикасының аумағындағы радиациялық жағдайға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; ядролық материалдардың мемлекеттік есебi мен бақылануын жүзеге асыру; ядролық қарудың таратылмауы үшiн бақылау жөніндегі халықаралық-құқықтық режимдi жүзеге асыру; атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру, ядролық материалдардың, ядролық қондырғылардың, иондаушы сәуле көздерiнiң экспорты мен импорты, ядролық материалдардың, ядролық қондырғылардың, иондаушы сәуле көздерiнiң, сондай-ақ ядролық технологиялар мен жабдықтардың, жұмыстар мен қызмет көрсетудiң экспорты мен импортын халықаралық-құқықтық реттеу; халықаралық келісімдер мен шарттарға сәйкес ядролық қаруды жоюға байланысты қызмет; атом энергиясын пайдалану саласындағы жұмыс үшiн оқу қызметi кадрлар даярлаудың барлық түрлерi; ядролық материалдарды, ядролық қондырғыларды нақты қорғауды ұйымдастыру мен қамтамасыз ету; өрттен қорғанудың жайын қадағалауды қамтамасыз ету мен атом энергиясы объектiлерiнде өрт сөндiру; аварияға қарсы шараларды әзiрлеу мен жүзеге асыру, соның iшiнде ядролық қондырғылар мен иондаушы сәуле көздеріндегі, сондай-ақ радиациялық әсерге ұшыраған аумақтардағы ядролық уақиғалардың зардаптарын жою ұғынылады. Осы Ережемен атом энергиясын пайдалану саласында туындайтын қатынастардың мынадай түрлерi; мемлекетаралық қатынастар; ұйымдық-басқару және саяси қатынастар; меншiкке қатынастар мен мүлiктiк қатынастар; экономикалық қатынастар; еңбек қатынастары; ақпараттық қатынастар реттеледi. 2.5. Өкiмет пен басқару органдарының, ядролық қаруды ұстаумен байланысты ұйымдар мен кәсiпорындардың өзара iс-қимылы мен жауапкершiлiгiнiң тәртібі ядролық және радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң жұмыс ерекшелiктерi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының тиiстi заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулылармен, сондай-ақ халықаралық келісімдермен реттеледi.
3. Мемлекеттік реттеу мен қадағалау жүйесiнiң функциялары
Атом энергиясын пайдалану қауiпсiздiгiн реттеу мен қадағалаудың мемлекеттік жүйесi өз жұмысын олардың қызметi туралы ережелерге сәйкес органдар жүйесi арқылы жүзеге асырады. 3.1. Қазақстан Республикасының атом энергиясы жөніндегі агенттігі қызметкерлер мен халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, айналадағы ортаны және Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгi мүддесiн қорғау мақсатымен атом энергиясын пайдалану кезiнде қауiпсiздiктi, ядролық қызметтi мемлекеттік реттеу мен қадағалауды ұйымдастырып, жүзеге асырады; Қазақстан Республикасының аумағында ядролық қызмет объектiлерi мен түрлерiн лицензиялауды ұйымдастырып, жүзеге асырады; ядролық материалдардың және ядролық технологиялардың экспорты мен импортына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады; ядролық материалдарды есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесiн жүргiзедi; ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды нақты қорғау функцияларын қамтамасыз етуге мемлекеттік реттеу мен қадағалауды жүзеге асырады. 3.2. Қазақстан Республикасының экология және биоресурстар министрлігі атом энергиясы жөніндегі агенттікпен бiрге радиоактивтi қалдықтардың жиналуын, ұқсатылуын, тасымалданылуы мен көмiлуiн ұйымдастыру мәселелерi жөніндегі ведомстволық бақылау жасауды, республикадағы радиациялық жағдайды зерделеу мен бақылау жөніндегі жұмыстарды үйлестiрудi жүзеге асырады; радиация қауiпсiздiгi талаптарының сақталуына бақылау жасайды, радиоактивтi қалдықтарды көмуге рұқсат бередi, жобаларды мемлекеттік экологиялық сараптаудан өткiзедi. 3.3. Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі адамның өмiр сүруiне қауiпсiз жағдай жасалуын бақылау мақсатымен өз құзыретi шеңберiнде ядролық материалдардың, иондаушы сәуленiң басқа да көздерiнiң жасалуын, қолданылуын, сақталуын, тасымалдануын және радиоактивтi қалдықтардың көмiлуiн реттеу мен қадағалауды жүзеге асырады; халық шаруашылығында пайдаланылатын иондаушы сәуленiң барлық көздерiн есепке алып, оларға бақылау жүргiзедi; медициналық-санитарлық жағынан қамтамасыз етудi және жұмыс жағдайының ерекшелiктерiне тән қолайсыз кәсiптiк факторлардың әсерiне байланысты азаматтардың денсаулығын қорғауды жүзеге асырады. 3.4. Қазақстан Республикасының атом энергиясы жөніндегі агенттігі, экология және биоресурстар министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеті, министрлер кабинеті жанындағы гидрометеорология жөніндегі бас басқарма Қазақстан Республикасының аумағында радиациялық жағдайдың мониторингiн реттеудi және қадағалау функцияларын жүзеге асырады. 3.5. Қазақстан Республикасының жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегi мемлекеттік комитетi жердi пайдалану мен күзетуге мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады, жердi пайдалануға қатысты жобаларға сараптама жасайды. 3.6. Қазақстан Республикасының өнеркәсіпте жұмысты қауіпсіз жқргізуді қадағалау және кен қадағалау жөніндегі мемлекеттік комитеті өз құзыретiнде кен кәсiпорындарында, геологиялық барлау ұйымдарында, химия-металлургия цехтары мен өндiрiстерiнде мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады, атом-энергетика өнеркәсiбiнiң әскерилендiрiлген кен-құтқару бөлiмдерiнiң әскери даярлығын, сондай-ақ қысыммен жұмыс iстейтiн ыдыстардың, қазандық қондырғыларының, көтеру құралдарының (крандардың, лифттердiң), өндiрiстiк мақсатта қолданылатын газ жабдықтарының, оның қарауына жататын басқа да механизмдер мен құрылғылардың қауiпсiз пайдаланылуын бақылап отырады. 3.7. Қазақстан Республикасының Iшкі Iстер министрлігі объектiлердiң өмiрлiк циклының барлық кезеңдерiнде өрт қауiпсiздiгi жөніндегі қолданылатын стандарттардың, нормалар мен ережелердiң өртке қарсы қоятын талаптарының орындалуын қадағалауды, сондай-ақ ядролық материалдарды, радиоактивтi қалдықтар мен иондаушы сәуле көздерiн тасу ережелерiнiң, автомобиль көлiгiмен тасу кезiнде оларды тасымалдау құралдарын тiркеу ережелерiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады. 3.8. Қазақстан Республикасының геология және жер қойнауын Қорғау министрлігі өз құзыретiне сәйкес бастапқы (шикiзаттық) ядролық материалдарды шығару мен радиоактивтi қалдықтарды көму саласында, сондай-ақ ядролық қондырғыларды орналастыратын орындарды анықтаған кезде реттеу мен қадағалау функцияларын жүзеге асырады. 3.9. Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі атом энергиясын пайдаланумен байланысты қорғаныс кешенiнiң объектiлерiнде қызметтiң мемлекеттік реттелуiн ұйымдастыруды жүзеге асырады әрi олардың ядролық және радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. 3.10. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитеті осы Ережеде регламенттелген қызметтi жүзеге асыру барысында ұлттық мүдделердi қорғаудың мемлекеттік реттелуiн ұйымдастыруды жүзеге асырады. 3.11. Қазақстан Республикасының көлік министрлігі ядролық материалдардың, ионданушы сәуле көздерiнiң, ядролық қондырғылар жабдықтары мен радиоактивтi қалдықтардың тасымалдануын мемлекеттік реттеудi ұйымдастырады. 3.12. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс штабы төтенше жағдайлардан сақтандыру және олардың зардаптарын жою жөніндегі шаралардың белгiленуi мен орындалуына мемлекеттік реттеу мен қадағалауды жүзеге асырады. 