|
|
|
Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2003 ж. 7 сәуірдегі N 402-ІІ Заңы Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Осы Заң мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн (бұдан әрi - мұнай өнiмдерi): бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны мен мазутты өндiру және олардың айналымы процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi. 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) автомобильдерге жанармай құю станциясы - мұнай өнiмдерiн сақтауды және бөлшек саудамен өткiзудi қамтамасыз ететiн жабдықпен жарақтандырылған технологиялық кешен; 2) мұнай өнiмдерi базасы - мұнай өнiмдерiн сақтауға және өткiзуге арналған тауар қоймасы; 3) бiртұтас деректер базасы - мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың ақпараты негiзiнде қалыптастырылатын мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы жөнiндегi электрондық деректер базасы; 4) компаундирлеу - белгiленген сападағы мұнай өнiмiн алу мақсатында екi немесе бiрнеше компоненттi араластыру; 5) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемi - мұнай және (немесе) газ өндiру ұйымдары мен басқа да шикiзат көздерiнiң шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын берулерiнiң энергетика саласындағы мемлекеттік орган бекіткен көлеміне сәйкес мұнай өнімдерін өндіруші күнтізбелік жыл ішінде ай сайын одан кемітпей өндiруге мiндеттi мұнай өнiмдерiнiң көлемi; 6) кондициялық емес мұнай өнiмi - стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн мұнай өнімі; 7) мұнай өнiмдерiнiң айналымы - мұнай өнiмдерiн сатып алу, сақтау, өткiзу, тасымалдау, экспорттау және импорттау; 8) мұнай өнiмдерiн көтерме саудамен өткiзу - мұнай өндiрушiлердiң, берушiлердiң, сондай-ақ мұнай өнiмдерi базаларынан өткiзудi жүзеге асыратын тұлғалардың мұнай өнiмдерiн одан әрi қайта сату мақсатында өткiзуi (жөнелтуi); 9) өндiрiс паспорты - мұнай өнiмдерiн өндiрушiнiң өндiрiстiк қуаттарының көрсеткiштерiн, оның негiзгi сипаттамаларын көрсететiн, өндiрiстiң технологиялық процесiнiң сақталуы үшiн қолда бар жабдықтың пайдаланылуын регламенттейтiн белгiленген нысандағы құжат; 10) мұнай берушi - өз шикi мұнайын және (немесе) газ конденсатын өңдеуге беретiн мұнай және (немесе) газ өндiру ұйымы және (немесе) басқа да заңды тұлғалар; 11) мұнай өнiмдерiн өндiрушi - мұнай өнiмдерiн өндiруге лицензиясы бар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларды өткiзудi жүзеге асыратын мұнай және (немесе) газ өңдеу ұйымы; 12) мұнай өнiмдерiн өндiру - стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес мұнай өнiмдерiн алуды қамтамасыз ететiн шикi мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнiндегi, сондай-ақ компаундирлеу жөнiндегi жұмыстар (операциялар) кешенi; 13) мұнай өнiмдерiн бөлшек саудамен өткiзу - мұнай өнiмдерiн жеке және заңды тұлғаларға oдaн әрi қайта сату мақсатынсыз өткiзу (жөнелту); 14) iлеспе жүкқұжат - жөнелтушiден алушыға дейiнгi бүкiл жүру жолында мұнай өнiмдерiнiң қозғалысын бақылауға арналған, мұнай өнiмдерiн босату және қабылдау жөнiндегi операцияларды ресiмдеуге қажеттi бiрегейлендiрiлген құжат; 15) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн, осы Заңмен белгiленген құзыретi шегiнде мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган. 2-бап. Қазақстан Республикасының мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңдары 1. Қазақстан Республикасының мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 3-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу 1. Мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi мен уәкiлеттi орган жүзеге асырады. Өзге мемлекеттiк органдар мұнай өнiмдерiн өндiрудiң және (немесе) олардың айналымының жекелеген мәселелерiн осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген өз құзыретi шегiнде реттеуге құқылы. 2. Мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу: 1) мұнай өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызметтi лицензиялауды; 2) энергетика саласындағы мемлекеттiк орган шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын беру көлемiн бекiткен жағдайда мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемiн белгiлеудi; 3) мұнай өнiмдерiнiң айналымын бақылауды Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, ол белгiлейтiн уәкiлеттi және өзге де мемлекеттiк органдардың құзыретiне сәйкес, сондай-ақ мұнай өнiмдерiн өндiрудiң және олардың айналымының бiртұтас деректер базасы арқылы мониторинг, iлеспе жүкқұжатты енгiзу және декларациялау тәртiбiн белгiлеу арқылы жүзеге асыруды; 4) мұнай өнiмдерiнiң сапасын бақылауды қамтиды. 4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi Қазақстан Республикасының Үкiметi: 1) мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi; 2) мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу саласында өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлер шығарады; 3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес мұнай өнiмдерiн Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге шектеу қою мен тыйым салуды белгiлейдi; 4) мұнай өнiмдерiн өндiрудi лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органды белгiлейдi; 5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын Қазақстан Республикасының iшкi рыногына берудi реттеудi жүзеге асырады; 6) мұнай өнiмдерiн өндiрудi лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi; 7) мониторингтi жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтердi беру нысанын, тәртiбi мен мерзiмдерiн белгiлейдi; 8) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде белгiленген өзге де функцияларды жүзеге асырады. 5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi Уәкiлеттi орган: 1) мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу саласында өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлер шығарады; 2) мұнай өнiмдерiн өндiрушiлер, мұнай берушiлер мен мұнай өнiмдерi базаларынан өткiзудi жүзеге асыратын тұлғалар қызметiнiң мониторингiн жүзеге асырады; 3) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң және олардың айналымының балансын жасай отырып, бiртұтас деректер базасын жүргiзудi жүзеге асырады; 4) өзге де мемлекеттiк органдардың мұнай өнiмдерiн өндiрудiң және (немесе) олардың айналымының көлемi туралы мәлiметтердi және өзге де қажеттi ақпаратты бiртұтас деректер базасына беру нысанын, тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды; 5) iлеспе жүкқұжаттарды ресiмдеу ережелерiн әзiрлейдi және бекiтедi; 6) декларацияларды табыс ету нысанын, тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды. 6-бап. Мұнай өнiмдерiн өндіруді және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдардың құзыретi 1. Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы мемлекеттiк орган: 1) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға мұнай өнiмдерiнiң сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асырады; 2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мұнай өнiмдерiн, автомобильдерге жанармай құю станциялары мен мұнай өнiмдерi базалары көрсететiн қызметтердi стандарттау, олардың метрологиясы және оларды сертификаттау жөнiндегi жұмыстарды басқаруды жүзеге асырады; 3) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, уәкiлеттi органға мұнай өнiмдерiн өндiру және өткiзу көлемдерi туралы ақпаратты автоматты түрде берудi қамтамасыз ететiн бақылаушы есептеу аспаптарын қолданудың тәртiбi мен талаптарын белгiлейдi. 2. Энергетика саласындағы мемлекеттiк орган: 1) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемiн белгiлейдi және мұнай және (немесе) газ өндiру ұйымдарының және басқа да шикiзат көздерiнiң шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын беру көлемiн бекiтедi; 2) мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiн үйлестіруді жүзеге асырады; 3) өндiрiс паспортының нысанын және оны толтыру тәртiбiн белгiлейдi; 4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк органмен келiсе отырып, өндiрiс паспортын бекiтедi; 5) мұнай және (немесе) газ өңдеу ұйымдарында өндiрiс паспортында аталған жөндеу және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу мерзiмдерiн келiседi және олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады; 6) мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортына квоталардың экономикалық негiздемесiн әзiрлейдi. 3. Сауда саласындағы мемлекеттік орган мүдделі мемлекеттік органдармен келiсе отырып, кедендiк, қорғау, демпингке қарсы және өтем баждары ставкаларының экономикалық негiздемесiн әзiрлейдi. 4. Монополияға қарсы саясат саласындағы мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңдарына сәйкес мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнiнде көрсететiн қызметтерiне тарифтердi бекiтедi. 5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк орган мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы кезiнде Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. 6. Көлiк саласындағы мемлекеттiк орган мұнай өнiмдерiн тасымалдау кезiнде тасымалдаушылардың технологиялық талаптарды қамтамасыз етуiн бақылауды жүзеге асырады. 7. Осы бапта аталған мемлекеттiк органдар уәкiлеттi органға мұнай өнiмдерiн өндiрудiң және (немесе) олардың айналымының көлемi туралы мәлiметтердi және өзге де қажеттi ақпаратты бiртұтас деректер базасына бередi. 7-бап. Уәкiлеттi органның мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылы 1. Уәкiлеттi орган мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасайды, бақылауды жүзеге асыру жөнiнде бiрлескен шаралар қолданады, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етедi. 2. Осы Заңды бұзу фактiлерi анықталған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мемлекеттiк органдардың анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қолдануы үшiн оларды бұл туралы жазбаша хабардар етедi. 8-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызметтi лицензиялау 1. Мұнай өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензиялауға жатады. 2. Мұнай өнiмдерiн өндiруге лицензияның қолданылуын Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұру: 1) осы Заңның 9-бабында көзделген мұнай өнiмдерiн өндiру жағдайлары бұзылған; 2) осы Заңның 10-бабының 1-тармағында көзделген мiндеттер орындалмаған жағдайларда мүмкiн. 9-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiру жағдайлары 1. Мұнай өнiмдерiн өндiру: 1) лицензияда көрсетiлген мекенжайда; 2) стандарттау және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi тиiстi нормативтiк құжаттарға сай келетiн жабдықта; 3) өндiрiс паспорты болған жағдайда; 4) уәкiлеттi органға мұнай өнiмдерiн өндiру және өткiзу көлемi туралы ақпаратты автоматты түрде берудi қамтамасыз ететiн бақылаушы есептеу аспаптары болған жағдайда жүзеге асырылады. 2. Лицензиясы бар мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң ғана: 1) октан санын арттыру мақсатында компаундирлеуiне, тауарлық бензиндерге телiмдер, қоспалар мен компоненттер енгiзуiне; 2) белгiленген сападағы бензин алу мақсатында компаундирлеуiне, кондициялық емес мұнай өнiмдерiне телiмдер, қоспалар мен компоненттер енгiзуiне; 3) дизель отынына, мазутқа телiмдер мен қоспалар енгiзуiне жол берiледi. 3. Екi және одан көп өндiрушiлердiң мұнай өнiмдерiн бiр ғана жабдықпен өндiруiне тыйым салынады. 10-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң мiндеттерi 1. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлер: 1) энергетика саласындағы мемлекеттiк органның мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең төменгi көлемiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарын орындауға; 2) өзiнiң өндiрiстiк қуаттары өндiрiс паспортына сәйкес тоқсан iшiнде толық жүктелмеген жағдайда олардың шегiнде шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қабылдауға; 3) өндiрiстiк процесс қауiпсiздiгiне төнген қатердiң дереу алдын алу қажет болған жағдайларды қоспағанда, жөндеу және қалпына келтiру жұмыстарын жүргізудің жылдық кестесiн энергетика саласындағы мемлекеттiк органмен келiсуге мiндеттi. 2. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын өткiзудi жүзеге асыруына тыйым салынады. 3. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң этилдендiрiлген бензин өндiрудi жүзеге асыруына тыйым салынады. 11-бап. Мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын декларациялау мен олардың мониторингi 1. Мұнай өнiмдерiн өндiрудi және (немесе) өткiзудi жүзеге асыратын тұлғалар уәкiлеттi органға өнiм қалдығы мен (немесе) мұнай өнiмдерi айналымының көлемi туралы декларациялар табыс етуге мiндеттi. 2. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлер, мұнай берушiлер мен мұнай өнiмдерi базаларынан өткiзудi жүзеге асыратын тұлғалар уәкiлеттi органға мониторингтi жүзеге асыру үшiн мәлiметтер табыс етуге мiндеттi. 12-бап. Мұнай өнiмдерiн өткiзу жағдайлары 1. Қазақстан Республикасының аумағында этилдендiрiлген бензиннiң айналымына, сондай-ақ кондициялық емес мұнай өнiмдерiн өткiзуге және оларды әрi қарай өңдемей сақтауға тыйым салынады. 2. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң, мұнай берушiлердiң, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтерi сертификатталған автомобильдерге жанармай құю станцияларынан және мұнай өнiмдерi базаларынан өткiзудi жүзеге асыратын тұлғалардың мұнай өнiмдерiн өткiзуiне жол берiледi. Мұнай берушiлердiң мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң есептеу аспаптары арқылы, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтерi сертификатталған автомобильдерге жанармай құю станцияларынан және мұнай өнiмдерi базаларынан мұнай өнiмдерiн өткiзуiне жол берiледi. 12-баптың 3-тармағының бiрiншi бөлiгi 01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледі 3. Мұнай өнiмдерiн автомобильдерге жанармай құю станцияларынан және мұнай өнiмдерi базаларынан өткiзуге компьютерлiк есептеу жүйесi болған жағдайда уәкiлеттi органға мұнай өнiмдерiн сатып алу және өткiзу көлемi туралы ақпаратты бepe отырып жол берiледi. Халқының саны он мың адамға дейiнгi елдi мекендерде, ауылдық жерде (ауыл (село), сондай-ақ дала жұмыстарында ауыл шаруашылық техникасы шоғырланған орындардағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде орналасқан автомобильдерге жанармай құю станцияларынан мұнай өнiмдерiн өткiзуге мұнай өнiмдерiн сатып алу және өткiзу көлемiнiң оңайлатылған есептеу жүйесi болған жағдайда жол берiледi. 4. Автомобильдерге контейнерлiк үлгідегі жанармай құю станцияларынан мұнай өнiмдерiн өткiзуге халқының саны он мың адамға дейiнгi елдi мекендерде, сондай-ақ ауылдық жерде (ауыл (село) жол берiледi. Автомобильдерге жылжымалы үлгiдегi жанармай құю станцияларынан мұнай өнiмдерiн өткiзуге тек дала жұмыстарында ауыл шаруашылық техникасы шоғырланған орындардағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде ғана жол берiледi. 5. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлер мен мұнай өнiмдерi базаларынан өткiзудi жүзеге асыратын тұлғалар жыл сайын 1 наурыз - 31 мамыр және 1 тамыз - 31 қазан аралығындағы кезеңде ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мұнай өнiмдерiн өткiзу шарттарын жасасуға басымдық беруге мiндеттi. 13-бап. Мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортын реттеу Мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортын реттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, оның iшiнде акциздердiң, кедендiк, қорғау, демпингке қарсы және өтеу баждарының ставкаларын, мұнай өнiмдерiнiң импорты мен экспортына квоталарды бекiту (өзгерту) арқылы жүзеге асырылады. 14-бап. Мұнай өнiмдерiн тасымалдау жағдайлары 1. Мұнай өнiмдерiнiң, қауiптi жүктердi тасымалдауға қойылатын талаптарға және техникалық пайдалану ережелерiне сәйкес, арнайы жабдықталған және тасымалдауға рұқсат етiлген көлiк арқылы тасымалдануына жол берiледi. 2. Мұнай өнiмдерiн өндiрушiлер, мұнай берушiлер мен мұнай өнiмдерi базаларынан өткiзудi жүзеге асыратын тұлғалар мұнай өнiмдерiн көтерме және бөлшек саудамен өткiзген кезде, мұнай өнiмдерiн тасымалдау жөнiндегi операцияларды жүзеге асыру кезiнде мiндеттi түрде iлеспе жүкқұжаттар ресiмделедi. 3. Мұнай өнiмдерiн тасымалдауға байланысты құжаттар қауiптi жүктерді тасымалдау үшiн көліктің әрбір түрiне белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. 15-бап. Қазақстан Республикасының мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгендей жауапты болады. 16-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi Осы Заң, 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 12-баптың 3-тармағының бiрiншi бөлiгiн қоспағанда, 2003 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiледi. Қазақстан Республикасының
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |