|
|
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру және пайдалану шарттары туралы (2015.05.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР 2010 жылғы 15 шілдедегі № 331-ІV Заңымен ратификацияланды 2010 жылғы 24 тамызда күшіне енді
Бұдан әрі Қазақстан тарапы мен Француз тарапы және бірлесіп Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі, 2008 жылғы 11 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты басшылыққа ала отырып, 2008 жылғы 8 ақпанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімді негізге ала отырып, 1972 жылғы 29 наурызда қол қойылған Ғарыш объектілерімен келтірген зиян үшін халықаралық жауапкершілік туралы конвенцияны және 1975 жылғы 14 қаңтарда қол қойылған Ғарыш кеңістігіне ұшырылатын объектілерді тіркеу туралы конвенцияны назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы ғарыш саласында, атап айтқанда Жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш аппараттарын әзірлеу және құру саласында ынтымақтастықты нығайтуға тілек білдіре отырып, Тараптар мемлекеттерінің технологияларын қорғауды және ұлттық қауіпсіздігін қорғауды, сондай-ақ жоғары шешімді ғарыш аппаратымен Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін құру және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салу жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде Тараптар мүдделерін қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, төмендегілер туралы келісті:
Мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты жоғары шешімді ғарыш аппаратымен Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін, сондай-ақ ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін жеткізу және пайдалану кезінде Тараптар ынтымақтастығының негізгі принциптері мен шарттарын айқындау болып табылады.
2014 ж. 5 желтоқсандағы Хаттамамен 2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара) 2-бап Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады: 1) Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі (бұдан әрі - ЖҚЗ ҒЖ) - құрамына жоғары шешімді ғарыш аппараты (бұдан әрі - ЖҚЗ-1 ғарыш аппараты), ЖҚЗ-2 орта шешімді ғарыш аппараты, ғарыш аппараттарынан алынатын ақпаратты қабылдау және өңдеу станциясын (бұдан әрі - жер үсті станциялары) қамтитын жер үсті мақсатты кешені, ғарыш аппараттарын жер үсті басқару кешені (бұдан әрі - жер үсті басқару кешені) кіретін Жерді қашықтықтан зондтау жүйесі; 2) ЖҚЗ-1 ғарыш аппараты - жердегі желілік шешімі 1 метрден кем емес орбитадан жер бетінің суретін алуға мүмкіндік беретін оптикалық аппаратурамен Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппараты; 3) ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені (бұдан әрі - ҚұСК) - ғарыш аппараттарын» пайдалы жүктеме құрамдауыштарын және ғарыш техникасының элементтерін құрастыруға және сынауға арналған Қазақстан Республикасындағы кәсіпорын; 4) тауарлар - Жерді қашықтықтан зондтаудың жоғары шешімді және орта шешімді ғарыш аппараттары, дайындықты және ұшыруды жүзеге асыру үшін қажет кез келген басқа жабдық, бақылау және сынау жабдығы, отын, құрылыс және басқа материалдар, механизмдер мен техника, сондай-ақ ЖҚЗ ҒЖ және ҚұСК әзірлеу, өндіру немесе пайдалану үшін, құру және жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті материалдық тасығыштарда тіркелген ақпарат түріндегі технологиялар. Ақпарат санатына кез келген материалдық нысанда (дерекқорды қоса алғанда, компьютерлік бағдарламалық қамтамасыз ету, коммерциялық құпия, ноу-хау, өндірістік құжаттама және техникалық сипаттамалар) көрсетілген өзге ақпарат жатады; 5) экспорттық лицензия - Қазақстан тарапына тауарлар жеткізуге Француз тарапының ресми рұқсаты; 6) зияткерлік меншік - 1979 жылғы 2 