Төтенше жағдай туралы Қазақстан Республикасының (2007.15.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2008 жылғы 26 мамырдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар) 2-тарау. Төтенше жағдайды енгізу мен оның күшін (4 - 10 баптар) жоюдың шарттары, негіздері, тәртібі 3-тарау. Төтенше жағдай кезеңіне енгізілетін (11 - 14 баптар) мемлекеттік басқарудың арнайы органдары. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету 4-тарау. Төтенше жағдай кезінде қолданылатын (15 - 16 баптар) шаралар мен уақытша шектеулер 5-тарау. Төтенше жағдай кезіндегі жеке және заңды (17 - 23 баптар) тұлғалар, сондай-ақ лауазымды адамдар құқықтарының кепілдігі және олардың жауапкершілігі 6-тарау. Қорытынды ережелер (24 - 25 баптар) Осы Заң төтенше жағдайды Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде енгізудiң және оның қолданылуының негiздерiн, мерзiмдерiн, тәртібін белгілейдi. 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) төтенше жағдай енгiзiлетiн жерлердiң шекаралары - Қазақстан Республикасының бiр немесе бiрнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнiң аумағы; 2) жергiлiктi жердiң комендатурасы - төтенше жағдай енгiзiлген жерлерде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының Президентi құратын уақытша арнаулы орган; 3) жергiлiктi жердiң коменданты - Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын, төтенше жағдай енгiзiлген жердегi комендатураның қызметiне басшылық жасайтын және төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ететiн күштер мен құралдарды бiрыңғай басқаруды жүзеге асыратын лауазымды адам; 4) коменданттық сағат - арнайы берiлген рұқсат қағаздарынсыз және жеке басын куәландыратын құжаттарсыз көшелерде және өзге де қоғамдық жерлерде не үйлерiнен тысқары жерлерде жүруге тыйым салынатын тәулiк мезгiлi; 5) төтенше жағдай - азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мүдделерiнде ғана қолданылатын және мемлекеттік органдар, ұйымдар қызметiне, азаматтардың, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгiлеуге жол беретін және оларға қосымша мiндеттер жүктейтiн ерекше құқықтық режим болып табылатын уақытша шара. 2006.14.01 № 117-III ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды 6) Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия - төтенше жағдай енгізу кезеңіне Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылатын арнаулы мемлекеттік басқару органы.
2-бап. Төтенше жағдайдың құқықтық негiзi Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілері төтенше жағдайды енгізудiң құқықтық негiзi болып табылады. 3-бап. Төтенше жағдайды енгізудiң мақсаты Төтенше жағдайды енгізуге себеп болған мән-жайларды жою, адам мен азаматтың қауiпсiздiгiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету төтенше жағдайды енгізудiң мақсаты болып табылады. 2-тарау. Төтенше жағдайды енгізу мен оның күшін жоюдың шарттары, негіздері, тәртібі 4-бап. Төтенше жағдай енгізудiң шарттары, негiздерi 1. Төтенше жағдай Қазақстан Республикасының демократиялық институттарына, тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, оның азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қауiп төнген және мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған жағдайда енгiзiледi. 2. Төтенше жағдайды енгізу негiздерi болатын мән-жайларға, осы баптың 1-тармағының талаптары сақталған жағдайда: 1) шекаралас мемлекеттер аумақтарынан Мемлекеттік шекара арқылы жаппай өту; Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге ұмтылу; террористтiк актiлер; Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билiктi күштеп басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға бағытталған iс-әрекеттер; қарулы қақтығыстарға тарту мақсатында басқа мемлекеттер тарапынан болатын арандатушылық iс-әрекеттер; Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзу; жаппай тәртiпсiздiктер, ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстар; экстремистiк топтардың жекелеген жерлердi, аса маңызды объектiлердi қоршап алуы немесе басып алуы; заңсыз әскери құралымдар құру және олардың қызметi; 2) дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, қар көшкiнi, су тасқыны және басқалар), дағдарысты экологиялық жағдайлар, табиғи өрттер, эпидемиялар мен iндеттер, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдалуы, өнеркәсiптiк, көлiктiк және басқа авариялар, өрттер (жарылыстар), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар ауаға жайылатын (жайылу қаупi бар) авариялар, үйлер мен ғимараттардың кенеттен құлауы, су бөгеттерiнiң бұзылуы, тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электрэнергетикалық және коммуникациялық жүйелердегi, тазарту құрылғыларындағы авариялар себеп болған және жағдайды дереу тұрақтандыруды, құқық тәртібін қамтамасыз етудi, қажеттi құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу үшiн жағдай жасауды талап ететiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар жатады. Дүлей зiлзаланың немесе кең көлемдi аварияның (апаттың) нақты қаупi де Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының ұсынуы негiзiнде төтенше жағдай енгізуге негiз болуы мүмкiн. 