|
|
|
«Азаматтардың күнделікті әрекеттері қалай қылмыстық сипатқа ие болды»
1 бөлімді қараңыз
Куряченко Дмитрий Петрович Адвокат
Мен көтеріп отырған проблеманың бүкіл қоғамға үлкен әсері бар. Бұған дейін Қазақстанның Қылмыстық Кодексінде 197-баптың пайда болу тарихы туралы егжей-тегжейлі сипаттап берген болатынмын. Енді негізгі мәселелерге қысқаша тоқталайын. Қылмыстық Кодексте 197-баптың пайда болуы (бұрынғы 183-1, 2010 ж.) мұнай құбырларынан мұнай ұрлаудың көбейіп кетуімен байланысты болды. Бұған Қылмыстық Кодекстің 403, 403-1-баптарына мұнай және газ құбырларына қасақана немесе абайсызда зақым келтіру туралы, 175-баптың 2-бөлігін құбырдан жасалған ұрлық үшін «г» тармағымен толықтыру туралы өзгертулер енгізген Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 6-қазандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналымы саласында жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 343-IV Заңы дәлел бола алады. 183-1 бап енгізілді (бүгінгі 197): «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ өңдеу жазаланады...». «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Заңда (бұдан әрі Заң) 1-тармақтың 10-бабына мұнай өндірушілер мұнайды жеткізушінің оның шыққан жерін растайтын құжаты бар болған жағдайда ғана қабылдауға міндетті екені туралы 2-1-тармақ қосылды. Заңнамаға енгізілген бұл өзгерістер мен толықтырулар мұнай мен одан өндірілетін мұнай өнімдеріне меншік құқығын қорғауға бағытталған. Сондықтан Қылмыстық Кодекстің 197-бабын (бұрын 183-1) заң шығарушы «Меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деген 6-тарауға енгізеді. Қылмыстың объектісі - меншік. Қылмыстық Кодекстің 197-бабында аталған әрекеттерді жасаушы адамның қылмысы мұнай мен мұнай өнімдеріне меншік құқығын бұзуға бағытталуы керек. Әрекеттер меншік құқығының бұзылуымен себеп-салдарлық байланыста болуы керек. Іс бойынша жәбірленуші, яғни, осы бапта көрсетілген қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамның іс-әрекеттері салдарынан меншік құқығы бұзылған мұнайдың және/немесе мұнай өнімдерінің иесі болуы керек. Алайда, құқық қолдану практикасында Қылмыстық Кодекстің 197-бабы бойынша кімнің мүлкіне қарсы қылмыс жасалғандығы туралы мәлімет жоқ, жәбірленушілер жоқ, мұнай мен мұнай өнімдеріне ешкімнің меншік құқығы бұзылмаған. Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Ақтөбе облысы ҚІжМАС, Ақтөбе облыстық сотында (іс № 1598-20-00-1/57, іс № 1598-18-00-1/17 Ақтөбе облысы), Қаржы Мониторинг агенттігі, Павлодар қаласы № 2 соты, (іс № 5511-20-00-1/130 Павлодар облысы) іс № 4746-20-00-1/60 Маңғыстау облысы, іс № 2336-21-00-1/16 Жылыой аудандық соты, іс № 2342-21-00-1/2 Атырау облысы Исатай аудандық соты, іс № 3524-21-00-1/1 Теміртау қаласы) ҚР-сы ҚК-нің 197 бабымен қаралған осы істердің барлығы бойынша да жергілікті тұрғындарды да, шетел азаматтарын да қылмыс объектісі болмағанына, жәбірленушілердің жоқтығына және қандай да бір қоғамға қауіпті салдары жоқтығына қарамастан, мұнай өнімдерін олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалдау және сату бойынша іс-әрекеттер үшін айыпты деп танып, қудалап, соттап, айыппұл салудан бастап, қоғамдық жұмыстарға тартуға, 13, 19 жыл бас бостандығынан айыруға соттап жіберуде. Азаматтарға қылмыстық топтар құру, заңды түрде сатып алған негізгі құнын қоса қамтитын мұнай өнімдерін аса ірі көлемде сату айыбы тағылады. Қылмыстық Кодекстің 197-бабының қылмыстық-құқықтық нормасының диспозициясында кез-келген қоғам мен мемлекеттің оларсыз күнделікті өмір сүре алмайтын әрекеттер - мұнай мен мұнай өнімдерін алу, қайта өңдеу, сақтау, тасымалдау, сату - көзделген. Сонымен бірге, егер бұл мұнай және мұнай өнімдерімен әлеуметтік маңызы бар және пайдалы іс-әрекеттер олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз жасалса, онда заң шығарушының пікірі бойынша мұндай әрекеттер әлеуметтік қауіпті болып, Қылмыстық кодекстің 197-бабымен тыйым салынған әрекеттер санатына жатады. Алайда, бұл қандай қоғамға қауіптілік? Осы көпшіліктің игілігіне арналған іс-әрекеттерде қоғамдық қауіп бар деп кім шешті? Бұл сұрақтарға еш жерде жауап жоқ. Қылмыстық Кодекстің 197-бабының диспозициясының өзінде бапта көрсетілген мұнай және мұнай өнімдерімен жасалған іс-әрекеттер сөзсіз түрде туындататын қоғамға қауіпті зардаптардың сипаттамасы қамтылмаған, әйтпесе оларды қоғамдық қауіпті деп санауға және оларды қылмыстық іс-әрекеттер санатына қосуға болмайды, өйткені бұл қоғамдық қауіпті туғызбайтын күнделікті қоғамдық пайдалы іс-әрекеттер үшін қылмыстық қудалауға әкеледі. Қылмыстық Кодекстің 197-бабын қолдану тәжірибесінде жоғарыда аталған жағдайларда ғана емес (№ 1598-20-00-1/57, № 1598-18-00-1/17, № 5511-20-00 -1/130) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары актілерінің біліктілігі туралы, прокурорларды айыптау туралы және соттардың үкімдері мен шешімдері, күдіктілердің, сотталушылардың сатып алу жөніндегі іс-әрекеттерінің заңдылығы туралы қаулыларында мұнай және мұнай өнімдерінің мемлекеттік кірістер органдарында тіркелген көтерме жеткізушілерден алынғаны дәлелденді. Яғни, мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алудың заңдылығын растайтын құжаттар анықталды. Мұнай өнімдерінің Ақтөбе, Павлодар мұнай-химия зауыттарынан шыққаны анықталды. Осыған қарамастан, күдіктілердің, сотталушылардың өздері заңды түрде алған мұнай мен мұнай өнімдерін одан әрі тасымалдау және сату бойынша әрекеттері тек қана олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз жүзеге асырылғандығына байланысты Қылмыстық кодекстің 197-бабы бойынша қылмыстық деп танылады. Сұрақ туындайды, мұнайды және мұнай өнімдерін заңды түрде сатып алудан оларды заңсыз сату мен тасымалдау қалай пайда болады? Неліктен күдіктілерден, айыпталушылардан олардың шыққан жерін растайтын құжаттарсыз сатылған мұнай мен мұнай өнімдерін үшінші тұлғалардың одан әрі алуы заңсыз деп танылмайды және осы тұлғалар неге Қылмыстық кодекстің 197-бабы бойынша жауапқа тартылмайды? Егер сотталушылардың сатуы мұнай өнімдерінің шыққан жерін растайтын құжаттарсыз жүзеге асырылған болса, онда үшінші тұлғалардың одан әрі алуы да осы құжаттарсыз жүзеге асырылды. Мұндай іріктеу (теңсіздік) Қылмыстық кодекстің 197-бабының жетілмегендігінен туындайды, соның арқасында барлық адамдар мұнай өнімдерін қайта сату, тасымалдау және сатып алу, сақтау үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Тек осы бапқа мұнай мен мұнай өнімдерін олардың шығуын растайтын құжаттарсыз тұтынуды қосу ғана қалды. Көрсетілген істердің барлығында да мұнай мен мұнай өнімдерінің шығу тегі бойынша сараптамалардың тағайындалмауы мен өткізілмеуі таң қалдырады. Бүндай сараптамасыз мұнай өнімдерінің шығу тегі мен оларды қайта өңдеу заңдылығын анықтау мүмкін емес. Бірақ басты және ең негізгі мәселе - Қазақстан Республикасының заңнамаларында мұнай өнімдерін алу, тасымалдау, сақтау және сатуды олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттармен бірге жүзеге асыру - міндетті талап ретінде қарастырылмаған, тіптен, мұндай құжаттардың нысаны да, формасы да, оларды беру тәртібін белгілейтін ережелер де жоқ. Басқаша айтқанда, заңдарда мұнай мен мұнай өнімдерін алу, тасымалдау, сақтау, сату олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттармен жүзеге асырылуы керек деп еш жерде жазылмаған.
Мысалы, шикі мұнайға қатысты Заңның 12-бабы 1-тармағы 10-тармақшасы және 18-бабы, 5-тармағы, 1) 2) тармақшаларында былай қарастырылған: мұнай өнімдерін өндіруші шикі мұнайды қайта өңдеуге сатып алуға (қабылдауға) мұнай жеткізушілерге тең қол жетімділікті қамтамасыз ете отырып екі құжат болған жағдайда, 1) сатып алынған (қабылданған) шикі мұнайдың шыққан жерін растайтын құжат және 2) шикі мұнайдың сапасын растайтын құжат (сапа сертификаты) болғанда ғана міндетті. Яғни, Заңның 18-бабының талабы тек мұнай өңдеушілерге жоғарыда аталған екі құжатпен шикі мұнайды өңдеуге қабылдау міндеттемесін жүктейді. Заңнама мұнай өнімдерін сатып алу, тасымалдау, сақтау және сату кезінде жеткізушілерден, тасымалдаушылардан, сақтаушылардан және сатып алушылардан осы құжаттардың болуын талап етпейді. Заң шығарушы шикі мұнай жеткізушісінен мұнай өнімдерін өндірушіге мұндай құжатты ұсынуды талап етпейді, ол өндірушіні шикі мұнайды тек осындай құжатпен қабылдауға міндеттейді, ал егер мұндай құжат ұсынылмаса, онда өндіруші мұнайды өңдеуге қабылдамауға міндетті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасында шикі мұнайды жеткізушілерге (жеткізушілермен) 5-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген сатып алынған (қабылданған) мұнайдың шыққан жерін растайтын құжат беру нысаны мен тәртібі қарастырылмаған немесе бекітілмеген. Заңның 18-бабы Заңнамада кімде-кімнің Заңның 18-бабының 5-тармағында көрсетілген құжаттарды беру нысаны мен тәртібін бекіту құзыреті қарастырылмаған. Мұнай мен мұнай өнімдерінің іскерлік айналымында қолданылатын барлық құжаттар (келісімшарттар, Заңның 20-бабының көзделген ілеспе накладнойлар, тауарларды шетке шығаруға арналған накладнойлар, электронды накладнойлар мен шот-фактуралар, жол парақтары, қойма түбіртектері және т.б.) мұнай өнімдерінің шығу тегін емес, оларды сатып алуды, тасымалдауды, сақтауды және сатуды растайтын құжаттар ретінде әрекет етеді. Жанармай бекетінде берілген чек те заңды түрде шығарылған мұнай өнімінің сатылғанына кепілдік бере алмайды. Қылмыстық Кодекстің 197-бабындағы қылмыстық-құқықтық норма диспозициясының қолданыстағы нұсқасы іс жүзінде қоғамдық қауіп тудыруда. Заңды түрде алынған мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдағаны және сатқаны үшін адамдар бас бостандығынан айырылып, автотасымалдаушылары, басқа мүлкі тәркіленуде, жоғарыда көрсетілген жағдайларды қараңыз. Сондай-ақ, мысалы: (№ 4746-20-00-1/60 іс және № 2336-21-00-1/16 іс) бір азамат 950 литр дизель отынын жеке шаруашылығының қажеттіліктері үшін, тағы біреу 300 литр дизель отынын жолда жағармайы таусылған туысына (пластикалық бөтелкемен) апара жатырған кезде жолда полиция қызметкерлері тоқтатып, дизель отынының шыққан жерін растайтын құжаттарды көрсетуді сұраған. Нәтижесінде, екеуі де дизельдік отынды оның шыққан жерін растайтын құжаттарсыз тасымалдағаны үшін сотталды. Біріншісіне 145 850 теңге айыппұл салынды және 950 литр дизель отыны тәркіленді. Екіншісі 300 литр дизель отынын тәркілеумен бірге 60 сағат қоғамдық жұмыстарға сотталды. Осыған ұқсас жағдай № 3524-21-00-1 / 1 және №2342-21-00-1/2 іс бойынша) мұнай өнімдерін үнемі тасымалдаған жүргізуші оның шыққан жерін растайтын құжаттарсыз тасымалдағаны үшін дизель отынын тәркілеумен 60 сағаттық қоғамдық жұмыстарға сотталды. Қылмыстық Кодекстің 197-бабы қазіргі редакцияда азаматтар мен ел экономикасына орны толмас зиян келтіріп, ауыр зардаптарға соқтырады. Адамның конституциялық құқықтарын бұзады, балаларын әкесінен, ата-анасын балаларынан, ерлі-зайыптыларды бір-бірінен айырады, сыбайлас жемқорлық пен рейдерлікке үлкен жағдай жасайды, мемлекет өз азаматтарының мүлкін заңсыз тәркілеу арқылы әділетсіз баюшы деген атаққа ие болады, бұл халықтың билікке деген сенімін кетіреді және мемлекеттің беделін жояды. Жоғарғы Сот пен Бас Прокуратура Қылмыстық Кодекстің 197-бабын қолдануды дереу тоқтата тұруы керек деп есептеймін. Қылмыстық Процестік Кодекстің 14-бабы 4-бөлігі негізінде Қылмыстық Кодекстің 197-бабы бойынша заңсыз қамауға алынғандардың барлығын дереу босатып, үкімдердің күшін жою және ҚК-нің 197-бабы бойынша заңсыз сотталғандарды оңалту процедураларын бастау керек. Бұған жол бергені үшін халықтан кешірім сұрап және осы бапты енгізген, сол арқылы адамдарды заңсыз қылмыстық қудалау мен соттауға жол беріп қоғамға қауіпті жағдай туғызған адамдарды жауапкершілікке тарту процедурасын бастау керек. Конституциялық Кеңестің алдына Қылмыстық Кодекстің 197-бабының Конституцияға қайшы екендігі туралы мәселе қойылсын. Парламент бұл бапты қылмыс санатынан шығаруы немесе өзгертуі тиіс.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |