|
|
|
Қазақстан Республикасында азаматтық және мемлекеттік авиацияның бірлесіп орналасу әуеайлақтарын пайдалану ережесін бекіту туралы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 1398 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «50185-әскери бөлімі» мемлекеттік мекемесін құрудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2000 жылғы 29 қарашадағы № 1786 қаулысына сәйкес және әуе кеңістігін түрлі пайдаланушылардың азаматтық және мемлекеттік авиацияның әуеайлақтарын пайдалану тәртібін анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында азаматтық және мемлекеттік авиацияның бірлесіп орналасу әуеайлақтарын пайдалану ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Үкіметінің 2001 жылғы 10 қарашадағы № 1439 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасында азаматтық және мемлекеттік авиацияның бірлесіп орналасу әуеайлақтарын пайдалану ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында азаматтық және мемлекеттік авиацияның бірлесіп орналасу әуеайлақтарын пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже): меншік нысанына қарамастан бірлесіп орналасу әуеайлақтарын пайдалану тәртібін; Қазақстан Республикасының бірлесіп орналасу әуеайлақтарында ұшуды ұйымдастыруды, жүргізуді және қамтамасыз етуді белгілейді. 2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) орналасу әуеайлағы (базалық әуеайлақ) - әуе кемелері тұрақты орналасатын және осы мақсаттар үшін қажетті құрылыстары бар әуеайлақ; 2) қосалқы әуеайлақ - баратын әуеайлағына дейін жету немесе оған қону мүмкін болмаған немесе орынсыз болған жағдайда әуе кемесі бара алатын әуеайлақ; 3) жету әуеайлағы - ұшу жоспарында және ұшуға тапсырмада соңғы (белгіленген) қону әуеайлағы ретінде көрсетілген әуеайлақ; 4) бірлесіп орналасу әуеайлағы - азаматтық және мемлекеттік әуе кемелері бірлесіп орналасатын әуеайлақ; 5) таяу аймақ - әуеайлақ ауданында мемлекеттік авиацияның әуе қозғалысын басқару жауапкершілігінің аймағы; 6) ұшу-қону жолағы (ҰҚЖ) - әуе кемесінің ұшуы және қонуы үшін дайындалған құрлықтағы әуеайлақтың белгіленген тіктөртбұрышты телімі; 7) ұшу-қону жолағындағы көріну (көріну қашықтығы) - ұшу-қону жолағының өзек сызығында тұрған әуе кемесі ұшқышының, ұшу-қону жолағын шектеуші немесе жолақтың өзек сызығын білдіруші оның жабу таңбаларын немесе шамдарын көре алу шегіндегі ең үлкен ара қашықтық; 8) бұлттардың төменгі шекарасының биіктігі - құрлықтың (судың) беті мен бұлттар қабатының ең төменгі шекарасының арасындағы тігінен алынған ара қашықтық; 9) шешім қабылдау биіктігі - әуе кемесінің командирі осы биіктікке жеткенге дейін қонуға енуді жалғастыру үшін бағдарлармен қажетті көрінетін байланыс орнатпаған немесе әуе кемесінің кеңістіктегі орны, сондай-ақ оның қозғалыс өлшемдері ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтін жағдайларда, әуе кемесі екінші айналымға кету маневрін бастауы тиіс белгіленген салыстырмалы биіктік; 10) алыс аймақ - әуеайлақ ауданының шегінен тыс әуе қозғалысын басқару ауданының шекарасына дейін мемлекеттік авиацияның әуе қозғалысын басқару жауапкершілігінің аймағы; 11) әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчері (бұдан әрі - ӘҚҚ диспетчері) - ӘҚҚ диспетчерінің (жақындау, айналым, қону, мұнара, сөре, бұру диспетчері) күші бар куәлігі бар және ӘҚҚ диспетчерлік пункттерінің біріне жұмысқа жіберілген маман; 12) ұшуға тапсырма - экипаж, әуе кемесі туралы қажетті мәліметтерден тұратын, ұшу (ұшулар) мақсатын және жету орнын анықтайтын белгіленген нысандағы құжат; 13) қону аймағы - әуеайлағының әуе кемесі қонатын шартты орны (нүктесі); 14) әуеайлақтың бақылау нүктесі - әуеайлақтың географиялық орналасу орнын анықтайтын шартты орын (нүкте); 15) әуеайлақ минимумы - осы әуеайлақта белгілі түрдегі әуе