Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттарды сатып алуды
Осы редакция 2009 жылғы 31 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттарды сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 26 шілдедегі № 632 қаулысымен Бекітілген
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттар сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу ережесі
1-бөлім. Сатып алудың негізгі ережелері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттар сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 маусымдағы Заңының 6-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын дәрілік заттарды сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін айқындайды. 2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) тапсырыс берушінің немесе тендерді ұйымдастырушының аффилиирленген тұлғасы - шешімді анықтауға және (немесе) тапсырыс беруші немесе тендерді ұйымдастырушы қабылдайтын шешімге, оның ішінде шартқа орай ықпал етуге тікелей және (немесе) жанама мүмкіндігі бар тұлға (берілген өкілеттіктер шеңберінде оның қызметін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда), сондай-ақ өзіне қатысты тапсырыс берушінің немесе тендерді ұйымдастырушының осындай құқығы бар кез келген тұлға; 2) ықтимал өнім берушінің ааффилиирленген тұлғасы - шешімді анықтауға және (немесе) тапсырыс беруші немесе тендерді ұйымдастырушы қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде шартқа немесе өзге де мәмілеге орай ықпал етуге тікелей және (немесе) жанама құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзіне қатысты сол ықтимал өнім берушінің осындай құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға; 3) тапсырыс беруші - республикалық, жергілікті және денсаулық сақтау бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері және осы Ережеге сәйкес сатып алуды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары; 4) сатып алу - осы Ережеде белгіленген тәртіппен және тәсілдермен тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттарды тапсырыс берушінің қарамағындағы ақшаның есебінен сатып алуы; 5) біртекті дәрілік заттар - құрамында ұқсас әсер ететін зат бар өзара алмастырушы дәрілік заттар немесе бірдей фармакологиялық әсері бар ұқсас құрам; 6) ықтимал өнім беруші - дәрілік заттар сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында сатып алу үдерісіне қатысатын заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер; 7) тендер - ықтимал өнім берушілер арасындағы ашық бәсекені көздейтін және дәрілік заттарды сатып алу туралы шартының неғұрлым пайдалы шарттарын анықтауға бағытталған сатып алу тәсілі; 8) тендерлік құжаттама - тендерлік өтінімді дайындау үшін ықтимал өнім берушіге табыс етілетін тендерді өткізу талаптары мен тәртібі бар құжат; 9) тендерлік өтінім - тендерлік құжаттамаға сәйкес жасалған ықтимал өнім берушінің тендерлік ұсынысы; 10) тендерлік комиссия - тендерді ұйымдастыру мен өткізу үшін тендерді ұйымдастырушының қызметкерлерінен құрылатын комиссия; 11) тендерді ұйымдастырушы - тапсырыс беруші немесе тендерді ұйымдастыру мен өткізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тапсырыс беруші белгілеген адам; 12) отандық тауар өндіруші - Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттарды өндіретін, жергілікті еңбек ресурстарының кемінде 85 пайызын пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға.
2-тарау. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттар сатып алудың қағидаттары мен тәсілдері
3. Дәрілік заттар сатып алу мынадай қағидаттар сақтала отырып өткізіледі: 1) дәрілік заттар сатып алу үшін пайдаланылатын бюджет қаражатын оңтайлы және тиімді жұмсау; 2) осы Ережеде көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық ықтимал өнім берушілердің сатып алу үдерісіне қатысуына тең мүмкіндік беру; 3) ықтимал өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік; 4) сатып алу үдерісінің жариялылығы. 4. Тендерді ұйымдастырушының қызметкерлеріне, сондай-ақ аффилиирленген тұлғаларына осы Ережемен реттелетін сатып алуды жүзеге асыру кезінде ықтимал өнім беруші ретінде қатысуына тыйым салынады. Ықтимал өнім беруші және оның аффилиирленген тұлғасының бір лотқа қатысуға құқығы жоқ. 5. Тендерді ұйымдастырушының қызметкері, егер ол ықтимал өнім берушінің лауазымды тұлғасының немесе сенімді тұлғасының жақын туысы (ата-аналары, жұбайы (зайыбы), ағалары, апа-қарындастары, балалары) болып табылса не тендер нәтижелеріне өзге де түрде мүдделі болса, сатып алу рәсімдеріне байланысты міндеттерді орындай алмайды. 6. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттарды сатып алу мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады: 1) тендер өткізу; 2) сатып алу көлемі айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспайтын дәрілік заттарды сатып алу; 3) дәрілік заттарды бір көзден сатып алу.
3-тарау. Ықтимал өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары
7. Сатып алуға қатысу үшін ықтимал өнім беруші мынадай біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс: 1) кәсіптік білікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының фармацевтика нарығында кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесінің болуы; 2) дәрілік заттарды сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауға қажетті қаржы, материалдық және еңбек ресурстарының болуы; 3) дәрілік заттарды сатып алу туралы шарт жасасу үшін азаматтық құқық қабілеттілігінің болуы; 4) төлем қабілеті, сатып алуды өткізу сәтінде таратылуға тиіс болмауға, оның қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрмауға тиіс. 8. Ықтимал өнім беруші өзінің біліктілік талаптарына сәйкес келетінін растау үшін тендерді ұйымдастырушыға аттестаттардың, куәліктердің, патенттердің, лицензиялардың, сертификаттардың, дипломдардың, анықтамалардың және өзге де құжаттардың көшірмелерін табыс етеді. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен міндетті аудит өткізу белгіленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылы үшін аудиторлық есепті де тапсырады. 9. Тендерді ұйымдастырушының ықтимал өнім берушіге осы Ереженің 7-тармағында көзделмеген біліктілік талаптарын қоюға құқығы жоқ.
4-тарау. Тендерде сатып алынатын дәрілік заттарға қойылатын талаптар
10. Тендерде сатып алынатын дәрілік заттарға қойылатын талаптар: 1) дәрілік заттар Қазақстан Республикасында заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелуі және пайдалануға дайын болуы тиіс; 2) төмен температурада сақтауды және мұздатудан қорғауды талап ететін дәрілік заттар тиеу пунктінен соңғы тұтынушының пунктіне дейін сақтауды қамтамасыз ету үшін арнайы сыйымдылықтарда сақталуы және тасымалдануы тиіс; 3) тұтыну орамы мен дәрілік заттарды қолдану жөніндегі нұсқаулық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс; 4) жеткізілген сәттегі қалған жарамдылық мерзімі әрбір лот бойынша бөлек тендер құжаттамасында белгіленеді; 5) дәрілік заттар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жағдайда өндірілуі тиіс; 6) дәрілік заттардың түпнұсқа дәрілік заттарға арналған клиникалық тиімділігі туралы деректері немесе қайта өндірілген дәрілік заттарға арналған биобаламалылығы болуы тиіс (бұл талап тендерді ұйымдастырушының қалауы бойынша белгіленеді). 11. Тендерді ұйымдастырушының сатып алынатын дәрілік заттарға осы Ереженің 10-тармағында көзделмеген талаптарды белгілеуге құқығы жоқ.
2-бөлім. Тендер өткізу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
5-тарау. Тендерді ұйымдастыру
12. Тендер өткізу туралы ықтимал өнім берушілер тендерлік өтінімдерді қабылдауды аяқтау күніне дейін жиырма күнтізбелік күннен кешіктірмей республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарландырумен жариялау жолымен хабардар етіледі. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың аяқталуы мен тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу үдерісінің басталуы арасындағы уақыттың ұзақтығы екі сағаттан аспауға тиіс. 13. Осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жарияланатын тендер өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер болуға тиіс: 1) тендерді ұйымдастырушының атауы мен мекен-жайы; 2) дәрілік заттардың атауы (халықаралық патенттелмеген атауы бойынша), сатып алу көлемі, сатып алынатын дәрілік заттарды жеткізу орны; 3) дәрілік заттарды жеткізудің талап етілетін мерзімдері; 4) тендерлік құжаттаманы алудың тәсілдері мен орны, оның құны (егер ақы төлеу көзделген жағдайда банктік шот немесе тендерді ұйымдастырушының кіріс коды); 5) тендерлік өтінімдерді беру орны және соңғы мерзімі; 6) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу күні, уақыты және орны; 7) тендерді ұйымдастырушы айқындайтын өзге де қажетті ақпарат. 14. Тендерді өткізу үшін оны ұйымдастырушы тендерлік комиссия құрады. 15. Тендерлік комиссияны тендерді ұйымдастырушы сатып алынатын дәрілік заттарға қарай әрбір тендерге бөлек құрады. 16. Тендерлік комиссияның құрамына тендерлік комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары және мүшелері кіреді. Тендерлік комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауы және кемінде үш адам болуы тиіс. Тендерлік комиссияның хатшысы тендерлік комиссияның мүшесі болып табылмайды және тендерлік комиссия шешімдер қабылдаған кезде оның дауыс беру құқығы болмайды. Тендерлік комиссия тендерді ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі тендерлік комиссия құру туралы шешімді тендерді ұйымдастырушы бекіткен сәттен бастап және дәрілік заттарды сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейін әрекет етеді. Егер тендер өтпеді деп танылған немесе оның қорытындыларының күші жойылған жағдайда, тендерлік комиссия өз қызметін тоқтатады. 17. Тендерлік комиссияның құрамына міндетті түрде тендерді ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің бірінші басшылары немесе олардың орынбасарлары енгізіледі, сондай-ақ тендерді ұйымдастырушының және тапсырыс берушінің оқшауланған құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен мамандары енгізілуі мүмкін. 18. Тендерлік комиссияның төрағасы тендерді ұйымдастырушының бірінші басшысының орынбасарынан төмен болмайтын адам болып табылады, ол оның қызметін басқарады, комиссия отырыстарына төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған кезде оның функциясын орынбасары атқарады. 19. Тендерлік комиссияның хатшысы сатып алуды ұйымдастыру мен өткізуге жауапты тендерді ұйымдастырушының тиісті бөлімшесінің маманы болып табылады. Тендерлік комиссияның хатшысы ықтимал өнім берушілерге тендерлік құжаттаманы ұсынады, ықтимал өнім берушілерден тендерлік өтінімдер салынған конверттерді қабылдайды, тендерлік комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар, қажетті құжаттар, материалдар дайындайды және отырыс өткізілгеннен кейін оның хаттамаларын ресімдейді, келіп түскен тендерлік өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға тілек білдірген ықтимал өнім берушілерді тіркеу журналдарын жүргізеді, оларда тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ықтимал өнім берушінің ұсынған уақыты мен күні және ықтимал өнім берушінің уәкілетті өкілінің (тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ұсынған адамның және тендерге қатысушының) тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі. Келіп түскен тендерлік өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға тілек білдірген ықтимал өнім берушілерді тіркеу журналдары тігілуге, беттері нөмірленуге тиіс, соңғы беті тендерді ұйымдастырушының мөрімен куәландырылуға тиіс. 20. Қажет болған кезде тендерді ұйымдастырушы дәрілік заттарды сараптауды жүзеге асыруға клиникалық фармакологтардан және денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарынан немесе аккредиттелген ұйымдардың сарапшыларынан сараптау комиссиясын құра алады. 21. Сарапшылар (сараптау комиссиясы, ол құрылған жағдайда) ықтимал өнім берушілер ұсынған дәрілік заттардың тендерлік құжаттаманың талаптарына сәйкестігі жөнінде сараптамалық қорытынды береді және тендерлік комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы жоқ. Сарапшылардың (сараптау комиссиясының) сараптама қорытындысы тендерге ұсынылған тендерлік өтінімдерді бағалау мен салыстыру және тендер жеңімпазын анықтау кезінде, егер ол тендерлік құжаттамада көзделген талаптар шегінде жасалған жағдайда ғана ескеріледі. Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресімделеді, оған сарапшылар (сараптау комиссиясының мүшелері) қол қояды және тендерлік комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі. 22. Тендерлік комиссияның отырысы тендерлік комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде өткізіледі. Тендерлік комиссияның шешімі ашық дауыспен қабылданады және егер ол үшін тендерлік комиссияның қатысушы мүшелері жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, тендерлік комиссияның төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданды деп саналады. Тендерлік комиссияның қандай да бір мүшесі өндірістік немесе басқа себеппен болмаған жағдайда тендерлік комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі және осы фактіні растайтын құжатқа сілтеме көрсетіледі. Егер тендерлік комиссия мүшелерінің қажетті саны болмауы себебінен тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу жөніндегі тендерлік комиссияның отырысы белгіленген күн мен уақытта өтпеген жағдайда, тендерлік комиссияның хатшысы тендерге ұсынылған тендерлік өтінімдер салынған конверттердің сақталуын қамтамасыз етеді және жарияланған мерзімнен 24 сағаттан кешіктірмей, конверттерді ашуды жүргізу күні мен уақыты туралы жариялайды. Бұл ретте жаңадан берілген өтінімдер қабылданбайды. Егер хатшы жариялаған уақытта тендерлік комиссия мүшелерінің қажетті саны болмаған жағдайда, 24 сағат өткеннен кейін тендерді ұйымдастырушы тиісті шешіммен тендерлік комиссияның жоқ мүшелерін ауыстыру бөлігіне осындай ауыстырудың себептерін көрсете отырып, тендерлік комиссияның құрамына өзгерістер енгізеді. 23. Тендерлік комиссия отырысының хаттамасына тендерлік комиссияның барлық қатысушы мүшелері, оның төрағасы, оның орынбасары және хатшысы қол қояды.
6-тарау. Тендерді өткізу (ұйымдастыру)
24. Тендерді ұйымдастырушы ниет білдірген барлық ықтимал өнім берушілердің назарына мынадай шарттарды жеткізеді: 1) тендерлік құжаттаманың және ықтимал өнім беруші өзінің қойылатын осы Ереженің біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін табыс етілуі тиіс басқа құжаттар тізбесі; 2) техникалық ерекшеліктерді қоса алғанда, сатып алынатын дәрілік заттардың сипаты, олардың қажетті техникалық және сапалық сипаттамалары; 3) сатып алынатын дәрілік заттардың саны (көлемі); 4) дәрілік заттардың жеткізілу орны, талап етілетін мерзімдері және талаптары; 5) төлем талаптары және дәрілік заттарды сатып алу туралы шарттың жобасы; 6) оған сәйкес жеңіп шыққан тендерлік өтінімді анықталатын бағадан басқа, өлшемдер, тендерлік өтінімдерді бағалау мен салыстыру әдісінің сипаты; 7) тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің өз құнынан басқа, бағаның тасымалдауға және сақтандыруға, кеден баждарын, салықтар мен алымдарды және басқаларын төлеуге арналған шығыстар сияқты элементтерді қамтуға тиіс екендігіне не тиіс еместігіне нұсқамаларды қоса алғанда, тендерлік өтінімнің бағасын есептеу тәсілі мен әдістемесі; 8) тендерлік өтінімнің бағасы көрсетілуге тиіс валютаны немесе валюталарды және тендерлік өтінімдердің бағасын салыстыру мен бағалау мақсатында бірыңғай валютаға келтіру үшін қолданылатын бағам; 9) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес тендерлік өтінімді, дәрілік заттарды сатып алу туралы шартты жасау мен табыс етудің тіліне қойылатын талаптар; 10) ықтимал өнім берушінің тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімін көрсету қажеттілігі туралы ақпарат; 11) тендерлік өтінімді қамтамасыз етуді енгізу тәртібі, нысаны, мерзімдері; 12) ықтимал өнім берушінің тендерлік өтінім берудің соңғы мерзімі өткенге дейін тендерлік өтінімді өзгерту немесе кері қайтарып алу мүмкіндігіне нұсқама; 13) тендерлік өтінімдер беру орны және соңғы мерзімі және олардың қолданылу мерзімі; 14) тендерлік құжаттаманың мазмұны бойынша ықтимал өнім берушілер солардың көмегімен түсіндіру сұрата алатын тәсілдері, сондай-ақ тендерді ұйымдастырушының сол кезеңде ықтимал өнім берушілермен ашық нысанда өткізілетін және хаттамаланатын кездесу өткізу ниеті туралы хабар; 15) тендерлік өтінімдері бар конверттерді ашу орны мен күні, уақыты; 16) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу және тендерлік өтінімдерді қарау үшін пайдаланылатын рәсімдер; 17) ықтимал өнім берушілер - отандық тауар өндірушілерге басымдық беру талаптары; 18) дәрілік заттарды сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелер енгізу талаптары, нысаны, көлемі мен қамтамасыз ету тәсілі. 25. Біртекті дәрілік заттарды сатып алу жөнінде тендер өткізу кезінде тендерді ұйымдастырушы мұны тендерлік шарттарда көздей отырып, тендерді лоттар бойынша өткізеді. Бұл ретте тендер жеңімпазы әрбір лот бойынша жеке анықталады. 26. Ықтимал өнім беруші тендерді ұйымдастырушыдан тендерлік құжаттаманы түсіндіруге сұрау салуға құқылы, бірақ ол тендерлік өтінімді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейінгі он күнтізбелік күннен кешіктірілмеуі керек. Тендерді ұйымдастырушы өтінім алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей тендерлік құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал өнім берушіге тиісті түсіндіруді сұрау салудың авторын көрсетпей жіберуге тиіс. 27. Тендерді ұйымдастырушы тендерлік өтінімді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде өз бастамасымен немесе ықтимал өнім берушінің сауалына жауап ретінде хаттама ресімдеу жолымен тендердің шарттарына өзгерістер енгізуге құқылы. Енгізілген өзгерістердің міндетті күші болады және тендерлік құжаттаманы берген барлық ықтимал өнім берушілерге олар туралы дереу хабарланады. Бұл ретте тендерді ұйымдастырушы ықтимал өнім берушілердің бұл өзгерістерді тендерлік өтінімдерде есепке алуы үшін тендерлік өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімін кемінде он күнтізбелік күн мерзімге ұзартады. 28. Тендерді ұйымдастырушы тендердің шарттарын түсіндіру үшін тендерлік құжаттамада көрсетілген белгілі бір орында және белгілі бір уақытта ықтимал өнім берушілермен кездесу өткізуге құқылы. Көрсетілген кездесуді өткізу кезінде кездесу барысында табыс етілген тендер шарттарын түсіндіру жөніндегі мәселелер мен жауаптарды қамтитын хаттама жасалады, ол кездесу қорытындылары бойынша тендерлік құжаттама табыс етілген барлық ықтимал өнім берушілерге дереу жіберіледі. 29. Тендерді ұйымдастырушы табыс етілген тендерлік құжаттама үшін тендерлік құжаттаманы көшіруге нақты жұмсалған шығындардан аспайтын ақы алуға құқылы (ақы алу туралы тендерді ұйымдастырушы тендерлік құжаттамада алдын ала көздейді). Тендерлік құжаттаманы табыс еткені үшін ұйымдастырушылар алатын ақы тендерді ұйымдастырушының оған қызмет көрсететін банктердегі банк шоттарына, бухгалтериясына енгізіледі немесе тендерді ұйымдастырушының тиісті бюджетінің кірістер кодына аударылады. 30. Төлем туралы растау тендерлік құжаттаманы алу кезінде тендерді ұйымдастырушыға беріледі. 31. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тендерлік құжаттама тегін беріледі.
7-тарау. Тендерлік өтінімдердің қолданылу мерзімі, оны ұстау, табыс ету, өзгерту және кері қайтарып алу
32. Тендерге қатысуға ниет білдірген ықтимал өнім беруші тендерлік өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін тендерлік құжаттамаға сәйкес тендерлік өтінімді мөрленген түрде тендерді ұйымдастырушыға табыс етеді. 33. Тендерлік өтінімдер берудің ең соңғы мерзімі өткеннен кейін алынған тендерлік өтінім ашылмайды және оны ұсынған ықтимал өнім берушіге қайтарылады. 34. Тендерлік өтінім тендерлік құжаттамаға сәйкес онда көрсетілген мерзім ішінде күшінде қалады. Тендерге қатысу үшін ықтимал өнім беруші берген тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімі кемінде қырық бес күнтізбелік күн болуы тиіс. Мерзімі тендердің шарттарында көрсетілгеннен неғұрлым қысқа мерзімді тендерлік құжат қабылданбайды. 35. Тендерге қатысуға ниет білдірген заңды тұлға болып табылатын ықтимал өнім берушінің тендерлік өтінімінде мыналар болуы тиіс: 1) осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес тендерге қатысуға өтінім; 2) ықтимал өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарының сәйкестігін растайтын құжаттар: ықтимал өнім берушінің дәрілік заттарды өндіруге және/немесе көтерме саудада сатуға құқығын растайтын лицензиялардың нотариалды куәландырылған көшірмелері; бірінші басшы немесе оны алмастыратын тұлға, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған соңғы қаржы жылындағы бухгалтерлік теңгерімнің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі. Егер конверттер ағымдағы жылдың 30 сәуіріне дейінгі мерзімде ашылған болса, онда соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылының бухгалтерлік теңгерімінің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі ұсынылады; Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген заңды тұлғалардың соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебінің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі. Егер конверттерді ашу ағымдағы жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде жүргізілген жағдайда, онда соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылғы аудиторлық есептің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі ұсынылады; заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі; статистикалық карточканың нотариалды куәландырылған көшірмесі (егер ықтимал өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса, онда статистикалық карточканың нотариалды куәландырылған көшірмесі талап етілмейді); құрылтай құжатынан немесе құрылтайшылардың құрамы туралы жарғыдан немесе нотариалды куәландырылған үзінді көшірме; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі ұзартылған жағдайларды қоспағанда, тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы бойынша үш айдан асатын салық берешегінің және жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқтығы (болуы) туралы бірінші басшының не басшының орынбасарының қолы қойылып, осы салық органының мөрі басылып расталған анықтамасының түпнұсқасы; конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу күнінің қарсаңында ықтимал өнім берушінің банктің (банктердің) алдында үш айдан асатын мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы бірінші басшының немесе тиісті растама болған кезде оны алмастыратын тұлғаның және бас бухгалтердің қолы қойылып, банктің (банктердің) мөрі басылған банктің (банктердің) анықтамасының түпнұсқасы (егер ықтимал өнім беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктердің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, бұл анықтама осындай банктердің әрбірінен ұсынылады); мамандардың біліктілігі, мамандығы бойынша жұмыс өтілі көрсетілген олардың болуы және саны туралы мәліметтер; өнімді ұсыну және оны Қазақстан Республикасының аумағында сату құқығына өндірушінің немесе оның Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің (өкілінің) сенімхатының түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі; егер ықтимал өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылған және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, осы ықтимал өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті емес және салық есебінде жоқ екендігі туралы Қазақстан Республикасының салық органы анықтамасының түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі; 3) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес ұсынылған, ілеспе қызметтердің құнын қоса алғанда, берілетін дәрілік заттардың түпкі бағасын құрайтын, ықтимал өнім берушінің барлық нақты шығындары қамтылуы тиіс ықтимал өнім беруші ұсынған баға кестесі; 4) мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері берген дәрілік заттарды сақтау мен тасымалдау үшін жағдайдың болуын, қажет болған кезде мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары берген "суықтық тізбегінің" болуын тексеру актісі; |