3.13. Қазақстан Республикасының министрлер кабинеті жанындағы стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі бас басқарма өнiмдер номенклатурасы мен сапасы, қызмет көрсету, халық шаруашылық объектiлерiнiң процестерi мен қауiпсiздiгi мәселелерiнде тұтынушылар мен мемлекет мүдделерiн қорғау мақсатымен стандарттау мен бiр iзге салу саласында бiрыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырады; стандарттар талабының сақталуына және өлшем құралдарының жайына бақылауды қамтамасыз етедi. 3.14. Қазақстан Республикасының құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлігі құрылыстың сапасына мемлекеттік сәулеттiк-құрылыстық қадағалау жасайды, жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау кезiнде басшылық етедi, Қазақстан Республикасының тұрғын Үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін өркендету және пайдалану жөніндегi мемлекеттік республикалық "Қазтұрғынкомшар" концернімен бiрге құрылыс кешенi мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдары мен кәсiпорындарының қызметiн мемлекеттік реттеудi жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік басқару функциялары
Ядролық қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын мыналар орындайды: 4.1. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ОТЫН РЕСУРСТАРЫ МИНИСТРЛIГI ядролық кешен кәсiпорындары мен ұйымдарының қызметiн мемлекеттік басқаруды ұйымдастырады, олардың ядролық және радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi, пайдалы қазбаларды шығару үшiн лицензия негiзiнде жер қойнауын (жергiлiктi басқару органдарымен келiскен соң) кен бөлiнiсiне беру мәселелерiн шешедi; энергетика мен атом өнеркәсiбiне қарасты барлық кәсiпорындардың қызметiн үйлестiредi, жергiлiктi басқару органдарымен бiрге энергетика және атом өнеркәсiбi кәсiпорындары мен объектiлерiнiң аймақтық орналасу мәселелерiн шешедi; отын-энергетика кешенi мен атом өнеркәсiбi кәсiпорындарын салу және қайта жаңарту жобаларына сараптама мен конкурс өткізу үшiн, бұл салалардың объектiлерi мен өндiрiстiк қуаттарын пайдалануға қабылдау үшiн комиссиялар құрады. 4.2. Қазақстан Республикасының атом энергиясы жөніндегі агенттігі мемлекеттік басқару органы ретiнде Қазақстан Республикасының халық шаруашылығы тарауларындағы атом энергиясын пайдалану саласында мемлекеттік саясатты, жобаларды мемлекеттік сараптауды, ядролық қызмет саласындағы бағдарламаларды және оларды iске асыру жөніндегі шараларды үйлестiрудi, ядролық және радиациялық қауiпсiздiк стандарттарын әзiрлеу мен негiздеу жөніндегі қызметтi басқаруды; экология және биоресурстар министрлігімен бiрге радиоактивтi қалдықтарды жинаудың, ұқсатудың, тасымалдаудың республикалық жүйесiн құруды ұйымдастыруға бақылауды жүзеге асырады. 4.3. Қазақстан Республикасының атом энергиясы жөніндегі агенттігі - атом-өнеркәсiбi кешенiнiң объектiлерiнде әрi экология және биоресурстар министрлігі - айналадағы табиғи ортада денсаулық сақтау министрлігінің, жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеттің, гидрометеорология жөніндегі бас басқармасының, азаматтық қорғаныс штабының қатысуымен радиациялық жағдайға бақылау жасайды. 4.4. Қазақстан Республикасының ішкі Iстер министрлігі атом энергетика мен өнеркәсiбi объектiлерiнде олардың өмiрлiк циклының барлық кезеңiнде арнайы және әскери күзеттi, өрт сөндiрудi жүзеге асырады. 4.5. Қазақстан Республикасының Iшкі әскерлері қолбасшысының бас басқармасы осы ережеде көрсетiлген iс-қимыл объектiлерiн арнайы және әскери күзетудi (қорғауды) жүзеге асырады. 4.6. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс штабы халықты және ұлттық игiлiктi қорғау мақсатымен атом энергиясын пайдалану кезiнде болуы мүмкiн төтенше жағдайлардың зардаптарын жою iсiн ұйымдастырады. 4.7. Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттIк комиссиясы ядролық қызметпен байланысты төтенше жағдайлардың қаупi төнген немесе болған кезде мемлекеттік және жергiлiктi басқару органдарының жұмыстарын үйлестiрудi жүзеге асырады.
5. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қауiпсiздiк жөніндегі Ережелер мен нормалардың жүйесi
5.1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қауiпсiздiк жөніндегі ережелер мен нормалардың жүйесi ядролық қондырғыларды және иондаушы, сәуле көздерiн жобалауға, салуға, пайдалануға және пайдаланудан шығаруға қойылатын талаптар тұжырымдалған ережелер мен нормалардан, сондай-ақ реттеу мен қадағалау органдарының қызметiн айқындайтын құжаттардан тұрады. 5.2. Атом энергиясын пайдалану қауiпсiздiгiн айқындайтын ережелер мен нормалар жүйесiне: - ядролық материалдарды пайдалану қызметiн реттеуге арналған Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi қабылдаған құжаттар; - радиоэкологиялық және медициналық-биологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі Экология және биоресурстар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған құжаттар; - Қазақстан Республикасының нормативтiк актілері мен осы Ережеге қайшы келмейтiн "Атом энергиясын пайдалану саласындағы ережелер мен нормалардың Жиынтық тiзбесiнiң" (АЭЕНЖТ-87) осыған қатысты құжаттары; - Қазақстан Республикасының Мемкенқадағалауы қабылдаған техника қауiпсiздiгi жөніндегі құжаттар; - мемлекеттік реттеу, басқару мен қадағалау органдары өздерiнiң құзыры мен функцияларына сәйкес әзiрлеген басқа да нормативтiк құжаттары кiредi. 5.3. Мемлекеттік стандарттардың және құрылыс нормалары мен ережелерiнiң жүйесi атом энергиясын пайдалану қызметiнiң барлық түрлерiнде, бұл саланың қауiпсiздiгi жөніндегі ережелерi мен нормаларына қайшы келмейтiн бөлiгiнде iске асырылады. Қайшылық болған жағдайда атом энергиясын пайдалану саласындағы қауiпсiздiктiң ережелерi мен нормалары қолданылады. 5.4. Ведомстволық нормативтiк-техникалық құжаттама жүйесi ведомство шеңберіндегі қызметтiң белгiлi бiр түрiн реттейдi. Бұл жүйенiң құжаттары атом энергиясын пайдалану саласындағы қауiпсiздiктiң ережелерi мен нормалары жүйесiне және мемлекеттік стандарттау және құрылыс нормалары мен ережелерi жүйесiнiң құжаттарына қайшы келмеуге тиiс. 5.5. Атом энергиясы пайдалану, ядролық қызмет саласындағы қауiпсiздiк жөніндегі ережелер мен нормалар жүйесiн дамыту мен жетiлдiру үшiн Атом энергиясы жөніндегі агенттiк реттеу мен қадағалаудың басқа да органдарымен бiрлесе отырып, оларды әзiрлеу мен қайта қараудың бағдарламасы мен жоспарын жасап, келiседi, басқа да реттеу мен қадағалау органдарының, мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың ұсыныстары бойынша жоспарға жыл сайын түзетулер енгiзiлiп отырылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |