Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы 2001 жылғы 19 қаңтардағы (2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2009 жылғы 11 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң қажеттерi үшiн мемлекеттік Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау мәселелерiнде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және меншiк нысандарына қарамастан, заңды тұлғалардың құқықтық қатынастарын айқындайды және реттейдi. 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс (бұдан әрi - қорғаныстық тапсырыс) - Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң мемлекеттік қажеттерiн қамтамасыз етудi, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес қару-жарақ, әскери техника, екiұдай мақсатта қолданылатын (мақсаттағы) тауарлар мен технологиялар өндiру, беру, сатып алу жөніндегі тапсырысты орналастыруды көздейтiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен тапсырыс; 2) мемлекеттік уәкiлеттi орган - қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган; 3) қорғаныстық тапсырыстың мемлекеттік тапсырыс берушiсi (бұдан әрi - мемлекеттік тапсырыс берушi) - Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң қажеттерi үшiн өнiм (жұмыс, қызметтер) жасауға, зерттеуге, өндiруге, беруге тапсырыстарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы; 4) қорғаныстық тапсырыстың орындаушысы (бұдан әрi - орындаушы) мемлекеттік тапсырыс берушiмен (басқа орындаушымен) жасалған шарт негiзiнде қорғаныстық тапсырысты орындауға қатысатын заңды тұлғалар; 5) қорғаныстық тапсырыстың өнiмi - номенклатурасын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тауарлар, қару-жарақ, әскери техника, екiұдай мақсатта қолданылатын (мақсаттағы) тауарлар мен технологиялар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер. 2-бап. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының заңдары Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағы ережелерден өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 3-бап. Қорғаныстық тапсырыстың құрамы 1. Қорғаныстық тапсырыстың құрамына: 1) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өнiм өндiру және (немесе) беру; 2) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге арналған өнiмдi жасау, жетiлдiру жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар; 3) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге арналған өнiмнiң тәжiрибелiк үлгiлерi мен технологияларын өндiру және игеру, оларды сериялап шығару және (немесе) беру; 4) қорғанысты қамтамасыз етуге арналған өнiмдi жөндеу мен жетiлдiру; 5) пайдаланудан шығарылатын қару-жарақты, оқ-дәрiнi, әскери техниканы және басқа да материалдық құралдарды кәдеге жарату, дезактивациялау және жою; 6) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн объектiлердi салу, қайта құру және техникамен қайта жарақтандыру; 7) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы жұмыстары; 8) жұмылдыру дайындығының тауарлары, жұмыстары және қызмет көрсетулерi; 9) заттық және әскери мүлiктер, азық-түлiк және азық-түлiк емес тауарлар өндiру; 10) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге байланысты басқа да жұмыстар мен қызметтер енгiзiледi. 2. Қорғаныстық тапсырыс: 1) берiлуге тиiс өнiмнiң тiзбесi (номенклатурасы) мен мөлшерiн және оларды беру мерзiмдерiн; 2) қорғаныстық тапсырыстың тұтастай, сондай-ақ оның бөлiктерi мен оны өткізудiң жекелеген кезеңдерi бойынша болжамды құнын (бағасын); 3) мемлекеттік тапсырыс берушiлер тiзбесiн қамтуға тиiс. 4-бап. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орналастыру 1. Қорғаныстық тапсырыстың жобасын ұзақ мерзiмдi кезеңге көзделген көрсеткiштердi ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және мiндеттемелерiн ескере отырып келісілген мемлекеттік тапсырыс берушiлердiң өтiнiмдерi бойынша қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту бағдарламасы негiзiнде осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегiнде мемлекеттік уәкiлеттi орган қалыптастырады. 2. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заң актiсi қабылданғаннан кейiн екi айлық мерзiм iшiнде қорғаныстық тапсырысты осы мақсаттарға бөлiнген шығыстар шегiнде толық көлемiнде бекiтедi. 3. Қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды мемлекеттік тапсырыс берушiлер "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және өндiрiстiң, оның iшiнде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғаудың қажеттi жағдайларын қамтамасыз ету мүмкiндiктерiн, неғұрлым тиiмдi экономикалық жағдайларда жоғары сапалы өнiм шығару және (немесе) беру қабілетiн басшылыққа ала отырып жүзеге асырады. Қорғаныстық тапсырысты орналастыруға конкурс өткiзiлген кезде, басқа бiрдей жағдайларда, отандық тауар өндiрушiлер басым құқықтарға ие болады. 5-бап. Қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі шарт 1. Қорғаныстық тапсырысты орындау мемлекеттік тапсырыс берушi мен орындаушының арасында жасалған шарттың негiзiнде жүзеге асырылады. Шарт ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстардың, қару-жарақ пен әскери техника, басқа да материалдық құралдар өндiрудiң, берудiң, пайдаланудың, жөндеудiң, кәдеге жаратудың және жоюдың бүкiл кешенiн орындауға да, осы жұмыстардың жекелеген түрлерiне де жасалады. 2. Қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі шарт бойынша берілетiн өнiмнiң сапасы нормативтiк және техникалық құжаттаманың талаптарына және шарт ережелерiне сәйкес келуге тиiс. 6-бап. Қорғаныстық тапсырысты орындау 1. Қорғаныстық тапсырыс басымдық тәртiппен орындалуға мiндеттi. Қорғаныстық тапсырыстың көлемi қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруға бөлiнетiн қаржы қаражатымен айқындалады. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 2. Тапсырыс берушi қорғаныстық тапсырысты орындайтын ұйымдарға жасалатын өнiмнiң сапасын бақылап отыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шекте өз өкiлдерiн жiберуге құқылы. 3. Қорғаныстық тапсырыста көзделген өнiмнiң экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген экспорттық-импорттық бақылау тәртібін сақтай отырып жүзеге асырылады. 7-бап. Мемлекеттік уәкiлеттi органның өкiлеттiктерi Мемлекеттік уәкiлеттi орган: 1) қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады; 2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастырады, оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекiтуге ұсынады және бекітілген тапсырмаларды мемлекеттік тапсырыс берушi мен орындаушыларға жеткізеді; 3) салааралық үйлестiрудi және қорғаныстық тапсырыс тапсырмаларының орындалуы жөніндегі жұмыстардың ұйымдастырылуын бақылауды жүзеге асырады. 8-бап. Мемлекеттік тапсырыс берушiлердiң қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру мен орындау кезіндегі функциялары Мемлекеттік тапсырыс берушiлер: 1) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі қажеттiлiктердi, Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтетiн нормалар бойынша мемлекеттік тапсырыс берушiлердi материалдық-техникалық жағынан қайта жарақтандыру перспективаларын басшылыққа ала отырып, қажеттi өнiмнiң есебiн жүргiзедi; 2) қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерiн жасау және жаңғырту жөніндегі нысаналы бағдарламалар, ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiкконструкторлық жұмыстар шеңберiнде қорғаныстық тапсырыс мәлiметтерiнiң құпиялылық дәрежесiн айқындайды және қажет болған жағдайда құпияландырылуға тиiс мәлiметтердiң жекелеген тiзбелерiн жасайды; 3) орындаушысын анықтау мақсатында қорғаныстық тапсырысты орналастыруға конкурстар (тендерлер) өткiзедi; 4) орындаушылармен шарттар жасасады және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады; 5) техникалық құжаттамада көзделген тәжiрибелiк үлгiлер мен сериялы өнiмдi сынауға қатысады; 6) өнiмнiң тәжiрибелiк үлгiлерiн (кешендердi, жүйелердi) мемлекеттік сынақтан өткізуге, оларды қару-жараққа (жабдықтауға) қабылдап алу үшiн құжаттар әзiрлеуге, оларды сериялап өндiруге тапсыру үшiн конструкторлық құжаттаманы бекiтуге қатысады; 7) жұмысты тұтастай және кезең-кезеңiмен қабылдап алуды, олардың белгiленген талаптар мен шарттардың ережелерiне сәйкес келуiне қорытынды берудi жүзеге асырады; 8) өндiрiстiк циклдiң барлық кезеңдерiнде өнiм сапасына және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына бақылауды жүзеге асырады. 9-бап. Орындаушылардың қорғаныстық тапсырысты орындау кезіндегі функциялары Орындаушылар: 1) мемлекеттік тапсырыс берушiлерге орындаушыларды iрiктеудi өткізу үшiн өз қызметi туралы қажет ақпарат бередi; 2) қорғаныстық тапсырысты орналастыру процесiне қатысады, қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі шарттардың жасалуын қамтамасыз етедi; 3) орындалған жұмыстардың шарттың белгiленген ережелерiне сай болуын қамтамасыз етедi. 10-бап. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 11-бап. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңдардың бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен жауапты болады. Қазақстан Республикасының Президенті |