5-бап. Төтенше жағдайды енгізу тәртібі 1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағындағы немесе оның жекелеген жерлеріндегі төтенше жағдайды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрiмен және Парламентi палаталарының төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi жарлығымен енгiзедi, бұл туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне дереу хабарланады. 2. Төтенше жағдай қалыптасқан жағдайды өзге шаралар қолданумен реттеу мүмкiн болмаған жағдайда енгiзiледi. 3. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресми баспа басылымдарында дереу жариялануға тиiс және барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткiзiледi. 4. Қазақстан Республикасы Президентінің Төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығы Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген мерзiмде қолданысқа енгiзiледi. 6-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығының мазмұны Қазақстан Республикасы Президентінің Төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығында: 1) осы Заңның талаптарына сәйкес төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайлар; 2) төтенше жағдайды енгізу қажеттiгiнiң негiздемесi; 3) төтенше жағдай енгiзiлетiн жерлердiң шекаралары; 4) төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ететiн күштер мен құралдар; 5) осы Заңға сәйкес енгiзiлетiн шаралардың және жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың құқықтарын уақытша шектеулердiң, сондай-ақ оларға қосымша жүктелетiн мiндеттердiң тiзбесi; 6) төтенше жағдайды енгізу кезеңiнде құрылатын мемлекеттік басқарудың арнайы органдары және олардың өкiлеттiгi; 7) төтенше жағдай режимi кезiнде қолданылатын iс-шараларды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдар (лауазымды адамдар); 8) төтенше жағдайды енгізу уақыты және оның қолданылу мерзiмi қамтылады. 7-бап. Төтенше жағдайдың күшiнде болу мерзiмi 1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында енгiзiлетiн төтенше жағдайдың күшiнде болу мерзiмi - 30 тәулiктен, ал оның жекелеген жерлерiнде 60 тәулiктен аспауға тиiс. 2. Төтенше жағдай енгiзiлген мерзiм өткеннен кейiн төтенше жағдай тоқтатылды деп есептеледi. 3. Төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайлар жойылмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi акт шығару арқылы осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiмдер шегiнде оның қолданысын ұзартуға құқылы. 8-бап. Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды қаржыландыру 1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзiлген кезде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiнде жүргiзiлетiн iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Үкіметі резервiнiң және жергiлiктi атқарушы органдар резервтерiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. 2. Қазақстан Республикасы Президентінің шешiмiмен Қазақстан Республикасының төтенше бюджетi енгiзiлуi мүмкiн. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiнде жүргiзiлетiн iс-шараларды қаржыландыру бұл жағдайда төтенше бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Төтенше бюджеттiң қабылдануы туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне дереу хабарланады. 9-бап. Төтенше жағдайдың күшiн жою 1. Егер төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайлар жойылған болса, Қазақстан Республикасының Президентi оның күшiн ол енгiзiлген мерзiм аяқталғанға дейiн толық немесе iшiнара жоюға құқылы. 2. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды толық немесе iшiнара жою жөніндегі Жарлығы Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген мерзiмде қолданысқа енгiзiледi. 10-бап. Төтенше жағдайдың құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi Төтенше жағдай кезеңiнде Қазақстан Республикасының Парламентi таратылмайды. 3-тарау. Төтенше жағдай кезеңіне енгізілетін мемлекеттік басқарудың арнайы органдары. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету 11-бап. Төтенше жағдай кезеңіндегі мемлекеттік басқарудың арнайы органдары 1. Төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайларды жою жөніндегі мәселелердi шұғыл шешу және iс-шараларды жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Президентi мемлекеттік басқарудың төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөніндегі арнайы органдарын құруы мүмкiн, оларға: 1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия; 2) жергiлiктi жердiң комендатурасы жатады. 2006.14.01. № 117-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 2. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайлар Қазақстан Республикасының екі және одан да көп әкімшілік-аумақтық бірліктерінің аумағында туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылады.
2006.14.01. № 117-III ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 12-бап. Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары 1. Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері мыналар болып табылады: 1) төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөнінде шаралар әзірлеу; 2) төтенше жағдай енгізілген аумақтың қызметін басқару мен қамтамасыз ету жөнінде жедел іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру; 3) төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларды уақытша тұруға арналған тұрғын үй-жайларға орналастыруды, оларға қажетті көмек көрсетуді ұйымдастыру; 4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі қызметін үйлестіру; 5) төтенше жағдай кезеңінде жүргізілетін іс-шаралардың орындалуын бақылау. 2. Негізгі міндеттерін орындау үшін Мемлекеттік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады: 1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлейді; 2) Мемлекеттік комиссияға жүктелген міндеттерді орындау мәселелері бойынша орталық, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарын және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің коменданттарын тыңдайды; 3) орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан Мемлекеттік комиссияның қызметін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратады және алады; 4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі іс-шараларды орындауын бақылайды; 5) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларды жою мәселелерін шешу үшін талдамалық, сараптау және басқа да қажетті жұмыстарды орындауға тартады; 6) осы Заңның 15, 16-баптарында көрсетілген қосымша шаралар мен уақытша шектеулерді енгізудің тиімділігін қарайды. Төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайлар толық немесе ішінара жойылған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне қосымша шаралардың, уақытша шектеулердің немесе төтенше жағдайдың толық немесе ішінара күшін жою туралы тиісті ұсыныстар енгізеді.
2006.14.01. № 117-III ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды 12-1-бап. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру 1. Мемлекеттік комиссия орталық, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің коменданттарынан құрылады. Мемлекеттік комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді және ол төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларға байланысты болады. Мемлекеттік комиссия төрағадан, мүшелерден және хатшыдан тұрады. Мемлекеттік комиссиянын төрағасы Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді. Мемлекеттік комиссия мүшелерінің және комиссия жұмысын қамтамасыз ету үшін тартылатын мамандардың жұмыс орындары мен негізгі жұмыс орнындағы жалақысы сақталады. 2. Мемлекеттік комиссияның отырыстарын қажеттілігіне қарай оның төрағасы шақырады, ал оның шешімдері хаттамалармен ресімделеді. Мемлекеттік комиссияның мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады. Отырыстың күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер Мемлекеттік комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі шешімді жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда төраға жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Мемлекеттік комиссия өз құзыретіне сәйкес қабылдайтын шешімдер орталық, жергілікті атқарушы органдардың және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болады. 3. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына жарлықтар мен өкімдердің тиісті жобаларын енгізеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министрі өкімдерінің тиісті жобаларын енгізеді.
13-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген жер комендантының өкiлеттiктерi 2006.14.01. № 117-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 1. Төтенше жағдай енгізілген жергілікті жердің комендатурасы өзінің төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, жүзеге асырады. Жергілікті жердің комендатурасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын комендант және жергілікті жер комендатурасының аппараты құрайды, оның құрамы төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайлар негізге алына отырып айқындалады. Комендант - Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Мемлекеттік комиссия құрылған кезде - Мемлекеттік комиссияның төрағасына бағынады. 2. Төтенше жағдай енгiзiлген жердiң коменданты: 1) өз өкiлеттiгi шегiнде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде барлық жеке және заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, сондай-ақ iшкi iстер органдары, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының бөлiмшелерi, төтенше жағдай енгiзiлген жергiлiктi жерлерде орналасқан (дислокацияланған) және төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн қосымша тартылатын әскери құралымдар бастықтарының (командирлерiнiң) тиiстi аумақта орындауына мiндеттi бұйрықтар мен өкiмдер шығарады; 2) жеке тұлғалардың белгiленген мерзiмде белгiлi бiр жерден кетiп қалуына шектеулер енгiзедi, сол жердiң тұрғындары болып табылмайтын, қоғамдық тәртiптi бұзған адамдарды олардың өз есебiнен тұрақты тұратын жерлерiне немесе төтенше жағдай жарияланған жерден тысқары жерлерге шығарып жiбередi, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген жерде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады; 3) өз мiндеттерiн, коменданттың бұйрықтары мен өкiмдерiн тиiсiнше орындамауына байланысты ұйымдардың басшыларын төтенше жағдайдың күшiнде болу кезеңiнде қызметiнен шеттетедi; 4) Қазақстан Республикасының Президентiне төтенше жағдай енгiзiлген жерде осы Заңда көзделген қосымша шаралар мен уақытша шектеулердi қолдану қажеттiлiгi туралы ұсыныс жасайды және бұл шаралардың орындалуын қамтамасыз етедi; 5) тиiстi жердiң тұрғындарын төтенше жағдай кезiнде қолданылатын енгiзiлген шаралар мен уақытша шектеулердi орындау қажеттiлiгi туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етедi; 6) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың барлық отырыстарына қатысуға және өз құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы; 7) төтенше жағдай енгiзiлген жер комендатурасының жанында журналистердi аккредитациялауды жүзеге асырады. 3. Төтенше жағдай енгiзiлген жердiң комендатурасын құру аталған аумақта жұмыс iстейтiн жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдардың қызметiн тоқтата тұрмайды. 14-бап. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз етуге арналған күштер мен құралдар 1. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқару органының және басқа да мемлекеттік органдардың күштерi мен құралдары пайдаланылады. 2. Қажет болған жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президентi жарлығының негiзiнде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi мынадай мiндеттердi орындауға: 1) төтенше жағдай енгiзiлген жерге кiрудiң және одан шығудың ерекше режимiн сақтауға; 2) ерекше режимдi, режимдi және ерекше қорғалатын объектiлердi, халықтың тыныс-тiршiлiгiн және көлiктiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн объектiлердi, адамдардың өмiрi мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға үлкен қауiп төндiретiн объектiлердi күзетуге; 3) арнайы құралдарды, қаруды қолдану, сондай-ақ әскери және басқа да техниканы пайдалану арқылы күш көрсету әрекеттерi орын алған жанжалдарға қатысқан тайталасушы тараптарды айыруға; 4) заңсыз қарулы құралымдар қызметiнiң жолын кесу iсiне қатысуға; 5) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және адамдар өмiрiн құтқару iсiне қатысуға тартылуы мүмкiн. 3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау мақсатында ғана төтенше жағдай режимiн қамтамасыз етуге тартылады. 4. Осы баптың 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында көрсетiлген мiндеттердi Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен бiрлесiп орындайды. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң әскери қызметшiлерiне "Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының дене күшiн, арнайы құралдарды, қызметтiк иттердi, қаруды қолдану, әскери техниканы пайдалану шарттарына, тәртібіне және шектерiне қатысты бөлiгіндегі ережелерi қолданылады. 4-тарау. Төтенше жағдай кезінде қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер 15-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген кезде қолданылатын негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер Төтенше жағдай енгiзiлген кезде оның күшiнде болу кезеңiне мынадай негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер: 1) қоғамдық тәртiптiң сақталуын, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектiлердiң, сондай-ақ халықтың тыныс-тiршiлiгiн және көлiк қызметiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн объектiлердiң күзетілуін күшейту; 2) төтенше жағдай енгiзiлген жерде жүрiп-түру еркiндiгiн, оның iшiнде көлiк құралдары қозғалысының еркiндiгiн шектеу; 3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлiк құралдарын тексеру; 4) төтенше жағдай енгiзiлген жерге немесе Қазақстан Республикасының аумағына кiруге, сондай-ақ олардан шығуға шектеу белгiлеу; 5) жиналыстарға, митингiлер мен демонстрацияларға, шерулер мен тосқауылдарға тұруға, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шаралар өткiзуге тыйым салу немесе шек қою; 6) ереуiлдерге және заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдiстерiне тыйым салу; 7) жарылғыш, радиоактивтi, сондай-ақ химиялық және биологиялық қауiптi заттарды пайдаланатын заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұру; 8) егер төтенше мән-жайларға байланысты материалдық және мәдени құндылықтардың жойылуының, ұрлануының немесе бүлiнуiнiң нақты қаупi болса, оларды қауiпсiз аудандарға көшiру; 9) төтенше жағдай енгiзiлген жерде ол күшiнде болатын бүкiл кезеңi iшiнде сайлаулар мен республикалық референдумдер өткiзуге тыйым салу көзделедi. 16-бап. Төтенше жағдай кезiнде қолданылатын қосымша шаралар мен уақытша шектеулер 1. Осы Заңның 4-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар болған кезде төтенше жағдай енгiзiлген жағдайда, төтенше жағдай енгiзiлген жерде мынадай қосымша шаралар мен уақытша шектеулер: 1) коменданттық сағат енгізу; 2) баспа басылымдарының мiндеттi даналары мен радио және телехабарларының материалдарын сұратып алу арқылы бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды жүзеге асыру; 3) төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайларды жоюға кедергi келтiретiн саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтата тұру немесе тоқтату; 4) көшiру-көбейту техникасын, радио және телехабарларын беру аппаратурасын, дыбыс және бейнежазба техникасын пайдалануға шек қою немесе тыйым салу, сондай-ақ дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды уақытша алып қою; 5) азық-түлiк пен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатудың, сатып алудың және бөлудiң ерекше тәртібін орнату; 6) тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және қаржылай қаражаттың бiрден бiрге өтуiн қоса алғанда, жеке және заңды тұлғалардың қаржы-экономикалық қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыруына шек қою; 7) қару, оқ-дәрi, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға шек қою немесе тыйым салу, дәрi-дәрмектiң, есiрткi заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртiнiң, алкоголь өнiмдерiнiң айналымына ерекше режим белгiлеу; 8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрiнi, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәрiге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлiк оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивтi заттарды уақытша алып қою көзделедi. 2. Осы Заңның 4-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген мән-жайлар орын алған кезде төтенше жағдай енгiзiлген ретте, төтенше жағдай енгiзiлген жерде мынадай қосымша шаралар мен уақытша шектеулер: 1) тұрғындарды оларға міндетті түрде уақытша тұрғын үй-жайлар бере отырып қауiпсiз аудандарға уақытша көшiру; 2) карантин енгізу, санитариялық-эпидемияға қарсы және iндетке қарсы iс-шараларды жүргiзу; 3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттік материалдық резервтi пайдалану, заңды тұлғалардың ресурстарын тарту, олардың жұмыс режимiн өзгерту және төтенше жағдай кезiнде қажеттi өнiмдер шығаруға қайта бағдарлау; |