кемелеріне ұшу және қонуды орындауға рұқсат етілген ұшу-қону жолағындағы, шешім қабылдау биіктігіндегі, сондай-ақ бұлттардың төменгі шекарасының биіктігіндегі көрінудің рұқсат етілген ең аз мәндерінің жиынтығы; 16) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету - әуеайлақ ауданында әуе кемелерінің құстармен соқтығысуының алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жиынтығы; 17) ұшу жоспары - әуе қозғалысына қызмет көрсететін органдарға ұсынылатын әуе кемесінің белгіленген ұшуы немесе ұшудың бөлігі туралы анықталған мәліметтерден тұратын құжат; 18) әуе қозғалысын ұйымдастыру қызметі (органы) (бұдан әрі - ӘҚҰ қызметі) - аудандық диспетчерлік орталық, жақындау диспетчерлік пункті немесе әуеайлақтық диспетчерлік пункт. 3. Бірлесіп орналасу әуеайлақтары мемлекеттік авиацияға немесе азаматтық авиацияға тиесілігі бойынша бөлінеді. Азаматтық немесе мемлекеттік авиацияға тиесілігі бойынша бірлесіп орналасу әуеайлақтарының тізбесі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі мен Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрінің бірлескен бұйрығымен бекітіледі. 4. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарын пайдалану осы Ережеге сәйкес шарттар негізінде жүзеге асырылады. 5. Бірлесіп орналасу әуеайлақтары жету әуеайлақтары және/немесе қосалқы әуеайлақтар ретінде пайдаланылуы мүмкін. 6. Бірлесіп орналасу әуеайлақтары азаматтық авиацияға тиесілігі бойынша әуе кеңістігі барлық пайдаланушысының әуе кемелері үшін қосалқы әуеайлақ ретінде пайдаланылуы мүмкін. 7. Мемлекеттік және азаматтық авиация үшін әуеайлақтар минимумын тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі қолданылып жүрген нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес белгілейді. 8. Пайдаланудың техникалық нормалары мен талаптарынан тұратын әуеайлақ ауданында ұшу жүргізу жөніндегі нұсқаулықты (бұдан әрі - Әуеайлақ ауданында ұшу жүргізу жөніндегі нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Бас штабы бастығының және Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
2. Ұшуды жоспарлау және ұйымдастыру
9. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарында ұшуды жоспарлау осы әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлімдердің және азаматтық авиация ұйымдарының арасындағы ұшу уақытын бөлу кестесіне сәйкес жүргізіледі. Келісілген ұшу уақытын бөлу кестесін әуеайлақта орналасқан ұйымдар басшылары бірлесіп бекітеді. 10. Азаматтық авиацияға тиесілігі бойынша бірлесіп орналасу әуеайлақтарының ауданында азаматтық және мемлекеттік авиация әуе кемелерінің әуе қозғалысын басқаруды ӘҚҰ қызметінің іс-қимылдарын реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес ӘҚҚ диспетчерлерінің кезекші ауысымы жүзеге асырады. Азаматтық авиацияға тиесілігі бойынша бірлесіп орналасу әуеайлақтарында әскери ұшақтардың жоспарлы ұшуларын орындаған кезде әуе қозғалысын басқарудың бірлескен тобы (бұдан әрі - ӘҚБ БТ) ұйымдастырылады. 11. Азаматтық авиацияға тиесілігі бойынша бірлесіп орналасу әуеайлақтарының ауданында әуе кемелерінің әуе қозғалысын басқаруды ӘҚБ БТ жүзеге асырады. ӘҚБ БТ құрамы ұшу нұсқаларына, авиациялық әскери бөлім шешетін міндеттерге және әуе кемелері қозғалысының жиілігіне байланысты анықталады. 12. Мемлекеттік және азаматтық авиацияның әуе кемелері жоспарлы ұшуды орындаған кезде ӘҚБ БТ құрамына авиациялық әскери бөлімнен: ұшу басшысы; ұшу басшысының көмекшісі; таяу аймақтың басшысы; қону аймағының басшысы; алыс аймақтың басшысы және жауынгерлік басқару офицері кіреді. ӘҚҰ қызметінен ӘҚБ БТ құрамына. ұшу басшысы (аға диспетчер); жақындау диспетчері: айналым диспетчері; қону диспетчері; мұнара диспетчері; сөре диспетчері: бұру диспетчері кіреді. ӘҚҰ қызметінің құрылымына байланысты диспетчерлік пункттерді біріктіруге рұқсат етіледі. 13. Авиациялық әскери бөлімнің ұшу басшысы әуе кемелері қозғалысын басқару бойынша ӘҚБ қызметінің диспетчерлік пункттерімен өзара іс қимылын ӘҚБ қызметінің ұшу басшысы (аға диспетчері) арқылы жүзеге асырады. 14. Сол тәулікке жоспарланған (бекітілген ұшу уақытын бөлу кестесіне сәйкес) негізгі ұшуларды басқару оның басшылығымен жүзеге асырылатын басшы ӘҚБ БТ басшысы болып табылады. Басқа ұйымның ұшу басшысы ӘҚБ БТ басшысының көмекшісі болып табылады. 15. Әртүрлі ұйымдардың әуе кемелерінің өз жауапкершілігі аймағында бір мезгілдегі ұшуына тікелей басқару жасауды авиациялық әскери бөлім мен азаматтық авиация ұйымының өкілдері ӘҚБ БТ басшысының жалпы басқаруымен жүзеге асырады. 16. Мемлекеттік авиация үшін ӘҚБ БТ мамандарының жауапкершілік аймақтары: 1) ұшу және қону аймағында: көзбен көрінетін шекте ұшу басшысының көмекшісі басқарады; қону бағытындағы ұшу-қону жолағының өзегінен +(-)15 секторда және ҰҚЖ басынан 20 шақырым қашықтықта қону аймағының басшысы басқарады; 2) таяу аймақта (әуеайлағының бақылау нүктесінен 50-60 шақырым қашықтықта) таяу аймақтың басшысы немесе таяу аймақтың штаттық басшысы болмағанда - қону аймағының басшысы басқарады; 3) алыс аймақ басшысының жауапкершілік аймақтары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі кесімдерінің талаптарына сәйкес анықталады. Азаматтық авиацияға арналған ӘҚБ БТ мамандарының жауапкершілік аймақтары мен әуе қозғалысын басқаруды берудің шептері ӘҚҚ қызметінің іс-қимылын реттейтін нормативтік құқықтық кесімдердің талаптарына сәйкес белгіленеді. 17. Ұшудың және ұшып өтудің келісілген жоспарын орындау кезінде ұшудың қауіпсіздігін, тұрақтылығын және үнемділігін қамтамасыз етуге ӘҚБ БТ басшысы жауапты болып табылады. 18. Авиациялық бөлімде жоспарлы ұшу болмай жалғыз ұшу, ұшып өту орындалған кезде ӘҚБ БТ құрамына авиациялық бөлімнен: әуе кемелерін қабылдау және шығару жөніндегі кезекші; қону аймағының басшысы кіреді. ӘҚҚ қызметінен ӘҚБ БТ құрамына ӘҚҚ диспетчерлерінің кезекші ауысымы толық құрамда кіреді. Осы жағдайларда ӘҚБ БТ басшысы ӘҚҚ қызметінің ұшу басшысы (аға диспетчер), ал әуе кемелерін қабылдау және шығару жөніндегі кезекші - оның көмекшісі болып табылады. ӘҚҚ ұйымдастыру тәртібі Әуеайлақ ауданында ұшуды орындау жөніндегі нұсқаулықпен анықталады. 19. Мемлекеттік авиацияның әуе кемелері қозғалысын таяу аймақта және қону аймағында басқару, әдетте, ерекше жоғары жиілікті (бұдан әрі - ЕЖЖ) радиобайланыстың әртүрлі жиіліктерінде жүзеге асырылады. Әскери әуе кемелерінің ұшуын таяу аймақта және қону аймағында басқару ЕЖЖ радиобайланыстың бір жиілігінде жүзеге асырылуы мүмкін. 20. Ұшар кезінде: мемлекет мүддесін қорғау бойынша тапсырма орындайтын; іздестіру-құтқару, авариялық-құтқару жұмыстарын және жедел медициналық көмек көрсету бойынша тапсырмалар орындайтын; ұшуды топтың құрамында орындайтын; жерде қозғалтқыштарының шектеулі жұмыс уақыты бар; тапсырманы орындау үшін шектеулі отын қоры бар; жолаушылары бар; жылдамырақ әуе кемелерінің артықшылықтары болады. Қону кезінде артықшылықтар: шұғыл қонуды орындайтын; әуе райы нашарлаған кезде - қонуға ену үшін мейлінше мүмкіндігі бар; аз ұшу ұзақтығына арналған отын қалдығы бар; жедел медициналық көмек көрсету бойынша ұшу орындайтын; ұшуды топтың құрамында орындайтын; жолаушылары бар әуе кемелеріне беріледі. 21. Бірлесіп орналасу әуеайлағының ауданында әуе кемелерінің қозғалысын басқару, әдетте, бірыңғай басқару-диспетчерлік пунктінен (бұдан әрі - БДП) немесе сөрелік басқару пунктінен (бұдан әрі - СБП) жүзеге асырылады. Бірыңғай БДП және СБП конструкциясы мен жабдықтары ӘҚБ БТ бір бөлмеде орналасуын және өзара іс-қимылын қамтамасыз етуі тиіс. Осы әуеайлақ ауданында әуе қозғалысын басқаруды жүзеге асыратын авиациялық әскери бөлімдер мен азаматтық авиация ұйымдары БДП және СБП-ны жабдықтайды. ӘҚБ БТ ортақ бөлмеде орналасуы мүмкін болмаған кезде негізгі басқару-диспетчерлік пунктіне бірлескен ұшу мерзіміне өзара іс-қимыл, ұшуды келісу және басқару үшін ведомстволық органдардың өкілдері бөлінеді. 22. Әуе кемелері экипаждары мен ұшуға басшылық жасау тобының лауазымды адамдары арасында ұшудың барлық кезеңінде радиоалмасу қолданыстағы нормативтік кесімдерге сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі белгілеген радиоалмасу сөз тіркестері қолданыла отырып жүзеге асырылады.
3. Ұшуды әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету
23. Бірлесіп орналасу әуеайлағында ұшуды әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету осы әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлімнің және азаматтық авиация ұйымдарының құралдарымен, нормативтік-құқықтық кесімдердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. 24. Әуеайлақты пайдаланып ұстауға және ағымдағы жөндеуге арналған шығыстар әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлімдер мен азаматтық авиация ұйымдарының арасындағы шарттармен (келісімдермен), есептесудің нақты шарттарын және орындалатын жұмыстар көлемін көрсетіп ресімделеді. 25. Жасалған шарттардың (келісімдердің) негізінде әуеайлақты ұстау және ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстарды орындау үшін әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлімдердің және азаматтық авиация ұйымдарының қажетті жеке құрамы мен техникасы бөлінеді. 26. Көліктің ұшу алаңы, перрон және әуеайлақ бойынша қозғалысы нормативтік құқықтық кесімдердің талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. 27. Ұшу алаңында жұмыстар жүргізу осы әуеайлақтың авиациялық бөлімдері және азаматтық авиация ұйымдарының басшылары бекітетін, әуеайлақтың ӘҚБ БТ ұшуын қамтамасыз ететін әуеайлақтық және басқа қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібінің талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. 28. Бірлесіп орналасу әуеайлағын жөндеуге жабу әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлімдердің және азаматтық авиация ұйымдарын басшылары арасында алдын ала келісілген жоспар бойынша жүзеге асырылады.
4. Байланысты, ұшуды радиотехникалық және электржарықтехникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру
29. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарында ұшудың радиотехникалық қамтамасыз етілуі (бұдан әрі - РТҚ) және байланысты ұйымдастыру үшін жауапкершілік әуеайлақ тиесілі ұйымдардың ұшуды және байланысты радиотехникалық қамтамасыз ету басшысына жүктеледі. 30. Бірлесіп пайдалану әуеайлақтарында РТҚ тәртібі Әуеайлақ ауданында ұшуды орындау жөніндегі нұсқаулықпен анықталады. Ұшуды және байланысты РТҚ жер бетіндегі құралдарын орналастыру осы жабдықты пайдаланудың белгіленген тәртібіне сәйкес орындалады. 31. Ұшуды және байланысты РТҚ құралдарын бірлесіп пайдалану, оларды дайындықта ұстау үшін жауапкершілік осы әуеайлақта орналасқан ұйымдар арасындағы шарттар мен келісімдер негізінде жүзеге асырылады және Әуеайлақ ауданында ұшуды орындау жөніндегі нұсқаулықпен белгіленген тәртіпте реттеледі, онда бұдан басқа: әуеайлақта ұшудың және байланыстың РТҚ ұйымдастыру сызбасы; ұшуды және байланысты РТҚ негізгі және резервтік құралдары, объективті бақылау құралдары, электрқоректендіру көздері; қызметтердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру, олардың жұмыс тәртібі көрсетіледі. 32. Ұшуды және байланысты РТҚ құралдарының профилактикалық және регламенттік (жоспар бойынша) жұмыстарын, сондай-ақ оларды ауыстыруды және күрделі (орташа) жөндеуді әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлімдер және азаматтық авиация ұйымдар арасында келісілген жоспар бойынша олардың иелері жүргізуі тиіс. 33. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарындағы ұшуды және байланысты РТҚ жер бетіндегі барлық құралдары зертхана-ұшақпен (жауынгерлік әуе кемелерімен немесе азаматтық авиацияның әуе кемелерімен) ұшып тексеруге жатады. 34. Техникалық жай-күйді тексерудің және ұшып тексерудің кесімдерін, оларға қажетті қосымшаларымен бірге, әуеайлақта орналасқан ұшуды және байланысты РТҚ құралдары тиесілі ұйымдардың басшылары бекітеді. 35. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарындағы ұшуды және байланысты РТҚ жер бетіндегі құралдарының ұшып тексерудің уақтылығына, толықтығына және оған дайындығына құралдардың тиесілігіне қарай авиациялық әскери бөлімдер мен азаматтық авиация ұйымдарының РТҚ мен байланыс құралдарын пайдалану қызметтерінің бастықтары жауапты болады. 36. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарындағы ұшуды және байланысты РТҚ жер бетіндегі құралдарын техникалық пайдалану нормативтік кесімдердің талаптарына сәйкес ұйымдастырылады және осы құралдар иелігіне жататын ұйым жүзеге асырады. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарындағы ұшуды және байланысты РТҚ құралдарына техникалық қызмет көрсетуді тиісті шарттар негізінде басқа ұйымдардың мамандары жүзеге асыруы мүмкін. 37. Бірлесіп пайдалану әуеайлағындағы ұшуды және байланысты РТҚ құралдарының саны және түрлері Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің нормативтік кесімдерінің талаптарына сәйкес белгіленеді. 38. Осы әуеайлақта орналасқан ұйымдардың ұшуы мен байланыстарын РТҚ жер бетіндегі құралдарын пайдалану авиациялық әскери бөлімдер мен азаматтық авиация ұйымдарының арасындағы шарттардың (келісімдер) негізінде ұшу кестесіне сәйкес жүзеге асырылады. 39. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарында әуеайлақ (аэроторап) ауданында әуе қозғалысын басқарудың (бұдан әрі - ӘҚБ) авиациялық радиобайланыс арналары осы әуеайлақта орналасқан ұйымдар қаражаты есебінен, осы әуеайлақ ӘҚБ-ның қабылданған құрылымына сәйкес ұйымдастырылады. Авиациялық радиобайланыстың өзге қажетті арналарын әуеайлақта орналасқан басқа мүдделі ұйымдар ұйымдастырады. 40. Таяу навигацияның радиотехникалық жүйесін қажет болған ретте авиациялық әскери бөлімі және азаматтық авиация ұйымдары орнатады, бірақ екі жиынтықтан аспайды әрі ұшу кестесіне сәйкес пайдаланылады. Таяу навигацияның радиотехникалық жүйесін орнату орны РТҚ құралдарын орнатудың үлгі сызбаларына сәйкес болуы тиіс. 41. Тұрақты жарық-техникалық жабдықты азаматтық авиация кәсіпорны азаматтық әуеайлақтардың пайдалануға жарамдық нормаларының талаптарына сәйкес орнатады. Оларды мемлекеттік авиацияның үлгі сызбасы бойынша жабдықтай түсу әскери әуеайлақтардың пайдалануға жарамдық нормаларының талаптарына сәйкес авиациялық әскери бөлімдердің күшімен және қаражатымен жүзеге асырылады. Жылжымалы жарық-техникалық жабдықты әуеайлақ тиесілі ұйымдардың мамандары орнатады және пайдаланады. 42. Барлық бірлесіп орналасу әуеайлағында әскери әуеайлақтардың пайдалануға жарамдық нормаларының және азаматтық әуеайлақтардың пайдалануға жарамдық нормаларының талаптары сақталуы (орындалуы) тиіс. 43. ӘҚБ БТ адамдарының әуе кемелері экипаждарымен, басқару пункттерімен, ӘҚҚ аудандарымен, ӘҚБ басқа органдарымен және өзара сөйлесулерінің магнитофондық жазбасына объективті бақылауды ұйымдастыру нормативтік құқықтық кесімдерімен реттеледі. 44. Күрделі шығындарды талап ететін бірлесіп орналасу әуеайлақтарында ӘҚБ, навигацияның және қонудың объектілерін салу (қайта жаңарту) жөніндегі жұмыстарды осы объектілер мен жүйелер тиесілі ұйымдар ұйымдастырады. Басқа ұйымдардың мұқтаждары үшін ұшуды және байланысты РТҚ құралдарымен жабдықтай түсу жөніндегі жұмыс үшін есеп айырысу шарттар негізінде жүргізіледі.
5. Әуе кемелеріне инженерлік-авиациялық қызмет көрсету
45. Бірлесіп орналасу әуеайлақтарында әуе кемелеріне инженерлік-авиациялық қызмет көрсету осы әуеайлақта әуе кемелері орналасқан ұйымдардың құралдарымен жүзеге асырылады. 46. Әуе кемелері әуеайлақта орналасқан ұйымдардың инженерлік-авиациялық қызметтері арасындағы әуе кемелерін техникалық пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимылдар шарттарға (келісімдерге) сәйкес жүзеге асырылады.
6. Әуеайлақты күзету және қорғау
47. Қазақстан Республикасының бірлесіп орналасу әуеайлағы объектілерін күзету және әуеайлақтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңнамаларына, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұсынымдарына сәйкес қамтамасыз етіледі. 48. Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының әуе кемелерін және объектілерін күзету әуеайлақтың ұшу алаңына, ұшақтар мен тікұшақтарға, әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ететін объектілерге, сондай-ақ оларға ену бақыланатын ғимараттар мен үй-жайларға бөгде адамдардың өтуін болдырмайтын тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылады. 49. Әуеайлақтың әуе кемелері мен объектілерін күзетуді азаматтық авиация ұйымдары не күзет қызметі субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. 50. Әуеайлақта орналасатын авиациялық әскери бөлімдер мен азаматтық авиация ұйымдарының басшылары бірлесіп орналасу әуеайлағының әуе кемелерін, объектілерін және қорғанысын күзету жоспарын бірлесе әзірлейді және бекітеді. 51. Авиациялық техникада жұмыс істеу кезінде тұрақтарда орналасқан әуе кемелерінің, жабдықтардың және мүліктердің сақталуына осы әуе кемесіне қызмет көрсететін инженерлік-техникалық құрам жауап береді. 52. Күзетке алынған әуе кемелерінің, соның ішінде ұшып өтетіндерінің тұрақ орнына экипаждар мен қызмет көрсетуші қызметшілерді жіберу Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің гарнизондық және қарауылдық қызмет жарғысы мен Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында әуе кемелері мен объектілерді күзету жөніндегі қызметті реттейтін тиісті нормативтік құқықтық кесімдер талаптарына сәйкес жүргізіледі.
7. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру
53. Бірлесіп орналасу әуеайлағында мемлекеттік авиацияның ұшуын метеорологиялық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің штаттық метеорологиялық бөлімшелері нормативтік құқықтық кесімдерде көзделген тәртіппен жүзеге асырады. Бірлесіп орналасу әуеайлағында азаматтық авиацияның ұшуын метеорологиялық қамтамасыз етуді «Қазавиамет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының авиаметеорологиялық станциясы (бұдан әрі - АМСА), авиаметеорологиялық орталығы (бұдан әрі - АМО) жүзеге асырады. 54. Әуеайлақта тек бір ғана метеорология бөлімшесі бар болғанда, ұшуларды метеорологиялық қамтамасыз етуді осы бөлімше Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарттардың негізінде әуе кемелерінің мемлекеттік және азаматтық авиацияға тиесілігіне қарамастан жүзеге асырады. 55. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету тәртібін АМО, АМСА метеорологиялық бөлімшелері әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлімдер және азаматтық авиация ұйымдарымен бірлесіп әзірлейді. 56. АМО және АМСА метеорологиялық бөлімшелері өзара қарым-қатынаста жұмыс істейді және метеорологиялық ақпаратпен ұдайы алмасуды және ұшу басшысы мен диспетчерлерге әуе кемелерінің экипаждарына жіберілетін метеорологиялық бақылаулардың нәтижелерін беруді жүзеге асырады. Метеорология бөлімшелерінің арасында тікелей телефон не дауыс зорайтқыш байланысы орнатылуы тиіс.
8. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету
57. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Ұшуды іздеу-құтқару ісімен қамтамасыз ету
58. Бірлесіп орналасу әуеайлағында ұшуды іздеу-құтқару ісімен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |