Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін жүзеге асыру ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2014 жылғы 9 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңының 5-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін жүзеге асыру ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2009 жылғы 5 қазандағы № 1529 қаулысымен бекітілген
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін жүзеге асыру ережесі
1.Жалпы ережелер
1. Осы Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Жаңартылатын энергия көздер пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді. 2. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингі экономиканың энергияны қажетсінуін және қоршаған ортаға әсерін азайту үшін электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру кезінде жаңартылатын энергия көздерінің пайдаланылуын ұлғайтуды есепке алу мақсатында жүргізіледі. 3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингі - электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру кезінде жаңартылатын энергия көздер пайдалануды жүйелі байқау, есепке алу және талдау; жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі - жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін іске қосу үшін технологиялық қажетті тиісті инфрақұрылымы бар электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған дербес техникалық құрылғылар мен олармен өзара байланысты құрылыстар; жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндіретін жылу энергиясының көлемі - энергия өндіруші білікті ұйымдар өндірген және жалпы желіге берілген жылу энергиясының сандық мәні; жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндірген электр энергиясының көлемі - энергия өндіруші білікті ұйымдар өндірген және жалпы желіге берілген электр энергиясының сандық мәні; уәкілетті орган - жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі уәкілетті орган); энергия өндіруші білікті ұйым - жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға.
2. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін жүзеге асыру тәртібі
4. Уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін: жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерінің энергетикалық әлеуетін, оларды игеру деңгейін және Қазақстан Республикасында электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде электр энергиясын өндіру үлесін есепке алу; жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр энергиясын өндіру көлемінің нысаналы көрсеткіштерге сәйкестігін анықтау; жаңартылатын жылу энергиясы әлеуетін игеру деңгейін талдау жолымен жүзеге асырады. 5. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып өндірілген электр энергиясын есепке алу жүйелік оператордан, өңірлік электр желілік компаниялардан, сондай-ақ Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жергілікті атқарушы органдардан ақпарат жинау жолымен жүзеге асырылады. 6. Энергия өндіруші білікті ұйым Ереженің 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25-күніне дейінгі мерзімде электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру жөнінде тоқсан сайын уәкілетті органға есеп береді. 7. Жергілікті атқарушы органдар, жүйелік оператор, өңірлік электр желілік компаниялар есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25-күніне дейінгі мерзімде уәкілетті органға жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, қолданыстағы және жаңадан берілетін объектілер туралы ақпарат береді. 8. Алынған ақпараттың негізінде уәкілетті орган талдау жүргізеді және энергия өндіруші білікті ұйымдардан Қазақстан Республикасындағы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үлесін айқындайды. 9. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингінің нәтижелері бойынша уәкілетті орган энергия өндіруші білікті ұйымдар өндірген электр және (немесе) жылу энергиясының болжамды теңгерімде белгіленген көлемге сәйкестігін анықтайды. 10. Уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингінің нәтижелері туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкіметіне есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 10-күніне береді. 11. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингінің нәтижелері уәкілетті органның интернет-ресурстарында есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 10-күнінен кешіктірмей орналастырылады.
пайдалану мониторингін жүзеге асыру ережесіне 1-қосымша
Энергия өндіруші білікті ұйымдар өндірген электр және (немесе) жылу энергиясын есепке алу нысаны
пайдалану мониторингін жүзеге асыру ережесіне 2-қосымша
Энергия өндіруші білікті ұйымдар өндірген электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру туралы есеп
|