|
|
|
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі
Осы редакция 2007 жылғы 24 қыркүйектегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының ғылыми-технологиялық одан әрі дамуы жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі № 311 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Самғау» холдингі» АҚ) құрылсын. 2. «Самғау» холдингі» АҚ қызметінің негізгі мәні мемлекеттің ғылыми-технологиялық дамуы үшін, оның ішінде бірыңғай ақпараттық-коммуникациялық орта, ақпараттық жүйелер, ресурстар мен стандарттар қалыптастыру жолымен қолайлы жағдайлар жасау мақсатында акцияларының мемлекеттік пакеттері (қатысу үлестері) «Самғау» холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берілетін заңды тұлғаларды тиімді басқару болып белгіленсін. 3. Қоса беріліп отырған: 1) «Самғау» холдингі» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары туралы меморандум; 2) акцияларының мемлекеттік пакеттері «Самғау» холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берілетін заңды тұлғалардың тізбесі (бұдан әрі - тізбе) бекітілсін. 4. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне «Самғау» холдингі» АҚ-ның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін 2007 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 100000000 (бір жүз миллион) теңге бөлінсін. 5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) «Самғау» холдингі» АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне берсін; 2) «Самғау» холдингі» АҚ-ны орналастыру үшін үй-жайлармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын; 3) осы қаулының 7-тармағына сәйкес «Самғау» холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берілетін заңды тұлғалар акцияларының мемлекеттік пакеттеріне (қатысу үлестеріне) бағалау жүргізуді қамтамасыз етсін; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп: 1) осы қаулының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен бөлінетін қаражат есебінен 100000000 (бір жүз миллион) теңге мөлшерінде «Самғау» холдингі" АҚ-ның жарғылық капиталын қалыптастыруды; 2) «Самғау» холдингі» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары туралы меморандумның ережелерін ескере отырып, «Самғау» холдингі» АҚ-ның Жарғысын бекітуді; 3) «Самғау» холдингі» АҚ-ны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді; 4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін. 6. Мыналар: 1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы», «Жер туралы ғылым, металлургия және кен байыту орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындары (А.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты», «Д.В.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институты» еншілес кәсіпорындарын қоспағанда) және олардың еншілес кәсіпорындары тиісінше жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы», «Жер туралы ғылым, металлургия және кен байыту орталығы» акционерлік қоғамдары етіп қайта құрылу жолымен; 2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Білім беруді ақпараттандыру республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінің «Электрондық коммерция орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары тиісінше жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» акционерлік қоғамы және «Электрондық коммерция орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі етіп қайта құрылу жолымен заңнамада белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылсын. 7. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Самғау» холдингі» АҚ-ның жарияланған акцияларының санын ұлғайтуды әрі тізбеде және осы қаулының 6-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар акцияларының мемлекеттік пакеттерін (қатысу үлестерін) беру жолымен орналастырылатын акцияларға ақы төлеуді заңнамада белгіленген тәртіппен қамтамасыз етсін. 8. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне «Ұлттық процессинг орталығы» акционерлік қоғамы акцияларының мемлекеттік пакетін «Самғау» холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге кейіннен бере отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне өтеусіз негізде заңнамада белгіленген тәртіппен беруді қамтамасыз ету ұсынылсын. 9. «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамының «Қазпочта» акционерлік қоғамы акцияларының 100 пайыз пакетін республикалық меншікке өтеусіз беру туралы ұсынысына келісім берілсін. 10. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрт ай мерзімде «Қазпочта» акционерлік қоғамы акцияларының 100 пайыз пакетін «Самғау» холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге беруді заңнамада белгіленген тәртіппен қамтамасыз етсін. 11. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі апта мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне мыналар: 1) «Самғау» холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің құрамы; 2) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне осы қаулыға сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізсін. 12. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін: 1) «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат): Акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде «Астана қаласы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-90-жолмен толықтырылсын: «21-90. «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ»; 2) «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында: көрсетілген қаулыға қосымшада: «Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 222-33-1-жолмен толықтырылсын: «222-33-1 «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ». 13. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі А.Е.Мусинге жүктелсін. 14. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 10 мамырдағы № 375 қаулысымен Бекітілген
«Самғау» холдингі» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары туралы меморандум
1. Құру мақсаты
«Самғау» холдингі» АҚ-ны құру мақсаты мемлекеттің ғылыми-технологиялық дамуы үшін, оның ішінде бірыңғай ақпараттық-коммуникациялық орта, ақпараттық жүйелер, ресурстар мен стандарттар қалыптастыру жолымен қолайлы жағдайлар жасау мақсатында акцияларының мемлекеттік пакеттері (қатысу үлестері) «Самғау» холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берілген заңды тұлғаларды (бұдан әрі - компаниялар) тиімді басқару болып табылады.
2. «Самғау» холдингі» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары
«Самғау» холдингі» АҚ-ның мақсатына қол жеткізуі қызметтің мынадай негізгі қағидаттарына негізделетін болады: компаниялар қызметінің бәсекеге қабілеттілігін және экономикалық тиімділігін арттыру; компанияларды корпоративтік басқарудың үздік әлемдік практикасын енгізу; компанияларды дамыту жөніндегі орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізуде Қазақстан Республикасының Үкіметіне жәрдемдесу; ұлттық және салааралық ауқымдағы тұжырымдамалық инвестициялық шешімдерді әзірлеу; инвестициялық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету; тәуелсіз директорлар институтын белсенді пайдалануды және экономиканың жеке меншік те, мемлекеттік те секторларының бастамаларын теңгерімді қолдауды көздейтін транспаренттілік пен кешенділік. Қызметтің осы негізгі қағидаттарын іске асыру «Самғау» холдингі» АҚ-ның компаниялардың дамуына акционердің функцияларын жүзеге асыру және тиісті директорлар кеңестерінде өкілдік ету мен инвестициялық функцияларды орындау арқылы белсенді қатысуы жолымен жүзеге асырылатын болады.
3. «Самғау» холдингі» АҚ-ның міндеттері
Қойылған мақсат шеңберінде «Самғау» холдингі» АҚ-ның міндеттері мыналар болып табылады: Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» акционерлік қоғамын дамыту мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңестің (бұдан әрі - Мамандандырылған кеңес) ұсынымдары негізінде компаниялардың стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуін қамтамасыз ету; серпінді ғылыми-технологиялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу; компанияларды корпоративтік басқарудың үздік әлемдік практикасын енгізу; компаниялар қызметінің экономикалық тиімділігін арттыру, компаниялардың мамандануы мен олардың арасындағы ақылға қонымды бәсекелестіктің теңгерімін анықтау; Қазақстан Республикасы экономикасының жекелеген салаларын дамытуға жәрдемдесу; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығын, оның ішінде серіктес нарықты дамытуға жәрдемдесу; зияткерлік меншік нарығын дамытуға жәрдемдесу.
4. «Самғау» холдингі» АҚ-ның функциялары
«Самғау» холдингі» АҚ-ның негізгі функциялары компанияларды олардың директорлар кеңестері арқылы басқаруды жүзеге асыру шеңберінде заңнамаға сәйкес мыналар болып табылады: компаниялар үшін Мамандандырылған кеңестің ұсынымдары негізінде мақсаттар қою; компаниялардың қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған орта мерзімді бизнес-жоспарларын, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын, инвестициялық бағдарламалары мен жылдық бюджеттерін бекіту; компаниялар тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін қарау және айқындау; компаниялардың мақсаттарға қол жеткізуін, оның ішінде қаржылық нәтижелерін барынша жоғарылатуды қамтамасыз ету; компаниялар қойылған мақсаттарды және тиімділік көрсеткіштерін орындамаған жағдайда түзету шараларын қабылдауды қамтамасыз ету; компаниялар қызметі нәтижелерінің мониторингі; жеке меншік сектор бастамаларын іске асыруға бөлінетін ақша қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау; компаниялар аудитін ұйымдық қамтамасыз ету; компаниялар басшыларын іріктеу және уәждеу; мемлекеттік басқару саласындағы ақпараттық ресурстар мен жүйелердің бірыңғай ақпараттық-коммуникациялық ортасын қалыптастыруды қамтамасыз ету; мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен құрылған өнеркәсіптік меншік объектілерін бағалауды, оның маркетингі мен коммерциялануын ұйымдастыру;
5. «Самғау» холдингі» АҚ-ның басқару мәселелері
Мемлекет Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан «Самғау» холдингі» АҚ-ның жалғыз акционері болып табылады. Қоғамдардың акцияларын іске асыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысын қабылдау жолымен «Самғау» холдингі» АҚ-ның жалғыз акционері қабылдайды. «Самғау» холдингі» АҚ-ның директорлар кеңесінің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. «Самғау» холдингі» АҚ-ның директорлар кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілдері (бірінші басшының орынбасарынан төмен емес мәртебесі бар), сондай-ақ «Самғау» холдингі» АҚ-ның тәуелсіз директорлары мен Басқарма төрағасы кіреді. «Самғау» холдингі» АҚ-ның директорлар кеңесінің құзыретіне мыналар кіреді: «Самғау» холдингі» АҚ қызметінің басым бағыттарын айқындау; «Самғау» холдингі» АҚ қызметінің мақсаттарын қою; «Самғау» холдингі» АҚ-ның бюджетін бекіту; Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер. «Самғау» холдингі» АҚ-ның директорлар кеңесінің жанынан комитеттер, оның ішінде Аудит жөніндегі комитет құрылуы мүмкін. «Самғау» холдингі» АҚ-ның қызметін қаржыландыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жарғылық капиталдың қаражаты, компаниялардың дивидендтері мен өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Самғау» холдингі» АҚ арасындағы өзара қарым-қатынастар
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Самғау» холдингі» АҚ арасындағы қарым-қатынастар Мамандандырылған кеңес арқылы жүзеге асырылады.
7. «Самғау» холдингі» АҚ мен компаниялар арасындағы өзара қарым-қатынастар
«Самғау» холдингі» АҚ мен компаниялардың өзара қарым-қатынастары оның жоғарыда көрсетілген функцияларымен айқындалады. Бұл ретте «Самғау» холдингі» АҚ-ның компаниялардың қызметіне әсері акционердің функцияларын жүзеге асыру және компаниялардың тиісті директорлар кеңестерінде өкілдік ету арқылы басқару шеңберінде шектеледі. Компаниялардың директорлар кеңестерінің құрамына «Самғау» холдингі» АҚ-ның өкілдері, тәуелсіз директорлар кіреді. «Самғау» холдингі» АҚ қажетті дауыстар санына ие болған жағдайда, «Самғау» холдингі» АҚ-ның өкілі компаниялардың директорлар кеңестерінің төрағасы болып табылады.
Үкіметінің 2007 жылғы 10 мамырдағы № 375 қаулысымен Бекітілген
Акцияларының мемлекеттік пакеттері «Самғау» холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берілетін заңды тұлғалардың тізбесі
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |