Осы редакция 2009 жылғы 31 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2003 жылғы 28 cәуipдегі № 407 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік ветеринариялық қадағалау туралы 1. Мемлекеттік ветеринариялық қадағалау туралы осы Ереже (бұдан әрi - Ереже) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегі Заңы 14-бабының 4-тармағына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру жөніндегі негiзгi мәселелерді регламенттейдi. 2. Мемлекеттік ветеринариялық қадағалаудың негiзгi мақсаты: 1) жануарлардың жұқпалы ауруларының, оның iшiнде адамдар мен жануарларға ортақ аурулардың алдын алу; 2) мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектiлерiнiң ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздiгiн қамтамасыз ету; 3) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларын алып келуден және таратудан қорғау; 4) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамаларын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және жою. 3. Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар: 1) Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган және оның облыстық, аудандық (қалалық) аумақтық бөлiмшелерi, ветеринариялық бақылау бекеттерi бар шекарадағы және көлiктегi мемлекеттік ветеринариялық қадағалаудың аймақтық бөлiмшелерi; 2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлiмшелерi болып табылады. 2. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын ветеринариялық инспекторлар 4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды: 1) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлетті мемлекеттік органның басшысы және оның орынбасары болып табылатын, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы және Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының орынбасары; 2) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган құрылымдарының бастықтары және олардың орынбасарлары, бас және жетекшi мамандары болып табылатын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары; 3) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары не ветеринариялық бөлiмдерiнiң бастықтары болып табылатын, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары және олардың орынбасарлары; 4) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық бөлiмшелерiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары; 5) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлетті мемлекеттік органның аудандық (қалалық) аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары немесе ветеринариялық бөлiмдерiнiң бастықтары болып табылатын, аудандардың (қалалардың) бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары және олардың орынбасарлары; 6) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның аудандық (қалалық) аумақтық бөлiмшелерiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын, аудандардың (қалалардың) мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары; 7) мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктердi өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткізу жөніндегі ауылдық округтердің, базарлар мен ұйымдардың мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары; 8) сонымен бiрге шекара мен көлiктегі аймақтық мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бөлiмшелерінiң бастықтары және олардың орынбасарлары болып табылатын, шекара мен көлiктегi бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторлар және олардың орынбасарлары; 9) сонымен бiрге шекара мен көлiктегi, оның iшiнде шекаралық ветеринариялық бақылау бекеттерiнде орналасқан аймақтық мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бөлiмшелерiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын, шекара мен көлiктегi мемлекеттік ветеринариялық инспекторлар; 10) тиiстi мемлекеттік органға тиесiлi мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектiлерiнде мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ветеринариялық бөлiмшелерiнiң басшылары және олардың орынбасарлары жүзеге асырады. 5. Бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторлардың және олардың орынбасарларының, сондай-ақ мемлекеттік парк ветеринариялық инспекторлардың мемлекеттік тiлде өз атауы бар мөрi, белгiленген үлгiдегі бланкiлері болады. 6. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның басшысы әкiмшiлiк мемлекеттік қызметшілердiң тиiсті лауазымдарына "бac мемлекеттік ветеринариялық инспектор", "бac мемлекеттік ветеринариялық инспектордың орынбасары" деген арнаулы атаулар беруге құқылы. 3. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру тәртібі 7. Мемлекеттік ветеринариялық қадағалау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру мақсатында: 1) жануарлармен, жануарлардан алынатын өнiмдермен және шикiзаттармен, ветеринариялық препараттармен, жемшөп пен жемшөптiк қоспалармен сауда жасайтын жерлердi қоса алғанда, арнайы жабдықталған сауда орындарында - базарларда; 2) жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткізу жөнiндегі ұйымдарда; ҚР Үкіметінің 30.09.04 ж. № 1004 қаулысымен 7-тармақ 2-1- тармақшамен толықтырылды 2-1) мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асыратын тұлғаларда: ветеринариялық емдеу-алдын алу; ветеринариялық мақсаттағы препараттарды өндіру және сату; жемшөптiк қоспаларды, оның iшiнде жануарларға арналған дәстүрсiз, минералдық-витаминдік азықтарды өндiру және сату; ветеринариялық мақсаттағы дәрілік заттарды, биологиялық препараттарды, зоогигиеналық заттарды және зооветеринариялық мақсаттағы атрибуттарды сату; мал шаруашылығы объектiлерiн дезинфекциялау, дератизациялау және дезинсекциялау; базарларда жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды ветеринариялық-санитарлық сараптау; зертханалық-диагностика қызметi; ҚР Үкіметінің 30.09.04 ж. № 1004 қаулысымен 7-тармақ 2-2- тармақшамен толықтырылды 2-2) мемлекеттік монополияға жатқызылған функцияларды: Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн тiзбеге енгiзiлген жануарлардың аса қауiптi ауруларының диагностикасын; ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптік қоспаларды тіркеу сынағынан, байқаудан өткізудi, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды жарнамалау кезiнде олардың серияларын (топтарын) бақылауды; Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн тiзбеге енгiзiлген жануарлардың аса қауiптi жұқпалы ауруларының ошақтарын жоюды; мемлекеттік шекарадағы ветеринариялық бақылау бекеттерiнде көлiк құралдарын дезинфекциялауды; ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтауды жүзеге асыру мақсатында құрылған республикалық мемлекеттік кәсiпорындарда; 3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктерді алып өткен кезде шекара және кеден пункттерiнде (мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерiнде); 4) мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктерді тасымалдау (алып өту), тиеу, түсiру кезiнде; 5) жануарлар ауруларының қоздырғыштарын тарату факторлары болуы мүмкiн, көлік құралдарының барлық түрлерiнде, ыдыстардың, буып-түйетін материалдардың барлық түрлерi бойынша; 6) тасымалдау (алып өту) бағыттары өтетін мал айдайтын жолдарда, бағыттарда, жануарлар жайылымдары мен суаттардың аумақтарында; 7) ұстауға, өсiруге, пайдалануға, өндiруге, дайындауға (союға), сақтауға, өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектiлерiн орналастыру, салу, қайта құру және пайдалануға енгізу кезiнде, сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктерді тасымалдау кезiнде зоогигиеналық және вeтеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды сақтау жөнiнде жүзеге асырылады. ҚР Үкіметінің 30.09.04 ж. № 1004 қаулысымен 8-тармақ өзгертілді 8. Осы ереженiң 7-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2), 3), 4), 5), 6) тармақшаларында көрсетiлген объектiлерге мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды тиiстi аумақтардың мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктердi, оларға қоса берiлетiн ветеринариялық iлеспе құжаттарға сәйкес келуiн қоса алғанда, ветеринариялық-санитариялық тексеру арқылы тексеру түрiнде жүзеге асырады. ҚР Үкіметінің 30.09.04 ж. № 1004 қаулысымен 9-тармақ өзгертілді 9. Осы Ереженiң 3 тарауының 3) тармақшасын қоспағанда, 7-тармағында көрсетiлген мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектiлерiне қойылатын мемлекеттік ветеринариялық қадағалау мен ветеринариялық-санитариялық талаптарды жүзеге асыру тәртібін ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгiлейдi. 10. Қазақстан Республикасының ветеринариялық заңнамасын сақтау жөнiнде жеке және заңды тұлғалар қызметiне тексеру жүргiзудi ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмi бойынша ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ветеринариялық бөлiмшелерiнiң басшылары заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырады. 11. Ветеринария саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтауды тексеру нәтижелерi бойынша, тиiстi мемлекеттік органдар объектiлерiне мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлiмшелерiнiң ветеринариялық инспекторларын қоспағанда, тексерушi мемлекеттік ветеринариялық инспекторлар: тексеру жүргiзiлген жерiн, акт жасау күнiн; тексеру жүргізген мемлекеттік ветеринариялық инспектордың лауазымын, тегiн, атын, әкесiнiң атын; тексерiлген адамның тегiн, атын, әкесiнiң атын немесе толық атауын; объектiнiң тұрған жерiн, ветеринария саласындағы негiзгi қызметiн; бұзушылықтар анықталған жағдайда толық сипаттамасы бар тексеру нәтижелерiн көрсете отырып, тексеру актiсін жасайды. 12. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттік ветеринариялық инспектор тексеру нәтижелерi бойынша өз құзыретiнiң шегiнде белгiленген бұзушылықтардың сипатына байланысты әкімшiлiк құқық бұзушылық туралы нұсқама, қаулы жасайды. 13. Егер тексерудiң аяқталуы бойынша қандай бiр бұзушылықтар анықталмаған жағдайда, онда бұл туралы тексеру актiсінде тиiстi белгi жасалады. 14. Тексеру актiсiне қажеттi құжаттардың көшiрмелерi мен тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса берiледi. 15. Тексеру актiсi үш (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда төрт) данада жасалады және тексеру жүргiзген тиiстi аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторы қол қояды. Актiнiң бiрiншi данасын тексерушi мемлекеттік ветеринариялық инспектор Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығына және оның аумақтық органдарына тапсырады, ал екiншi данасы қолхатпен тексерiлген адамға берiледi, үшiншiсi тексерген мемлекеттік ветеринариялық инспекторда қалады, ал төртiншiсi сотқа талап-арыз ұсыну үшiн тиiстi аумақтың ветеринариялық инспекторына берiледі. Тексерiлген адам актiнi қабылдаудан бас тартқан жағдайда данасы почтамен жiберiледi. 16. Тексеру актiсі тексеру актілерінiң арнаулы тiркеу журналында тiркеледi, ол нөмiрленiп, тiгiлiп және ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның аумақтық бөлiмшелерiнiң, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ветеринариялық бөлiмшелерiнiң мөрiмен бекітілуге тиiс. 17. Мемлекеттік ветеринариялық инспекторлардың актiлер шығаруы мен оларды жасау тәртібін ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейді. 18. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның аумақтық бөлiмшелерiнiң мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары, мемлекеттік органдардың ветеринария бөлiмшелерiнiң басшылары мен олардың орынбасарлары мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектiлерiне ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен ветеринариялық құжаттарды (ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық куәлiк, ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама) берудi және оларды ресiмдеудi жүзеге асырады. 4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық инспекторлардың құқықтары 19. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық инспекторлардың: 1) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы нормаларының орындалуын тексеру, сондай-ақ ветеринария саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қызметi туралы ақпарат алу мақсатында мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектiлерiне заңнамада белгіленген тәртіппен (қызмет куәлiгін көрсете отырып) кедергісiз кiруге; 2) мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектілерiне оларға диагностика немесе ветеринариялық-санитарлық сараптама жасау үшiн зерттеу жүргiзу мерзiмi туралы мүдделi адамдарға хабарлай отырып, байқау сынамаларын іріктеп алуды жүргiзуге; 3) мемлекеттік ветеринариялық қадағалау жүргiзуге; 4) ветеринариялық құжаттар беруге; 5) Заңда берiлген өкiлеттiктер шегiнде актiлер шығаруға; 6) жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының пайда болу және таралу, ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қауiпті жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың шығу себептерiн, жағдайларын белгілеуге; 7) өзiне жүктелген құқықтар мен мiндеттерді жүзеге асыру үшiн мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға; 8) жануарлар мен адамдарға ортақ ауруларды қоса алғанда, жануарлардың ерекше қауiптi және басқа да жұқпалы ауруларының пайда болуы немесе таралу қатерi төнген жағдайларда заңнамада белгiленген тәртiппен сот шешiмiнсiз жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiн тоқтатуға немесе оған тыйым салуға; 9) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасы заңнамасының кесiмдерiне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға; 10) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзған жағдайда сотқа талап-арыздар беруге құқығы бар. 5. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық инспекторлардың мiндеттерi 20. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық инспекторлар: 1) ветеринария саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға; 2) тиiстi аумақта мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға; 3) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтың дер кезiнде алдын алу, анықтау, жолын кесу және жою жөніндегі өзiне берiлген өкiлеттiктердi осы Ережеге сәйкес пайдалануға; 4) мемлекеттік, әскери және коммерциялық құпия болып табылатын, мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру кезiнде мәлiм болуы мүмкiн қызметтiк немесе өзге де сипаттағы мәлiметтерді жария етпеуге; 5) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртiппен ветеринариялық есепке алу мен есеп берудi жүргiзуге және оларды жоғары тұрған мемлекеттік ветеринариялық қадағалау органдарына табыс етуге мiндеттi. |