|
Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің 2009 - 2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы (2009.23.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2009 жылғы 31 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің 2009 - 2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілсін. 2. Осы қаулы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Үкіметінің 2008 жылғы 23 желтоқсандағы № 1217 қаулысымен Бекітілген
Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
Астана
Мазмұны
4. Министрліктің функциялық мүмкіндіктері мен ықтимал қатерлер 5. Нормативтік құқықтық актілер
Миссиясы: Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторының бәсекеге қабілеттігін және оның әлемдік шаруашылық байланыстары жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз ету, отандық тұтынушыны сапасыз өнімнен қорғау және адамның өмір тіршілігінің толыққанды ортасын қалыптастыру, тұрғылықты жерлер мен аумақтарды орнықты дамыту. Пайымдауы: қазақстандық шикізаттық емес өнімінің отандық және шетелдік тұтынушыларына қажетті көлемді елеулі түрде ұлғайтумен сипатталатын экономиканы тиімді әртараптандыру, құрылыс сапасының жоғары деңгейі.
1. Индустриялық-инновациялық даму Қазақстанда жүргізілген экономикалық реформалар отандық индустрияның қарқынды дамуына ықпал етті. Ондаған жылдар бойы ел өнеркәсібі өсімнің орнықты үрдісін көрсетіп келеді. Соңғы жеті жыл ішінде өнеркәсіп салаларының орташа жылдық өсім қарқыны шамамен 9%-ды құрады. Өнеркәсіпте құрылымдық өзгерістер болды. Шикізаттық емес ресурстарды ауқымды игеру өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектор үлесінің 2003 жылғы 57%-дан 2007 жылғы 60%-ға дейін ұлғаюына алып келді. 2007 жылы отандық өнеркәсіп өнім көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға өсіп, шамамен 64 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл ретте елдің өндірістік секторын әртараптандырудың анық белгілері байқалды. Мәселен, екінші жыл қатарынан (2006-2007 жылдар) өңдеуші өнеркәсіптің өсім қарқыны тау-кен өндіру өнеркәсібінен әлдеқайда жоғары болды. 2007 жылы өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 6,7%-ға, ал тау-кен өндіру өнеркәсібінде тек 2,6%-ға ұлғайды. 2007 жылы Қазақстанға салынған инвестициялар көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 10,5%-ға өсіп, 27 млрд. АҚШ долларына жеткен. Өңдеуші өнеркәсіпке салынған инвестициялар шамамен 3 млрд. АҚШ долларын құрады. Бүгінде халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту үшін барынша тартымды әлем елдерінің қатарына кіреді. 1993 - 2007 жылдар арасында ел экономикасына 69 млрд. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Технологиялық салалардың негізгі құралдарына салынған инвестициялар шикізат саласындағы инвестициялардың аз ғана бөлігін және пайыздық үлесін құрады, бұл экономикада шикізат ауытқушылығын туғызып, шикізаттық емес саланың жай-күйін тіптен нашарлата түсті. Технологиялық өндірістер құлдырауының негізгі себебі ескірген технологияларға, жабдықтарға негізделген өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілетінің төмендігі, кадрлар біліктілігінің нарық талаптарын қанағаттандырмайтын төмендігі болып отыр. Соңғы жылдары Қазақстандағы қол жеткен өнеркәсіп өндірісінің өсімі шикізатқа деген сұраныстың өсуімен байланысты әлемдік нарық конъюнктурасына қолайлы әсер еткен сыртқы жағдайлармен байланысты болып отыр. Өнеркәсіп салаларында қазақстандық өнеркәсіптік базаның техникалық және технологиялық деңгейін айқындайтын ғылымды қажетсінетін өнімдер түрлерін өндірудің көлемі төмендеп барады. Елдің орнықты экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілетін қамтамасыз ететін теңгерілген экономикалық құрылымға өтудің стратегиялық міндетін тек өнеркәсіпті белсенді түрде құрылымдық қайта құру және индустриялық дамуға жаңа сапа беру жолымен ғана шешуге болады. Сондықтан мемлекет өз күшін экономиканы одан әрі әртараптандыру және әлем шаруашылығы жүйесіне үйлесімді ықпалдасу үшін жағдай жасауға шоғырландырды. Бұл саясаттың негізгі құралы өңдеуші сектордың дамуын ілгерілетуге және осының негізінде бір жақты шикізаттық бағдарды бірте-бірте еңсеруге бағытталған 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы (бұдан әрі - Стратегия) болып табылады. Стратегияны іске асырудың өзекті көрсеткіштері ретінде 2015 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін 2000 жылмен салыстырғанда кемінде 3 есеге арттыру және ЖІӨ-нің энергия қажетсінуін 2 есеге төмендету таңдалынып алынды. Жасалған талдаулар көрсетіп отырғандай, бұл мақсаттарға қол жеткізуге болады және қазіргі кезде болжанған көрсеткіштердің орындалып келе жатқаны байқалады. Стратегияның 1-ші кезеңінде (2003-2005 жылдар) одан әрі технологиялық дамудың жүйелік мәселелері шешілді. Жасалған талдау ұмтылған жоспарлардың және бағдарламалық құжаттың болжамды сандық көрсеткіштерінің орындалғанын сипаттайды: - заңнамалық және нормативтік база дайындалды (30-ға таяу заң), салаларды дамытудың негізгі бағдарламалары қалыптасты (30-дан астам бағдарлама) және өндірістер факторларды дамытудың жүйелік мәселелері шешілді; - жаңа институционалдық негіз қалыптасты (даму институттары, ӘКК, холдингтер, Ғылым қоры т.б.); - пилоттық жобаларды іске асыру және қамтамасыз етуші инфрақұрылымды (кластерлер, технопарктер, АЭА, индустриялық аймақтар) салу басталды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бизнесті дамытуға арналған, атап айтқанда салық жеңілдіктері мен кедендік преференциялар берілетін қолайлы жағдайлар құрылатын аумақтар - арнайы экономикалық аймақтарды құру барынша тиімді ынталандыру тетіктерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты арнайы салық және кедендік режимі бар АЭА құру және қажетті инфрақұрылымдық ресурстармен қамтамасыз ету отандық экспорт тауарларын қайта бөлуді тереңдету, қосылған құны жоғары өндірістер мен Қазақстанның көліктік әлеуетін дамыту көзқарасы бойынша перспективалық болып табылады. Шекара маңы өңірлерінде арнайы экономикалық аймақтар құру айрықша тартымды болып табылады, өйткені бұл жағдайда аймақ шегінде трансшекаралық аумақтың барлық ерекше проблемаларын ойдағыдай шешуге болады. Стратегияны іске асырудың 2-ші немесе «белсенді іске асыру сатысы» (2006-2010 жылдар) кезеңінде өнеркәсіпті жаңғырту және экономиканы әртараптандыру жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша нақты міндеттер қойылады. Сондықтан ағымдық қызметтің өзекті бағытыбасым салаларда өңдеуші технологиялық өндірістер құру болып табылады. Стратегияда көзделген мақсаттарға қол жеткізу, инвестициялық және инновациялық жобалардың тиімділігін арттыру әрі оларды жедел жылжыту үшін өнеркәсіпте жаңа активтер құру, жаңа технологиялар мен инновациялар енгізу, сондай-ақ өнеркәсіптегі шағын және орта кәсіпорындар үлесін ұлғайту үшін даму институттары қарастыратын жобаларды қолдау жөніндегі жұмысты үйлестіру қажет. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында 6 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. «Ақтау» теңіз порты» мен «Астана - Жаңа қала» АЭА ойдағыдай жұмыс істеуде. «Ақпараттық технологиялар паркі» мен «Оңтүстік» АЭА - қалыптасу процесі үстінде. «Ұлттық индустриялық мұнай-химия паркі» және «Бурабай» АЭА-ның қамтамасыз ету үшін АЭА-ның әкімшілігі, кеден және салық органдарының аумақтық бөлімшелері сияқты қажетті жағдайлар қалыптастырылуда. Бұл АЭА алдында ауқымды және нақты міндеттер қойылған. Оларды шешу өңірлердің экономикалық әлеуетін іске асыруға, инвестициялық және бизнес-ахуалын жақсартуға ықпал ететін болады. Сондай-ақ 2 жаңа: Қорғас - Шығыс қақпасы мен Достық АЭА құру болжануда. Жасалған талдау бұл аймақтардың жұмыс істеуінің оң тиімділігін көрсетіп отыр. Мысалы, салық пен кедендік жеңілдіктер беру және инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету есебінен: - «Астана - жаңа қала» АЭА-де қазіргі кезде 857 млрд. теңге (6,8 млрд. АҚШ доллары) тартылып, оның ішінде 60%-ы жеке инвестициялар, 136 объекті пайдалануға берілді; - «Ақпараттық технологиялар паркі» АЭА-де қазірдің өзінде 29 компания жұмыс істейді, ал өндірілетін өнімнің жалпы көлемі шамамен 1 млрд. теңгені құрайды; - «Ақтау» теңіз порты» АЭА-де 348 млн. АҚШ доллары сомасына үш зауыт салынып, 1163 жұмыс орны құрылған, сондай-ақ 10 инвестициялық жоба іске асырылуда; - «Оңтүстік» АЭА-де АЭА аумағында 5 инвестициялық жобаны іске асыру басталды, олар: «Мақтаөнеркәсіпцеллюлоза» ЖШС, «Ютекс-КZ» ЖШС, «Оху Техtilе» ЖШС, «Есенжол-Назар» ЖШС, «Орта Азия Тоқыма Санаи» ЖШС.
Ұлттық инновациялық жүйе қалыптастыру
Отандық өнеркәсіптің еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілетін арттырудағы табыстың айқындаушы факторы инновациялық қызмет, отандық және шетелдік ғылыми-техникалық және технологиялық әлеуетті пайдалану әрі оның негізінде бәсекеге қабілетті өндіріс құру болып табылады. Инновациялық даму саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті ұлттық инновациялық жүйенің негізгі элементтері: ғылыми әлеуетті, инновациялық инфрақұрылымды, қаржылық инфрақұрылымды, инновациялық кәсіпкерлікті қалыптастыру және дамыту болып табылады. 2005-2007 жылдар ішінде мемлекеттің белсенді қатысуы кезінде инновациялық саланы дамыту үшін оның алғышарттары мен қолайлы жағдайларын құру жөніндегі жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда ғылыми-технологиялық дамудың басымдықтары айқындалды. Әртүрлі кезеңдегі инновациялық 21 жоба қаржыландырылып, отандық капиталдың қатысуымен 6 венчурлік қаржыландыру жүйесі, сондай-ақ шетелдік капиталдың қатысуымен 6 венчурлік қор - барлығы 12 венчурлік қор құрылды. Инновациялық бизнес-орта құрылып, дами бастады, Ұлттық инновациялық қордың және басқа да ұлттық даму институттарының белсенді қатысуымен "Қазына" ОДҚ" АҚ-ның аясында мемлекеттік ресурстарды шоғырландыруды талап ететін кластерлер өзегін қалыптастыратын жүйелік инновациялық жобаларды іске асыру басталды. Инновациялық инфрақұрылымның негізгі элементтері ірі технологиялық университеттер мен технопарктердің жанынан: "Alatau IT city" ұлттық технологиялық ақпараттық технологиялар паркі, 4 өңірлік технопарк, 6 технологиялық бизнес-инкубатор құрылып, жұмыс жасай бастады, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамыту үшін нормативтік-құқықтық база құрылып, ол жетілдірілу үстінде, 4 шетел компаниясы сатып алынды. Қазіргі уақытта шамамен 3 жыл бойы Қазақстандағы кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейі 3 %-дан сәл астам, бұл ЕО елдерінен анағұрлым темен, немесе бұл көрсеткіш тіптен өтпелі экономикасы бар Эстонияда - 36 %-ды, Венгрияда 47 %-ды құрайды. Қазақстанның инновациялық өнімі құрылымында елеулі үлесті (64-%-дан астам) жетілдіруге ұшырайтын өнім иеленеді. Жаңадан енгізілген немесе айтарлықтай технологиялық өзгерістерге ұшырайтын өнім үлесіне инновациялық өнімнің жалпы көлемінің 28,6 %-ы тиесілі. 2007 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 131 елдің ішінен 61-ші орынды иемденді. Жалпы көрсеткіші бойынша Өзбекстан, Әзірбайжан және Греция сияқты елдерді артқа тастағанымен олардан елдің инновацияға негізделген экономикасының даму кезеңін айқындайтын "Бизнестің күрделілігі" мен "Инновациялар" сияқты факторлар бойынша артта қалып отыр. Өкінішке орай, көптеген отандық зерттеулер мен әзірлемелердің нақты нарықтық талаптары мен шарттарға бағдарлануы әлсіз және ғылымды қажетсінетін импорттық өнімдермен және қызметтермен бәсекелесе алмайды. Дайын ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу тәртібі жоқ. Қазіргі уақытта ғылыми әзірлемелердің тек азғана үлесі коммерциялық қолданыс тауып отыр. Көптеген қазақстандық әзірлеушілер мен компаниялар тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар кезеңінде арнайы қызметтердің жоқтығы және өндірісті игеру проблемасына кезігіп отыр, бұл технологияларды енгізу процесін тежейді. Қазақстанда инновациялық өнімді нарыққа жылжыту жөніндегі сервис әлсіз дамыған. Осы орайда инфрақұрылымдық және инжинирингтік жағдайлар жасау (тәжірибелік-конструкторлық бюросы мен инжинирингтік ұйымдар, коммерцияландыру офистері) өте қажет. Қазақстан ҒЗТКӘ-ні қаржыландыруға жеке сектордың қатысу деңгейі бойынша да артта қалып келеді (2004 жылы 26 %). Инновациялық қызметті жандандыру үшін бірінші кезекте қолданбалы ғылыми зерттемелерді қаржыландыру әдісін және қолданбалы ҒЗТКӘ-ні қаржыландыру жүйесін өзгерту қажет. ҒЗТКӘ-ні қаржыландыру үшін мемлекет өз бюджетінен жеке секторға ұсынылатын және технологиялық проблемаларды шешу және машина жасау, металлургия т.б. саладағы жекелеген кәсіпорынның, саланың бәсекеге қабілетін арттыру үшін үлкен маңызы бар нақты жобаларды қаржыландыруға арналған қаражат бөлетін әлемнің озық елдерінің тәжірибесін пайдалану керек. Бұл ретте ғылыми-техникалық жобаларды кәсіпорындар ғылыми әлеуеті бар жағдайда және ғылыми қоғамдастықпен серіктесе отырып, дербес іске асыра алады. Ашық ұлттық инновациялық жүйені құру үшін бұл процеске ғылыми қоғамды, жеке өнертапқыштарды, студенттерді т.б. тарта отырып, инновациялық идеяларды гранттық қаржыландыруды жүзеге асыру қажет. Гранттық қаржыландыру тәжірибелік-конструкторлық жұмысқа және инновациялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға бағытталатын болады. Қазақстандық кәсіпорындар шетелдік бастау көздерден лицензиялық технологиялар түріндегі білімді немесе елден тыс жерлерден патенттерді (фирмалардың 4 %) өте сирек сатып алатынын ескере отырып, осы мақсаттарға гранттар беру жүйесін қарастыру керек. Инновациялық жүйенің тиімділігі ұлттық инновациялық жүйенің барлық элементтерін біріктіру жолымен қамтамасыз етілуі тиіс. Аумағында ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелері, технологиялық бизнес инкубаторлар, тәжірибелік-конструкторлық бюро мен инжинирингтік ұйымдар, бизнес орталықтар мен әлеуметтік инфрақұрылым объектілері орналасатын технопарктерді құру және дамыту болжанады. Қаржылық инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін венчурлік қорларды құруды жалғастыру, ел өңірлерінде инновациялық жобаларды қаржыландырудың нақты тетігін әзірлеу, инновациялық қорларды қалыптастыру үшін жағдайлар жасау қажет.
Индустриялық-инновациялық даму саласындағы проблемалар - өңдеуші сектор өнімінің бәсекеге қабілетінің төмендігі; - негізгі қорлар тозуының жоғарылығы мен ескірген технологияларды қолдану; - айналым қаражатының жеткіліксіздігі мен төменгі пайыздық ставкасы бар ұзақ кредиттерге қол жетпеушілік; - отандық кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейінің төмендігі; - өңдеуші өндірісті дамыту үшін салық, кеден заңнамаларындағы ынталандырудың әлсіздігі.
2. Сауданы дамыту Ішкі сауда Ішкі сауда халықтың өмір тіршілігін қамтамасыз етудің бір саласы ретінде республикадағы нарықтық қайта құру кезеңінде түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Экономиканың басқа бір де бір саласында саудадағыдай жоғары кәсіпкерлік белсенділік қалыптасқан жоқ, бұл тұтыну нарығының дамуына дереу әсер етті. 2007 жылы сауда нарықтарындағы айналым көлемін қамтитын бөлшек тауар айналымының көлемі 1,8 трлн. теңгені немесе 15 млрд. АҚШ долларын құрады және 2006 жылмен салыстырғанда 10 %-ға ұлғайды. 2008 жылғы қаңтар-қазан айларында бөлшек тауар айналымы көлемі 2,0 трлн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (тұрақты бағадағы) 3,3%-ға ұлғайды. Республикада 2007 жылы ЖІӨ-дегі сауда үлесі 11,8%-ды, 2008 жылғы қаңтар-қыркүйекте 11,7%-ды құрағанын атап кету керек, бұл ретте ЖІӨ өсімі бөлшек сауда айналымының барабар өсімін қамтамасыз ете алмайды, бұл бөлшек саудадағы жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті. Бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінде сауда базарларындағы айналым үлесі 2007 жылы 23%-ды немесе 420 млрд. теңгені құрады, бұл 2006 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға төмен. Сауда базарларындағы айналым көлемінің төмендеуі екі негізгі себептен туындады. Бірінші, екінші деңгейдегі банктердің сауданы қаржыландыру көлемінің төмендеуі (айналым қаражатын толықтыруға пайыздық ставкалардың жоғарлауы салдарынан). Мәселен, 2007 жылдың аяғында екінші деңгейдегі банктердің сауданы қаржыландыру көлемі 1,5 трлн. теңгені немесе кредит берудің жалпы көлемінің 20%-ын құрады, ал 2005 жылы сауданы қаржыландыру көлемі 25%-дан астам болатын. Екінші, азық-түлік тауарларына бағалардың жоғарлауы салдарынан халықтың тұтыну белсенділігінің төмендеуі. Қазіргі кезде ресми статистика деректеріне сәйкес сауда саласында жұмыс жасайтын халықтың саны 1 млн. астам адамды құрайды, бұл еңбекке қабілетті халықтың 15%. Көрсетілген сан ішінде: 75%-ына таяуы зейнеткерлік жастың алдындағы адамдар, әйелдер мен жастар, ал жоғары білімі барлар саны - 48%. Сонымен қатар, нақты жағдай көрсетіп отырғандай сауда саласында жұмыс істейтіндер саны жоғарыда көрсетілген саннан 2 есе артық және елдің еңбекке қабілетті халқының 27%-ын құрайды. Осыған байланысты сауда саласы мамандарға толы және әлеуметтік жағынан әлсіз екенін түсінуге болады. Ішкі сауданы дамытудың ілгерінді үрдістері келеңсіз көріністермен қатар өрбіп келеді. Ішкі саудада, оның ішінде сауда базарларында көлеңкелі айналымның айтарлықтай көлемі жинақталған, олар: сатушы кәсіпкерлердің де, базарлардың өздерінің де салық төлеу жүйесінің ашық еместігі; контрабандалық және контрафактілік өнімді сатудың жоғары деңгейі; белсенді алып-сатарлық қызмет; сатылатын тауарларға қолдан жасалған сапа сертификаттарын кең пайдалану; бақылаушы органдар тарапынан ақша жинау. Қазақстанда сауда алаңдарының жетіспеушілік проблемасы сол күйінде қалып отыр, бұл базар иелерінің бәсекеге қарсы әрекеттеріне және жалдау ақысының қымбаттауына әкеліп, осының бәрі сатылатын тауардың құнына әсер етеді. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес халықтың, оның ішінде сауда базарларындағы сауда алаңдарымен орташа қамтылуы республика бойынша бір мың адамға 111,7 шаршы м. құрайды. Сауда алаңдарымен ең аз қамтылу Қызылорда (48,8 шаршы м.), Оңтүстік Қазақстан (40 шаршы м.) және Жамбыл (59,3 шаршы м.) облыстарында болса, ал көп қамтылу Солтүстік Қазақстан облысында (186,6 шаршы м.), Астана қаласында (198,7 шаршы м.) және Алматы қаласында (260 шаршы м.) болып отыр. Салыстыру үшін, Францияда 1 мың тұрғынға 450 шаршы м. қазіргі заманғы сауда алаңдары тиесілі екен, бұл көрсеткіш Польшада 350 шаршы м., Чехияда - 200 шаршы м. Оған қоса әлемнің көптеген елдерінде сауда алаңдарымен қамтылудың нормативтері қабылданған. Мәселен, Белоруссияда ол 1 мың адамға 260 шаршы м., Ресейде қалалық жерлерде бұл норматив 230 шаршы м. деп белгіленген. Қазақстанда мұндай норматив жоқ.
Сыртқы сауда 2007 жылы жалпы сыртқы сауда айналымы 80,5 млрд. АҚШ долларын құраған және 2006 жылмен салыстырғанда 30%-ға, оның ішінде экспорт - 47,8 млрд. АҚШ доллларына, 24,8 % ұлғайған, импорт - 32,8 млрд. АҚШ долларына, 38,3 %-ға ұлғайған. 2008 жылғы қаңтар - қазанда Қазақстандағы тауар айналымы 93,7 млрд. АҚШ долларын құраған және 2007 жылмен салыстырғанда 44,7 %-ға, оның ішінде экспорт 64,6 %-ға ұлғайған және 62,4 млрд. АҚШ долларын құрады, импорт 16,7 %-ға ұлғайып, 31,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстан Республикасы тауар айналымының жалпы көлемінде барынша басым салмаққа ие, қазақстандық өнімнің таяу және алыс шетелге экспорттау көлемі - 66,5%. Бұл ретте импорт көлемі тауар айналымының жалпы көлемінің 33,5%-ын құрайды. Сыртқы сауданың географиясы. 2007 жылғы жағдай бойынша Қазақстан әлемнің 188 елімен экспорттық-импорттық операциялар, оның ішінде экспорттық операцияларды әлемнің 119 елімен, импорттық операцияларды әлемнің 178 елімен жасайды. Қазақстандық тауарлардың басым бөлігі (84,4%) алыс шетелдеріне тиесілі (52,6 млрд. АҚШ доллары), 2008 жылғы қаңтар-қазан айларында ТМД елдеріне 9,7 млн. АҚШ доллары сомасына қазақстандық тауарлар әкетілген (15,6%). Қазақстандық өнімнің негізгі сатып алушылары: Италия (экспорттың жалпы көлемінің 17,2%), Швейцария (16,0%), Қытай (10,3%), Ресей Федерациясы (8,9%), Франция (7,5 %), Нидерланд (6,4%), Израиль (3,2 %), Иран (2,9%). 2007 жылы алыс шетелдерден 18,2 млрд. АҚШ доллары сомасына (55,4%), ТМД елдерінен - 14,6 млрд. АҚШ доллары сомасына (44,6%) тауарлар әкелінген. 2008 жылғы қаңтар-қазанда тиісінше 16,7 млрд. АҚШ долларына (53,5 %), оның ішінде ТМД елдерінен - 14,6 млрд. АҚШ долларына (46,5 %) тауар әкелінген. Импорттық өнімнің негізгі жеткізушілері: Ресей Федерациясы (импорттың жалпы көлемінің 31,7%), Қытай (11,1%), Германия (6,9%), АҚШ (5,0%), Украина (5,0%), Италия (3,4%), Ұлыбритания (1,8 %). Сыртқы сауда құрылымы. 2007 жылы экспорттың негізгі үлесін шикізат тауарлары иеленді - 86,8 % (2006 жылғы қаңтар-желтоқсанда - 88 %), оның ішінде минералдық өнімдер - 69,7 % (71,9 %), асыл емес металдар мен одан жасалған бұйымдар 17,1 % (16,1 %). 2007 жылғы импорттық жалпы көлемінде инвестициялық тауарлар 14,9 млрд. АҚШ долларын немесе 45,4 %-ды (2006 жылы - 11,0 млрд. АҚШ доллары немесе 46,5 %) құрады. Экспорт құрылымында мына тауарлардың түрлері үлкен үлеске ие: минералдық өнімдер - 33276,1 млн. АҚШ доллары, металдар мен олардан жасалған бұйымдар - 8176,2 млн. АҚШ доллары, химиялық және онымен байланысты өнеркәсіп саласының өнімдері - 1839,4 млн. АҚШ доллары. Импорт құрылымында мына тауарлардың түрлері ең үлкен үлеске ие: машиналар, жабдықтар, көлік құралдары - 8807,7 млн. АҚШ доллары, металдар мен одан жасалған өнімдер - 4354,4 млн. АҚШ доллары, минералдық өнімдер - 4275,6 млн. АҚШ доллары, химиялық және онымен байланысты өнеркәсіп саласының өнімдері - 2129,8 млн. АҚШ доллары. Келтірілген көрсеткіштер бүгінде қалыптасқан қазақстандық экспорттық шикізаттық бағыттылығын және экономиканың қайта өңдеу деңгейі жоғары тауарлар импортына тәуелділік үрдісін көрсетеді.
Сыртқы сауда қатынастарын дамыту Қазақстан экономикасын әлемдік сауда жүйесіне ойдағыдай ықпалдастыру мақсатында Үкімет Қазақстанның экономикалық пайдалы жағдайда ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер процесін аяқтау бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Бүгінде Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобына мүше 20 елмен тауарлар және қызметтер нарығына енуі жөніндегі екі жақты келіссөздерді аяқтады, оның ішінде 2007 жылы - Израилмен, Бразилиямен және Малайзиямен, 2008 жылғы ақпанда Канадамен келіссөздер аяқталды. Қазақстандық заңнаманы ДСҰ-ның міндетті келісімдерінің ережелерімен толықтай сәйкес келтіру және іскер қоғамдастыққа ДСҰ-ның құралдары туралы ақпарат беру жөніндегі жұмыстар жалғасын табуда. Қазақстанның ДСҰ-ға әлемдік сауда жүйесінің толыққанды мүшесі ретінде қосылуы сауданы реттеудің халықаралық танылған тетіктерін және ДСҰ жүйесінің басымдықтарын, оның ішінде сауда дауларын шешу тетігін пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстанның сыртқы сауда саясатының және бір бағыты өңірлік ықпалдасу бірлестіктеріне қатысуы болып табылады. Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде үш ел - Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында кедендік одақты қалыптастыру жөніндегі белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде кедендік одақтың құқықтық негізін құрайтын халықаралық келісімдердің пакетіне қол қойылды. Алдымызда 2010 жылға дейін кеден одағын қалыптастырудың іс-қимыл жоспарына сәйкес халықаралық келісімдердің нормаларын іс жүзінде имплементациялау жұмысы тұр. Кеден одағын қалыптастыру тараптар арасындағы кедендік шекаралар жойылатын, үшінші елдерге қатысты сауда режимдері бірізге түсіріліп, тауар айналымын реттеу саласындағы заңнама үйлестірілетін бірыңғай кедендік аумақты құруды болжайды. Қазіргі кезде шектес елдермен шекара маңы ынтымақтастығын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен шекара маңы аумағында көлік-логистикалық орталықтарын (КЛО) құру туралы ұсыныс берді. |