|
|
|
«Ashyq» жобасын енгізу туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 26 тамыздағы № 37 Қаулысы
Қазақстан Республикасының халқы арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Объектілерде «Ashyq» жобасын енгізу және іске асыру жалғастырылсын: 1) йога орталықтарын қоса алғанда, фитнес-клубтары; 2) спа-орталықтары; 3) моншалар, сауналар, бассейндер; 4) PlayStation клубтарын қоса алғанда, компьютерлік клубтар; 5) боулинг клубтары; 6) кинотеатрлар; 7) театрлар мен филармониялар; 8) стрит-фудтарды қоспағанда, қоғамдық тамақтану объектілері, жазғы алаңдар, фуд-корттар, банкет залдары; 9) асхана типіндегі қоғамдық тамақтану объектілері; 10) облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар; 11) облысаралық және облысішілік тұрақты тасымалдар; 12) бильярд клубтары; 13) концерт залдары; 14) ерікті қатысушылар; 15) караоке; 16) көрмелер; 17) океанариум; 18) марафондар; 19) көрермендер қатысатын спорттық іс-шаралар; 20) әуежайлар; 21) лотерея клубтары және лотерея сататын өзге де орындар; 22) балалардың (жабық) ойын-сауық орталықтары; 23) цирктер; 24) отельдер, қонақ үйлер; 25) халыққа қызмет көрсету орталықтары; 26) темір жол вокзалдары және автовокзалдар; 27) (жабық) базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, (азық түлік емес) сауда үйлері, сауда желілері; 28) балаларды сауықтыру орталықтары (жұмыскерлер (персонал) үшін); 29) букмекерлік конторалар; 30) сұлулық орталықтары мен салондары, шаштараздар, маникюр мен педикюр қызметтерін көрсету, косметикалық және косметологиялық қызметтер көрсету салондары; 31) барлық меншік нысанындағы және ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдары (педагогтар, персонал, ата-аналар (заңды өкілдері), келушілер, 18 жастағы және одан асқан білім алушылар үшін (балаларды 12 жастан бастап ерікті түрде тіркей отырып); 32) спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары; 33) білім беру ұйымдарында білім алушылардың тұруына арналған жатақханалар мен интернаттар (педагогтар, персонал, ата-аналар (заңды өкілдері), келушілер, білім алушылар үшін). 1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес «Ashyq» жобасына жаңа қатысушыларды қосу алгоритмі; 2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес «Ashyq» жобасын енгізу және «сары/қызыл» мәртебесі бар келушілерді анықтау кезінде шаралар қабылдау алгоритмі; 3) осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес Жосықсыз қатысушыларды «Ashyq» жобасынан шығару алгоритмі; 4) осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеу өлшемшарттары; 5) осы қаулыға 5-қосымшаға сәйкес «Ashyq» көшбасшылары» мәртебесін беру өлшемшарттары бекітілсін. 3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі: 1) объектілерде енгізу кезінде «Ashyq» жобасын техникалық қолдауды; 2) күн сайын Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне «Ashyq» ақпараттық жүйесінен «қызыл/сары» мәртебесі бар келушінің жобаға қатысатын объектіге бару фактісінің тіркелгені туралы алдыңғы күнгі мәліметтерді (жүктеп алуды) ұсынуды 3) сауда және интеграция, денсаулық сақтау министрліктерімен, Алматы облысы әкімдігімен, «Атамекен» ҰКП-мен (келісу бойынша) бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен тек «жасыл» мәртебесі бар жұмыскерлер мен келушілердің кіру шартымен «Ashyq» жобасы шеңберінде «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін қайта бастау бойынша шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін. 4. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша) құзыретіне сәйкес шаралар қабылдасын және: 1) осы қаулының 1 және 2-тармақтарына сәйкес объектілерде «Ashyq» жобасын енгізуді; 2) осы қаулының 1 және 2-тармақтарына сәйкес жобаны іске асыруға қатысатын объектілердің тізбесін айқындауды; 3) «Ashyq» көшбасшылары» мәртебесін алу үшін жобаға қатысушылардың тізімін айқындауды; 4) халықты, жеке және заңды тұлғаларды жобаға қатысатын объектілерге кіру үшін «Ashyq» мобильді қосымшасын, оның ішінде басқа да платформаларды (мысалы, eGov mobile, Аitu, Kaspi.kz, Halyk Bank, Sberbank.kz платформасындағы аналогы, сайт www.ashyq.kz) пайдалану қажеттігі туралы хабардар етуді; 5) тестілік режимде қатысатындарды және ерікті қатысушыларды қоса алғанда, «Ashyq» жобасына қатысушылар туралы ақпаратты, «Ashyq» көшбасшылары» мәртебесін алған жобаға қатысушылардың тізімін әкімдіктердің сайтында орналастыруды; 6) зертханалардың COVID-19-ға ПТР-тестілеу нәтижелері бойынша зертханалық ақпараттық жүйелерге мәліметтерді уақтылы енгізуін және олардың Ұлттық сараптама орталығының Бірыңғай интеграцияланған порталына (ҰСО БИП) берілуін; 7) Call-орталықтарды ұйымдастыру арқылы халықты және кәсіпкерлерді оқыту бойынша техникалық қолдауды; 8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде және осы қаулыда белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін қолданыстағы заңнамада көзделген жауапкершілік туралы жобаға қатысушылардың назарына жеткізуді; 9) 12 жастан асқан балалардың компьютерлік клубтарға, цирктерге, кинотеатрларға, балалардың сауықтыру орталықтарына, облысаралық және қала аралық туристік тасымалдарға «Ashyq» қосымшасында, оның ішінде басқа платформаларда (мысалы, EGOV mobile, Аitu платформасындағы аналогы, Kaspi.kz, Halyk Bank, Sberbank.kz, сайт www.ashyq.kz) ерікті түрде тіркеле отырып кіруін; 10) осы қаулыға 2 және 3-қосымшаларға сәйкес «Ashyq» жобасын енгізуге және оған қатысуға қойылатын талаптарды бұзушылықтардың профилактикасы бойынша мониторингтік топтар жұмысының тиімділігін; 11) QR-кодты өшіру үшін жобаға жосықсыз қатысушылардың ресми тізімдерін InfoКazakhstan.kz электрондық платформасына уақтылы енгізуді қамтамасыз етсін; 12) (инфекциялық төсектердің толтырылу көрсеткіші 70%-дан жоғары және төсектердің толтырылу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден жоғары болғанда) тәуекел деңгейі қауіпті аймақта эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда өңір «қоңыр қызыл» аймаққа ауысады - осы тармақтың 16) тармақшасына сәйкес шектеу шаралары енгізіледі. Өңір «қоңыр қызыл» аймақта кемінде 3 күн болған кезде карантиндік шараларды қатаңдату қабылданады. Күшейтілген карантиндік шаралар «қоңыр қызыл» аймақтан «қызыл» аймаққа көшкеннен кейін кемінде 7 күн сақталады. Карантиндік шараларды жеңілдету «қоңыр қызыл» аймақтан «қызыл» аймаққа көшкеннен кейін 7 күннен ерте жүргізілмейді; 13) Алматы қаласын қоспағанда, ағымдағы жылғы 28 тамыздан бастап мыналардың жұмысына: - демалыс күндері - «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмысына - сағат 00.00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшыларының жұмысына - қызметкерлер мен келушілерде «жасыл мәртебе» болған жағдайда (вакцинация, сынама алған кезден бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тесті, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған адамдар) сағат 02.00-ге дейін; - сенбі күндері - қоғамдық көліктің жұмысына рұқсат етілсін; 14) Алматы қаласын қоспағанда, ағымдағы жылғы 30 тамыздан бастап «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілері үшін жұмыс уақытын (режимін) жұмыс күндері сағат 22.00-ден 00.00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшылары үшін сағат 00.00-ден 02.00-ге дейін ұзартсын; 15) эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған жағдайда Алматы қаласында осы тармақтың 13) және 14) тармақшаларында көзделген карантиндік шараларды жеңілдетуді енгізу тиісінше ағымдағы жылғы 4 және 6 қыркүйектен басталсын; 16) «қоңыр қызыл» аймақтың өңірлерінде: - орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын, сондай-ақ осы тармақшада көрсетілген ұйымдарды қоспағанда, «Ashyq»-қа қатыспайтын, меншік нысанына қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұруды; - ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салуды; - мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), офистердің, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің 80%-ы үшін қашықтықтан жұмыс істеу нысанын сақтауды (вакцинацияланғандарды, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда); - Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі - ВАК) шешімі негізінде демалыс күнгі шектеу шараларын енгізуді қамтамасыз етсін; - «қоңыр қызыл» аймақтың өңірлерінде «Ashyq» жобасынан тыс: құрылыс жұмыстарын жүргізуге; өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне; байланыссыз қызметтерді көрсетуге (автожуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы, сағаттарды, телефондарды, компьютерлерді, аяқ киімді жөндеу, тігін ательесі, кір жуу орындары, химиялық тазалау, кілттерді жасау, тұрмыстық үй қағидаты бойынша қызмет көрсету және т. б.), гүл дүкендерінің, фотосалондардың қызметіне; туристік компаниялардың, бизнес орталықтардың, қызметтің жекелеген түрлерінің (сақтандыру компаниялары, адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг көрсетілетін қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары, айырбастау пункттері, ломбардтар, банктер, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері және т. б.) қызметіне; қоғамдық тамақтану объектілерінің тек алып шығуға және жеткізуге арналған қызметіне; әкімдіктердің, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау ұйымдарының, БАҚ, азық-түлік дүкендерінің, дәріханалардың және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарының қызметіне жол беріледі; 17) ВАК шешімінің негізінде осы тармақтың осы тармақтың 16) тармақшасына сәйкес «қоңыр қызыл» аймақта орналасқан өңірлермен агломерациядағы өңірлерде қатаңдату жөнінде ұқсас шаралар қабылдауды; 18) check-in бойынша талаптарды сақтамайтын объектілерді (аутсайдерлерді) «Ashyq» жобасынан шығаруды қамтамасыз етсін; 19) осы тармақтың 13 - 16) тармақшаларының талаптары осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес жұмыс режимі «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеу өлшемшарттарымен шектелмеген объектілерге қолданылмайды. 5. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері: 1) осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеу өлшемшарттарының сақталуын бақылауды; 2) «Ashyq» жобасын ұйымдастыруға және енгізуге қойылатын талаптарды бұзу фактілері бойынша жобаға қатысушыларға қатысты және шектеу және карантиндік шараларды бұзуға жол берген адамдарға қатысты әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануды; 3) «жасыл», «сары» және «қоңыр қызыл» аймақтардағы жобаға қатысушыларға қатысты карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдау құқығынсыз және осы қаулының 1-тармағында көзделмеген жаңа қатысушыларды жобаға енгізу құқығынсыз осы қаулыны басшылыққа алуды қамтамасыз етсін. 6. «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша) жобаға қатысушылардың арасында бұзушылықтардың алдын алуды жүргізуді қамтамасыз етсін. 7. «Ashyq» жобасына қатысушылар: 1) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес «Ashyq» жобасын енгізуге және оған қатысуға қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етсін; 2) өңір «қоңыр қызыл» аймақтан «қызыл» аймаққа, «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа немесе «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа ауысқан кезде осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес талаптарды сақтауды жалғастырсын; 3) осы қаулының талаптарының сақталуын қамтамасыз етсін. 8. «Кәсіпкерлік объектілерінде «Ashyq» жобасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 29 шілдедегі № 33 қаулысының күші жойылды деп танылсын. 9. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын. 10. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 26 тамыздағы № 37 қаулысына 1-қосымша
«Ashyq» жобасына жаңа қатысушыларды қосу алгоритмі
1. Барлық жаңа қатысушылар үшін «Ashyq» жобасына қатысуға өтінімдер InfoKazakhstan.kz электрондық платформасы және InfoKazakhstan-мен біріктірілген басқа да платформалық шешімдер (Аitu, Halyk Bank және басқалары) арқылы беріледі. 2. InfoKazakhstan.kz сайты арқылы өтінім беру үшін субъекті (объекті): 1) заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің электрондық цифрлық қолтаңбасының (бұдан әрі - ЭЦҚ) көмегімен InfoKazakhstan.kz басты бетіне кіруі және ЭЦҚ арқылы пайдаланушының деректерін толтыруы қажет; 2) авторизациядан кейін «Менің өтінімдерім» қосымша беті автоматты түрде ашылады, онда «Жаңадан өтінім беру» батырмасын басу қажет; 3) «Жаңа өтінім» қосымша бетіне кіре отырып, кәсіпкер өтінім нысанын толтырады және QR-код алуға сұрау жібереді. QR-код алу алдында «Білім базасын» жүктеуі (кіру кезінде орналастыру үшін инфографика, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулылары, Ashyq жобасы бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар және т. б.) және материалдармен танысуы қажет; 4) субъект (объект) рұқсат беру құжаттарының бар екенін және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайды. QR-код субъектіде мынадай рұқсат беру құжаттарының бірі болған кезде ғана беріледі: - ашуға рұқсат/хабарлама (эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектінің сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды немесе эпидемиялық маңыздылығы елеусіз объектілер қызметінің басталғаны туралы хабарлама); - қызметті қайта бастау бойынша санитариялық нормаларға сәйкестік актісі. Сәйкестік актісін алу тәртібі пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді; 5) QR-кодты алумен бір мезгілде бизнес субъектісі оның Ashyq жобасының қатысушыларына жататыны-жатпайтыны (осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес жеңілдіктермен жұмыс істейді) немесе ерікті қатысушы туралы хабарлама алады. 3. QR-кодты алғаннан кейін пайдаланушының жеке кабинетінде «Күзетші режимін» (ЖСН немесе куәландырушы құжат бойынша келушінің мәртебесін тексеруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарлама) алуға нұсқаулық көрінеді. 4. QR-кодты алғаннан кейін Ashyq жобасының қатысушысы тестілік режимде 1 апта жұмыс істейді. 5. Тестілік режимде 7 күн жұмыс істегеннен кейін «Ashyq» жобасына қатысушылар туралы ақпарат әкімдіктерге беріледі және бір күн ішінде әкімдіктің сайтында орналастырылады. 6. Жобаның ерікті қатысушылары туралы ақпарат әкімдіктердің сайтында да орналастырылады. 7. «Ashyq» жобасының ерікті қатысушыларына қатысты осы қаулыға 4-қосымшада көзделген жеңілдіктер қолданылмайды. Ерікті қатысушыларға: 1) қызметкерлердің (персоналдың) және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, COVID-19 таралуын барынша азайту үшін (меншік нысанына қарамастан) қызметіне рұқсат етілген; 2) оларға қатысты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган немесе Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларымен бекітілген шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңіндегі қызметке қойылатын талаптар бар кез келген субъектілер (объектілер) жатқызылуы мүмкін. 8. Кәсіпкер «Ashyq» жобасының шарттарын сақтау және пайдаланушылық келісімнің шарттарын қабылдай отырып, шынайы деректерді ұсыну үшін өзінің жауапкершілігін түсінетіндігін растайды. 9. Кәсіпкер ұсынылған деректердің дұрыстығы үшін дербес жауапты болады. Жоғарыда көрсетілген құжаттардың бар-жоғын тексеруді мониторингтік топ жүзеге асыруы мүмкін. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 26 тамыздағы № 37 қаулысына 2-қосымша
«Ashyq» жобасын енгізу және «сары/қызыл» мәртебесі бар келушілерді анықтау кезінде шаралар қабылдау алгоритмі
1. «Ashyq» жобасына енгізілген объектілерде кәсіпкерлік субъектісі келушілердің мәртебесін QR-код немесе ЖСН бойынша тексереді. 2. Кәсіпкерлік субъектісі объектіде «сары/қызыл» мәртебесі бар оқшаулануға жататын келушіні анықтаған кезде растайтын материалдарды («сары/қызыл» мәртебесі бар скриншот) ұсына отырып, мобильді байланыс, электрондық пошта, сондай-ақ басқа да қолжетімді тәсілдер арқылы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне (бұдан әрі - СЭБК АД) факті туралы хабарлайды/хабарлама береді. 3. Жобаға қатысатын объектілерге келушілерді және жұмыскерлерді (персоналды) жіберу олардың мәртебесін айқындау үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, объектіге кіреберісте көрсеткен жағдайда жүзеге асырылады: - «жасыл» мәртебе: «қауіпсіз» - деректер базасында алынған кезден бастап 7 тәуліктен аспайтын COVID-19-ға теріс нәтижемен ПТР-тестілеуден өткен; COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған; соңғы 3 ай ішінде ауырып сауыққан; COVID-19-ға қарсы вакцинацияға тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері туралы анықтамасы бар адам ретінде белгіленген. Жүріп-тұруға шектеу жоқ; - «көк» мәртебе: «бейтарап» - ПТР тестілеу нәтижесі жоқ, базада COVID-19-бен ауыратын науқаспен байланыста болған адам ретінде деректер жоқ; вакцинацияланбаған. ПТР-тестілеу нәтижелерінің болуы міндетті болып табылатын жерлерден, сондай-ақ «жасыл» мәртебе міндетті болып табылатын жерлерден басқа жерлерде жүріп-тұруға шектеу жоқ; - «сары» мәртебе: «байланыста болған» - деректер базасында COVID-19-бен ауыратын науқаспен байланыста болған адам ретінде көрсетілген. Жүріп-тұруға шектеу, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшін үйде оқшаулаудың қатаң режимін сақтау болжанады; - «қызыл» мәртебе: «инфекция жұқтырған» - базада COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесімен тіркелген, «инфекция жұқтырған» - U 07.2 коды мәртебесі бар пациенттер. Жүріп-тұруды шектеу, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшін үйде оқшаулану режимін қатаң сақтау болжанады. 4. COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың аяқталмаған курсы бар адамдар үшін «жасыл» мәртебесі вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін 21 күн бойы сақталады. Күнтізбелік 21 күн өткеннен кейін вакцинациялаудың екінші курсы болмаған жағдайда «жасыл» мәртебесі «көкке» ауыстырылады. COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың аяқталған курсы бар адамдар үшін «жасыл» мәртебесі 1 жыл бойы сақталады. 5. COVID-19-бен ауырған адамдарда «жасыл» мәртебесі сауыққаннан кейін соңғы 3 ай бойы сақталады. 6. «Сары» мәртебесі бар (немесе байланыста болған) адамдар COVID-19-ға оң нәтижесі бар адаммен байланыста болған күннен бастап күнтізбелік 14 күн өткен соң «көкке» ауыстырылады. 7. COVID-19-ға теріс ПТР-тестілеу нәтижелері бар адамдарда «қызыл/сары» мәртебесі оң нәтиже алған сәттен бастап немесе COVID-19-ға оң нәтижесі бар адаммен байланысқан күннен бастап 14 күн өткенге дейін сақталады. 8. COVID-19-ға теріс ПТР-тестілеу нәтижелері бар адамдарда «қызыл/сары» мәртебесі оң нәтиже алған сәттен бастап немесе COVID-19-ға оң нәтижесі бар адаммен байланысқан күннен бастап 14 күн өткенге дейін сақталады. 9. COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесі бар базада тіркелген адамдарда, U07.1 коды - «инфекция жұқтырған» мәртебесі бар пациенттерде «қызыл» мәртебесі COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесі алынған сәттен бастап 14 күн өткенге дейін сақталады. 14 күн өткеннен кейін бұл адамдар осы уақыт кезеңінде COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесін алуға қарамастан, соңғы 3 ай бойы сақталатын «жасыл» мәртебеге ауыстырылады. 10. Келушіде смартфон болмаған жағдайда, оның келісімімен кәсіпкерлік объектісінің жұмыскері (персоналы) келушінің мәртебесін ЖСН бойынша тексереді. 11. Резидент еместердің мәртебесін тексеруді объектінің жұмыскері (персоналы) келушінің келісімімен паспорттың нөмірі бойынша жүзеге асырады. 12. Жобаға қатысатын объектілерге «сары/қызыл» мәртебесі бар келушілер жіберілмейді. 13. «Ashyq» жобасына қатысушылар «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 67 қаулысымен бекітілген Алгоритмдер талаптарының және осы қаулының сақталуын қамтамасыз етеді. 14. СЭБК АД-ы «ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы» және «COVID-19 бақылау орталығы» ақпараттық жүйелерінде деректерді уақтылы өзектендіруді қамтамасыз етеді. 15. «Ashyq» әкімшісінің құқығы бар адам есепті InfoКazakhstan.kz электрондық платформасынан «қызыл» және «сары» мәртебесі бар келушілер бойынша күнделікті жүктеп алуды қамтамасыз етеді және СЭБК АД-ге жібереді. 16. СЭБК АД-ы амбулаториялық-емханалық көмек ұйымымен және ішкі істер органдарымен бірлесіп, кәсіпкерлік субъектісінен және/немесе Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен ақпарат алғаннан кейін оқшаулауға жататын жеке тұлғаның тұратын (орналасқан) жерін белгілейді. 17. СЭБК АД-ы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін «қызыл» мәртебесі бар жеке тұлғаға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес оқшаулау режимін бұзу бөлігінде әкімшілік сипаттағы шаралар қолданады. 18. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 102-бабының 3-тармағына және 104-бабы 7-тармағының 6) және 7) тармақшаларына сәйкес «сары» мәртебесі бар жеке тұлғаға қатысты тапсыру фактісін тіркей отырып, оқшаулау қажеттілігі талаптарымен санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шығарылады. 19. «Ashyq» жобасына қатысушылардың шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді бұзу белгілері анықталған жағдайда, іс-шараларды Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 7 желтоқсандағы хаттамасымен бекітілген шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді сақтау жөніндегі талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде лауазымды адамдардың іс-қимыл алгоритміне сәйкес мониторингтік топтар жүзеге асырады. 20. Келушілердің мәртебесіне қатысты даулы жағдайлар туындаған кезде 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу қажет. 21. СЭБК АД-ның бұйрығымен кәсіпкерлік объектілерімен және «Ashyq» жобасымен жедел өзара іс-қимылды үйлестіруге және қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғалар тағайындалады.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 26 тамыздағы № 37 қаулысына 3-қосымша
Жосықсыз қатысушыларды «Ashyq» жобасынан шығару алгоритмі
1. «Ashyq» жобасына қатысушыларды жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) (бұдан әрі - ЖАО) мынадай негіздердің біреуі немесе бірнешеуі бойынша жобадан алып тастайды: 1) мониторингтік топ объектісінде жобаға қатысуға қойылатын талаптарды бұзудың расталған фактілерінің анықталуы; 2) Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі - ВАК) шешімі негізінде объект 2 апта ішінде келушілерді QR-код (check-in) бойынша 0-ден 20-ға дейін тіркеуді жүргізген жағдайда; 3) 2 апталық жүктеп алу нәтижелері бойынша объектінің ВАК белгілеген check-in ең аз санын жүргізбеу фактісінің анықталуы; 4) рұқсат беру құжаттарының болмауы (эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектінің сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды немесе мониторингтік топты тексеру қорытындылары бойынша анықталған эпидемиялық маңыздылығы елеусіз объектілер қызметінің басталғаны туралы хабарлама). 2. «Ashyq» жобасына қатысушы мониторингтік топ анықтаған қолданыстағы жұмыс алгоритмін бұзған кезде, сондай-ақ осы қосымшаның 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша, ЖАО: - қатысушыны жобадан 1 апта мерзімге алып тастайды; - қайта бұзушылық қатысушыны жобадан 2 апта мерзімге алып тастайды; - үшінші бұзушылық кезінде қатысушыны жобадан 1 ай мерзімге алып тастайды. 3. ЖАО-ы жосықсыз қатысушылардың QR-кодты өшіруге арналған ресми тізімін InfoКazakhstan.kz. электрондық платформаға жібереді.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 26 тамыздағы № 37 қаулысына 4-қосымша
«Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеу өлшемшарттары
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |