Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 19 наурыздағы № 270 қаулысымен Бекітілген
Осы редакция 2012 жылғы 14 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметті лицензиялау
1. Осы Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» 1997 жылғы 14 сәуірдегі, «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін анықтайды. 2. Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды: 1) радиоактивті қалдықтарды жинау және сұрыптау; 2) үй-жайларды, жабдық пен материалдарды залалсыздандыру (радиоактивті ластанудан тазарту); 3) радиоактивті қалдықтарды тасымалдау; 4) радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу; 5) радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму. 3. Лицензиялау субъектілері заңды тұлғалар болып табылады. 4. Қызметті лицензиялауды Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы комитеті (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады. 5. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметпен айналысу құқығына берілетін лицензия қолданылу мерзімі шектеусіз бас лицензия болып табылады.
6. Лицензияны және лицензияға қосымшаны алу үшін өтініш беруші лицензиарға мына құжаттарды ұсынады: 1) белгіленген үлгідегі өтініш; 2) Жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмелері; 3) өтініш берушінің салық органында есепте тұрғаны туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі; 4) жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алым төлегенін растайтын құжат; 5) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар. 7. Лицензия берілген қызмет түрінің шеңберінде лицензияға қосымшаны алу үшін мына құжаттар қажет: 1) өтініш; 2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі; 3) біліктілік талаптарына (қызметтің кіші түріне) сәйкес мәліметтер және құжаттар. 8. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшін лицензиарға өтінішпен бірге берілген барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, өтініш берушіге лицензиардың құжаттарды қабылдап алған күні туралы белгі қойылып, оның көшірмесі жіберіледі (тапсырылады). 9. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттармен бірге өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей береді. 1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салынған болса; 2) осы Ереженің 6-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген болса; 3) осы қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген болса; 4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмейтін болса; 5) өтініш берушіге қатысты оған осы қызметпен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруден бас тартылуы мүмкін. 11. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда лицензиар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады. 12. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген жағдайда немесе өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша хабардар етпесе, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін белгіленген мерзімдер біткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды қызметтің өзі мәлімдеген түрін және (немесе) кіші түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді. Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны береді. 13. Лицензиар берілген, қайта ресімделген, тоқтатылған, жаңартылған және қолданылуы тоқтатылған лицензиялардың тізілімін жүргізуді жүзеге асырады. 14. Лицензиядан айыру, қолданылуын тоқтату Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. 15. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны жоғалтып алған, бүлдіріп алған жағдайда лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын беру лицензиялау туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. 16. Лицензиялау туралы заңда көзделген жағдайларда лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға міндетті. 17. Лицензиардың шешімдері мен іс-қимылдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады. 18. Лицензиар Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын лицензиаттың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
Үкіметінің 2008 жылғы 19 наурыздағы № 270 қаулысымен бекітілген
Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары
1. Осы Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» 1997 жылғы 14 сәуірдегі, «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді. 2. Бұл түрі мынадай кіші түрлерін қамтиды: 1) радиоактивті қалдықтарды жинау және сұрыптау; 2) үй-жайларды, жабдық пен материалдарды залалсыздандыру (радиоактивті ластанудан тазарту); 3) радиоактивті қалдықтарды тасымалдау; 4) радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу; 5) радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму. 3. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге лицензия алу үшін біліктілік талаптары өтініш берушіде: 1) тиісті техникалық регламенттер мен ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелерінде белгіленген қауіпсіздік көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қажетті әкімшілік басқаруды қамтамасыз ететін ұйымдық құрылымның; 2) радиоактивті қалдықтарды залалсыздандыруға, жинауға, сақтауға, қайта өңдеуге арналған меншік немесе жалға беру құқығындағы өндірістік-техникалық базасының (мамандандырылған өндірістік үй-жайлар, инженерлік құрылыстар, механизмдер, жабдықтар, көлік, буып-түйетін жинақталымдар, ыдыс); 3) қалдықтардың шығу тегі, түрі, саны, радионуклидтік құрамы және белсенділігі туралы деректердің; 4) белгіленген тәртіппен бекітілген жұмыстарды жүргізудің технологиялық регламентінің (жинау, сұрыптау, сақтау, өңдеу, қайта өңдеу, көму тәсілі); 5) жұмыстарды жүзеге асыру кезіндегі радиациялық қауіпсіздік бойынша бекітілген нұсқаулықтардың; 6) регламенттелген қызметті жүргізу кезіндегі радиациялық жағдайды бақылау жүйесінің; 7) тиісті дипломдармен, сертификаттармен, аттестаттармен, еңбек кітапшасындағы жазбалармен немесе келісім-шарттармен расталған және радиациялық қауіпті жұмыстарды орындауға рұқсат етілген, техникалық пайдалану ережелерін және қауіпсіздік ережелерін білу бойынша біліктілігін тексеруден өткен, мамандығы бойынша тиісті білімі және бір жылдан кем емес практикалық жұмыс тәжірибесі бар техникалық басшылардың, мамандардың білікті құрамының; 8) мәлімделетін қызмет түрін жүзеге асыру кезінде белгіленген тәртіппен бекітілген қауіпсіздік сапасын қамтамасыз ету бағдарламасының; 9) иондаушы сәуле шығару көздеріне арналған санитарлық паспортының; 10) мәлімделетін қызмет түрі бойынша өтініш беруші бекіткен нормативтік құқықтық актілер, нормативтік, техникалық және әдістемелік құжаттамалар тізбесінің; 11) қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы шартының; 12) қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объекті иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы шартының; 13) міндетті экологиялық сақтандыру шартының болуын қамтиды.
|