|
|
|
Қазақстан Республикасындағы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебiн және мемлекеттiк кадастрын жүргiзу ережелерiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Yкiметiнің 2001 ж. 18 шілдедегі N 973 қаулысы (ҚР Үкіметінің 08.09.03 ж. N 910 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 1417 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді: ҚР Үкіметінің 08.09.03 ж. N 910 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді 1. Қоса берiлiп отырған: Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау ережесi; Қазақстан Республикасындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебiн және мемлекеттiк кадастрын жүргiзу ережесi бекiтiлсiн. 2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ҚР Үкіметінің 08.09.03 ж. N 910 қаулысымен ереженің күші жойылды Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 18 шілдедегі N 973 қаулысымен бекiтiлген Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау ережесi 1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шiлдедегi Заңының 15-бабына сәйкес жүзеге асырылады. 2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың және орналастырудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген бағдарламасы негiз болып табылады. 3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмиятының қаулысы негiзiнде жүзеге асырылады. 4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау жөнiндегi ұсыныстарды жасау үшiн әкiмият белгiленген тәртiппен құрамында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның, облыстық (қалалық) және аудандық әкiмияттардың, жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органның, қоршаған ортаны қорғаудың облыстық аумақтық (қалалық) органының, орман, аң және балық шаруашылықтарының облыстық аумақтық органының және басқа да мүдделi ұйымдардың өкiлдерi бар арнайы комиссия құрады. 5. Арнайы комиссия мүдделi жер иелерi мен жер пайдаланушылар өкiлдерiнiң қатысуымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервте сақтауға арналған жер учаскелерiн зерттейдi. 6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервте сақталатын жерлерiн далалық зерттеудiң нәтижелерi арнайы комиссия мүшелерi мен мүдделi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өкiлдерi қол қоятын қосымшасымен бiрге зерттеу жоспары (сызбасы) бар актiмен ресiмделедi. Бұл құжаттарда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға резервте сақталатын жерлердiң орналасқан жерi, олардың аумақтары, жердiң сапалық жағдайы, бұл аумақтарды қорғау мен пайдалану режимдерi, олардағы үйлер мен ғимараттардың болуы және олардың құны туралы барлық мәлiметтер көрсетiледi. 7. Арнайы комиссияның, осы комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданған ұсынысы бойынша және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және орналастыру бағдарламасына сәйкес облыс (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкiмияты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау туралы қаулы шығарады. 8. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн, резервте сақтау кезiнде заңнамада белгiленген тәртiппен оларды пайдалануда мемлекеттiк табиғи-қорықтық қор объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн шектеулер көзделедi. 9. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жататын жерлердi резервте сақтау жер пайдаланушылары мен жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен алмай-ақ жүзеге асырылады. Бұрынғы мемлекеттiк немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар мен жер учаскелерiнiң меншiк иелерi резервте сақталған жерлердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң құрамына берiлгенге дейiн Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасына сәйкес пайдаланады. 10. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервте сақталған жерлерiнiң құрамынан жеке меншiкке жер учаскелерiн беруге жол берiлмейдi. 11. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервте сақталған жерлерi жергiлiктi жердегi арнайы белгiлермен белгiленедi. 12. Резервте сақталған жер учаскелерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi құрамына беру кезiнде жер пайдалану құқығын беру ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ұйымдастырылатын санатына (республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар) байланысты Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң немесе облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкiмияттарының қаулысымен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 13. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру кезiнде жер учаскелерiн алып қоюға байланысты жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен пайдаланушыларына әкелген шығындарды өтеу қолданылып жүрген заңнамаларға сәйкес жүргiзiледi. 14. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн резервте сақтау бойынша жерге орналастыру жұмыстары ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың осы санатына орай, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi. 15. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервте сақталған жерлерiнiң шекараларын белгiлеу жергiлiктi жерде мүдделi мемлекеттiк органдардың қатысуымен жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық орган жүзеге асырады. 16. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың резервте сақталған жерлерiн жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылары бұл учаскелердi мақсатты түрде пайдаланудың шектеулi құқығын қамтамасыз етуге мiндеттi. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 18 шілдедегі N 973 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебiн және мемлекеттiк кадастрын жүргiзу ережесi 1. Жалпы ережелер 1. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 71-бабына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебiн жүргiзу (бұдан әрi - мемлекеттiк есебiн жүргiзу) өзiне осы аумақтардың мәртебесi туралы, олардың географиялық жағдайы мен шекаралары, осы аумақтарды аймақтандыру, қорғау және пайдалану режимдерi, олардағы мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сапа және сан жағынан өзгеруi туралы мәлiметтер жинауды қамтиды. 2. Мемлекеттiк есепке алуға белгiленген тәртiппен құрылған, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жатады. Мемлекеттiк есепке алуды табиғатты қорғау мекемелерi мен қарамағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар уәкiлеттi органдар және есеп құжаттамасының бiрыңғай нысандары мен оларды толтыру жөнiндегi әдiстемелiк көрсеткiштерi бойынша жүзеге асырады. 3. Мемлекеттiк есеп жүргiзу ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрлерi бойынша 2003 жылдан бастап, дүркiндiлiгi бес жылда бiр рет, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдайы бойынша жүзеге асырылады. 4. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 72-бабына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастры (бұдан әрi - мемлекеттiк кадастр) осы аумақтар туралы үнемi жаңартылып отыратын мәлiметтер бар ресми құжат болып табылады және табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрларының құрамдас бөлiгi болып табылады. 5. Мемлекеттiк кадастр мемлекеттiк органдарды, мүдделi заңды және жеке тұлғаларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйiн бағалау және болжау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желiсiн дамыту мен орналастыру бағдарламасын әзiрлеу, мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы дауларды шешу үшiн ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi. 6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастры ақпаратты сақтаудың жүйелi нысандарын пайдалана және табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрларымен сәйкестендiрiлген қағидатын сақтай отырып, бiрыңғай ережелер бойынша жүргiзiледi. 2. Мемлекеттiк есептi жүргiзу бойынша есеп құжаттамасы 7. Есеп құжаттамасының тiзбесiн, оның нысандарын және оларды толтыру жөнiндегi әдiстемелiк нұсқамаларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган әзiрлейдi. Есеп құжаттамалары белгiленген тәртiппен бекiтуге жатады. 8. Ерекше қорғалатын әрбiр табиғи аумақ жөнiндегi мемлекеттiк есеп жүргiзу нәтижелерi бойынша болған өзгерiстердi есепке ала отырып, белгiленген үлгідегi паспортқа өзгеріс енгiзiледi. 9. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың есеп құжаттамасы мен паспорттары мемлекеттiк кадастрдың құрамдас бөлiгi болып табылады. 3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың есебiн жүргiзу құжаттамаларын бекiту және паспорттарын қайта тiркеу 10. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органдар мемлекеттiк есеп жүргiзудi ұйымдастырады және мемлекеттiк есеп жүргiзу мәлiметтерiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органға ұсынады. 11. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөнiндегi есеп құжаттамасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган ол келiп түскен күннен бастап бiр ай iшiнде қарайды. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган есеп құжаттамасын пысықтауға жiберуге немесе есеп құжаттамасында баяндалған мәлiметтердiң толықтығы мен дұрыстығына тексеру тағайындай алады. Көрсетiлген жағдайларда есеп құжаттамасын қарау және бекiту мерзiмдерi үш айға дейiн ұзартылады. 12. Есеп құжаттамасы бекiтiлгеннен кейiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган он күндiк мерзiмде әрбiр ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша паспорттарды қайта тiркеудi жүзеге асырады және оларды сол аумақтар өз қарамағындағы уәкiлеттi органдарға бередi. 13. Ерекше қорғалатын әрбiр табиғи аумақ бойынша бекiтiлген есеп құжаттамасы мен тiркелген паспорттың бiр данасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органда тұрақты сақталады. 4. Мемлекеттiк есеп жүргiзу нәтижелерi бойынша ұсыныстар енгiзу 14. Мемлекеттiк есеп жүргiзу нәтижелерi бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган ұсыныстар әзiрлеп, оларда: ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәртебесінің немесе санатының өзгеруi не оларды ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге құндылығын жоғалту себебi бойынша тарату; жергiлiктi, республикалық және халықаралық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тiзбелерiндегi өзгерiстер мен толықтырулар; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алаңының ұлғаюы немесе азаюы; ерекше қорғалатын табиғи аумақты күзетудiң құқықтық режимiнiң өзгеруi және күзетiлетiн аумақтарды белгiлеу; ерекше қорғалатын табиғи аумақта қорғау iс шараларын, мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қалпына келтiру жөнiндегi және осы аумақты белгiленген мақсаттарға одан әрi пайдалану жөнiндегi iс-шараларын жүргiзу қамтылады. 15. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган мемлекеттiк есеп жүргiзу нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметiне, орталық атқарушы органдарға және олардың құзыретiне сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қала) әкiмияттарға ұсыныстар енгiзедi. 5. Мемлекеттiк кадастрды жүргiзудi ұйымдастырушы мемлекеттiк орган 16. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган жүргiзедi. 17. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган: ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қарамағына алынған орталық атқарушы органдармен келiсiм бойынша, сондай-ақ жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық атқарушы органымен келiсiм бойынша және мемлекеттiк кадастрды жүргiзу жөнiндегi бiрыңғай нұсқаулар мен әдiстемелердi әзiрлейдi және бекiтедi; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөнiндегi ақпаратты жаңғырту мен сақтауды, оны алу құқығын республикалық деңгейде iске асырады және қамтамасыз етедi; орталық атқарушы органдар мен облыстық (қалалық) әкiмияттарға мемлекеттiк кадастрды жүргiзуге арналған жұмыстарды жүргiзу туралы орындалуға мiндеттi нұсқамалар бередi, оларды өз құзыретi шегiнде келiседi және ұйымдастырады; мемлекеттiк кадастр деректерiн алудың, өңдеу мен сақтаудың автоматтандырылған тәсiлдерiн енгiзудi және оларды табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрларының мәлiметтерiмен үйлесуiн қамтамасыз етедi; мемлекеттiк кадастрдың басып шығарылуын ұйымдастырады; мемлекеттiк кадастр мәлiметтерiнiң толықтығы мен дұрыстығына бақылауды жүзеге асырады және жауапты болады. 6. Кадастрлық құжаттама 18. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастры олардың базалық құжаттарынан тұрады, олар: ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың есеп жүргiзу құжаттамасы мен паспорттары; ерекше қорғалатын табиғи аумақтың әрқайсысы бойынша кадастрлық iс; ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың облыстық және республикалық мемлекеттiк кадастрлық кiтаптары; ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың облыстық және республикалық кадастрлық карталары болып табылады. 19. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың әрқайсысы бойынша кадастрлық іске: Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң немесе облыстар (республикалық маңызы бар қала) әкiмияттарының ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру туралы шешiмдерi, күзетiлетiн аймақтардың көлемi, шекарасы және пайдалану режимi; ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемесi; ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемесiне мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы; ерекше қорғалатын табиғи аумақ туралы жеке ереже және оның шекараларының жер ресурстарын басқару жөнiндегi органдар куәландырған жоспары (сызбасы); табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрларында (жер, су, орман, жануарлар дүниесi, кенiштер және пайдалы қазбалар көрiнiстерi) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың көрсетiлгенi туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың анықтамалары; ерекше қорғалатын табиғи аумақта анықталған мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң толық тiзбелерi енгiзiледi. 20. Облыстық және республикалық мемлекеттiк кадастрлық кiтаптар әрбiр облыста және республикада олардың түрлерi бойынша заңда белгiленген тәртiпке сәйкес құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтың барлығы көрсетiлетiн құжаттар болып табылады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты кадастрлық кiтаптарға жазу кезiнде белгiленген тәртiппен оған осы аумақ бар кезде сақталатын жеке және қайталанбайтын кадастрлық нөмiр берiледi. Осы нөмiрмен осы аумаққа жүргiзiлетiн кадастрлық iс те бiрдейлендiрiледi. 21. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың республикалық және облыстық карталары осы аумақтардың және олардың күзету аймақтарының орналасқан жерлерiн, көлемi мен шекараларын көрнекi бейнелеу мақсатында жасалады және жүргiзiледi. 22. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлерi бойынша кадастрлық құжаттаманың құрылымы, мазмұны, нысандары, оны жүргiзу жөнiндегi нұсқаулар мемлекеттiк кадастрды жүргiзу жөнiндегi бiрыңғай нұсқаулар мен әдiстемелерде бейнеленедi. 7. Мемлекеттiк кадастрды жүргiзу шарттары 23. Мемлекеттiк кадастрды жүргiзуде мыналар қамтылады: дайындық жұмыстары; бастапқы деректердi жинау мен өңдеу; геоақпараттық жүйелер құру. Мемлекеттiк кадастрды жүргiзу үшiн көрсетiлген жұмыстарды орындау әдiстемесiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган қарамағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар уәкiлеттi органдармен және жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық атқарушы органымен келiсiм бойынша бекiтедi. 24. Мемлекеттiк кадастр қағаз бетiне жазылады және ақпарат жинаудың, өңдеудiң және сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалана отырып жүргізiлуi мүмкін. Мемлекеттiк кадастрды автоматтандырылған жүргiзу кезiнде картографиялық негiз, көшiрменi қағаз бетiнде түсiре отырып, геоақпараттық технологиялар қолданылатын электронды карта түрiнде қалыптасады. Мемлекеттiк кадастрдың автоматтандырылған ақпараттық жүйелерi мамандандырылған бағдарламалық-техникалық кешен базасында жасалады, оның қалыптасу тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган белгiлейдi. 25. Қарамағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар уәкiлеттi органдар: мемлекеттiк кадастрды жүргiзуге арналған жұмыстарды нұсқамаларға сәйкес және қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органмен келiсiм бойынша жүргiзуге; қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша, кадастрлық құжаттамаға енгiзiлуге жататын өзгерiстер туралы мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi. 26. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ, егер, белгiленген нақты шекарасы бар болса және өзiне кадастрлық iс ашылған болса, түпкiлiктi қалыптасқан деп саналады. 8. Мемлекеттiк есеп жүргiзудiң және мемлекеттiк кадастрдың нәтижелерi туралы ақпарат 27. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган мемлекеттiк есеп жүргiзу нәтижелерi бойынша ақпараттық шолуды құрастырады. 28. Ақпараттық шолу қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган бекiткен олардың тiзбесi бойынша мiндетті түрде жiберуге жатады. 29. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган мемлекеттiк кадастрды кезеңiмен он жылда бiр рет мемлекеттiк тiлде және орыс тiлдерiндегi мәтiндерi бiрдейлендiрiліп безендiрiлген жеке кiтап түрiнде басып шығарады. Басып шығарылатын мемлекеттiк кадастрда әрбiр ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша мынадай мәлiметтер: ерекше қорғалатын табиғи аумақтың атауы мен маңызы, құрылған жылы, кадастрлық нөмiрi, осы аумақ өз қарамағындағы табиғат қорғау мекемесiнiң немесе органының атауы мен мекен-жайы; ерекше қорғалатын табиғи аумақтың карта-сызбасымен орналасқан жерi, шекаралары мен алаңының сипаттамасы, онда бөлiнген аймақтар мен оларды күзету режимi; ерекше қорғалатын табиғи аумақтың күзету аймақтарының орналасуы және оны пайдалану режимi; ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң республикалық және халықаралық маңызы бар осы объектiлер бойынша өткен он жыл iшiндегi сандық көрсеткiштерiнiң динамикасы мен тiзбелерi; ерекше қорғалатын табиғи аумақта мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қорғау мен ұдайы өндiрiс жөнiнде өткен он жыл iшiнде орындалған негiзгi iс шаралар; ерекше қорғалатын табиғи аумақтың өткен он жыл iшiндегi ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық, шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдаланылуы туралы негiзгi мәлiметтер; ерекше қорғалатын табиғи аумақ жай-күйiнiң бағасы мен болжамы; ерекше қорғалатын табиғи аумақтың қызметiн жақсарту жөнiнде ұсынылатын іс шаралар; ақпарат көздерi келтiрiледi. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттiк кадастрының материалдары жариялауға жатады. 9. Мемлекеттiк есептi және кадастрды жүргiзуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру 30. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға мемлекеттiк есеп жүргiзу республикалық бюджет қаражатынан, ал жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - жергiлiктi бюджеттер қаражатынан қаржыландырылады. 31. Мемлекеттiк кадастрды жүргiзу республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |