|
|
|
Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы (2011.24.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 30 шілдедегі № 1004 Қаулысымен 2012 жылғы 1 шілдеден бастап күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған «Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті бекітілсін. 2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар бұрын қабылданған нормативтік құқықтық актілерді осы қаулыға сәйкес келтірсін. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап 6 ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2008 жылғы 19 ақпандағы № 159 қаулысымен бекітілген
«Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті
1. Қолданылу саласы
ҚР Үкіметінің 2011.24.03. № 271 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 1. Осы техникалық регламент: 1) қауіпсіздікті және тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеп соғатын әрекеттердің алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында парфюмерлік-косметикалық өнімдерге (бұдан әрі - ПК өнімдер) қойылатын міндетті талаптарды; 2) тұтынушы орауына және парфюмерлік-косметикалық өнімдерді таңбалауға қойылатын талаптарды; 3) ПК өнімдерді өндіру, сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату процестеріне қойылатын талаптарды; 4) ПК өнімдерінің осы техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігін бағалауға қойылатын талаптарды. Осы техникалық регламенттің талаптары таралатын ПК өнімдері тазарту, жағымсыз иістерді жою, эстетикалық әсер беру және оларды қоршаған ортаның зиянды факторларынан қорғау мақсатында адамның денесіне қолдануға арналған, құралдарға теңестірілген: 1) тері, тырнақ және шаш күтіміне арналған сірне негізіндегі, эмульсиялық және майлы құралдар (кремдер, сүт, кілегейлер, маскалар, скрабтар, пилингтер, крем-гельдер); 2) шаш пен терінің гигиеналық күтіміне арналған жуу құралдары (шампундер, сұйық сабындар, душқа, ванна мен интим гигиенасына арналған жуу гельдері, ваннаға арналған көбік және тазарту құралдары: көбіктер, гельдер, мусстар); 3) бет, ерін, дене және шаш макияжына арналған эмульсия негізіндегі сәндік косметика құралдары (тоналды құралдар, бет далабы, қабаққа арналған бояу, шашқа арналған тушь, кірпікке арналған сұйық тушь және көзге арналған бояу, ерінге арналған жылтыр); 4) тері, көз және ерін макияжы мен күтіміне арналған май-балауыз негізіндегі сәндік косметика құралдары (ерін, далаптары) ерінге арналған жылтыр мен бальзам; театр гримі; қас, қабақ және ерінге арналған контур қарындаштары, маскалағыш қарындаштар; кірпікке арналған қатты тушь); 5) бет, дене және шаш макияжына арналған ұнтақ тәрізді және шағын сәндік құралдар (опа, бет далабы, қабаққа арналған бояулар, бетке, денеге және шашқа арналған жылтыр); 6) дененің гигиеналық күтіміне арналған ұнтақ тәрізді және шағын құралдар (тальк, ұнтақ, балаларға арналған, парфюмерлік, хош иістендірілген опа); 7) тіс және ауыз қуысының күтіміне арналған құралдар (гигиеналық және емдік-профилактикалық тіс пасталары; эликсирлер, шайғыштар, сергіткіштер, бальзамдар); 8) гигиеналық, сергіткіш және хош иістендіргіш құралдар ретінде пайдаланылатын парфюмерлік сұйық құралдар (иіс майлар, әтірлер, парфюмерлік, иіс және хош иісті сулар); 9) тері, шаш және тырнақтың гигиеналық және/немесе сергіту күтіміне арналған косметикалық сұйық құралдар (лосьондар, лосьон-тониктер, тониктер); 10) шаш күтіміне арналған косметикалық сұйық құралдар (шашты бұйралауға және түзеуге арналған құралдар, шашты сәндеуге арналған құралдар); 11) тазарту, хош иістендіру және сергіту әсеріне арналған косметикалық сұйық құралдар (дезодаранттар мен дезодарант-антиперспиранттар); 12) қырынуға дейін, қырыну кезінде және қырынудан кейін қолданылатын құралдар (қырынуға арналған кремдер, гельдер және көбіктер); 13) тырнақ күтіміне арналған құралдар (маникюрлік лактар, тырнақ көбесін алуға арналған құралдар, лакты кетіруге арналған сұйықтық, тырнақты өсіруге арналған құралдар); 14) шашты түссіздендіруге (немесе түсін кетіруге) және бояуға арналған құралдар; 15) татуажға арналған құралдар; 16) иіссабын. Осы Техникалық регламенттің талаптары белгіленетін ПК өнімдерінің тізбесі осы Техникалық регламентке 9-қосымшада келтірілген.
2. Осы техникалық регламентте «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында пайдаланылған терминдер, сондай-ақ мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады: 1) ампулды косметика - герметикалық дәнекерленген шыны ыдысқа салынған, консерванттары жоқ, бір рет пайдалануға арналған ПК өнімдер; 2) ПК өнімдерінің түсініктемесі - ПК өнімдерінің тұтынушылық қасиеттері, тағайындалуы, қолдану жөніндегі нұсқауларының сипаттамалары, сондай-ақ қолдану тәсілдері бар сөзбен сипатталуы және (немесе) графикалық белгілеуі; 3) антиперспиранттар - тер бөлінуін төмендететін құралдар; 4) ерінге арналған жылтыр - ерінде жылтыр қабыршақ жасайтын косметикалық сәндік құрал; 5) ПК өнімдердің қауіпсіздігі - қауіпті факторлардың ықтималдығы мен оның салдарының ауырлығының деңгейін ескере отыра, өмірге, адам денсаулығына, қоршаған ортаға, өсімдік және жануарлар дүниесіне зиян келтіруге байланысты жол берілмейтін қатердің болмауы; 6) ПК өнімдердің сыртқы орауы (сыртқы орауы) - ПК өнімдердің ішкі орауы сиятын материал немесе бұйым; 7) ПК өнімдердің ішкі орауы (ішкі орауы) - ПК өнімдерді тікелей салуға арналған ыдыс; 8) көмекші құралдар - ПК өнімдерді тікелей жағуға (кетіруге) арналған және оларды пайдаланудан күтілетін жоғарғы әсерді қамтамасыз етуге арналған құралдар; 9) косметикалық гель - құрамында су, май эмульсиялар, арнайы қоспалар және гель пайда болатын компоненттері бар коллоидті жүйелерді білдіретін парфюмерлік-косметикалық құрал; 10) косметикалық саз - косметикалық процедураларға пайдаланылатын, айтарлықтай созылғыштыққа ие табиғи минералды заттар; 11) косметикалық балшықтар - косметикалық процедураларға пайдаланылатын табиғи минералды және (немесе) органикалық заттар; 12) дайындалған күні - дайындаушы қоятын және ПК өнімдерді дайындаудың технологиялық процесінің аяқталғаны жөнінде ақпарат беретін күні; 13) дезодорант - хош иістендіретін және сергітетін қасиетке ие парфюмерлік-косметикалық құрал; 14) өтініш беруші - өнімнің сәйкестігін растау үшін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға; 15) өнімді сәйкестендіру - өнімді біртекті өнім тобына жатқызу мақсатында оның маңызды белгілері бойынша сипаттамасының ұқсастығын белгілеу; 16) ПК өнімді дайындаушы - ПК өнімдерді келесі иелігінен шығарғанға дейін өндіретін жеке немесе заңды тұлға; 17) косметикалық қарындаш - қарындаш түрінде шығарылатын, сырты ағаш немесе пластик парфюмерлік-косметикалық құрал; 18) клиникалық қауіпсіздік - арналуы бойынша ПК өнімдерді пайдаланған кезде азаматтардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргенін куәландыратын теріні тітіркендіретін және сенсибилизациялайтын әсерінің болмауы; 19) консерванттар - ПК өнімдердің жарамдылық мерзімін ұзартуды қамтамасыз ететін заттар; 20) бояулар - ПК өнімдерін бояу үшін қолданылатын табиғи және (немесе) синтетикалық текті химиялық зат; 21) лосьон - тері және (немесе) шаш және (немесе) тырнақ күтіміне арналған парфюмерлік-косметикалық сұйық құрал; 22) косметикалық май - сұйық майлы түрдегі парфюмерлік-косметикалық құрал; 23) маска - теріні, шашты, тырнақты тиімді күтуді қамтамасыз ету үшін арналған парфюмерлік-косметикалық құрал; 24) иіс сабын - денені күтуге арналған парфюмерлік-косметикалық құрал; 25) ПК өнімнің атауы - ПК өнімдерді даралайтын дайындаушы берген белгі; 26) ПК өнімнің аты - ПК өнімдерді біртекті топқа жатқызуға мүмкіндік беретін өнім түрінің белгісі; 27) парфюмерлік-косметикалық өнімнің арналуы (арналуы) - ПК өнімнің функционалдық қасиеті; 28) ашық хат - тұтынушыға арналған ақпараты бар кез келген форматты парақ өнімі; 29) бетті тазарту - терінің артық секретін, кірді, сәндік косметиканың құралдарын жою; 30) өнім партиясы - сапасы мен қауіпсіздігі туралы бір құжатпен берілетін белгіленген сапа және қауіпсіздік көрсеткіштері бар бір атау мен аттың өнім мөлшері; 31) парфюмерлік-косметикалық ингредиент (ингредиент) - ПК өнімдерді өндіруде пайдаланылатын химиялық зат немесе синтетикалық немесе табиғи текті препарат. Ингредиенттегі қоспалар парфюмерлік-косметикалық ингредиенттерге жатпайды; 32) парфюмерлік (хош иісті) композиция - ПК өнімдеріне иіс беруге және (немесе) ингредиенттердің иісін жасыруға арналған заттардың қоспасы; 33) ПК өнім - тазарту, жағымды иіс беру, сыртқы түрін өзгерту, оларды қорғау немесе қалыпты жағдайда сақтау мақсатымен адам денесінің түрлі бөліктеріне (теріге, түк басқан жерлерге, тырнаққа, ерінге, тіске, ауыз қуысының кілегей қабықшасына және сыртқы жыныс мүшелеріне) жағуға (көмекші құралдардың көмегімен немесе оларды пайдаланбай) арналған құралдар; 34) парфюмерлік-косметикалық өндіріс - ПК өнімдерді дайындау мақсаты бар технологиялық операциялар мен басқару әрекеттерінің жиынтығы; 35) тіс пастасы - тіс және ауыз қуысының күтіміне арналған паста тәрізді немесе гель тәрізді консистенцияның парфюмерлік-косметикалық құралы; 36) косметикалық пластырь - косметикалық рәсімдерді жүргізуге арналған жабысу әрекетіне ие, материалдан жасалған парфюмерлік- косметикалық құрал; 37) ерін далабы - ерінге жағуға арналған сәндік косметикалық құрал; 38) ПК өнімін жеткізуші - ПК өнімді жеткізетін кез келген меншік түріндегі жеке немесе заңды тұлға; 39) тұтынушы - ПК өнімді тікелей пайдалану үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға; 40) ПК өнімінің тұтынушы орауы - ПК өнімдерінің сыртқы және ішкі орауларының жиынтығы, сыртқы орауы болмаған жағдайда ішкі орау тұтынушы орауы болып есептеледі; 41) рецептура - ингредиенттердің салмақтық үлесін көрсете отыра, ПК өнімнің құрамына кіретін ингредиенттердің дайындаушы белгілеген толық тізімі; 42) скраб - тері қабатының беткі өлі клеткаларын түлетіп түсіруге арналған парфюмерлік-косметикалық құрал; 43) целлюлитке қарсы құрал - дененің проблемалы учаскелерінде целлюлит пайда болудың алдын алуға және целлюлит белгілері бар дене учаскелерін күтуге арналған ПК құрал; 44) депиляцияға арналған құрал - түктерді жоюға арналған парфюмерлік-косметикалық құрал; 45) интим гигиенасына арналған құрал - жыныс мүшелерінің күтіміне арналған парфюмерлік-косметикалық құрал; 46) татуажға арналған құрал - терінің бетіне сурет салуға арналған парфюмерлік-косметикалық құрал; 47) жарамдылық мерзімі - дайындаушы айқындаған тасымалдау және сақтау талаптарын сақтаған кезде ПК өнімін осы техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келетін және оның арналуы бойынша қолданылатын мерзім; 48) тальк - дененің гигиеналық күтіміне арналған ұнтақ тәрізді парфюмерлік-косметикалық құрал; 49) тауарлық белгі (тауарлық маркасы) - бір жеке тұлғаның тауарларын басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртекті тауарларынан айыру үшін қызмет ететін, белгіленген тәртіпте тіркелген (қабылданған) немесе халықаралық шарттар күшімен тіркеусіз қорғалатын белгі; 50) ПК өнімнің токсикологиялық қауіпсіздігі - азаматтардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіретін жалпы токсикологиялық әсерінің болмауы; 51) зат белгі - тұтынушылар үшін өнімдерге жапсырылатын ақпараттар; 52) көліктік орауы - ПК өнімді тасымалдауға арналған орау; 53) шашқа арналған тушь - шаш өргенде жағуға арналған сәндік косметикалық құрал; 54) ультракүлгін сүзгілер - ультракүлгін сәулелерді жұтуға және (немесе) қайтаруға қабілетті ингредиенттер; 55) фотоқорғаныш құралы (күн сәулесінен қорғайтын құрал) - ультракүлгін сәулелерді жұтуға және (немесе) қайтаруға қабілетті парфюмерлік-косметикалық құрал.
3. Өнімдердің нарықта айналу жағдайы
3. ПК өнімдер осы техникалық регламенттерде белгіленген тараптарға сәйкес болуы тиіс. 4. ПК өнімдер, егер оларды мақсаты бойынша тиісінше қолдану кезінде тек адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіп төндірмеген жағдайда, нарыққа жеткізілуі және сатылуы мүмкін. ПК өнімдері сатуға енгізгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленген тәртіпке сәйкестігін міндетті растау рәсімдеріне ілігуі тиіс. Сәйкес сертификаттың бар болуы туралы мәлімет ілеспе құжаттамада көрсетіледі.
4. ПК өнімдердің қауіпсіздік талаптары
Жалпы қауіпсіздік талаптары
5. Қазақстан Республикасында айналымға шығарылатын ПК өнімдерді арналуы бойынша пайдаланғанда және (немесе) жарамдылық мерзімі ішінде алдын ала болжамды пайдаланған кезде адам өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеуге тиіс; бұл ретте өнімнің жарнамасы, оның таңбалануы, оны пайдалану және орналастыру жөніндегі нұсқаулық, сондай-ақ өндіруші, оның агенті немесе Қазақстан Республикасының нарығында өнімді таратуға жауапты кез келген тұлға берген қандай да бір түсінік немесе басқа да ақпараттар ескеріледі. 6. ПК өнімдердің қауіпсіздігі: 1) құрамына; 2) микробиологиялық көрсеткіштеріне; 3) улы элементтер мөлшерінің деңгейіне; 4) токсикологиялық көрсеткіштеріне; 5) клиникалық-зертханалық көрсеткіштеріне; 6) ПК өнімдердің өндірісіне; 7) тұтыну орауына; 8) тұтынушыға арналған ақпаратқа қойылатын талаптардың жиынтығын қамтамасыз етеді.
ПК өнімдерінің құрамына қойылатын талаптар
7. ПК ингредиенттері ретінде осы техникалық регламенттің 1-қосымшасында санамаланған заттарды пайдалануға тыйым салынады. 8. ПК ингредиенттері ретінде 2-қосымшада көрсетілген шектеулер мен талаптардан тыс осы техникалық регламенттің 2-қосымшасында санамаланған заттарды пайдалануға тыйым салынады, бұл ретте осы техникалық регламентте белгіленген тұтынушылар мен мемлекеттік бақылау органдарына арналған ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптарды ескерген жөн. 9. ПК ингредиенттері ретінде 3-қосымшада аталған шектеулерден тыс осы техникалық регламенттің 3-қосымшасында аталған бояуларды ғана пайдалануға рұқсат етіледі, бұл ретте осы техникалық регламентте белгіленген тұтынушылар мен мемлекеттік бақылау органдарына арналған ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптарды ескерген жөн. 10. ПК ингредиенттері ретінде 4-қосымшада аталған шектеулерден тыс осы техникалық регламенттің 4-қосымшасында аталған консерванттарды ғана пайдалануға рұқсат етіледі, бұл ретте осы техникалық регламентте белгіленген тұтынушылар мен мемлекеттік бақылау органдарына арналған ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптарды ескерген жөн. 11. ПК ингредиенттері ретінде осы техникалық регламенттің 5-қосымшасында санамаланған ультракүлгін сүзгілерін ғана пайдалануға рұқсат етіледі, бұл ретте осы техникалық регламентте белгіленген тұтынушылар мен мемлекеттік бақылау органдарына арналған ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптарды ескерген жөн.
ПК өнімдерінің микробиологиялық көрсеткіштеріне қойылатын талаптар
12. ПК өнімінің микробиологиялық көрсеткіштері осы техникалық регламенттің 6-қосымшасында берілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. 13. Мына ПК өнімдерінің атауларына: 1) араластырусыз пайдаланылатын 25 % астам конңентрациядағы органикалық еріткіштері бар ПК өніміне; 2) су негізіндегі тырнаққа арналған лактардан басқа, тырнаққа арналған лактарға; 3) дезодорант-антиперспиранттарға; 4) шашқа арналған тотықтырғыш бояулар, түссіздендіруге және мелирлеуге арналған құралдарға; 5) химиялық бұйралау құралдары және шашты түзеуге арналған тиол қосылыстары негізіндегі құралдарға; 6) тиогликол қышқылдары негізіндегі депиляцияға арналған құралдарға; 7) ҚР Үкіметінің 2011.24.03. № 271 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 8) ҚР Үкіметінің 2011.24.03. № 271 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 9) ваннаға арналған тұздарға; 10) 100% пайыздық эфир майларына микробиологиялық көрсеткіштерді анықтауға талаптар қойылмайды.
ПК өнімнің құрамында улы элементтердің мөлшеріне қойылатын талаптар
14. ПК өнімінің құрамындағы улы заттардың рұқсат етілген деңгейі: 1) күшән - жол берілмейді; 2) қорғасын - жол берілмейді; 3) сынап - жол берілмейді. 15. Балаларға арналған ПК өнімдерін қоспағанда, иіс майларға, парфюмерлік суларға, иіс суларға, әтірлерге қатысты улы элементтердің мөлшерінің деңгейіне талаптар қойылмайды.
ПК өнімнің токсикологиялық көрсеткіштері
16. ПК өнімдерінің токсикологиялық көрсеткіштері осы техникалық регламенттің 7-қосымшасында айтылған талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Клиникалық-зертханалық көрсеткіштер
17. ПК өнімдерінің клиникалық-зертханалық көрсеткіштері осы техникалық регламенттің 8-қосымшасында айтылған талаптарға сәйкес келуге тиіс.
ПК өнімнің өндірісіне қойылатын талаптар
18. Микроклиматқа, жарыққа, шу деңгейлеріне, дірілге, электрмагниттік сәулеленуге, өнімді өндіру немесе сақтау кезіндегі жұмыс аймағының ауасындағы зиянды факторлардың мөлшеріне қойылатын талаптар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарына, сондай-ақ қолданыстағы құрылыс нормативтері мен ережелеріне сәйкес келуі тиіс. 19. ПК өнімдерінің өндірісі жөніндегі объектілерді ұстауға, пайдалануға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптары өндірістік және санитарлық-тұрмыстық үй-жайларға, өндірістік процестерге, жабдықтарға, жабдықтарға, шикізатты сақтау шарттарына, орамына, сондай-ақ шығарылатын өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейді. 20. ПК өнімінің осы техникалық регламенттің талаптарының қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша сәйкес өндірісін қамтамасыз ету үшін технологиялық процесті кезеңмен бақылауды кәсіпорындағы қолданыстағы техникалық және технологиялық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. 21. Дайын өнімнің қауіпсіздігіне ықпалын тигізетін өндірістің барлық процестері жоспарланады және құжатталады. ПК өнімін дайындаушының бастапқы шикізаттың, материал мен реактивтердің әрбір түріне жеткізуші белгіленген тәртіпте бекіткен құжаттамасы бар болуы тиіс. Алынған шикізаттардың, материалдардың әр топтамасы қолданыстағы нормативтік немесе техникалық құжаттамаға сәйкес кіру бақылауынан өтуі тиіс және өндірістік мақсаттарда тек қана шикізат пен материалдардың осы түріне қойылатын белгіленген талаптарға, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес пайдаланылуы мүмкін. Шикізат, материалдар, реактивтер және дайын өнім таңбалануы керек және сақтаудың регламенттелген уақыты ішінде олардың сақталуын қамтамасыз ететін талаптарды сақтай отыра және араласуы мен ластануын болдырмайтын арнайы орындарда сақталуы қажет. Шикізаттың, материалдың, реактивтер мен дайын өнімдердің сәйкес келмейтін топтамалары тиісті түрде таңбалануы және оларды пайдаға асыру туралы соңғы шешім шыққанға дейін өндіріс процесіне абайсызда түсіп кетуін болдырмау үшін жеке сақталуы керек. Өндіріс қалдықтары мен ағын сулар қалдықтармен және ағын сулармен жұмыс істеу ережелерін реттейтін жалпы техникалық регламенттердің, заңнамалық және нормативтік актілердің талаптарына сәйкес келуге тиіс. Шикізаттарды, материалдар мен реактивтерді ішкі сәйкестендіру мен тасымалдау өнімнің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сақтауды қамтамасыз етуі және бекітілген схема бойынша жүзеге асырылуы қажет. Ауыз су және техникалық су құбырлары бөлек, түсі әртүрлі болуға тиіс және өзара қосылыстары болмауы керек.
22. Тұтыну орауы, сондай-ақ ПК өнімнің жинағына кіретін көмекші құралдар тұтынушы үшін ПК өнімнің қауіпсіздігі мен оның жарамдылық мерзімі ішінде сақталуын қамтамасыз ететін материалдардан жасалуы қажет. 23. Ауыз қуысы гигиенасының сұйық құралдары мен интим мүшелерінің күтіміне арналған косметикалық құралдардың ашылатын жерін көрсететін арнайы белгілер, сондай-ақ бүлінгенде немесе ашылғандық фактісінің болмағандығын көрсететін қорғаныс элементі қарастырылған тұтынушы орауына оралуы керек. Арнайы белгі және қорғаныс элементі өнімдердің өзінде не орамда болуы мүмкін. ПК өнімін өлшеп бууға қолданылатын тұтыну ыдыстарының барлық түрлері қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Тұтынушыға арналған ақпаратқа қойылатын талаптар
24. Өтініш беруші ПК өнімнің тұтыну орауына осы техникалық регламентте көзделген мәліметтермен қатар ішінде мыналар: 1) ПК өнімнің атауы мен аты (олар бар болғанда); 2) дайындаушының, лицензиардың (егер ПК өнім дайындаушыға технологияның және (немесе) тауарлық белгінің иесі берген лицензия бойынша дайындалған жағдайда) және Қазақстан Республикасында тұтынушылардан шағым қабылдауға дайындаушының уәкілетті ұйымының атауы мен орналасқан жері (елін қоса алғанда, заңды мекен жайы); 3) салмағы 5 г немесе көлемі 5 мл аз ПК өнімін, ПК өнімнің тегін үлгілерін қоспағанда, ораған уақыттағы тұтыну орауындағы ПК өнімнің номиналды мөлшерінің нетто салмағы (г, кг), көлемі (мл, л, см3), мөлшері (дана); 4) өнімнің дайындалған күні немесе осы мерзім көрсетілген тұтыну орауындағы орын жазылған "(айы, жылы) дейін жарамды (пайдалануға болады)" немесе "Жарамдылық мерзімі... (ай, жыл)" деген сөздермен белгіленетін жарамдылық мерзімі; Қажет жағдайда бұл мәліметтер сақталуы айтылған жарамдылық мерзімін қамтамасыз ететін шарттармен толықтырылуы мүмкін; 5) өнімді пайдаланған кездегі ерекше сақтық шаралары; 6) нөмірі немесе өнімнің өндірістік партиясының арнайы коды; 7) ПК өнімінің арналуы. Арналуы белгілі өнімдер бұған кірмейді; 8) бұл мәліметтерсіз дұрыс қолдануы тұтынушыларға қиындық тудыратын ПК өнімін қолдану тәсілдері жөніндегі мәліметтер; 9) осы техникалық регламенттің 25-тармағының ережелеріне сәйкес ингредиенттер мен бояулардың тізімі; 10) аэрозольді өнімдерге озон қабатын бұзатын заттардың болуы/жоқтығы туралы жазылған ақпараттарды енгізуге міндетті. 25. Ингредиенттер тізімінің алдында «Ингредиенттер» немесе «Құрамы» деген тақырып болуға тиіс. Тізімде ингредиенттер ПК өнімін дайындаған сәттегі олардың салмақтық үлесінің азаю тәртібінде беріледі, бұл ретте парфюмерлік (хош иісті) композиция оның құрамын ашпай-ақ «иістеушілер», «хош иісті композиция», «парфюмерлік композиция» деген сөздерді пайдаланып бір ингредиент ретінде көрсетіледі. Парфюмерлік (хош иісті) композицияның құрамында осы техникалық регламенттің 2-қосымшасында айтылған шектеулерден басқа заттар бар болса, оларды да ингредиенттер тізіміне қосу қажет. Салмақтық үлесі 1% төмен ингредиенттерді салмақтық үлесі 1 % жоғары ингредиенттерден кейін кез келген тәртіппен беруге болады. Бояулар басқа ингредиенттерден кейін кез келген тәртіпте түс индексіне немесе қабылданған белгілеулерге сәйкес көрсетілуі мүмкін. Дайындаушының қарауына қарай халықаралық косметикалық ингредиенттер номенклатурасына сәйкес (INСІ) ингредиенттердің тізімін латын графикалық негізін пайдаланып көрсетуіне рұқсат етіледі. Түрлі түстер сериясы түрінде шығарылатын сәндік косметикалық өнімдер үшін "болуы мүмкін" деген терминді немесе [+/-] деген белгіні пайдаланып серияда қолданылған барлық бояулар берілуі мүмкін. 26. Осы тармақта көрсетілген ақпарат мына талаптарды сақтай отыра берілуге тиіс: егер ПК өнімнің сыртқы орауы болмаса, 24-тармақта айтылған барлық ақпараттар ішкі орауында болуы керек; егер ПК өнімнің сыртқы орауы бар болса, ішкі орауында кем дегенде осы техникалық регламенттің 24-тармағының 1-тармақшасында айтылған ақпарат болуы қажет; егер осы тармақтың талаптарын сақтау ПК өнімнің көлемі немесе тұтыну орауының формасына байланысты толықтай немесе ішінара мүмкін болмаса, осы техникалық регламенттің 24-тармағында көзделген ақпараттың жетіспейтін бөлігі қосымша бетінде, зат белгіде немесе қоса берілетін ПК өнімнің бірлігіне бекітілетін ашық хатта баяндалуы қажет (не тұтынушыға қолжетімді болатын өзге тәсілмен беріледі). 27. 24-тармақта көзделген ақпарат жеңіл оқылатын және сақтаған, тасымалдаған, өткізген және тағайындалуы бойынша өнімді пайдаланған кезде берік (орауынан шайылып кетпейтін) түсінікті әріптермен жазылуы тиіс. 28. Ингредиенттер тізімі мен тізім тақырыбынан басқа, осы тармақтың 24-тармақшасында қарастырылған ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылуы керек. Дайындаушы-фирманың атауы, шетелдік дайындаушының мекенжайы мен өнімнің атауы латын графикалық негізін пайдаланып белгіленуі мүмкін. 24-тармағының 2, 4, 5, 7, 8-тармақшаларында айтылған (ПК өнімінің атын қоспағанда) және шетелдік өндірушілердің ПК өнімінің ішіндегі ақпарат мемлекеттік тілге аударылуға және тұтынушыға ыңғайлы түрде ұсынылуы тиіс.
29. ПК өнімдерін тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгедей белгіленбесе, осы көлік түрлеріне сәйкес техникалық регламентте белгіленген талаптарға сәйкес жабық көлік құралдарында көліктің барлық түрлерімен жүзеге асырылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |