Қазақстан Республикасының
Сыртқы барлау туралы (2011.06.01. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2012 жылғы 13 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасы сыртқы барлау субъектілерінің мәртебесін, құзыретін және қызметінің ұйымдастырылуын айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) барлау ақпараты - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алынатын және (немесе) пайдаланылатын ақпарат; 2) Қазақстан Республикасының сыртқы барлауы - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын жария және жария емес барлау, ұйымдастыру және басқару шараларының жүйесі; 3) сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметі - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделеріне орай барлау ақпаратына қол жеткізу, оны өңдеу және пайдалану, сондай-ақ мемлекет жүзеге асыратын шараларды іске асыруға жәрдемдесу жөніндегі қызмет.
2-бап. Сыртқы барлау субъектілері 1. Сыртқы барлау субъектілеріне: 1) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - сыртқы барлау органы); 2) осы Заңның 6-бабының 2) тармақшасында көзделген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті; 3) осы Заңның 6-бабының 3) тармақшасында көзделген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жатады. 2. Сыртқы барлау органы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде, барлау қызметін жүргізу арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. 3. Сыртқы барлау органы әскери құралым болып табылады, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жатады, нышаны, туы, ведомстволық наградалары мен төсбелгілері, нақты және шартты атаулары бар.
3-бап. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
4-бап. Барлау қызметінің міндеттері Сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметінің міндеттері: 1) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Үкіметін және мемлекеттік органдарын саяси, қаржылық-экономикалық, әскери-саяси, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда шешімдер қабылдау үшін қажетті барлау ақпаратымен және талдамалық бағалаумен қамтамасыз ету; 2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу; 3) елдің экономикалық дамуына және ғылыми-техникалық прогресіне және Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін әскери-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдесу; 4) барлау ақпаратына қол жеткізу және шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтері мен ұйымдары, террористік және экстремистік ұйымдар, қылмыстық қоғамдастықтар (қылмыстық ұйымдар), сондай-ақ жекелеген адамдар тарапынан Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігіне нақты және ықтимал нұқсан келтіруді болғызбауға бағытталған шараларды іске асыру; 5) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалған өзге де міндеттер болып табылады.
5-бап. Сыртқы барлау субъектілері қызметінің принциптері Сыртқы барлау субъектілерінің қызметі мынадай принциптерден тұрады: 2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; 4) жария және жария емес әдістер мен құралдардың үйлесімдігі.
2-тарау. Сыртқы барлау субъектілерінің қызметін ұйымдастыру
6-бап. Сыртқы барлау субъектілері қызметінің салалары Барлау қызметін өз өкілеттіктері шегінде: саяси, қаржы-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, әскери-саяси, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда; халықаралық террористік және экстремистік ұйымдарға қарсы іс-қимыл саласында; Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде шифрлік және радиотехникалық құралдар мен әдістерді пайдалана отырып шифрленген, құпияланған және өзге де арнайы байланыс түрлері саласында; Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің, олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында; 2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті: шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтері мен ұйымдарының, қылмыстық қоғамдастықтардың (қылмыстық ұйымдардың) және жекелеген адамдардың Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау және өзге де қызметіне қарсы іс-қимыл саласында; экстремизмге және террористік қызметке қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шекаралық саясаты мен Мемлекеттік шекарасын, аумақтық суларын (теңіздерін) және континенталды қайраңын күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында; 3) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі: әскери, әскери-саяси, әскери-экономикалық және әскери-техникалық салаларда жүзеге асырады.
7-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы барлау саласындағы өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Президенті: 1) Қазақстан Республикасы сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметінің негізгі бағыттарын және басымдықтарын айқындайды; 2) сыртқы барлау органын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады; 3) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне және Үкіметіне сыртқы барлау субъектілерін басқа да мемлекеттік органдармен үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау және барлау қызметін жетілдіру жөніндегі мәселелерді қарауға тапсырма береді; 4) сыртқы барлау органының басшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 5) сыртқы барлау органының ережесін, сондай-ақ оның басшысының ұсынуымен органның құрылымын және жалпы штат санын бекітеді; 6) сыртқы барлау органы басшысының орынбасарларын оның басшысының ұсынуы бойынша қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 7) жоғары офицерлік және басқарушы құрамдағы адамдар орналасатын сыртқы барлау органы қызметтерінің тізбесін бекітеді; 2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды 7-1) сыртқы барлау органының әскери атақтар берілетін лауазымдарының тізбесін бекітеді; 8) сыртқы барлау органының қызметін бақылайды, тексеруші органдарды тағайындайды, олардың мақсаттарын, міндеттерін және өкілеттіктерін айқындайды, бақылау нысандары мен оны жүзеге асыру тәртібін белгілейді; 9) өзі айқындаған тәртіппен және мерзімдерде сыртқы барлау органы басшысының есебін тыңдайды; 10) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің құзыреті Сыртқы барлау субъектілерінің құзыретіне мыналар жатады: 1) барлау ақпаратына қол жеткізу, оны жинақтау, талдау, жүйелеу және қорыту, оның негізінде ұсыныстар, бағалау мен болжамдар дайындау; 2) Қазақстан Республикасының аумағында, сол сияқты одан тысқары жерлерде барлау қызметін жүзеге асыру; 3) жасырын көмек көрсетуге келісім берген адамдармен ақы төленбейтін не ақылы негізде жария емес ынтымақтастық орнату; 4) сыртқы барлау субъектілерінің әскери қызметшілерін және азаматтық персонал адамдарын шифрлеу және оның ішінде осы мақсаттар үшін өзге де ведомстволық тиесілілікті пайдалана отырып, олардың қызметін ұйымдастыру жөніндегі шараларды іске асыру; 5) сыртқы барлау субъектілеріне жасырын көмек көрсететін адамдарды, сыртқы барлау субъектілері бөлімшелерінің, ұйымдарының, үй-жайларының және көлік құралдарының ведомстволық тиесілілігін шифрлеу жөніндегі шараларды іске асыру; 6) барлау қызметінің міндеттерін шешу үшін мемлекеттік органдардан және меншік нысанына қарамастан ұйымдардан қажетті ақпарат алу; 7) сыртқы барлау субъектілерінің қауіпсіздігін олардың өз күштерін, құралдары мен ақпараттарын заңға қайшы іс-әрекеттер мен қатерлерден қорғауы арқылы қамтамасыз ету; 8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету; 9) радиотехникалық және радиоэлектрондық барлауды жүзеге асыру; 10) өз өкілеттіктерінің шегінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің және олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу; 11) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің мемлекеттік құпияларын қорғауды қамтамасыз ету; 12) өзінің қорғалған байланыс жүйесін пайдалану; 13) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік органдардың және меншік нысанына қарамастан ұйымдардың ақпараттық жүйелерін және ақпараттық ресурстарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдері негізінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану; 14) жалпы және арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру; 15) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де өкілеттіктерді орындау.
9-бап. Сыртқы барлау органының құзыреті Сыртқы барлау органының құзыретіне осы Заңның 8-бабында көзделген ережелерден басқа, мыналар да жатады: 1) Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенті мен Үкіметіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және мемлекеттік ұйымдарына барлау ақпаратын беру; 2) мемлекет басшылығының саяси, әскери-саяси, қаржы-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салалардағы саясатын іске асыруға жәрдемдесу; 3) Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне сыртқы барлауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу; 4) сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметін үйлестіру; 5) Қазақстан Республикасы жасасатын халықаралық шарттарды дайындауға, заң жобалары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу; 6) Қазақстан Республикасының халықаралық, оның ішінде сыртқы барлау саласындағы міндеттемелерін орындау; 7) жүзеге асырылатын барлау қызметінің стратегиясын және тактикасын әзірлеу; 8) барлау қызметі мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлеу және қабылдау; 9) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзге де күштерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасу; 10) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, үкіметтік және арнайы байланыс органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен байланыстар орнату, сақтау және дамыту, ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу; 11) ақпараттық жүйелерді және ақпараттық ресурстарды, арнаулы техникалық құралдарды, байланыс жүйелерін, арнаулы мақсаттағы телекоммуникациялар желілерін, деректерді беру жүйелерін, ақпараттың техникалық арналар арқылы таралып кетуінен қорғау құралдарын, оларға бағдарламалық қамтамасыз етуді, қару-жарақты және жарақтануды (криптографиялық қорғау құралдарын қоспағанда) әзірлеу, иелену, жасау, іске қосу және пайдалану, шифрлеу мен шифрді ашу жұмыстарын ұйымдастыру; 12) сыртқы барлау органының объектілерінде құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау, оларды кейіннен құқық қорғау органдарына тапсыру; 13) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету, өз объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін, жеке және инженерлік-техникалық қорғалуын жүзеге асыру, сондай-ақ оларда жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуді келісу; 14) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін байланыстың арнаулы түрлерімен жарақтандыру, жеке және инженерлік-техникалық қорғауды, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің техникалық арналар арқылы жылыстауына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру; 15) жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, ұйымдастыру және жүргізу; 16) әскери қызметке немесе жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын іріктеу, арнайы тексеруден өткізу, кадрға есепке алынған әскери қызметкерлердің және азаматтық персоналдың мемлекеттік құпия болып табылатын ақпаратқа қол жеткізуін ресімдеу (қайта ресімдеу), оларды Қазақстан Республикасының оқу орындары мен ғылыми зерттеу мекемелерінде, сондай-ақ басқа мемлекеттердің оқу орындарында, оның ішінде арнаулы оқу орындарында даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру; 17) барлау қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, арнаулы оқу құралдарын шығару; 18) ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру, басқа мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлер мен білімнің түрлі салаларының мамандарын тарту арқылы өз қызметінің негізгі бағыттарына сәйкес сарапшылық топтарын құру; 19) меншік нысанына қарамастан ұйымдардың, әскери құралымдардың қызметтік үй-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ азаматтардың тұрғын және басқа да үй-жайларын, көлік құралдары мен өзге де мүліктерін шарт негізінде пайдалану; 20) бөлімшелердің, объектілердің, үй-жайлардың, көлік құралдарының, әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың және жасырын көмек көрсететін адамдардың ведомстволық тиесілігін шифрлейтін құжаттарды, өзге де әдістер мен құралдарды пайдалану; 21) әскери қызметшілер мен азаматтық персоналды іссапарға, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге жіберу; 22) Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тарту; 23) жеке және заңды тұлғаларды зерделеу мен тексеруден кейін оларға өз объектілерін қорғау және қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарға рұқсат беруді жүзеге асыру; 24) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзінің объектілері мен үй-жайларын қорғауды қамтамасыз ету үшін қаруды, арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану; 25) мемлекет берген және республикалық меншікке жататын мүлік есебінен қалыптастырылған, оралымды басқару құқығындағы оқшауланған мүлкінің болуы; 26) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және саяси баспана беру туралы мәселелерді шешуге қатысу; 27) арнайы мұрағатты, жедел есептерді, анықтамалық, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық ресурстарды құру және пайдалану; 28) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де өкілеттіктерді орындау.
10-бап. Барлау қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары 1. Барлау қызметі процесінде сыртқы барлау субъектілері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жария және жария емес әдістер мен құралдарды пайдаланады. 2. Барлау қызметінің әдістері мен құралдары адам өмірі мен денсаулығына зиянын тигізбеуге және қоршаған ортаға нұқсан келтірмеуге тиіс. 3. Барлау қызметін жүзеге асыру процесінде сыртқы барлау субъектілеріне белгілі болған жеке өмір, жеке және отбасылық құпия туралы немесе заңмен қорғалатын коммерциялық, банктік немесе өзге де құпияға қатысы бар ақпарат, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жария етуге жатпайды.
11-бап. Барлау қызметі туралы мәліметтерді сақтау Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сыртқы барлау органының барлау қызметі саласындағы мәліметтері тек қана сыртқы барлау органының арнайы мемлекеттік мұрағатында сақталады.
12-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің өзара іс-қимылы 1. Сыртқы барлау субъектілері өздеріне жүктелген міндеттерді шешу кезінде бір-бірімен, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштерімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. 2. Мемлекеттік органдардың, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың лауазымды адамдары өз құзыреті шегінде сыртқы барлау субъектілеріне барлау қызметін жүзеге асыруға жәрдемдесуге міндетті. 3. Сыртқы барлау субъектілерінің бір-бірімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасы негізінде әзірленген олардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
13-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің кадрлары 1. Сыртқы барлау органының кадрларын әскери қызметшілер мен азаматтық персонал адамдары құрайды. 2. Сыртқы барлау органының әскери қызметшілері мемлекеттік билік өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады. 3. Сыртқы барлау субъектілерінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде міндеттерін атқару кезінде қамауға немесе кепілге алынған, сондай-ақ бейтарап елдерге тұруға еріксіз жіберілген әскери қызметшілері әскери қызметшілер мәртебесін сақтайды. Сыртқы барлау субъектілерінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары халықаралық құқық нормаларына сәйкес аталған әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. 4. Сыртқы барлау субъектілерінің әскери қызметшілері барлау қызметінің мақсаттарына қол жеткізу үшін лауазымдық қызметке тұруы және олардың ведомстволық тиесілілігін ашпай әрі әскери қызметте қалдырыла отырып, мемлекеттік органдарға және меншік нысанына қарамастан ұйымдарға іссапарға жіберілуі мүмкін. Аталған органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары әскери қызметшілердің сыртқы барлау субъектілеріне тиесілілігі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады. 5. Сыртқы барлау органының әскери қызметшілері кадр есебінде, әрекет етуші резервте және запаста тұрады. Сыртқы барлау органы әскери қызметшілерінің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару мен арнайы құралдарды алып жүруге, сақтауға құқығы бар. Сыртқы барлау органының басшысы әскери қызметшілердің жекелеген санаттарының әскери қызметке алынғанға дейінгі еңбек өтілін олардың еңбек сіңірген жылдарына есептейді.
14-бап. Сыртқы барлау органы әскери қызметшілерінің құқықтық жағдайы 1. Сыртқы барлау органы әскери қызметшілерінің құқықтық жағдайы осы Заңмен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады. 2. Сыртқы барлау органының әскери қызметшісіне оның жеке басы мен өкілеттіктерін растайтын қызмет куәлігі беріледі. 3. Төте және тікелей бастықтарынан өзге ешкім де сыртқы барлау органы әскери қызметшілерінің қызмет ісіне араласуға құқылы емес. 4. Сыртқы барлау органының әскери қызметшілері оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, егер бұл қызметтік қажеттіліктен туындамаса, ақы төленетін басқа қызметті қоса атқарумен айналысуға құқылы емес.
15-бап. Сыртқы барлау органының әскери қызметшілерін әлеуметтік қорғау 1. Сыртқы барлау органының әскери қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 2. Сыртқы барлау органының әскери қызметшілерін зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 3. Сыртқы барлау органының әскери қызметшілеріне қосымша жеңілдіктер мен әлеуметтік қорғау кепілдіктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленеді.
16-бап. Сыртқы барлау органының әскери қызметшілеріне ақшалай үлес Сыртқы барлау органының әскери қызметшілеріне ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді және ақшалай қаражат пен қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін үстемеақыны қамтиды.
17-бап. Сыртқы барлау органы әскери қызметшілерінің жауапкершілігі Сыртқы барлау органының әскери қызметшілері өз қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін және құқыққа қайшы іс-әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
18-бап. Сыртқы барлау субъектілеріне жасырын көмек көрсететін адамдар 1. Барлау қызметінің мақсаттарына қол жеткізу үшін сыртқы барлау субъектілері ақы төленбейтін не ақылы негізде оларға жасырын көмек көрсетуге келісімін берген, кәмелеттік жасқа толған әрекетке қабілетті адамдармен жария емес ынтымақтастық қатынастарын орнатады. Аталған адамдармен өзара қарым-қатынастар тәртібі сыртқы барлау субъектілерінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес белгіленеді. 2. Сыртқы барлау субъектілеріне жасырын көмек көрсететін (көрсеткен) адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сыртқы барлау субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асырады. Сыртқы барлау субъектілеріне жасырын көмек көрсететін (көрсеткен) адамдарды қорғауды өзге мемлекеттік органдар сыртқы барлау субъектілерімен өзара іс-қимыл тәртібі арқылы жүзеге асыруы мүмкін.
3-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
19-бап. Сыртқы барлау органын қаржыландыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету Сыртқы барлау органының қызметін қаржыландыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
20-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің қызметін ведомстволық бақылау Сыртқы барлау субъектілерінің қызметін ведомостволық бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына жүктеледі.
21-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің қызметін прокурорлық қадағалау Қазақстан Республикасының аумағында сыртқы барлау туралы нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен ол уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау субъектілеріне жасырын жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдар туралы мәліметтер прокурорлық қадағалау нысанына кірмейді.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы мамырдың 22-сі. № 277-ІV ҚРЗ
|