қазандағы өзгерістерімен 1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде қол қойылған Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын құратын Конвенцияның 2-бабында көрсетілген мағынада түсініледі; 7) құпия ақпарат - әзірленген немесе әзірлену процесіндегі, олардың нысанына, табиғатына немесе берілу тәсіліне қарамастан, құпиялылық дәрежесіне қарай құпиялылық белгісі қорғау дәрежесі берілетін және ұлттық қауіпсіздік мүддесінде және Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес кез келген бұзушылықтан, жоюдан, иеленуден, жариялаудан, жоғалтудан, санкциясыз қол жеткізуден немесе Қазақстан Республикасының және/немесе Француз Республикасының қауіпсіздігі мен мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін беделін түсірудің кез келген түрінен қорғауды талап ететін ақпарат, құжаттар немесе материалдар; 8) ынтымақтасушы ұйымдар - Тараптар мемлекеттерінің қызметі ЖҚЗ ҒЖ және ҚұСК құру және кейіннен пайдалану жөніндегі жұмыстарды орындауға (қызметтерді көрсетуге) бағытталған ұйымдары, атап айтқанда: Қазақстан тарапынан - «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы; Француз тарапынан - АСТРИУМ САС ықшамдалған типтегі акционерлік қоғамның қазақстандық филиалын қоса алғанда, Нантер сауда палатасында 393 341 516 нөмірімен тіркелген 16 587 728 капиталы бар Astrium SAS ықшамдалған типтегі француз акционерлік қоғамы; 9) бірлескен кәсіпорын - құрылтайшысы ынтымақтасушы ұйымдар болып табылатын, ҚұСК құру және оны кейіннен пайдалану мақсатында құрылған кәсіпорын; 10) орындаушы ұйымдар - ЖҚЗ ҒЖ және ҚұСК құру және пайдалану жөніндегі жұмыстарды орындау үшін уәкілеттік берілген немесе Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес ынтымақтасушы ұйымдар тартатын ұйымдар; 11) үшінші тарап - шетел мемлекеттері, халықаралық ұйымдар, осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттерінің жеке немесе заңды тұлғалары; 12) дағдарыс - Француз Республикасы қауіпсіздігінің мүдделерін қозғайтын жағдай. Француз тарапы дағдарыстың болуын дербес айқындайды; 13) аймақ - мән-жайларға байланысты мемлекет аумағы, мемлекет аумағының бір бөлігі немесе сүйір ұштарының белгіленген географиялық координаталары бар көп бұрышпен шектелген географиялық аймақ.
Уәкілетті органдар
Осы Келісімнің шеңберіндегі қызметті үйлестіру мақсатында Тараптардың Уәкілетті органдары болып мыналар тағайындалады: Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі (Қазғарыш); Француз тарапынан - Француз Республикасы Үкіметінің Қорғаныс министрлігі. Тараптардың бірінің Уәкілетті органы өзгерген кезде, мұндай Тарап екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы ол туралы жазбаша хабарлама жібереді.
ЖҚЗ ҒЖ-ны пайдалану бойынша ерекше кепілдіктер
1. ЖҚЗ ҒЖ-ны пайдалану шеңберінде Қазақстан тарапы: 1) үшінші тарапқа ғарыш аппараттарын, жер үсті мақсатты кешенін, жер үсті басқару кешенін, материалдар мен құжаттаманы қайта табыстамауға, Француз тарапының алдын ала жазбаша келісімінсіз оларды тегін немесе ақылы негізде пайдалану мүмкіндігін бермеуге; 2) Француз тарапының жазбаша келісімінсіз жер үсті станцияларын өз мемлекетінен тыс жерлерге орнатпауға; 3) Француз тарапының жазбаша келісімінсіз жаңа функцияларды орнату немесе жүйенің қуатын жақсарту оның салдары болып табылатын ЖҚЗ ҒЖ белгілі параметрлерін жетілдіруге немесе оған техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыруға бағытталған шараларды қабылдамауға; 4) Француз тарапының жазбаша келісімінсіз ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратының көмегімен алынған өңделмеген деректерді, 2 метрден жақсы шешімдегі ғарыш түсірілімдерін, тізбесі Тараптармен келісілетін және 2008 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімде көзделген тәртіппен берілетін аймақтарды тегін немесе ақылы негізде үшінші тарапқа бермеуге; 5) Француз тарапының жазбаша келісімінсіз ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратының көмегімен алынған өңделмеген деректерді, 2 метрден жақсы шешімдегі ғарыш түсірілімдерін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының немесе Еуропалық Одақтың санкциялары қолданылатын мемлекеттерге, оның ішінде олардың жеке немесе заңды тұлғаларына бермеуге міндеттенеді. 2. Егер осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес шектеу қойылатын аймақтар тізбесіне кіретін мемлекеттердің бірі дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан тарапына немесе оның Уәкілетті органына өз мемлекеті аумағының өңделмеген деректерін немесе 2 метрден жақсы шешімдегі ғарыш түсірілімдерін беру туралы өтінішпен жүгінсе, онда ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратының көмегімен алынған өңделмеген деректерді және ғарыш түсірілімдерін беру Француз Қарулы Күштері жұмылдырылған немесе орналасқан аймақтарға қатысты жағдайлардан басқа, Француз тарапының келісімінсіз жүзеге асырылады. 3. ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратының көмегімен алынған өңделмеген деректерді және 2 метрден жақсы шешімдегі ғарыш түсірілімдерін үшінші тарапқа беруді келісу Тараптардың Уәкілетті органдары арқылы жүзеге асырылады. Француз тарапы Қазақстан тарапының тиісті өтініштерін мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде қарауға міндеттенеді. 4. ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратының көмегімен алынған өңделмеген деректер мен ғарыш түсірілімдерін үшінші тарапқа беруді келісу рәсімін оңайлату үшін Тараптар оларды эксклюзивті таратуды жүзеге асыру үшін Қазақстан тарапының француздық операторды таңдауы қолайлы деп есептейді. 5. Тараптар екі жақты ынтымақтастық шеңберінде ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратының көмегімен алынған өңделмеген деректерді және ғарыш түсірілімдерін Қазақстан тарапы таратуының осы бапта көзделген шарттарын жақсарту жолдарын қарастырады.
Экспорттық кепілдіктер
Егер ЖҚЗ ҒЖ және ҚұСК құру және пайдалану шеңберінде тауарларды жеткізу үшін Француз Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес берілген Француз тарапының экспорттық лицензияларының болуы қажет болса, онда Француз тарапы өз мемлекетінің заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасына тауарлар жеткізуге экспорттық лицензиялар беру үшін барлық ықтимал құралдарды пайдалануға міндеттенеді.
Жоғары шешімді ғарыш аппаратын іске қосу
ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратын құру технологияларының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында оны Куру (Франция) ғарыш айлағынан ұшыру жүзеге асырылады.
Уақытша шектеулер
Дағдарыс туындаған жағдайда Француз тарапы Қазақстан тарапынан ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратының көмегімен алынған жекелеген аймақтардың өңделмеген деректері мен ғарыш түсірілімдерін дағдарыс кезеңінде таратудан тартынуды өтінеді. Француз тарапы барынша қысқа мерзімдерде Қазақстан тарапына ЖҚЗ-1 ғарыш аппаратының көмегімен алынған өңделмеген деректерді және ғарыш түсірілімдерін таратуға уақытша шектеулер кезеңін қолданудың аяқталғаны туралы хабарлауға міндеттенеді.
Мамандардың қол жеткізуін қамтамасыз ету
Осы Келісім шеңберінде әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес басқа Тарап мамандарының өз мемлекетінің аумағына, сондай-ақ ЖҚЗ ҒЖ және ҚұСК құру жөніндегі жұмыстардың (қызметтер) барлық кезеңдерінде тиісті объектілерге қол жеткізуін қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдайды.
2014 ж. 5 желтоқсандағы Хаттамамен 9-бап өзгертілді (бұр.ред.қара) 9-бап. Кедендік және салықтық реттеу
Осы Келісім шеңберінде әкелуді және (немесе) әкетуді Тараптардың ынтымақтасушы органдары, бірлескен кәсіпорын, сондай-ақ ынтымақтасушы органдармен немесе бірлескен кәсіпорынмен келісім-шарттары бар орындаушы ұйымдар жүзеге асыратын тауарлар 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының кедендік органдары өндіріп алатын кеден баждар мен салықтардан босатылуға жатады. Қазақстан тарапының Уәкілетті органы әрбір жағдайда Қазақстан Республикасының кеден органдарына тауарларды әкелу және (немесе) әкету осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатынын растайды, мұндай растауға тауарлар номенклатурасы мен саны туралы ақпаратты қоса береді. Қазақстан тарапы Уәкілетті органының Қазақстан Республикасының кеден органдарына осы Келісім шеңберінде Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу және (немесе) осы аумақтан әкету кезінде кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатылатын тауарлар туралы мәліметтерді беруінің тәртібін Қазақстан тарапы анықтайды. Осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтасушы ұйымдары, бірлескен кәсіпорын және орындаушы ұйымдар жүзеге асыратын тауарлар импорты квоталауға, лицензиялауға және басқа да шектеулерге жатпайды. Осы баптың ережелері акциздік салық салуға жататын тауарларға қолданылмайды. Осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтасушы ұйымдары арасында тауарларды жеткізу, сондай-ақ жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету осы Келісім күшіне енген күннен бастап 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасында қосылған құн салығынан босатылуға жатады. Осы Келісім шеңберінде қосылған құн салығынан босату үшін жеткілікті негіз болып табылатын құжаттар: 1) осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтасушы ұйымдары арасында жасалған келісімшарттар; 2) Қазақстан Тарапының уәкілетті органының тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жеткізу осы Келісімнің шеңберінде жүргізілгенін растайтын тиісті құжат, ол: мынадай келісімшарттар: Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін жеткізу жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған 2009 жылғы 6 қазандағы № 05-85 келісімшарт; сынау учаскелерінің жабдығын (ТFЕ) жеткізуге және Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің ТFЕ жеткізу жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған 2010 жылғы 27 қазандағы № 05-117 келісімшарт; ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін жобалауды және салуды сүйемелдеу жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған 2010 жылғы 27 қазандағы № 05-118 келісімшарт; арнайы конструкторлық-технологиялық бюроны (АКТБ) жобалау және құрылуын сүйемелдеу жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған 2012 жылғы 29 маусымдағы № 05-96 келісімшарт; арнайы конструкторлық-технологиялық бюроны (АКТБ) жобалау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған 2013 жылғы 27 ақпандағы № 05-37 келісімшарт үшін берілген; болашақ келісімшарттар үшін осы құжат олар күшіне енгенге дейін беріледі; 3) орындалған жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің актілері; 4) осы Келісім шеңберінде қол қойылған келісімшарттарға қатысты шот-фактуралар болып табылады.
Зияткерлік меншік және технологияларды қорғау
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында құрылатын немесе берілетін зияткерлік меншікті қорғау, бөлу және пайдалану мәселелері Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларымен, сондай-ақ олардың мемлекеттері бір мезгілде қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттеледі. Тараптар және олардың Уәкілетті органдары Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес осы Келісім шеңберінде орындауға жұмыстарды (көрсетуге қызметтерді) байланысты қорғалатын тауарлар мен технологияларға үшінші тұлғалардың санкциясыз қол жеткізуін, және мұндай технологиялар мен тауарлардың үшінші тұлғаларға санкциясыз берілуін болдырмау жөнінде қажетті шараларды қабылдайды. Осы мақсатта Тараптардың орындаушы ұйымдарының және бірлескен кәсіпорынның қатысуымен Тараптардың ынтымақтасушы ұйымдары технологияларды қорғаудың келісілген жоспарларын әзірлейді, олар Тараптардың Уәкілетті органдарына бекітуге ұсынылады.
Ақпарат алмасу
Осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын құпия ақпарат алмасу 2008 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісіммен реттеледі. Француз тарапы ЖҚЗ ҒЖ және ҚұСК жөніндегі техникалық сипаттамаларды, материалдар мен құжаттаманы Қазақстан тарапының жазбаша келісімінсіз тегін немесе ақылы негізде үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.
Келіспеушіліктерді реттеу
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер, сондай-ақ күтпеген жағдайлар туындаған кезде Тараптар оларды келіссөздер жолымен шешетін болады.
Өзгерістер
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Қорытынды ережелер
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді. Осы Келісім 10 жылға жасалады және белгіленбеген мерзімге өздігінен ұзартылады. Тараптардың кез келгені ұйғарылған тоқтату күніне дейін кемінде екі жыл бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар ете отырып, оның қолданылуын тоқтата алады. Егер Тараптар өзгеше туралы уағдаласпаса, осы бапта көзделген тәртіппен осы Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылғанға дейін оны іске асыру нәтижесінде пайда болған міндеттемелері мен құқықтарына нұқсан келтірмейді.
2009 жылғы 6 қазандағы Астана қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |