|
|
|
Жасалған концессия шарттарының және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізу ережесін бекіту туралы
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 23 шілдедегі № 574 Қаулысымен күші жойылды
«Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қоса беріліп отырған Жасалған концессия шарттарының және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізу ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне жүктелсін. 3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы № 1254 қаулысымен Бекітілген
Жасалған концессия шарттарының және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Жасалған концессия шарттарының және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімі концессия шарттары бойынша жасалған концессия шарттарын және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін мемлекеттік есепке алудың ақпараттық жүйелерінің кешенін білдіреді. 2. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессия шарттары бойынша берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізеді. 3. Республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының тізілімін жүргізеді. 4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының тізілімін жүргізеді.
2. Тізілімдерді жүргізу тәртібi
5. Республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша және коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының (бұдан әрі - концессия шарттары) тізілімдеріне мынадай мәліметтер енгізіледі: 1) концедент пен концессионердің атауы және деректемелері; 2) концессия объектісі; 3) концессия шартының жасалған күні, қолданылу мерзімі және тіркеу нөмірі; 4) концессия шартының мәтіні; 5) концессиялық жобаның бағасы; 6) концессия шартының тізілімге енгізілген күні. 6. Концессия шарттары бойынша берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізіліміне мынадай мәліметтер енгізіледі: 1) қарыз алушы (концессионердің) мен қарыз берушінің атауы және деректемелері; 2) мемлекеттік кепілдіктің (мемлекет кепілгерлігінің) сомасы; 3) мемлекеттік кепілдіктің (мемлекет кепілгерлігінің) берілген күні және тіркеу нөмірі; 4) мемлекеттік кепілдіктің (мемлекет кепілгерлігінің) тізілімге енгізілген күні. 7. Тізілімдерді жүргізу тізілімдерді басқаруды оңтайландыруға және ақпаратқа қол жеткізуді әкімшілдендіруге мүмкіндік беретін, деректердің сенімділігі мен сақталуын қамтамасыз ететін мамандырылған бағдарламалық-техникалық кешендердің базасында ақпаратты жинаудың, өңдеудің және сақтаудың электрондық жүйелері құралдарының көмегімен жүзеге асырылады. 8. Осы Ереженің 5 және 6-тармақтарында көрсетілген мәліметтер концессия шарты жасалған сәттен немесе мемлекеттік кепілдік (мемлекет кепілгерлігі) берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде электронды түрдегі тізілімдерге енгізілуге тиіс. 9. Республикалық меншіктің жұмыс істеп тұрған объектілері бойынша немесе құрылысы мен пайдаланылуы концессия шарттарының негізінде жүзеге асырылатын республикалық меншік объектілері бойынша жасалған концессия шарттарына қатысты тиісті саланың мемлекеттік органы (бұдан әрі - басқару органы) тиісті шарт жасалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді заңнамада белгіленген тәртіппен басқару органының мөрімен расталған немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған баспа және электронды түрде республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жібереді. 10. Қажет болған кезде республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган басқару органынан тізілімді жүргізу үшін қажетті басқа да қосымша мәліметтерді немесе құжаттарды сұратуға құқылы. 11. Жасалған концессия шартына және мемлекеттік кепілдік (мемлекет кепілгерлігі) шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда тізілімдерге сондай-ақ осы бөлімде көзделген тәртіппен осы Ереженің 5 және 6-тармақтарында көрсетілген мәліметтерге ұқсас енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәліметтер енгізіледі. 12. Тізілімдер мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. 13. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген «аса маңызды», «өте құпия», «құпия» деген белгісі бар концессия шарттарының мәтіндері немесе шарттың жария етуге жатпайтын құпия мәліметтерді қамтитын бөлімдері мен бөліктері тізілімге енгізілмеуге тиіс. 14. Тізілімдерді жүргізу жүктелетін уәкілетті органдар тізілімдердегі мәліметтерді тұрақты талдау мен қорытуды жүзеге асырады.
15. Тізілімдерді жүргізудің ұйымдастырушылық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етілуін оларды жүргізу жүктелетін уәкілетті органдар тиісті қаржы жылына бөлінген бюджет қаражаты шеңберінде жүзеге асырады. 16. Мүдделі мемлекеттік органдардың сұрау салулары мен заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша тізілімдерді жүргізу жүктелетін уәкілетті органдар тізілімдерден сұратылған мәліметтерді береді. Сұратылған мәліметтерді беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |