|
|
|
Тұқым шаруашылығы туралы Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы N 385-II Заңы Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Осы Заң тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерiн белгiлейдi және тұқым шаруашылығы жүйесiнiң ұйымдастырылуы мен жұмыс iстеуi және ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқымдарын өндiру, дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сату мен пайдалану iсiн мемлекеттiк бақылау мәселелерiн реттеуге бағытталған. 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгi ұғымдар пайдаланылады: 1) агроэкологиялық аймақ - ауыл шаруашылық өсiмдiктерiн өсiру жағдайлары бойынша бiртектi немесе дақылдардың экологиялық талаптары бойынша жақын аумақ; 2) байқаудан өткiзушi - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сортты егiстерiн сынақтан өткiзу құқығына аттестаттаған жеке адам; 3) егiстердi байқаудан өткiзу - ауыл шаруашылық өсiмдiктерi егiстерiнiң сорттық сапаларын: сорттық тазалығын, сортқа тәндiлiгiн, арамшөптер басу, ауруға шалдығу және зиянкестерден бүлiну дәрежесiн анықтау; 4) аттестаттау - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың тұқым шаруашылығы субъектiсiнiң мәртебесiне сәйкестiгiн анықтау (растау); 5) тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспектор - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлетті мемлекеттiк органның тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамы; 6) жерге егiп бағалау - тұқымдардың белгiлi бiр түрге, сортқа жататындығы мен сорттық тазалығын оларды арнаулы учаскелерде егу және өсiмдiктер бойынша сорттық сапаларын кейiннен тексеру жолымен анықтау; 7) тұқымдардың кондициялылығы - тұқымдардың тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгi; 8) бақылау сынақтары - ауыл шаруашылық өсiмдiгiнiң сорт белгiлерiнiң сақталуын және әр түрiнiң осы сортқа сәйкестiгiн анықтау; 9) тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертхана - тұқымдардың сорттық және егу сапасының тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкестiгiне зерттеулер жүргiзу құқығына белгiленген тәртiппен аттестатталған заңды тұлға; 10) зертханалық сорттық сынақтар - тұқымдардың белгiлi бiр сортқа тиiстiлiгiн белгiлеу және зертханалық талдау жүргiзу жолымен тұқымдардың сорттық тазалығын анықтау; 11) кондициясына жеткiзiлмеген тұқым - сорттық және егу сапасы жағынан тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарына сай келмейтiн тұқым; 12) бiрегей тұқымдар - ауыл шаруашылық өсiмдiгi сортының авторы, ол уәкiлдiк берген адам немесе сорттың оригинаторы өсiрiп шығарған және элиталық тұқымдарды өндiруге арналған тұқым; 13) copт оригинаторы - сорттың сақталуын қамтамасыз ететiн жеке немесе заңды тұлға; 14) тұқымдар тобы - тиiстi құжатпен (байқаудан өткiзу актiсiмен, тұқымның аттестатымен, тұқым куәлiгiмен, тұқымның кондициялылығы туралы куәлiкпен, тұқымдарға талдау жасау нәтижесiмен, карантиндiк сертификатпен, фитосанитариялық сертификатпен немесе импорттық карантиндiк рұқсатпен) расталған, шығу тегi мен сапасы жөнiнен бiртектес тұқымның белгiлi бiр мөлшерi; 15) тұқымның eгу сапасы - тұқымдардың егуге (отырғызуға) жарамдылық дәрежесiн сипаттайтын сапа көрсеткiштерiнiң жиынтығы; 16) тұқым өндiрушiлер - осы Заңға сәйкес тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар; 17) тұқым куәлiгi - тұқымдардың алғашқы және одан кейiнгi көбейтiлуiнiң сорттық және егу сапасын растайтын құжат; 18) аттестаттау туралы куәлiк - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган берген, мемлекеттiң тұқым шаруашылығы саласындағы аттестатталған субъектiлердiң қызметiн тануын куәландыратын құжат; 19) ауыл шаруашылық өсiмдiктерi - дәндi, дәндi-бұршақтық, жармалық, азықтық, майлы, эфирлi-майлы, техникалық, көкөнiстiк, дәрi-дәрмектiк, гүлдiк, жемiстiк, жидектiк дақылдар, картоп, жүзiм; 20) тұқымдар - өсiмдiктердiң сортын молықтыру үшiн пайдаланылатын генеративтiк және вегетативтiк органдары: тұқымның өзi, жемiстер, күрделi жемiстердiң бөлiгi, қосалқы жемiс, масақтар, көшеттер, жуашық, түйнек, қалемшелер, түзушi ұлпалар және басқалар; 21) бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдар - тұқымдар элитасының жылдар бойынша кейiннен өсiрiп-өндiрiлуi: бiрiншi жыл - бiрiншi көбейтiлген тұқым, екiншi жыл - екiншi көбейтiлген тұқым, үшiншi жыл үшiншi көбейтiлген тұқым; 22) тұқым сараптамасы - тұқымдардың сорттық және егу сапасының тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi iс-шаралар кешенi; 23) тұқымдық бақылау - тұқымның егу сапасын анықтау жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын, тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарының сақталуын бақылау; 24) тұқым сарапшысы - тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертхананың тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен тұқымдардың сорттық және егу сапасына сараптама жүргiзу құқығына аттестатталған маманы; 25) тұқым шаруашылығы - тұқымдарды өндiру, дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сату және пайдалану жөнiндегi iс-шаралар кешенiн қамтитын қызмет, сондай-ақ мемлекеттiк бақылау, оның iшiнде сорттық және тұқымдық бақылау; 26) тұқым өсiру шаруашылығы - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган аттестаттаған, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдарды өндiру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъект; 27) сортқа тәндiлiк - айқас тозаңдандырылатын ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сорттық тазалығының көрсеткiшi; 28) сорттық тазалық - негiзгi сорт өсiмдiктерiнiң немесе сабақтарының осы ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң немесе сабақтарының жалпы санына проценттiк қатынасы; 29) сорттық бақылау - ауыл шаруашылық өсiмдiктерi егiстерiнiң сорттық тазалығын анықтау және тұқымдардың белгiлi бiр сортқа жататындығын белгiлеу жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылау; 30) тұқымдардың сорттық сапасы - тұқымдардың ауыл шаруашылық өсiмдiгiнiң белгiлi бiр сортына жататындығын сипаттайтын белгiлер жиынтығы; 31) сорттық сынақ - сорттың патент қабiлеттiлiгi мен шаруашылықта пайдалылығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiлетiн сынақтан өткiзу мен бағалау; 32) сорт жаңарту - өндiрiсте пайдалану кезiнде сорттық және биологиялық сапасы нашарлаған тұқымдарды сол сорттың жақсы тұқымдарымен ауыстыру; 33) сорт ауыстыру - тұқым өсiрушiлердiң өндiрiсте егiлiп жүрген ескi сорттарды неғұрлым шығымды немесе ауыстырылатын сорттан шаруашылық-бағалылық белгiлерi мен қасиеттерi жағынан артық жаңа, пайдалануға рұқсат етiлген сорттармен ауыстыруы; 34) суперэлиталық тұқымдар - бiрегей тұқымдарға жататын, өсiрiп-өндiру көшеттiгiнiң өнiмiнен алынған, мемлекеттiк стандарттар мен тұқым шаруашылығы саласындағы өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сай келетiн және элиталық тұқымдарды өндiруге арналған тұқымдар; 35) тұқым шаруашылығының схемасы - көшеттiктер мен тұқымдық егiстiктердiң өзара байланысты топтары, оларда белгiлi бiр реттiлiкпен, сұрыптау және өсiрiп-өндiру жолымен сортты молықтыру процесi жүзеге асырылады; 36) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган - өз құзыретi шегiнде тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк саясатты және оның ғылыми қамтамасыз етiлуiн iске асыруды, тұқым шаруашылығына қатысушылардың қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 37) элиталық тұқым өсiру шаруашылығы - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган аттестаттаған, элиталық тұқымдарды өндiру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъект; 38) элиталық тұқымдар - ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң бiрегей немесе суперэлиталық тұқымнан алынған және мемлекеттiк стандарттар мен тұқым шаруашылығы саласындағы өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сай келетiн тұқымдары. 2-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы объектiлер мен субъектiлер 1. Тұқым шаруашылығы саласындағы объектiлерге: сорт (өскiн, топ, будан, жеке түр, аралас сорттар); тұқымдар; тұқымдық және тұқым өcipy егiстерi мен екпелерi жатады. 2. Тұқым шаруашылығы саласындағы субъектiлерге: сорттың авторы; сорттың оригинаторы; тұқым өндiрушiлер; тұқымдарды сату құқығынсыз үй жанындағы, бау-бақ, саяжай және бақша учаскелерiнде пайдалану үшiн тұқым өндiрумен шұғылданатан жеке адамдарды қоспағанда, тұқымдарды тұтынушылар; тұқымдардың сорттық және егу сапасын анықтау бойынша қызмет көрсететiн жеке және (немесе) заңды тұлғалар жатады. 3-бап. Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңдары 1. Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 2-тарау. Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқару 4-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк реттеу Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк реттеу: 1) тұқым шаруашылығы субъектiлерiн аттестаттау; 2) Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу; 3) тұқымның сорттық және егу сапасына мiндеттi сараптама жасау; 4) тұқым шаруашылығы саласында мемлекеттiк, оның iшiнде сорттық және тұқымдық бақылау жүргiзу; 5) аттестатталған тұқым өндiрушiлер қызметiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген бiлiктiлiк талаптарына сай келуiн бақылау; 6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тектiк қорын сақтау, дамыту және пайдалану жөнiндегi iргелi және қолданбалы сипаттағы ғылыми зерттеулер жүргiзу; 7) бiрегей тұқымдар өсiруге субсидия беру және Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген және (немесе) перспективалы деп танылған элиталық тұқым сорттарының отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi сататын құнын арзандату; 8) ауыл шаруашылық өсiмдiктерiн сорттық сынақтан өткiзудi, тұқымдардың сапасына сараптама жасауды, өсiмдiктерге карантин белгiлеу және оларды қорғау жөнiндегi iс-шараларды мемлекеттiк қамтамасыз ету; 9) тұқымдардың мемлекеттiк ресурстарын қалыптастыру және олардың сан-сапа жағынан жай-күйiн бақылау; 10) тұқым шаруашылығы саласындағы инвестициялық, кредиттiк саясатты қалыптастыру; 11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiнде тұқым шаруашылығы субъектiлерiнiң мүдделерiн құқықтық жағынан қорғау; 12) ерекше жағдайларда мемлекеттiк стандарттарда белгiленген тұқым сапасы көрсеткiштерiн бiр жылдан аспайтын мерзiмге төмендету; 13) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де нысандар арқылы жүзеге асырылады. 5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы құзыретi Қазақстан Республикасының Үкiметi: 1) тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады; 2) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органды белгiлейдi; 3) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша селекция мен тұқым шаруашылығы жөнiндегi ғылыми-техникалық және салалық бағдарламаларды бекiтедi; 4) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша тұқым шаруашылығын мемлекеттiк қолдаудың бағыттарын, тұқымдарына республикалық бюджет қаражаты есебiнен субсидия берiлуге тиiстi ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тiзбесiн және оларға бөлiнетiн субсидиялардың нормативтерiн белгiлейдi; 5) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынысы бойынша мемлекеттiк тұқым ресурстарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану тәртiбiн, олардың құрылымы мен көлемiн белгiлейдi; 6) тұқым шаруашылығы саласындағы, соның iшiнде тұқымдарды экспорттау және импорттау мәселелерi жөнiндегi халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырады және үкiметаралық келiсiмдер жасайды; 7) бiлiм беру және тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың ұсынуы бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын бекiтедi; 8) Қазақстан Республикасының заңдарында және Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады. 6-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыретi 1. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган: 1) тұқым шаруашылығын дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлейдi; 2) селекция, сортты сынақтан өткiзу және тұқым шаруашылығы жөнiндегi ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады; 3) тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады; 4) тұқымның мемлекеттiк ресурстарын қалыптастыру мен басқаруды және олардың сан-сапа жағынан жай-күйiне бақылау жасауды жүзеге асырады; 5) Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген ауыл шаруашылық өсiмдiктерi сорттарының тұқымдарын өндiру және сату көлемiне болжам жасайды; 6) бiрегей және элиталық тұқым, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдар өндiрушiлердi, байқаудан өткiзушiлер мен тұқым сарапшыларын аттестаттау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi, сорттардың оригинаторларын тiркеу, зертханалық сорттық сынақтар жүргiзу ережелерiн бекiтедi; 7) тұқым шаруашылығы субъектiлерiн аттестаттауды жүргiзiп, тиiстi куәлiк бередi; 8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес тұқым шаруашылығы саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды; 9) сорттық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыру, сорттық егiстердi байқаудан өткiзудi, жерге егiп бағалауды, зертханалық сорттық сынақтан өткiзудi, тұқымның сапасына сараптама жасауды жүргiзу тәртiбiн бекiтедi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады; 10) тұқым шаруашылығын мемлекеттiк қолдаудың тиiстi бюджеттiк бағдарламаларын әзiрлейдi және оған әкiмшiлiк етедi; 11) сортты сынақтан өткiзу мен тұқым шаруашылығы мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi және тұқымға арналған құжаттаманың нысандарын әзiрлейдi және бекiтедi; 12) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға тұқым шаруашылығы саласында бар мемлекеттiк стандарттарды, техникалық талаптар мен басқа да нормативтiк құжаттарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi; 13) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша ерекше жағдайларда тұқым сапасының мемлекеттiк стандарттарда белгiленген көрсеткiштерiн бiр жылдан аспайтын мерзiмге төмендетуге рұқсат бередi; 14) бастапқы, элиталық және өнеркәсiптiк (жаппай) тұқым шаруашылығын жүргiзудiң схемалары мен әдiстерiн әзiрлейдi және бекiтедi; 15) отандық және шетелдiк селекция сорттарына мемлекеттiк сынақ ұйымдастырады; 16) сорттардың оригинаторларын тiркейдi; 17) аттестатталған тұқым өндiрушiлер үшiн белгiленген квоталар шегiнде субсидия беруге жататын тұқымға шектi сату бағасын белгiлейдi; 18) республиканың тұқым ресурстарының мониторингiн жүзеге асырады; 19) өз құзыретi шегiнде селекция және тұқым шаруашылығы жөнiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады; 20) субсидия бepiлуге тиiстi тұқымдардың әрбiр түрi бойынша тұқым шаруашылығы саласында аттестатталған субъектiлер үшiн аталған мақсаттарға республикалық бюджетте көзделген қаражат шегiнде жыл сайынғы квоталарды белгiлейдi; 21) Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн және ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң перспективалы сорттарының тiзбесiн бекiтедi; 22) бiрегей тұқымдардың және отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне арзандатылып сатылған тұқымдардың нысаналы пайдаланылуын бақылайды; 23) тұқым шаруашылығы саласында ғылыми кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын әзiрлейдi және iске асырады, байқаудан өткiзушiлер мен тұқым сарапшылары кадрларын даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады; 24) ауыл шаруашылық өсiмдiктерi тұқымдарының сорттық және егу сапасына сараптама жүргiзу жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады; 25) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады. 2. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган өз қызметiн аумақтық органдар арқылы жүзеге асырады. 7-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың тұқым шаруашылығы саласындағы құзыретi 1. Жергiлiктi өкiлдi органдар: 1) тиiстi аумақта тұқым шаруашылығын аймақтық дамыту бағдарламасын бекiтедi және жергiлiктi атқарушы органдарға олардың орындалуын қамтамасыз етуге жәрдемдеседi; 2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың тұқым шаруашылығы саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өкiлеттiктердi жүзеге асырады; 3) жергiлiктi атқарушы органдардың ұсынысы бойынша тиiстi аумақтағы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін тұқыммен қамтамасыз ету үшiн тұқым шаруашылығының аймақтық даму бағдарламаларын iске асыруға жергiлiктi бюджеттерден қаражат бөлу туралы шешiм қабылдайды. 2. Жергiлiктi атқарушы органдар: 1) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұқым шаруашылығы жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуiне жәрдемдеседi; 2) тұқым шаруашылығын дамытудың тиiстi бағдарламасын әзiрлеп, оны жергiлiктi өкiлдi органдардың бекiтуiне табыс етедi, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз етедi; 3) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның қарауына элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарының элиталық тұқым өндiру мен сату көлемi жөнiнде ұсыныс енгiзедi; 4) өз құзыретi шегiнде ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң сақтық және ауыспалы тұқым қорларын қалыптастыруына жәрдемдеседi. 8-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары және олардың өкiлеттiктерi 1. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi лауазымдарына "Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы" және "Тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспектор" деген қосымша арнаулы атақтар беруге құқылы. 2. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторларының: 1) тұқым шаруашылығы субъектiлерiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы әдiстемелiк және технологиялық талаптарды сақтауына мемлекеттiк бақылауды, оның iшiнде сорттық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыруға; 2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тұқым шаруашылығының субъектiлерiне кедергiсiз (қызметтiк куәлiгiн көрсету арқылы) кiруге және олардан тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыру мәселелерi бойынша ақысыз негiзде ақпарат алуға; 3) аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектiлерi көрсететiн қызметтердiң сапасын тексеруге; 4) аттестатталған тұқым өндiрушiлердiң қызметiне олардың бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi нысанында инспекция жүргiзудi жүзеге асыруға; 5) тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiндегi әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасауға; 6) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға субъектiлердiң тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыру құқығын куәландыратын аттестаттау туралы куәлiктiң қолданылуын тоқтата тұру жөнiнде ұсыныс енгiзуге; 7) тұқым сапасына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру үшiн тұқым топтарынан сынамалар iрiктеп алуға; 8) субсидия бөлiнген тұқымның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға; 9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқығы бар. 9-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк бақылау 1. Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк бақылауды тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган, оның аумақтық органдары, тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар жүзеге асырады және ол Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңдарының, мемлекеттiк стандарттар мен тұқым шаруашылығы саласындағы өзге де нормативтiк құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. 2. Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк бақылау: 1) тұқым шаруашылығы субъектiлерiн аттестаттауды; 2) сорттық және тұқымдық бақылауды; 3) тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi аттестатталған зертханалардың тұқымдардың сорттық және егу сапасына сараптама бойынша мемлекеттiк стандарттар мен басқа да нормативтiк құжаттар талаптарын сақтауын бақылауды; 4) тұқымдардың экспорты мен импортын, сондай-ақ мемлекеттiк ресурстарын қоса алғанда, тұқымдардың өндiрiлуiн, дайындалуын, сақталуын, сатылуын, тасымалдануын және пайдаланылуын бақылауды көздейдi. 3. Тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұқым шаруашылығы субъектiлерiне тиесілi ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң егiстерi мен тұқымдарына қатысты сорттық және тұқымдық бақылауды тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жүргiзедi. Сорттық және тұқымдық бақылау: 1) тұқымдарды өндiру, өңдеу, сақтау, сату және пайдалану жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылауды; 2) тұқымдардың сорттық және егу сапасына сараптама жүргiзудi бақылауды; 3) сорттық егiстердi байқаудан өткiзудi бақылауды; 4) тұқым шаруашылығы субъектiлерiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi, мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарын сақтауын бақылауды қамтиды. 10-бап. Тұқым шаруашылығы субъектiлерiн аттестаттау 1. Мыналар: 1) тұқым сапасының сараптамасы жөнiндегi зертханалар; 2) бiрегей және элиталық тұқымдарды өндiрушiлер; 3) сатуға арналған бiрiншi, екiншi, үшiншi көбейтiлген тұқымдарды өндiрушiлер; 4) байқаудан өткiзушi мәртебесiн иеленуге үмiткер жеке адамдар, байқаудан өткiзушiлер; 5) тұқым сарапшысы мәртебесiн иеленуге үмiткер жеке адамдар, тұқым сарапшылары аттестатталуға жатады. 2. Тұқым шаруашылығы субъектiлерiн аттестаттауды тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүргiзедi. Аттестаттау мерзiмi бiткеннен кейiн тұқым шаруашылығының субъектiлерi қайта аттестаттаудан өтуге мiндеттi. 3-тарау. Тұқым шаруашылығын ұйымдастыру 11-бап. Тұқым шаруашылығы жүйесi 1. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқым шаруашылығы жүйесi - сорт алмастыру және сорт жаңарту мақсаты үшiн сорттардың шығарылуын, мемлекеттiк сорттық сынағын, жаппай көбейтiлуiн, тұқымдардың өндiрiлуiн, дайындалуын, өңделуiн, сақталуын, тасымалдануын, сатылуы мен пайдаланылуын, сорттық егiстердi байқаудан өткiзудi, тұқым сапасына сараптама жасауды, мемлекеттiк сорттық және тұқымдық бақылауды қамтамасыз ететiн, функционалдық жағынан өзара байланысты мемлекеттiк органдардың, ғылыми ұйымдардың, тұқым шаруашылығы субъектiлерiнiң жиынтығы.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |