|
|
|
Денсаулық сақтау жүйесі туралы 2003 жылғы 4 маусымдағы № 430-ІІ
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар) 2-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу (5 - 13 баптар) 3-тарау. Денсаулық сақтау субъектілері (14 - 15 баптар) 4-тарау. Денсаулық сақтау жүйесін қаржымен қамтамасыз ету (16 - 18 баптар) 5-тарау. Медициналық қызмет (19 - 34 баптар) 6-тарау. Медициналық сараптама қызметі (35 - 43 баптар) 7-тарау. Фармацевтикалық қызмет (44 - 45 баптар) 8-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет (46 - 47 баптар) 9-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру (48 - 50 баптар) 10-тарау. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің (51 - 52 баптар) құқықтары мен міндеттері 11-тарау. Қорытынды ережелер (53 - 54 баптар) Осы Заң денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және азаматтардың денсаулық сақтауға арналған конституциялық құқықтарын iске асыру және олардың сақталу кепiлдiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесi қызметiнiң құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi. 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) әскери-медициналық қызмет - әскери немесе арнайы қызметтiң болуы заңмен көзделiп, осы органдардың қызметiн медициналық қамтамасыз етуге арналған әскери-медициналық бөлiмшелердiң, бөлiмдер мен мекемелердiң жиынтығы; 2) денсаулық сақтау - азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған медициналық, әлеуметтiк-экономикалық, саяси және өзге де шаралардың жиынтығы; 3) медициналық қызмет - жоғары немесе орта кәсiби медициналық білім алған жеке тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған кәсiби қызметi; 4) медициналық көмек - аурулардың медицина қызметкерлерi жүзеге асыратын профилактикасы, диагностикасы, азаматтардың ауыруына, денсаулығының өзге де бұзылуына, жүктiлiгi мен босануына байланысты емдеу және оңалту; 5) медициналық ұйымдар - негiзгi қызметi халыққа медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдары; 6) медициналық қызметтер көрсету - азаматтарға медициналық көмек көрсету жөніндегі тиiстi лицензия негiзiнде iс-қимыл жасайтын жеке және заңды тұлғалардың қызметтер көрсетуi; 7) медициналық сараптама - денсаулық сақтаудағы қызметтiң әр түрлi салалары жай-күйiнiң деңгейiн, сапасын және дәрежесiн белгiлеуге бағытталған ұйымдастыру, талдау және практикалық iс-шаралардың жиынтығы; 8) денсаулық сақтау ұйымы - ұйымдық-құқықтық және меншiк нысанына қарамастан денсаулық сақтау саласында қызметiн жүзеге асыратын заңды тұлға; 9) денсаулық сақтауды басқару органдары - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органы, денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдары, медициналық қызметтерiнiң органдары; 10) денсаулық сақтау жүйесi - қызметi азаматтардың денсаулық сақтау және медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдардың және денсаулық сақтау субъектiлерiнiң жиынтығы; 11) денсаулық сақтау субъектiлерi - денсаулық сақтау ұйымдары және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар; 12) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органы. 2-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдары 1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 3-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi принциптерi мен мiндеттерi 1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi принциптерi: 1) халықтың денсаулығын ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету факторларына жатқызу; 2) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын сақтау және оларды мемлекеттік кепiлдiктермен қамтамасыз ету; 3) әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына қарамастан халықтың медициналық көмекке қол жетiмдiлiгi; 4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету; 5) азаматтардың денсаулығын ғұмыр бойы сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу және мемлекеттік бақылау; 6) азаматтардың медициналық көмек алуындағы әлеуметтiк әдiлдiк пен теңдiк; 7) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы мұқтаждықтарына денсаулық сақтау жүйесiнiң ықыластылығы; 8) мемлекеттік органдардың азаматтардың денсаулығын сақтау мен тыңайтуды қамтамасыз етуге жағдай жасау жолындағы жауапкершiлiгi. 2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi мiндеттерi: 1) Қазақстан Республикасының азаматтарын тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiмен қамтамасыз ету; 2) дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету саласындағы қауiпсiздiктi сақтау; 3) отандық медициналық және фармацевтикалық өнеркәсiптi дамытуды қамтамасыз ету; 4) оқытудың осы заманғы технологияларын пайдалана отырып, медициналық білім берудiң үздiксiздiгi мен сабақтастығын қамтамасыз ету; 5) республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру нормативтерiн белгiлеу; 6) медициналық ұйымдардың медициналық көмек көрсетудегi iс-қимылдарының сабақтастығы; 7) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды белгiлеу; 8) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу қызметiн, ақпараттық және коммуникациялық жүйелердi мемлекеттік қолдау; 9) медициналық ғылым мен техниканың осы заманғы жетiстiктерiне, емдеудiң жаңа технологияларына сәйкес медициналық көмек көрсету; 10) халықтың әлеуметтiк шетiн топтарындағы азаматтардың, оның iшiнде аналардың, балалардың, мүгедектердiң және зейнеткерлердiң денсаулығын сақтау жөніндегі шараларды ұйымдастыру және өткізу; 11) халықтың денсаулық жағдайы мен өмiр сүру ортасының факторлары туралы статистикалық және өзге де ақпаратты беру; 12) көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң сапасы мен толымдылығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарының өзге де талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; 13) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту. 4-бап. Денсаулық сақтау жүйесi 1. Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау жүйесi мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады. 2. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, денсаулық сақтау ұйымдарынан, мемлекеттік меншiк құқығына негiзделген денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардан және білім беру ұйымдарынан тұрады. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы жеке меншiк құқығына негiзделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардан, білім беру ұйымдарынан, сондай-ақ жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалардан тұрады. 3. Денсаулық сақтау жүйесiнiң қызметiн мемлекеттік реттеудi және мемлекеттік бақылауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады. 2-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу 5-бап. Азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын қамтамасыз етудiң кепiлдiктерi Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына: 1) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алуға; 2) алғашқы медициналық-санитарлық көмекке бірдей қол жеткізуiне; 3) мемлекеттік және жекеше емдеу ұйымдарында, сондай-ақ жекеше медициналық ic-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалардан ақылы медициналық көмек алуға; 4) санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылыққа; 5) дәрiлiк заттармен, медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етiлуiне; 6) бірыңғай медициналық стандарттар бойынша тегiн және (немесе) ақылы негiзде көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасына, мазмұнына және көлемiне; 7) медициналық және дәрiгерлiк көмек көрсету, фармацевтикалық өнiмдi шығару және өткізу бөлiгіндегі кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгi құқығына кепiлдiк бередi. 6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң денсаулық сақтау саласындағы құзыретi Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты айқындайды және iске асырады; 2) денсаулық сақтау, медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлейдi және оларды iске асыруды қамтамасыз етедi; 3) өзiнiң құзыретi шегiнде денсаулық сақтау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады; 4) азаматтардың медициналық көмектiң осы Заңда белгiленген кепiлдi көлемiн тегiн алуын қамтамасыз етедi; 5) медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметтiң біліктiлiк талаптарын және оны лицензиялау тәртібін бекiтедi; 6) халықтың тығыз және елдi мекендердiң шалғай орналасқанына қарай денсаулық сақтау ұйымдары желісінiң мемлекеттік нормативiн бекiтедi; 7) денсаулық сақтау саласындағы аккредитациялау, аттестаттау, сертификаттау және стандарттау тәртібін белгiлейдi; 8) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын республикалық бюджет қаражаты есебiнен бір орталық арқылы сатып алынатын медициналық жабдықпен, медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдармен және дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету тәртібін белгiлейдi; 9) төтенше жағдайларда тегiн медициналық көмек көрсету және азаматтарды дәрiлiк заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету тәртібін белгiлейдi. 7-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган: 1) денсаулық сақтау, медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi; 2) медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарының қызметiне басшылықты жүзеге асырады; 3) денсаулық сақтау, медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды iске асырады; 4) азаматтар денсаулығының мүддесiне орай салааралық ынтымақтастықты жүзеге асырады; 5) медициналық көмек көрсету және азаматтарды дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету тәртібін белгiлейдi; 6) денсаулық сақтау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен нормативтiк құжаттарды әзiрлеп, бекiтедi; 7) медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызмет саласындағы, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы стандарттарды әзiрлеудi жүзеге асырады; 8) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жepгiлiктi органдары басшыларының және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсiби құзыретiне арналған аттестаттауды өткiзедi; 9) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік статистикалық есепке алудың және есептiлiктiң жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi; 10) медициналық ұйымдардың өзара iс-қимылының тәртібін белгiлейдi; 11) медициналық ұйымдардың шығындарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеу ережелерiн әзiрлейдi; 12) Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына бақылауды жүзеге асырады; 13) медициналық, дәрiгерлiк қызметпен айналысуды, емдiк препараттарды (малдың, құрамында есiрткi және психотроптық заттар жоқ өсiмдiктер мен шөптердiң емдiк өнiмдерiн өсiру, жинау және сатудан басқа) дайындау мен сатуды лицензиялауды жүзеге асырады; 14) медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы қызметпен айналысуды лицензиялауға қорытынды бередi және қатысады; 15) медициналық, дәрiгерлiк қызметпен айналысу, емдiк препараттарды (малдың, құрамында есiрткi және психотроптық заттар жоқ өсiмдiктер мен шөптердiң емдiк өнiмдерiн өсiру, жинау және сатудан басқа) дайындау мен сату жөніндегі лицензиялау ережелерiнiң сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады; 16) медициналық жабдықтың, медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдардың өндiрiсi мен сапасына, сондай-ақ дәрiлiк заттардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады; 17) төтенше жағдайлар кезiнде азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудi және оларды дәрiлiк заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етудi ұйымдастырады; 18) денсаулық сақтау ұйымдарында стационарлық емделуде жатқан аурулардың дәрiмен қамтамасыз етiлуiне бақылауды жүзеге асырады; 19) денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасын, олардың қызметi туралы ереженi; дәрiгерлiк лауазымдар мен мамандықтардың номенклатурасын; денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымын, үлгi штаттарын және штат нормативтерiн; халыққа медициналық қызмет көрсету көлемi мен деңгейiнiң нормативтерiн әзiрлеп, бекiтедi; 20) медицина ғылымының дамуын қамтамасыз етедi және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтi үйлестiредi; 21) біліктiлiк емтихандарын өткізу тәртібін айқындайды; 22) ведомстволық және әскери-медициналық қызмет орындарының жұмысын үйлестiредi; 23) денсаулық сақтау саласында, оның iшiнде дәрiлiк заттарды басқару жөнiнде республикалық ақпараттық және коммуникациялық жүйелердiң құрылуы мен жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi; 24) республикалық мемлекеттік медициналық ұйымдарды жарақтандыруды қамтамасыз етедi; 25) салалық ынталандыру жүйесiн әзiрлеп, бекiтедi; 26) көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң сапасына бақылауды жүзеге асырады; 27) денсаулық сақтау, медицина ғылымымен білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады; 28) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады. 8-бап. Денсаулық сақтау саласындағы жергiлiктi мемлекеттік басқару органдарының құзыретi 1. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi органдары: 1) денсаулық сақтау саласындағы аймақтық бағдарламаларды бекiтедi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады; 2) ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау қызметкерлерiне жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк көмек беру туралы шешiм қабылдайды; 3) тиiстi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемiн бекiтедi, денсаулық сақтауға және медициналық білім беруге арналған шығыстардың үлесiн айқындайды; 4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен азаматтардың жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен емделу үшiн елдi мекен шегiнен тыс жерлерге тегiн немесе жеңiлдiкпен жол жүруi туралы шешiм қабылдайды; 5) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 2. Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары: 1) тиiстi аумақта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асырады; 2) тиiстi аумақта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз етедi; 3) денсаулық сақтау саласындағы аймақтық бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз етедi; 4) азаматтардың тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алу құқығының iске асырылуын қамтамасыз етедi; 5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етедi; 6) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдарын құрады; 7) денсаулық сақтау ұйымдарының желісін дамыту мен оларды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды; 8) денсаулық сақтаудың мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларының қызметiн үйлестiредi және бақылауды қамтамасыз етедi; 9) өз өкiлеттiктерi шегiнде денсаулық сақтауға бағытталған қаржы қаражатының пайдаланылу тиiмдiлiгiне бақылауды қамтамасыз етедi; 10) төтенше жағдайлар кезiнде азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудi, оларды дәрiлiк заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етедi; 11) денсаулық сақтау саласындағы аймақаралық және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады; 12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 9-бап. Денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдарының құзыретi Денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдары өз өкiлеттiктерi шегiнде: 1) денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты iске асырады; 2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен медициналық білім беру саласындағы заңдарының орындалуын қамтамасыз етедi; 3) азаматтарды тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде медициналық көмекпен және дәрiлiк заттармен қамтамасыз етедi; 4) денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне мониторинг пен бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады; 5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын iске асыру жөніндегі шараларды қабылдайды; 6) азаматтардың дәрiлiк заттар мен медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарға қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады; 7) денсаулық сақтау ұйымдарының кадрлармен қамтамасыз етiлуiн ұйымдастырады; 8) медицина және фармацевтика кадрларының кәсiби біліктiлiгiне аттестаттау жүргiзедi; 9) мемлекеттік медициналық ұйымдарды жарақтандыруды қамтамасыз етедi; 10) денсаулық сақтау саласындағы, оның iшiнде дәрiлiк заттарды басқару жөніндегі аймақтық ақпараттық және коммуникациялық жүйелердiң құрылуы мен олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi; 11) жергiлiктi бюджеттiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы клиникалық базаларды жоғары және орта медициналық оқу орындарына берiп отырады; 12) төтенше жағдайлар кезiнде азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудi, оларға дәрiлiк заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етедi; 13) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды даярлау және олардың біліктiлiгiн арттыру жөніндегі қызметтi ұйымдастырады және үйлестiредi; 14) халықты гигиеналық оқыту мен тәрбиелеудi, салауатты өмiр салтын насихаттауды ұйымдастырады; 15) халықты әлеуметтiк қаупi бар аурулардың және жұртқа қауiптi болып табылатын аурулардың таралуы туралы хабардар етедi; 16) азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша қоғамдық бірлестiктермен өзара iс-қимыл жасайды; 17) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 10-бап. Медициналық қызметтi лицензиялау Медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызмет Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның лицензиялауына жатады. 11-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарын аккредитациялау Денсаулық сақтау ұйымдарын аккредитациялауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың медициналық, дәрiгерлiк, фармацевтикалық, ғылыми және білім беру қызметiмен шұғылдануының мәртебесi мен құқықтылығын тану мақсатында өткiзедi. 12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) сертификаттау 1. Денсаулық сақтау саласындағы тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) сертификаттау олардың адамның өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн растау мақсатында жүзеге асырылады. 2. Денсаулық сақтау саласындағы мiндеттi сертификатталуға жататын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 3. Сертификаттау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 13-бап. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар 1. Медициналық стандарттарды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейдi, стандарттауды өткізудiң тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 2. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар: 1) ұйымдастыру технологияларын; 2) медициналық қызметтер көрсетудi; 3) медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыру процесiнде пайдаланылатын технологияларды; 4) дәрiлiк заттарды және медициналық бұйымдарды өндiрудi, сатудың шарттарын және олардың сапасын; 5) медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң біліктiлiгiн; 6) есепке алу-есеп беру құжаттамасын қамтиды. 3. Денсаулық сақтау стандарттарын денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiлейдi. 4. Денсаулық сақтау стандарттары денсаулық сақтау ұйымдары және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады. 5. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады. Жекелеген стандарттардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдары жүзеге асырады. 3-тарау. Денсаулық сақтау субъектілері 14-бап. Денсаулық сақтау ұйымдары Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесiнде мынадай денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс iстейдi: 1) азаматтарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық көмек көрсететiн ұйымдар; 2) балалардың амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық ұйымдары; 3) жедел медициналық көмек ұйымдары; 4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары; 5) фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары; 6) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар; 7) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары; 8) қан қызметi, сот медицинасы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары; 9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де денсаулық сақтау ұйымдары. 15-бап. Жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар 1. Жеке тұлғалар медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметпен айналысуға арналған лицензиясы болған кезде медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсетуге құқылы. 2. Тиiстi бейіндегі медициналық білімi және мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар жеке тұлғалардың жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылдануға құқығы бар. 4-тарау. Денсаулық сақтау жүйесін қаржымен қамтамасыз ету 16-бап. Денсаулық сақтау жүйесiн қаржымен қамтамасыз ету көздерi 1. Денсаулық сақтаудың мемлекеттік ұйымдарын қаржымен қамтамасыз ету: мемлекеттік бюджет қаражаты; медициналық сақтандыру қаражаты; ақылы негiзде медициналық қызметтер көрсетуден алған қаражаттары; Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады. 2. Денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес ұйымдарын қаржымен қамтамасыз ету: тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетуге арналған мемлекеттік бюджет қаражаты; медициналық сақтандыру қаражаты; ақылы негiзде медициналық қызметтер көрсетуден алынған қаражат; Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады. 3. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетуге арналған шығындарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |