|
|
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы
ҚР 2015 жылғы 29 қазандағы № 371-V Заңымен ратификацияланды 2015 жылғы 25 желтоқсанда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі, аумаққа және мемлекеттік шекараға қол сұқпаушылық туралы халықаралық құқықтың қағидатын басшылыққа ала отырып, егемендік және аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, өзара жауласпау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, теңдік, өзара тиімділік және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге ала отырып, мемлекеттік шекара екі елдің арасында ұрпақтан ұрпаққа бейбітшілік пен достықтың мәңгілік шекарасы болып қалуы үшін ортақ күш-жігер жұмсауға батыл қадам жасай отырып, екі елдің мемлекеттік шекарасында тұрақтылықты және шекара маңындағы аудандарда тыныштықты қамтамасыз ету, шекара мәселелерін өзара құрмет пен сенім, тең құқықтық, достастық және ынтымақтастық рухында реттеу мақсатында, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1. «Мемлекеттік шекара», «шекара», «мемлекеттік шекараның сызығы» - бірдей мағынасы бар, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы құрлық және су аумақтарының бөліну шектерін, сондай-ақ осы сызық бойынша өтетін әуе кеңістігі мен жер қойнауын межелеп бөлу тік жазықтық сызығын білдіреді. 2. «Шекараны межелеу туралы құжаттар» - мемлекеттік шекара туралы мемлекетаралық келісімдерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы мен үшінші елдердің арасындағы шекаралардың түйісу нүктелері туралы келісімдерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы шекараны белгілейтін құқықтық құжаттар. 3. «Шекараны шегендеу туралы құжаттар» - шегендеу туралы хаттама, Мемлекеттік шекараның картасы, Шекара белгілерінің хаттамалары, Шекара белгілерінің координаттары мен биіктіктерінің каталогы, Шекара белгісі бағаналарының өзара орналасу схемаларының альбомы, Аралдардың тиесілігі кестесі және шегендегеннен кейін қалыптасқан мемлекеттік шекара туралы басқа да құжаттар. 4. «Бірлесіп тексеру құжаттары» - мемлекеттік шекараны бірлесіп тексеру хаттамалары, Мемлекеттік шекараның картасы, Шекара белгілерінің хаттамалары, Шекара белгілерінің координаттары мен биіктіктерінің каталогы, Шекара белгісі бағаналарының өзара орналасу схемаларының альбомы, Аралдардың тиесілігі кестесі және шекараны бірлесіп тексергеннен кейін қалыптасқан және мемлекеттік шекараны шегендеу туралы құжаттарға қосымшалар болып табылатын басқа да құжаттар. 5. «Шекара белгілері» - сызықта немесе мемлекеттік шекараның екі жағы бойынша орнатылған жергілікті жерде мемлекеттік шекара сызығының өтуін көрсететін белгілер. Олардың географиялық координаттары шегендеу туралы құжаттарда немесе бірлесіп тексеру құжаттарында айқындалған және тіркелген. Шекара белгілері негізгі және аралық болып бөлінеді. 6. «Шекаралық орман соқпақтары» - Мемлекеттік шекараны қадағалауды және көршілес шекара белгілері арасында көру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында оның сызығының екі жағы бойынша белгілі бір ендік шегінде ағаштардан, бұталардан және басқа да өсімдіктерден тазартылған жергілікті жердің жолақтары. 7. «Шекара маңы ауданы» - мемлекеттік шекараға іргелес орналасқан Қазақстан Республикасының аудандары, Қытай Халық Республикасының уездері (қалалары). 8. «Шекара маңындағы халық» - екі мемлекеттің шекара маңындағы аудандарында тұрақты тұратын халық. 9. «Уәкілетті органдар» - құзыретіне осы Келісімге сәйкес мәселелерді шешу кіретін, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында айқындалған органдар. 10. «Шекарадағы тосын оқиға» - мемлекеттік шекара режимін әртүрлі бұзылудан көрінетін оқиға. 11. «Шекара персоналы» - Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы шекаралық ведомстволарының жеке құрамы. 12. «Мемлекеттің шекара өкілдері» - шекарадағы тосын оқиғалардың алдын алу, реттеу мен мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету үшін Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тағайындалған тұлғалар. 13. «Шекара өкілінің сарапшысы» - Тараптар мемлекеттері шекара өкілдерінің қызметін қамтамасыз ету үшін тартылатын, әртүрлі бейіндегі құзыретті мамандар қатарынан тағайындалатын тұлға. 14. «Трансшекаралық сулар» - мемлекеттік шекара сызығын кесіп өтетін немесе мемлекеттік шекара сызығы бойында орналасқан барлық өзендерді және өзге де су айдындарын білдіреді. 15. «Шекаралық сулар» - трансшекаралық сулардың құрамдас бөлігі болып табылады және мемлекеттік шекара сызығы бойында орналасқан барлық өзендерді және өзге де су айдындарын білдіреді. 16. «Трансшекаралық құрылыстар» - мемлекеттік шекараны кесіп өтетін теміржолдар, тас жолдар, мұнай-газ құбырлары, электр беру желілері, кабельдер, көпірлер, бөгендер, шлюздер және басқа да құрылыстар. 17. «Әуе кемесі» - жер бетінен шағылысқан ауамен өзара әрекеттесуден өзгеше ауамен өзара әрекеттесу есебінен атмосферада қалықтайтын ұшу аппараты (ұшақтар, тікұшақтар, дирижабльдер, әуе шарлары және сол сияқты құралдар). 18. «Форс-мажорлық жағдайлар» - алдын ала болжауға болмайтын, болмай қалмайтын және еңсерілмейтін объективті жағдайлар.
2-тарау. Мемлекеттік шекарадан өту сызықтарын, шекара белгілері мен 2-бап
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара сызығы межелеу туралы төмендегі құжаттарға сәйкес айқындалған: 1. 1994 жылғы 26 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісім; 2. 1997 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы Қосымша Келісім; 3. 1998 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы Қосымша Келісім; 4. 1999 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім; 5. 1999 жылғы 25 тамыздағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім.
Тараптар жергілікті жерде мемлекеттік шекараның өту сызығын және шекара белгілерінің орналасқан жерін айқындады, сондай-ақ 2002 жылғы 10 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекара сызығын шегендеу туралы хаттамаға, сондай-ақ Тараптар қол қойған және күшіне енген бірлесіп тексеру құжаттарына сәйкес мемлекеттік шекара сызығын бекітті.
Тараптар осы Келісімнің 3-бабында санамаланған шегендеу туралы құжаттар мен бірлесіп тексеру құжаттарының ережелеріне сәйкес шекара белгілерін және шекаралық орман соқпақтарын күтіп-ұстауға жауапты болады. Тараптардың уәкілетті органдарының жоғарыда көрсетілген жұмыстарды орындауы жөніндегі міндеттері мынадай түрде бөлінеді: 1. Тараптардың уәкілетті органдары өз мемлекеттерінің аумағында орналасқан шекара белгілерін күтіп ұстайды. 2. Тікелей мемлекеттік шекара сызығында орналасқан шекара белгілерін күтіп-ұстауды оларды орнатуға жауапты Тараптың уәкілетті органдары жүзеге асырады. 3. Тараптардың уәкілетті органдары өз мемлекеттерінің аумағында орналасқан шекаралық орман соқпақтарын дербес күтіп ұстайды және оларды тазарту жұмыстарын жүргізеді.
1. Тараптар шекара белгілерін қорғау және күтіп-ұстау жөніндегі шараларды қолданады, олардың бұзылуын, орындарының ауысуын, бүлінуін немесе жоғалуын болғызбайды. Тараптардың уәкілетті органдары үш жылда бір рет шекара белгілерінің жай-күйін бірлесіп тексеру жүргізеді. Шекара белгілерінің жай-күйін бірлесіп тексеру жүргізудің мерзімдері Тараптардың уәкілетті органдары арасында күні бұрын келісіледі. Бірлесіп тексерудің нәтижелері әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада тиісті хаттамалармен ресімделеді. 2. Шекара белгілерінің бүлінуі, орындарының ауысуы, бұзылуы немесе жоғалуы анықталған кезде Тараптардың уәкілетті органдары бір-біріне дереу хабарлайды. Осы Келісімнің 4-бабының ережелеріне сәйкес шекара белгіні күтіп-үстауға жауапты Тараптың уәкілетті органдары оны жөндеу, қалпына келтіру немесе бұрынғы орнына қайтадан орнату жөнінде жедел шаралар қолданады, сондай-ақ осындай жұмыстар басталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын екінші Тарапқа хабарлайды. Жоғарыда көрсетілген жұмыстарды жүргізу екінші Тараптың уәкілетті органдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін осы Келісімнің 1-қосымшасына сәйкес әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде, екі данада Акт ресімделеді. 3. Форс-мажорлық жағдайлар себебі бойынша шекара белгісін қалпына келтіру немесе бұрынғы орнына қайтадан орнату мүмкін болмайтын жағдайда Тараптардың уәкілетті органдары оны қалпына келтіру немесе бұрынғы орнына қайтадан орнату мүмкін еместігі себептерін көрсете отырып, осы Келісімнің 2-қосымшасына сәйкес Акт ресімдейді және бұл мәселе осы Келісімнің 49-бабына сәйкес құрылған Шекара жөніндегі бірлескен Қазақстан-Қытай комиссиясының қарауына шығарылады. Көрсетілген комиссия бұл ретте, мемлекеттік шекараның өту сызығын өзгертпестен, шекара белгісін орнату үшін басқа ыңғайлы орынды белгілеу жөнінде шешім қабылдайды. Тараптар шекара белгісін жаңа орынға орнату үшін Тараптардың уәкілетті органдарының өкілдері мен геодезиялық қызметтер мамандарының қатарынан бірлескен сарапшылар тобын қалыптастырады. Шекара белгісінің орнын ауыстырғаннан кейін оны фотоға түсіру, координаттарын геодезиялық айқындау және биіктігін белгілеу жүргізіледі, сондай-ақ қажет болған жағдайда жергілікті жерді топографиялық суретке түсіру орындалады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша бірлескен сарапшылар тобы осы Келісімнің 3-қосымшасына сәйкес Акт ресімдейді және Шекара белгісінің жаңа хаттамасын, осы учаскедегі мемлекеттік шекара сызығының өтуі сипаттамасының түзетілген фрагментін, Шекара белгілері бағаналарының координаттары мен биіктіктері каталогының түзетілген бөлігін, Шекара белгісі бағаналарының өзара орналасу схемасын жасайды. Жоғарыда көрсетілген құжаттар Шекара жөніндегі бірлескен Қазақстан-Қытай комиссиясының қарауына ұсынылады. Комиссия бекіткеннен кейін бұл құжаттар қосымша құжаттар және шекараны шегендеу туралы құжаттар мен бірлесіп тексеру құжаттарының ажырамас бөліктері болады. Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың нәтижесі осы Келісімнің 7-бабында көрсетілген Мемлекеттік шекара сызығын тексеру жөніндегі бірлескен комиссия әзірлейтін шекараны бірлесіп тексеру құжаттарында көрініс табады. 4. Шекара белгісін жөндеу, қалпына келтіру, қайтадан орнату және орнын ауыстыру, сондай-ақ оның нысаны, мөлшері, дайындау материалы және орналасқан жері шекараны шегендеу туралы құжаттардың немесе бірлесіп тексеру құжаттарының талаптарына сәйкес келуге тиіс. 5. Тараптардың бір де біреуі шекара сызығына жаңа шекара белгілерін немесе оның басқа да белгілемелерін біржақты тәртіппен орнатпауға тиіс. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар шекара белгілерін бүлдірген, орнын ауыстырған немесе жойған тұлғаларды жауапкершілікке тартады.
1. Тараптардың уәкілетті органдары үш жылда бір рет шекараны шегендеу туралы құжаттарда белгіленген ені 15 метрлік (мемлекеттік шекара сызығының екі жағы бойынша 7,5 м) шекаралық орман соқпақтарының жай-күйіне бірлесіп тексеру жүргізеді. Бірлесіп тексеруді жүзеге асыру мерзімін Тараптардың уәкілетті органдары күні бұрын келіседі және айқындайды. Бірлесіп тексерулер нәтижелері әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данадағы хаттамамен ресімделеді. Қажет болған жағдайда, Тараптардың уәкілетті органдары орман соқпақтарын қадағалауға кедергі келтіретін ағаштардан, бұталар мен басқа да өсімдіктерден дербес немесе бірлесіп тазартуы мүмкін. Өз аумағында шекаралық орман соқпақтарын тазарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажет болған жағдайда бір Тараптың уәкілетті органы жұмыс басталғанға дейін 10 күннен кешіктірмей, бұл туралы екінші Тараптың уәкілетті органын хабардар етеді. 2. Шекаралық орман соқпақтарын тазарту үшін Тараптардың мемлекеттеріне залал келтіруі мүмкін отты, химиялық препараттарды және өзге де тәсілдерді қолдануға тыйым салынады. 3. Тараптардың өзге келісімдерінде ескерілгендерден басқа шекаралық орман жолдарында жер жырту, жер қазу жұмыстарын, құрылыстар салу және өзге де шаруашылық қызметін жүзеге асыруға тыйым салынады.
3-тарау. Шекараны бірлесіп тексеру 7-бап
1. Тараптар шекараны шегендеу туралы құжаттар күшіне енгеннен кейін он жылда бір рет мемлекеттік шекара сызығына бірлесіп тексеру жүргізеді. 2. Тараптар әрбір бірлесіп тексеру алдында дипломатиялық арналар арқылы тексерудің басталу мерзімін, оны жүргізу тәртібін және шеңберін келісуге тиіс. Сондай-ақ, келісу жолымен тексеру мерзімінің өзгертілуі немесе шекараның жеке учаскесінде бірлесіп тексеру жүргізілуі мүмкін. 3. Бірлесіп тексеру жүргізу үшін Тараптар Мемлекеттік шекара сызығын тексеру бойынша бірлескен комиссия құрады. Жұмыстың міндеттерін, қағидаттарын, тәртібін, әдістерін, сондай-ақ бірлесіп тексеруге байланысты басқа да мәселелерді осы комиссия айқындайды. 4. Тараптар бірлесіп тексеру нәтижелері бойынша осы Келісімнің 1-бабының 4-тармағында айқындалған құжаттарды жасайды.
4-тарау. Трансшекаралық және шекаралық сулар 8-бап
Трансшекаралық суларды пайдалану кезінде Тараптар 2001 жылғы 12 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау туралы ынтымақтастық туралы келісімнің және Тараптар мемлекеттері бір мезгілде қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелерін басшылыққа алады.
1. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары мемлекеттік шекараның сызығына дейін шекаралық сулардың өз жағында балық аулауды жүзеге асыруы мүмкін. Жарылғыш және химиялық заттарды, электр тоғын немесе шекаралық сулардың балықтары мен басқа да биологиялық ресурстарын жаппай қырып-жоюдың басқа да тәсілдерін қолдануға тыйым салынады. Тараптардың уәкілетті органдары шекаралық суларда балық пен басқа да биологиялық ресурстарды заңсыз аулаудың жолын кесу жөніндегі шараларды бірлесіп немесе дербес қолданады. 2. Ғылыми-зерттеу мақсатындағы аулауды қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында белгіленген мерзімде және жерлерде балық пен басқа да биологиялық ресурстарды аулауға тыйым салынады. 3. Тараптардың уәкілетті органдары трансшекаралық сулардың балықтар мен басқа да биологиялық ресурстарын күзету, өсімін молайту және пайдалану мәселелерін қажет болған кезде жекеленген келісімдерге сәйкес шешеді.
1. Тараптар шекаралық сулардың жағалауларының бұзылуы мен арналары орналасуы өзгеруінің алдын алу жөнінде қажетті шаралар қолданады. Шекаралық сулардың өз жағалауларын инженерлік нығайту жөніндегі жұмыстар кезінде бір Тарап екінші Тарап мемлекетінің жағалауына залал келтірмеуге тиіс және көрсетілген жұмыстардың жүргізілуі туралы олар басталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын оны хабардар етеді. Шекаралық сулардың жағалауларын қорғау мәселелерін Тараптар тең құқықтық және өзара тиімділік қағидаты негізінде келісіп, реттейді. 2. Тараптардың уәкілетті органдары, қажет болған кезде Тараптармен келісілгеннен кейін шекаралық сулар арнасын тереңдетеді және оған тазарту жүргізеді. Тиісті шығыстар Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы келісу бойынша айқындалады. Шекаралық сулардың түбін тереңдету және тазарту кезінде олардың арналары мен жағалауларына зиян келтіруді болғызбау үшін Тараптар шығарылатын тұнбаларды тиісті түрде жинақтау үшін белгілі бір орынды келіседі. 3. Тараптардың бір де біреуі екінші Тараптың келісуінсіз мемлекеттік шекарада орналасқан трансшекаралық сулар арналарының орналасуын жасанды түрде өзгерте алмайды.
Бір Тарап шекаралық суларда немесе олардың жағалауларында қандай да бір құрылыстарды немесе ғимараттарды (трансшекаралық объектілерді қоса алғанда) салу, реконструкциялау немесе бұзу кезінде екінші Тарап мемлекетінің мүддесіне нұқсан келтіруге жол бермейді. Шекаралық суларда немесе олардың жағалауларында жүзеге асырылатын шекаралық сулардың арналары орналасуы мен ағыстарын өзгертуге әкеп соғуы, су ресурстарын пайдалануға әсер етуі, балықтардың өріс аударуына, экологиялық ортаға, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің басқа да мүдделеріне залал келтіруі мүмкін мәселелерді Тараптар мемлекеттерінің тиісті уағдаластықтары арқылы реттеледі.
5-тарау. Шекара маңындағы аудандардағы өндірістік қызмет және 12-бап
Мемлекеттік шекараға таяу жерде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, орман және басқа да өндірістік қызметпен айналысу, сондай-ақ жер қойнауын игеру кезінде бір Тарап екінші Тарап мемлекетінің мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Бір Тараптың мемлекеттік шекара сызығынан бір мың метр шегінде жарылыс жұмыстарын жүргізуі қажет болған кезде ол кемінде 48 сағат бұрын екінші Тарапты хабардар етеді және оның мүдделеріне нұқсан келтірмеу үшін алдын алу шараларын қолданады.
1. Трансшекаралық құрылыстарды салу, пайдалану және жөндеу Тараптардың қол жеткізген уағдаластықтарына сәйкес жүзеге асырылады. 2. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, шекаралық сулардағы трансшекаралық объектілерді пайдалануға жауапкершілік шекаралары объектінің орталық бойымен, оның ортасымен немесе технологиялық осі бойымен өтетін сызықпен айқындалады. Шекаралық сулардағы трансшекаралық объектілерді пайдалануға жауапкершілік шекаралары жергілікті жерде мемлекеттік шекара сызығының өтуіне әсер етпейді.
1. Бір Тараптың уәкілетті органдары екінші Тараптың аумағына малдың және үй құстарының өтуін болдырмау мақсатында мемлекеттік шекара сызығы маңында оларды бағуды бақылауды жүзеге асырады. 2. Мал немесе үй құстары Екінші Тараптың аумағына өткен жағдайда Тараптардың уәкілетті органдары қысқа мерзімде бір-бірін хабардар етеді және оларды іздеу, күзету және жедел түрде қайтару үшін шаралар қолданады. Оларды жасыруға, союға немесе сатуға, сондай-ақ шаруашылық мақсаттарда пайдалануға тыйым салынады.
1. Тараптардың уәкілетті органдары адамдар мен жануарлардың жұқпалы ауыруларының, індеттер мен эпизоотиялардың, сондай-ақ зиянкестердің, өсімдіктер ауруларының және ауыл шаруашылығы мен орман дақылдары арамшөптерінің (оның ішінде карантиндік зиянды организмдердің) енуін және таралуын болдырмау жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық (профилактикалық), ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолданады. Шекара маңындағы аудандарда санитариялық-эпидемиологиялық, эпизоотиялық жағдай нашарлаған, адамдардың денсаулығына, жануарларға, өсімдіктер мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін шекара маңындағы аудандарда адамдар немесе жануарлардың жұқпалы аурулары, сондай-ақ зиянкестер, өсімдік аурулары мен ауыл шаруашылығы және орман дақылдарының арамшөптері (оның ішінде карантинді зиянды организмдер) анықталған және олардың шекара арқылы таралуы мүмкін болған кезде Тараптардың уәкілетті органдары бұл туралы бір-бірін дереу хабардар етеді. 2. Тараптардың уәкілетті органдары қажет болған кезде шекаралық ормандарды, су және басқа да табиғи ресурстарды күзету және пайдалану мәселелері, адамдар мен жануарлардың жұқпалы ауруларының, сондай-ақ зиянкестердің, өсімдіктер ауруларының және ауыл шаруашылығы мен орман дақылдары арамшөптерінің (оның ішінде карантинді зиянды организмдердің) профилактикасы проблемалары бойынша консультациялар жүргізеді.
Тараптар мемлекеттік шекара сызығынан бір мың метр шекте қару қолдана отырып аң аулауға, сондай-ақ екінші Тарап мемлекетінің аумағына бағыттап оқ атуға, шекара арқылы аңшылық кәсіп жасауға және жануарлардың ізіне түсуге тыйым салады.
Шекара маңындағы аудандарда табиғи зілзалалар (су тасу, өрт, сең жүру және сол сияқты) туындаған кезде Тараптардың уәкілетті органдары уағдаластық бойынша зардап шегуші Тарапқа апаттан құтқаруға қажетті көмек көрсетеді және екінші Тарап мемлекетінің аумағына апаттың таралмауы жөнінде шаралар қолданады.
1. Тараптар форс-мажорлық жағдайлар туғызған жайттарды қоспағанда, әуе кемелерінің мемлекеттік шекараны кесіп өте отырып, заңсыз ұшуына жол бермеу жөнінде шаралар қолданады. 2. Мемлекеттік шекара сызығынан 25 километр шекте өз аумағын аэрофотоға түсіруді және басқа да қашықтықтан зондтауды жүзеге асыру мақсатында әуе кемелерінің ұшуларын жоспарлап отырған Тарап олар басталғанға дейін кемінде 15 күн бұрын бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 4-қосымшасына сәйкес хабардар етеді. Егер жоғарыда көрсетілген ұшуларды екінші Тарап аумағының үстінен шекараны кесіп өту арқылы жасау қажет болған жағдайда, бір Тарап бұл туралы олар басталғанға дейін кемінде 30 күн бұрын Екінші Тараптың келісімін алу үшін дипломатиялық арналар арқылы оған осы Келісімнің 5-қосымшасына сәйкес сұрау жібереді. Екінші Тарап ұшулар басталғанға дейін 10 күннен кешіктірмей жоғарыда көрсетілген сұрауға жауап жібереді.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, шекара күзеті мүддесінде пайдаланылатын тұрақты құрылыстарды қоспағанда, мемлекеттік шекараның құрлықтық сызығының екі жағынан жиырма метр шегінде оларды салуға тыйым салынады.
Тараптардың уәкілетті органдары мемлекеттік шекарадағы өндірістік қызметке және оған іргелес аудандар шегінде бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ 10 күннен кешіктірмей осы Келісім ережелеріне сәйкес мемлекеттік шекара режиміне әсер етуі мүмкін қызметті жүзеге асыру мерзімі мен нақты орны туралы бір-бірін хабардар етеді.
Тараптар шекараны кесіп өту үшін жағдайларды қамтамасыз ету, шекара маңындағы аудандардағы тәртіпті сақтау, контрабанданы, заңсыз көші-қонды, есірткі мен психотроптық заттармен сауда жасауды, тыйым салынған заттарды сату және өткізу, басқа да трансшекаралық қылмыстарды болдырмау және олардың жолын кесу мүддесінде ынтымақтастық пен өзара іс-әрекетті нығайтады. Осы мақсаттарда Тараптар немесе олардың уәкілетті органдары ынтымақтастық туралы тиісті келісімдерге қол қояды.
6-тарау. Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі 22-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары өз елінің уәкілетті органдары жарамды деп жарияланған құжаттар негізінде екінші Тарап мемлекеті аумағына кіріп, шығады және олардың нақты жарамдылығының белгіленген мерзімдері шегінде онда бола алады. Көрсетілген құжаттар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларымен және Тараптар арасындағы қолданыстағы халықаралық шарттармен айқындалады. 2. Теміржол тасымалдарына қызмет көрсететін персоналдың мемлекеттік шекараны кесіп өту және оның шекаралық теміржол станциялары аумағы немесе шекаралас станциялар арасындағы аумақ шегінде болу мәселелері Тараптардың тиісті келісімдерімен айқындалады. 3. Багажы, жеке заттары бар адамдар және көлік құралдары Тараптар белгілеген өткізу пункттерінде шекараны кесіп өтеді. Мемлекеттік шекараны әуе кемесімен кесіп өту Тараптардың уәкілетті органдары белгілеген халықаралық әуе жолдары бойынша жүзеге асырылады.
Тараптар мемлекеттерінің шекарада тұратын халқының, трансшекаралық құрылыстарды салуға қызмет көрсететін персоналдың, шекара маңы аудандарының ұйымдары жұмыскерлерінің және басқа да адамдардың шекарадан жеңілдетілген тәртіппен кесіп өтуін ресімдеу мәселелері Тараптардың тиісті келісімдерімен айқындалады.
Шекара маңындағы аудандарда өрт, сең жүру немесе басқа да табиғи зілзалалар туындаған кезде бір Тараптың өрт сөндіру немесе құтқару персоналы екінші Тараптың уәкілетті органдарының өтініші бойынша көмек көрсету үшін Тараптардың тиісті органдары растаған тізімдер және жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша мемлекеттік шекарадан өтуі мүмкін. Шекараны кесіп өту орындары мен нақты уақыты Тараптардың уәкілетті органдарымен келісіледі.
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері Тараптардың тиісті келісімдерімен белгіленеді. Тараптардың уәкілетті органдары мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің жұмыс режимі мәселелері бойынша ынтымақтастық тетігін айқындайды.
Тараптар мемлекет қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мүдделерінде, санитариялық-эпидемиологиялық ахуал бойынша, сондай-ақ табиғи зілзалалар мен өзге де форс-мажорлық жағдайларға байланысты азаматтардың жүктерімен және жеке заттарымен және көлік құралдарымен шекараны кесіп өтуін уақытша шектеу енгізуі немесе тоқтатуы мүмкін. Жоғарыда көрсетілген шектеулер қолданылатын жағдайда бір Тарап міндетті түрде екінші Тарапты алдын ала хабардар етеді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |