|
|
|
Электр желілік қағидаларды бекіту туралы
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 21 тамыздағы № 657 Қаулысымен күші жойылды
«Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 23) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Электр желілік қағидалар бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 625 қаулысымен бекітілген
Электр желілік қағидалар
1. Осы Электр желілік қағидалар (бұдан әрі - Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 23) тармақшасына сәйкес әзірленді және электр желісін пайдалану мен Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесін басқаруды ұйымдастыру тәртібін реттейді. 2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) баланстық тиесілік - энергия өндіруші, энергия беруші ұйымның және оларға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі тұтынушының электр желісі учаскесі; 2) баланстық тиесілік шекарасы - энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушылардың арасындағы олардың баланстық тиесілігіне сәйкес электр желісін бөлу нүктесі (сызығы); 3) тараптардың пайдаланушылық жауапкершілігінің шекарасы - энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушылардың арасындағы тараптардың пайдаланушылық жауапкершілігі шекарасын айқындайтын электр желісін бөлу нүктесі (сызығы); 4) жоғары кернеу - 1000 Вольт және одан жоғары кернеу; 5) генерациялайтын қондырғы - электр энергиясын өндіретін құрылғы; 6) қосалқы (шунтталатын) электр беру желілері - басқа электр беру желілерімен қатарлас қосылған электр беру желілері, солар арқылы оның нормаланатын сапасымен электрмен жабдықтаудың сенімділігі бойынша санатқа сәйкес келетін сенімділік дәрежесін қамтамасыз ету үшін электр энергиясы мен қуатын жеткізу жүзеге асырылады; 7) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі (бұдан әрі - Қазақстан БЭЖ) - Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенімді және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететін электр станцияларының, электр жеткізу желілері мен шағын станциялардың жиынтығы; 8) өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілері - өңірлер және (немесе) мемлекеттер арасында электр энергиясын беруді қамтамасыз ететін кернеуі 200 киловольт және одан жоғары электр беру желілері; 9) жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы (бұдан әрі - ЖО ҰДО) - жүйелік оператордың құрылымына кіретін, Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесін жедел басқару мен электр энергиясын теңгерімдеу және оның сапасын қамтамасыз етуді қоса алғанда, оның жұмыс сенімділігі үшін жауап беретін бөлімше; 10) ұлттық электр желісі (бұдан әрі - ҰЭЖ) - шағын станциялардың, тарату құрылғыларының, кернеуі 220 киловольт және одан жоғары өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілерінің және электр станцияларының электр энергиясын беруді жүзеге асыратын электр беру желілерінің жиынтығы, олар жекешелендіруге жатпайды және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және шарттармен ұлттық компанияға беріледі; 11) төменгі кернеу - 1000 Вольттан төмен кернеу; 12) Қазақстан БЭЖ-і жұмысының қалыпты режимі - электр энергетикасы жүйесінің режимін жоспарлау кезінде қарастырылған барлық элементтері жұмыс істеп тұрған және электр энергиясының барлық тұтынушыларын жасалған шарт талаптарына сәйкес электрмен жабдықтау қамтамасыз етілетін орнықты жұмыс режимі; 13) тоқтату - генерациялайтын қондырғылардың жұмысын жоспарлы немесе жоспардан тыс тоқтату; 14) Қазақстан БЭЖ-нің авариядан кейінгі жұмыс режимі - электр энергетикасы жүйесінің зақымданған элементін авариялық ажыратудан кейін туындайтын және қалыпты жұмыс режимі қалпына келтірілгенге дейін жалғасатын қалыптасқан режим; 15) тұтынушы - электр энергиясын шарт негізінде тұтынатын жеке немесе заңды тұлға; 16) желіні пайдаланушы - энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушы; 17) Қазақстан БЭЖ-і қуаты резервтерінің ПУЛ-ы (бұдан әрі - ПУЛ) - генераторлар, электр беру желілері кенеттен істен шыққан немесе тұтыну ұлғайған жағдайда тұтынушыларды энергиямен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етуге арналған электр қуатының резерві; 18) «нөлдіктен бұрылу» - энергия өндіруші ұйымды, консервациядан, резервтен немесе толық тоқтатылғаннан кейін іске қосу, электр желісін біртұтас электр энергетикалық жүйе ретінде ең қысқа мерзімде қалпына келтіру; 19) реактивті энергия - ауыспалы ток тізбегінде электромагниттік өріс жасауға жұмсалатын энергия; 20) өңірлік электр желісі - бір әкімшілік-аумақтық бірлік (облыс) шегінде, сондай-ақ ұлттық электр желісі мен тұтынушылар арасында электр энергиясын беруді қамтамасыз ететін кернеуі 110 кВ және одан төмен электр беру желілері мен шағын станциялардың жиынтығы; 21) өңірлік электр желілік компания (бұдан әрі - ӨЭК) - өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйым; 22) электр энергиясының сальдо-ток ағымы - электр беру желілерінің, трансформаторлардың белгілі бір тобы (қимасы) бойынша немесе коммерциялық есепке алу нүктелері бойынша электр энергиясын қабылдау/босату мәнінің алгебралық сомасы; 23) заттай сынақтар - жүйенің сипаттамаларын зерделеу мақсатында Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне немесе оның бір бөлігіне әсер туғызу жолымен жасалатын сынақтар; 24) жүйелік оператор - орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызмeттep көрсетуді және желіні пайдаланушылардан қосалқы көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және оны пайдалану әзірлігінде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания; 25) қосалқы тұтынушы - тұтынушының электр желілеріне тікелей жалғанған тұтынушы; 26) техникалық шарттар - электр желілеріне қосылу үшін қажетті техникалық талаптар; 27) суық резерв - іске қосылмаған, отынмен қамтамасыз етілген және жұмысқа әзір тұрған генерациялайтын қондырғылардың иелік қуатының жиынтығы; 28) орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқару - жүйелік оператор жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі сенімділігінің нормативтік деңгейін және электр энергиясының нормативтік сапасының сақталуын қамтамасыз ететін энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылардың техникалық келісілген жұмысын үздіксіз басқару процесі; 29) электр желілері - электр энергиясын беруге арналған шағын станциялардың, тарату құрылғылары мен оларды қосатын электр беру желілерінің жиынтығы; 30) электр станциясы - электр энергиясын өндіруге арналған, құрамында құрылыс бөлігі, энергияны түрлендіретін жабдығы мен қажетті қосалқы жабдығы бар энергетикалық объект; 31) электр қондырғысы - электр энергиясын өндіруге, түрлендіруге, өзгертуге, жеткізуге, таратуға, тұтынуға және/немесе энергияның басқа түріне түрлендіруге арналған машиналар, аппараттар, желілер мен қосалқы жабдықтар жиынтығы (олар орнатылған құрылыстармен және үй-жайлармен бірге); 32) энергия өндіруші ұйым - электр энергиясын өз қажеттіліктері және (немесе) өткізу үшін өндіруді жүзеге асыратын ұйым; 33) энергия беруші ұйым - электр энергиясын беруді шарт негізінде жүзеге асыратын ұйым; 34) энергиямен жабдықтаушы ұйым - сатып алынған электр энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым; 35) уәкілетті орган - электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2. Электр желісін пайдалану тәртібі
3. Электр желісіне қосылуды немесе тұтынылатын (берілетін) электр қуатын ұлғайтуды жоспарлайтын желіні пайдаланушылар (тұтынушыларды қоспағанда) оған қосылуды осы тарауда баяндалған рәсімдерге сәйкес жүзеге асырады. Тұтынушыларды электр желісіне қосу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген электр энергиясын пайдалану тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады. 4. Электр желісіне қосылуға арналған техникалық шарттар мынадай жағдайларда беріледі: 1) желі пайдаланушыларын қосу, соның ішінде қосалқы (шунтталатын) желілерді салу; 2) желі пайдаланушыларының қуатын ұлғайту; 3) сыртқы электрмен жабдықтау/желі пайдаланушыларының қуатын беру схемасының өзгеруі. 5. Желіні пайдаланушыларды электр желісіне қосуға арналған техникалық шарттар тиісті жобалау қызметіне лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымдары әзірлейтін «Пайдаланушыны қосу схемасы», «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» негізінде беріледі. Жаңа электр қондырғыларын салуға және өзгертуге (қайта жаңарту, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу) арналған жобалау алды құжаттамасында (ТЭН) «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» немесе «Пайдаланушыны қосу схемасы» бөлімдер қамтылған. «Пайдаланушыны қосу схемасының», «Электр станцияларының қуатын беру схемасының» мазмұны осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген. «Пайдаланушыны қосу схемасы» желілеріне пайдаланушыны қосу жоспарланған тиісті ұйыммен (энергия жеткізуші және/немесе энергия өндіруші) келісіледі. «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» желілеріне жалғану жоспарланған тиісті ұйыммен (энергия беруші және/немесе энергия өндіруші) жүйелік оператормен келісіледі және оны уәкілетті орган бекітеді. 6. «Пайдаланушыны қосу схемасы» келісілген немесе «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» бекітілген соң желіні пайдаланушы желілеріне пайдаланушыны жалғау жоспарланып отырған тиісті ұйымға (энергия беруші және/немесе энергия өндіруші) техникалық шарттарды алуға өтінім жібереді. Өтінім нысаны осы Қағидаларға 2-5-қосымшаларда келтірілген. 7. Өтінімді алған соң желілеріне пайдаланушыны жалғау жоспарланған тиісті ұйым (энергия беруші және/немесе энергия өндіруші) техникалық талаптарды осы Қағидаларға 6-қосымшада көрсетілген мерзімде береді. Техникалық шарттарда мыналар көрсетіледі: 1) мекенжайы (объектінің орналасқан орны); 2) жалғау нүктесі; 3) мәлімделген қуаты; 4) электр желісіне қосу үшін қажетті, оның ішінде оны күшейту бойынша талаптар (электр жеткізу сымының қималарын ұлғайту, шағын станциялардың трансформаторлық қуатын ұлғайту, қосымша ұяшықтарды орната отырып, шағын станцияларды реконструкциялау және т.б.); 5) ұйымдастыру, релелік қорғау және автоматтандыру, аварияға қарсы автоматика, диспетчерлік және технологиялық басқару, электр энергиясын есепке алу, реактивті қуатты өтеу жөніндегі талаптар; 6) техникалық шарттар қолданысының мерзімі. 8. Техникалық шарттарда көрсетілген талаптардың негізділігіне күмән келтірілген жағдайда пайдаланушы сараптамалық ұйымға энергетикалық сараптама жүргізу үшін өтініш білдіреді. Сараптамалық ұйым энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға өтініш жасаған кезінде пайдаланушының өтініші бойынша энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым барлық сұралатын мәліметтерді береді. 9. «Пайдаланушыны қосу схемасын», «Электр станцияларының қуатын беру схемасын», жобалау алды, жобалық құжаттаманы әзірлеу, техникалық шарттардың іс-шараларын орындау пайдаланушының қаражаты есебінен жүргізіледі. 10. Желіні пайдаланушыны мәлімделген қуаты 10 МегаВаттан асатын өңірлік электр желісіне немесе энергия өндіруші ұйымға жалғаудың техникалық шарттары жүйелік оператормен келісіледі. Желіні пайдаланушыны мәлімделген қуаты 10 МегаВаттан асатын өңірлік электр желісіне немесе энергия өндіруші ұйымға жалғаудың техникалық шарттарының көшірмелері бір ай ішінде жүйелік операторға мәліметке алу үшін жіберіледі. 11. Техникалық шарттардың талаптары орындалғаннан кейін қуатты қосу және беру схемасына сәйкес іске асырылған электр қондырғыларына кешенді сынақтар жүргізіледі, оның қорытындылары бойынша мемлекеттік қабылдау комиссиясы электр қондырғыларын қабылдау туралы актіге қол қояды. Актінің негізінде пайдаланушыны қосу және генерациялайтын қондырғылармен энергия беруші ұйымның электр желісіне қуат беру жүргізіледі. 12. Желіні пайдаланушылар арасындағы тараптар жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілік пен тараптардың пайдаланушылық жауапкершілігі актілерімен ресімделеді. 13. Энергия өндіруші ұйымның генерациялайтын қондырғыларын электр желілерінен ажырату энергия беруші ұйымдар немесе жүйелік оператордың нұсқауы бойынша мынадай жағдайларда жүргізіледі: 1) адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне немесе электр қондырғыларының жабдықтарына төнген қатердің алдын алу; 2) электр станциясында немесе жалғау жабдықтарындағы авариялар; 3) энергия өндіруші ұйымға қызмет көрсететін персоналдың энергия беруші ұйымның немесе жүйелік оператордың өкімдерін орындамауы; 4) авариялық жағдайларды жою және оның өршуінің алдын алу; 5) еңсерілмес күш мән-жайлары. 14. Энергия беруші ұйым жүйелік оператордың өкімі бойынша қосуды қалпына келтіреді және мемлекеттік энергетикалық бақылау жөніндегі органды (бұдан әрі - Мемэнергоқадағалау) хабардар етеді. 15. Қосалқы (шунтталатын) электр жеткізу желілері мен шағын станцияларды жобалау мен салу уәкілетті органды, табиғи монополия саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органды және жүйелік операторды алдын ала хабардар ете отырып және олармен келісіле отырып, мынадай тәртіпте жүргізіледі: 1) желіні пайдаланушы қолданыста жұмыс істеп тұрған желіні қосалқы (шунтталатын) болжамды жаңа электр жеткізу желілерін салуға өтінім берген кезде бұл туралы өзі желілеріне қосылған электр желілік компанияны хабардар етеді; 2) желіні пайдаланушы/энергия беруші ұйым техникалық шарттарды беруге ресімделген өтінімді жүйелік операторға ұсынады, ол оны 20 жұмыс күні ішінде қарайды және өз қорытындысын қоса бере отырып, уәкілетті органға және табиғи монополия салаларында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға жібереді; 3) алынған құжаттарды (техникалық шарттарды беруге арналған өтінім мен жүйелік оператордың қорытындысын) уәкілеттік орган және табиғи монополия салалары мен реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган қарайды және олардың қабылдаған шешімі жүйелік операторға 8 жұмыс күні ішінде жіберіледі; 4) қосалқы (шунтталатын) электр беруші желілерін салу мәселесі жөніндегі жоғарыда көрсетілген шешімді алғаннан кейін жүйелік оператор 10 жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы желіні пайдаланушы мен электр желілік компанияға хабар береді.
3. Қазақстан БЭЖ-ін басқаруды ұйымдастыру тәртібі
16. Қазақстан БЭЖ-ін басқаруды ұйымдастыру мынадай негізгі процестерді қамтиды: 1) электр қондырғыларын бірдейлендіру; 2) жөндеулерді жоспарлау және электр қондырғыларын ажыратуға арналған өтінімдерді қарау, генерациялайтын қондырғыларды тоқтату; 3) заттай сынақтар жүргізу; 4) диспетчерлендіру; 5) жиілік пен қуат ағындарын реттеу; 6) рұқсат етілетін қуат ағындарын таңдау; 7) кернеуді реттеу; 8) электр желісінде ауыстырып қосуларды жүзеге асыру; 9) аварияға қарсы автоматиканы қолдану; 10) релелік қорғау мен аварияға қарсы автоматиканы құру; 11) технологиялық бұзылыстарды оқшаулау және жою; 12) жұмыс және/немесе оқиғалар туралы ақпараттар алмасу.
1. Электр қондырғыларын бірдейлендіру
17. Қосу нүктелеріндегі электр станциялары мен электр қондырғыларын бірдейлендіру әрбір желі учаскесі үшін баланстық тиесілікке сәйкес дайындалған қосудың жұмыс схемасына сай жүргізіледі. 18. Бірдейлендіру талаптары мынадай қатысушыларға: 1) жүйелік операторға; 2) энергия беруші ұйымдарға; 3) өңірлік электр желісіне қосылған энергия өндіруші ұйымдарды қоса алғанда, энергия өндіруші ұйымдарға; 4) тікелей қосылған тұтынушыларға қолданылады. Аталған тармақтың талаптары төменгі кернеулі желілерге қосылған пайдаланушыларға қолданылмайды. 19. Кернеуі 35 кВ және одан жоғары барлық учаскелер бойынша негізгі мәліметтер жүйелік оператор жүргізетін деректер қорының тіркелімінде қамтылады. 20. Электр желісіне жаңа учаскені қосу кезінде қайталауды болдырмау үшін аталған учаскенің атауы жүйелік оператормен келісіледі. 21. Егер энергия беруші ұйым немесе желі пайдаланушысы баланстық тиесілік бөлігінің шекарасында жаңа электр қондырғыларын орнатуды жоспарласа, олар өздерімен шектесетін басқа пайдаланушыларды болжамды электр қондырғыларын бірдейлендіру туралы хабардар етеді. 22. Желінің тиісті пайдаланушыларын хабардар ету электр қондырғысы орнатылады деп болжанылып отырған мерзімнен бұрын сегіз айдан кешіктірілмей, жазбаша нысанда жасалады және онда жаңа электр қондырғысы мен олардың бірдейлендірілуі көрсетілген жұмыс схемасы қамтылады. 23. Хабарламаны алушылар оны алғаннан кейін бір айдың ішінде өзінің ұсынылып отырған бірдейлендірумен келісетіндігін немесе келіспейтіндігін көрсете отырып жазбаша нысанда жауап қайтарады, сондай-ақ, электр қондырғысының бұрынғы қолданыстағы электр қондырғыларын бірдейлендіруді қайталамайтынын растайды. Егер ұсынылып отырған бірдейлендіру қолайсыз болса, жауапта ыңғайлы бірдейлендіру көрсетіледі. 24. Егер энергия беруші ұйым мен желіні пайдаланушылар келісімге келе алмаса, энергия беруші ұйым аталған учаскеде пайдаланылатын электр қондырғысын өз бетінше бірдейлендіреді және сол туралы желіні пайдаланушыны хабардар етеді. 25. Энергия беруші ұйым мен желіні пайдаланушы электр қондырғысын маңдайшалармен жарақтайды және оның бірдейлендіру деректерін анық көрсете отырып жазбалар жазады. 26. Қолданыстағы желі учаскесін бірдейлендіру деректеріне жүйелік оператормен келісілген өзгерістер енгізілген кезде желіні пайдаланушы мен энергия беруші ұйым бірдейлендірілген электр қондырғыларын жаңа маңдайшалармен және жазбалармен жарақтайды.
2. Жөндеулерді жоспарлау және электр қондырғыларын ажыратуға арналған
27. Жүйелік оператор және ӨЭК электр жеткізу желілері мен электр қондырғыларын ажырату кестелерін, электр қондырғылары мен электр жеткізу желілерінің таратылуына сәйкес келетін электр станцияларындағы генерациялайтын қондырғылардың тоқтатылуын диспетчерлік басқару тәсілі бойынша әзірлейді. 28. Кестелер алдын ала өтінімдер негізінде әзірленеді, бұл ретте ажыратулар мен тоқтатулардың соңғы мерзімдері мен ұзақтығын жүйелік оператор электр жеткізу желілері мен электр қондырғыларының, электр станцияларындағы генерациялайтын қондырғылардың рұқсат етілетін жұмыс режимін, сабақтас энергия жүйелеріндегі ажыратулар мен тоқтатуларды, тұтынушылардың энергиямен жабдықталуын шектеуді болдырмауды ескере отырып өзгертуі мүмкін. 29. Электр жеткізу желілері мен электр қондырғылары ажыратуларының, электр станцияларындағы генерациялайтын қондырғыларды тоқтатудың жылдық кестелері алдағы жылға әзірленеді, айлық кестелер бекітілген жылдық кестелерді ескере отырып алдағы айға әзірленеді. 30. Жылдық кестелерді әзірлеу, келісу және бекіту мерзімдері осы Қағидаларға 7-қосымшада көрсетілген. 31. Электр жеткізу желілері мен электр қондырғыларын жөндеудің жылдық кестелерін өзгерту жүргізілмейді. Бекітілген жылдық кестелерден туындаған ауытқулар жөндеулер мен тоқтатулардың айлық кестелерін жасау кезінде ескеріледі. Электр станцияларындағы генерациялайтын қондырғылардың жылдық тоқтатулар кестелерін өзгертуге ЖО ҰДО-мен, жүйелік оператордың өңірлік диспетчерлік орталықтарымен (бұдан әрі - ӨДО) келісе отырып, өзгерістерді белгіленген тәртіпте бекіту арқылы жол беріледі. 32. Жөндеу мен оларға техникалық қызмет көрсету үшін электр жеткізу желілері мен электр қондырғыларының ажыратулары, электр станцияларындағы генерациялайтын қондырғылардың тоқтатулары Электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы жөніндегі қағидалардың, Электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидаларының, Жабдықтар мен электр қондырғыларының аппаратурасын жасап шығарған зауыттар нұсқаулықтарының талаптарына, сондай-ақ олардың нақты техникалық жай-күйіне сүйене отырып жоспарланады. 33. Электр қондырғыларын ажыратуға немесе тоқтатуға арналған өтінім ЖО ҰДО бекіткен регламентке сәйкес мерзімдерде беріледі және онда мыналар қамтылады: 1) электр жеткізу желісінің, шағын станцияның немесе электр станциясының диспетчерлік атауы; 2) электр қондырғысы жабдықтарының, аппаратурасының атауы және генерациялайтын қондырғының немесе электр станциясы жабдығының атауы мен станциялық нөмірі; 3) генерациялайтын қондырғының қуаты (МВт); 4) жөндеудің немесе тоқтатудың ұзақтығы; 5) ажыратудың немесе тоқтатудың басталатын және аяқталатын күндері мен уақыты; 6) авариялық дайындық уақыты; 7) жоспарланған жұмыс көлемі. 34. Жүйелік оператордың электр қондырғылары жабдықтарының жедел жай-күйін өзгертуге арналған өтінімдер бойынша шешімінің мынадай кезектілігі болады: 1) авариялық өтінімдер; 2) жоспарлы өтінімдер; 3) жоспардан тыс өтінімдер. 35. Жүйелік оператор төтенше жағдайларда мынадай шараларды қабылдайды: 1) егер жүйелік оператордың пікірінше, Қазақстан БЭЖ-нің жұмыс істеуіне қауіп төнсе, жеткізуші жүйедегі кез келген ажыратудың уақытын өзгертеді, қысқартады немесе болдырмайды; 2) егер жөндеу жұмысының жалғасуы энергиямен жабдықтаудың, қауіпсіздік пен сенімділіктің бұзылуына әкеп соғатын болса, жұмысты тоқтатуға және кәсіпорындағы электр қондырғысының бірлігі немесе бірліктері бойынша жұмыстың қалыпты режиміне оралуға нұсқау береді. 36. Желіні пайдаланушылар жүйелік операторды электр қондырғыларының жабдықтары мен электр жеткізу желілерін бөлуге сәйкес жүйелік оператордың басқаруындағы немесе иелігіндегі электр желісінің кез келген элементін мәжбүрлі тоқтатуы жөніндегі талабы туралы хабардар етеді. 37. Осы Қағидалардың осы бөлімінің ережелері өңірлік электр желілеріндегі тоқтатулар кестелерін жасауда тең дәрежеде қолданылады.
38. Заттай сынақтар Қазақстан БЭЖ-нің және/немесе ТМД және Балтық елдері энергия бірлестіктерінің техникалық сипаттамаларын айқындау үшін жүргізіледі. 39. Заттай сынақтар үш санатқа бөлінеді: 1) Қазақстан БЭЖ-нің заттай сынақтары - жүргізілуі Қазақстан БЭЖ-нің тұтастай немесе Қазақстан БЭЖ-нің бірнеше өңірлеріндегі жұмыс режимін өзгертуге әкеп соғатын және әртүрлі жедел бағыныстағы объектілерде үйлестіруді талап ететін сынақтар; 2) өңірлік заттай сынақтар - жүргізілуі бір жедел бағыныстағы өңірлік электр желісінің жұмыс режимін өзгертуге әкеп соғатын сынақтар; 3) ТМД және Балтық елдері энергия бірлестіктерінің жүйелік сынақтары - жүргізілуі ТМД және Балтық елдері энергия бірлестіктерінің тұтастай немесе Қазақстан БЭЖ-ін қоса алғанда, бірнеше энергия бірлестігінің энергия жүйелерінде жұмыс режимін өзгертуге әкеп соғатын сынақтар. 40. Қазақстан БЭЖ-нің жүйелік сынақтары жүйелік оператордың бастамасы бойынша жүргізіледі. ТМД және Балтық елдері энергия бірлестіктерінің жүйелік сынақтары жүйелік оператордың немесе ТМД және Балтық елдерінің бір энергия бірлестігі энергия жүйесінің бастамасы бойынша жүргізіледі. Өңірлік заттай сынақтар өңірлік желілік компанияның бастамасы бойынша жүргізіледі. 41. Сынақтың санатына байланысты тиісті диспетчерлік орталық сынақтарды үйлестіруші болып табылады, оның міндеттеріне мыналар кіреді: 1) сынақтарды өткізудің бағдарламасын әзірлеу және келісу; 2) сынақтарға қосылған электр қондырғылары мен диспетчерлік орталықтарды тағайындау; 3) сынақтарды өткізген кезде сынақтарға қосылған электр қондырғылары мен диспетчерлік орталықтардың оралымды-диспетчерлік персоналының бірлескен іс-қимылдарына басшылық жасау; 4) сынақтарды өткізу барысындағы деректерді жинау мен тіркелгендерін талдауды ұйымдастыру; 5) жүргізілген сынақтардың нәтижелері туралы есеп жасау. 42. Сынақтарды өткізу бағдарламалары қосылған диспетчерлік орталықтарымен келісілуі тиіс. 43. Сынақтарды өткізу барысында іске қосылған электр қондырғылары мен диспетчерлік орталықтарда талап етілетін сапа мен көлемде тіркелген деректер сынақтарды өткізу жөніндегі үйлестірушіге жіберілуі тиіс.
44. Қазақстан БЭЖ-де электр энергиясын өндіру, тұтыну, беру процестерін диспетчерлендіруді жүйелік оператор жүзеге асырады. 45. Қазақстан БЭЖ-де қуат теңгерімін басқару тәуліктік кестелер негізінде ұйымдастырылады. Электр станциялары жүктеме мен айналатын резервтің берілген тәуліктік кестесін орындайды. Электр энергиясын тұтынушылар өздері мәлімдеген активті қуатты тұтынудың сағаттық кестесінен аспайды. 46. Қатарлас жұмыс істеу режимдерін жүргізу тәуліктік кестемен берілген электр энергиясының өңіраралық және мемлекетаралық ток ағындарының сальдосын ұстау негізінде жүзеге асырылады. 47. Электр энергиясын тұтынушылар жасалған шарттарға сай тұтынатын қуат бойынша, сол сияқты электр энергиясы бойынша тәуліктік кестені орындау жөніндегі өз міндеттемелерінің орындалуын дербес түрде бақылайды. 48. Энергия өндіруші ұйым жасалған шарттарға сай тәуліктік кестеге сәйкес электр станцияларының шиналарынан тиісті сападағы электр қуаты мен электр энергиясын жеткізілуін дербес түрде бақылайды. 49. Өңірлерде (облыстарда) электр энергиясын тұтынуды жедел бақылауды энергия беруші ұйымдардың диспетчерлік орталықтары мен ӨДО жиілік бойынша түзетуді есепке ала отырып, дербес жүргізеді. Берілген кестеден барлық ауытқулар туралы кезекші персонал жоғарыда тұрған деңгейдегі жедел басқару диспетчеріне дереу баяндайды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |