Қазақстан Республикасының (2012.10.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2013 жылғы 13 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қараңыз
Осы Заң халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.
Түпнұсқада мазмұны жоқ
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) бұрынғы отандас - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адам; 2) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету - оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетілетін (ақпараттық, заңдық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) қызметтер кешені; 3) келуге және кетуге берілетін рұқсат (бұдан әрі - виза) - осыған уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының көшіп-қонушының паспортындағы немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгісі, ол визада белгіленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан Республикасының аумағына келуге, оның аумағы арқылы жүріп-тұруға, онда болуға және Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге құқық береді; 4) еңбек көші-қоны - еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жеке тұлғалардың басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан, сондай-ақ мемлекет ішінде уақытша қоныс аударуы; 5) заңсыз көшіп келу - шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың келу және болу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті жол жүруді бұза отырып, Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасында болуы; 6) заңсыз көшіп келуші - Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасында болатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам; 7) көшіп келу - шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келуі; 8) көшіп келуші - Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам; 9) көші-қон - жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударуы; 10) көшіп-қонушы - себебі мен ұзақтығына қарамастан, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адам; 11) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері - Қазақстан Республикасының шет елде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, сондай-ақ консулдық мекемелері; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 12) қоныс аударушы - тұруға аса қолайсыз экологиялық жағдайлар қалыптасқан және даму әлеуеті төмен елді мекендерден тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасының экономикалық жағынан перспективалы өңірлеріне ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына сәйкес Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адам; 13) оралман - тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары; 14) оралмандар туралы деректер базасы - оралмандар мен олардың отбасы мүшелері туралы, сондай-ақ оларға көрсетілген мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы деректер жиынтығы; 15) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын және оралмандардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруына және оларға бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетуге арналған заңды тұлға; 16) оралмандардың көшіп келу квотасы - осы Заңда көзделген шарттарда және тәртіппен әлеуметтік көмек көрсетілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін оралмандар отбасыларының саны; 17) тұрақты тұруға арналған рұқсат - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган беретін және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат; 18) уақытша орналастыру орталығы - этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған тұрғын жай; 19) уақытша тұруға арналған рұқсат (тіркеу) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган беретін және болу мақсатына қарай оларға Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге тұру құқығын беретін құжат; 20) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган - көші-қон процестерін реттеуді және халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді өз құзыреті шегінде жүзеге асырушы мемлекеттік орган; 21) шақырушы адам - Қазақстан Республикасында тұратын және осы Заңға сәйкес отбасын біріктіру мақсатында өз отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына келуіне жәрдемдесетін адам; 22) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота - Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтін, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны; 23) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат - еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушіге жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат; 24) шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға берілетін рұқсат - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдардың тізбесіне кіретін шетелдік қызметкерге Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу үшін еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат; 25) ішкі көші-қон - жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы; 26) ішкі көшіп-қонушы - тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударушы немесе Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам; 27) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасы - өмір сүру үшін экологиялық жағдайы ерекше қолайсыз және даму әлеуеті төмен елді мекендерден Қазақстан Республикасының экономикалық тұрғыдан перспективалы өңірлеріне тұрақты тұру үшін қоныс аударатын Қазақстан Республикасы азаматтары отбасыларының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шекті саны; 28) этникалық қазақ - шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.
2-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
3-бап. Көшіп келудің негізгі түрлері Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар: 1) тарихи отанына оралу мақсатында; 2) отбасын біріктіру мақсатында; 4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында; 5) гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.
4-бап. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен міндеттері 1. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат мынадай негізгі қағидаттарға: 1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын тану және оларға кепілдік беруге; 2) ұлттық мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге; 3) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін ұштастыруға; 4) пайдаланылатын ақпараттың жаңартылуы және бірнеше рет қайталануы негізінде көші-қон процестерін реттеудің ашықтығына; 5) мемлекеттің көшіп келудің әрқилы түрлерін реттеудегі сараланған тәсіліне негізделеді. 2. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері: 1) көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау; 2) өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін ескере отырып, оралмандарды ұтымды орналастыруды ұйымдастыру; 3) Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту; 4) ішкі еңбек нарығын шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау жолымен қорғау; 5) Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына ықпалдасуын қамтамасыз ету; 6) халықтың жаппай көші-қонына әкеп соқтыруы мүмкін жанжалдардың алдын алу және оларды болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын дамыту; 7) ішкі көші-қон ағынын оңтайландыру, көшіп-қонушылардың ел аумағында ұтымды қоныстандырылуын қамтамасыз ету; 8) шетелде тұратын бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты, оның ішінде мәдени ынтымақтастық пен ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынасты қолдау және дамыту; 9) этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесу; 10) көші-қон процестерін реттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық, заңсыз көшіп келудің алдын алу және жолын кесу болып табылады.
5-бап. Көшіп келушілердің құқықтары мен міндеттері 1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында: 1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға; 2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім, медициналық және әлеуметтік көмек алуға; 3) Қазақстан Республикасының көшіп келушілердің болуы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұруға; 4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға; 5) өзіне тиесілі мүліктік құқықтарын және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және мемлекеттік органдарға жүгінуге; 6) осы қызмет түрлері ақысыз негізде көрсетілетін оралмандарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында ақылы бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алуға құқығы бар. 2. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасында: 1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген міндеттерді атқарады; 2) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағына келудің, кетудің және онда болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.
6-бап. Көшіп келушілердің келуінің, кетуінің және болуының жалпы шарттары 1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуінің, кетуінің, онда болуының тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады. 2. Келудің және болудың визасыз режимі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген көшіп келушілер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда, заңды паспорттары немесе оларды ауыстыратын құжаттары бойынша келеді. 3. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге визаны ұлттық қауіпсіздік органымен келісім бойынша Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері береді. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге визаны халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган береді. 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 4. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өткеннен кейiн күнтiзбелiк бес күн iшiнде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті. Көшіп келушілер тұратын жерлері өзгерген жағдайда, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шыққан күннен бастап, күнтiзбелiк бес күн iшiнде тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті. Көші-қон карточкалары Қазақстан Республикасынан кеткен кезде тапсырылуға жатады.
7-бап. Көшіп келушілер болып табылмайтын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Мыналар: 1) осы Заңның 3-бабында көзделмеген мақсаттарда Қазақстан Республикасының аумағында күнтізбелік тоқсан күннен артық болмайтын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып табылмайды. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органда тіркелуге міндетті; 2) бес тәуліктен аспайтын мерзім ішінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін; 3) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте жүрген; 4) дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың құрамына енетін; 5) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатын; 6) теңіз және өзен кемелері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әуе, теміржол және автомобиль көлігі экипаждарының мүшелері болып табылатын; 7) миссионерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып табылмайды. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
2-тарау. Қазақстан Республикасында халықтың көші-қоны процестерін басқарудың мемлекеттік жүйесі
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оны жүзеге асыруды ұйымдастырады; 2) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны жыл сайын белгілейді; 3) тармақша 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі 3) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын белгілейді; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 4) халықты құжаттандыру және тіркеу тәртібін айқындайды; 5) оралмандардың көшіп келу квотасын белгілейді; 6) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды; 7) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды; 8) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын құрады; 9) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
9-бап. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыреті Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган: 1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады; 3) көші-қон процестерін реттеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлейді; 4) шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады; 5) көші-қон процестері мониторингін жүзеге асырады; 6) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылайды; 7) халықтың көші-қоны мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды; 8) Қазақстан Республикасының Үкіметіне оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді; 9) оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың арасында бөледі; 10) ұлттық қауіпсіздік органымен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, көшіп келушілердің паспорттарын тіркеу, олардың орын ауыстыру, сондай-ақ шетелдіктердің болуы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келу тәртібін, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік жол жүру тәртібін айқындайды; 11) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін есепке алудың бірыңғай деректер базасын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ еңбек жөніндегі уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және ұлттық қауіпсіздік органымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады; 12) Қазақстан Республикасының аумағындағы көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге виза береді; 13) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады; 14) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келу, Қазақстан Республикасынан кету, Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүрудің белгіленген қағидаларын сақтауын бақылайды; 15) заңсыз көшіп келудің жолын кесу жөнінде шаралар қабылдайды; 16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды; 17) көшіп келушілерге шекаралық аймаққа келу құқығын беретін құжаттарды ресімдейді; 18) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат береді; 19) оралман, босқын, қоныс аударушы мәртебесін беру және оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандарға біржолғы жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға қаражат төлемін белгілеу туралы шешім қабылдайды; 20) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары, уақытша орналастыру орталықтары қызметінің тәртібін айқындайды; 21) Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдейді; 22) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуіне рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды; 23) Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады; 24) Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды жүзеге асырады; 25) уақытша тұрғылықты жерге келген Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болатын жері бойынша есепке қоюды жүзеге асырады; 26) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің құзыреті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері: 1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаты туралы ақпараттың шетелде таратылуына жәрдемдеседі; 3) бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен байланысты және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдеседі; 4) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуіне визалар беру есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың көші-қоны жөніндегі уәкілетті органмен және ұлттық қауіпсіздік органымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады; 5) Қазақстан Республикасына келу туралы өтініш берген көшіп келушілердің құжаттарын қабылдап, тіркейді және оларды ұлттық қауіпсіздік органына жібереді; 6) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады; 7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Еңбек жөніндегі уәкілетті органның құзыреті Еңбек жөніндегі уәкілетті орган: 1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындайды; 3) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың арасында бөледі; 4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді; 5) еңбекші көшіп-қонушылардың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады және халықтың көші-қоны жөніндегі уәкілетті органның, ұлттық қауіпсіздік органының, Сыртқы істер министрлігінің тиісті ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді; 6) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды; 7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыреті Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган: 1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) көшіп келушілерге медициналық көмек көрсетудің тәртібін бекітеді; 3) шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекітеді; 4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді; |