Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 477 және 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Осы редакция 2015 жылғы 28 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1) «Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне аккредиттеу жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 477 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 19, 190-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне аккредиттеу жүргізу ережесінде: 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «1. Осы Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне аккредиттеу жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне аккредиттеу жүргізуді ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібін белгілейді.»; 2-тармақтың үшінші және төртінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын: «облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері республикалық бірлестіктерінің филиалдары, облыстық бірлестіктер, шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктердің филиалдары, облыстық бірлестіктер; қалалық, аудандық деңгейлерде - жеке кәсіпкерлік субъектілері республикалық бірлестіктерінің филиалдары, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктер, шағын кәсіпкерлік жөніндегі бірлестіктердің республикалық филиалдары, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктер.»; 5-тармақта «(бұдан әрі - аккредиттеу органдары)» деген сөздер «(бұдан әрі - мемлекеттік органдар)» деген сөздермен ауыстырылсын; бірінші абзацта «аккредиттеу органы» деген сөздер «мемлекеттік органы» деген сөздермен ауыстырылсын; екінші абзацта «басылымдарында» деген сөзден кейін «не мемлекеттік органдардың ресми сайттарында» деген сөздермен толықтырылсын; «аккредиттеу органында» деген сөздер «мемлекеттік органда» деген сөздермен ауыстырылсын; «аккредиттеу органы басшысының бұйрығымен» деген сөздер «мемлекеттік орган басшысының шешімімен» деген сөздермен ауыстырылсын; «аккредиттеу органына» деген сөздер «мемлекеттік органға» деген сөздермен ауыстырылсын; 2) тармақша «құрылтайшылық» деген сөздің алдынан «салыстыру үшін түпнұсқаны ұсынбаған жағдайда» деген сөздермен толықтырылсын; 4) және 5) тармақшалар алып тасталсын; 9-тармақтың 2) тармақшасында «аккредиттеу органының» деген сөздер «мемлекеттік органның» деген сөздермен ауыстырылсын; 10-тармақта «ұсынуға құқығы бар» деген сөздер «ұсынады» деген сөзбен ауыстырылсын; 11-тармақта «Аккредиттеу органы», «аккредиттеу органы» деген сөздер «Мемлекеттік орган», «мемлекеттік орган» деген сөздермен ауыстырылсын; 13-тармақтың 1) тармақшасында «5-тармағының» деген сөздер «8-тармағының» деген сөздермен ауыстырылсын; 14-тармақта «2 жыл мерзімге» деген сөздер «3 жыл мерзімге» деген сөздермен ауыстырылсын; 16-тармақта «аккредиттеу органынан» деген сөздер «мемлекеттік органнан» деген сөздермен ауыстырылсын; 3-бөлімнің тақырыбы алып тасталсын; 17-тармақта «аккредиттеу органы», «тоқтата тұруы мүмкін» деген сөздер тиісінше «мемлекеттік орган», «тоқтата тұрады» деген сөздермен ауыстырылсын; 18-тармақта «аккредиттеу органы» деген сөздер «мемлекеттік орган» деген сөздермен ауыстырылсын; 19-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын; «Аккредиттеу органы» деген сөздер «Мемлекеттік орган» деген сөздермен ауыстырылсын; «бес жұмыс күні ішінде» деген сөздерден кейін «(мемлекеттік орган жолсыздықты тапқан сәттен бастап)» деген сөздермен толықтырылсын; 2) «Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 21, 204-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1513 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулысымен бекітілген
Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ереже
Осы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Ереже) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдардың жанынан құрылатын сараптамалық кеңестерді қалыптастыру және олардың қызметінің тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі - сараптамалық кеңес): жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптамалық қорытындылар алу; жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдардың (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші орган. 2. Сараптамалық кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 3. Сараптамалық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады: мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, мемлекеттік органдар әзірлеген және ұсынған нормативтік құқықтық актілердің жобаларын олар мемлекеттік органдардың ресми сайттарын қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті жарияланғаннан (таратылғаннан) кейін қарайды; көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптамалық кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларын жинақтауды жүзеге асырады; жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды әзірлейді.
2. Сараптамалық кеңестерді қалыптастыру тәртібі
4. Сараптамалық кеңестің құрамы заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің, мүдделі коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, сондай-ақ мемлекеттік органның өкілдерінен қалыптасады. Әрбір жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестігі мен мүдделі коммерциялық емес ұйым өкілеттігі сенімхатпен расталған өз өкілі арқылы сараптамалық кеңестің құрамына қатысады. 5. Сараптамалық кеңестің құрамы жанынан сараптамалық кеңес құрылатын мемлекеттік орган бірінші басшысының шешімімен бекітіледі.
3. Сараптамалық кеңестер қызметінің тәртібі
6. Сараптамалық кеңестің мүшесі: 1) сараптамалық кеңестің материалдарына қол жеткізуі; 2) сараптамалық кеңестің отырысына енгізілетін материалдарды талқылауға қатысуы; 3) мыналар: қаралатын нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша сараптамалық кеңестің отырысын өткізуі; тиісті мемлекеттік органның құзыретіне кіретін мәселелерді күн тәртібіне енгізуге өткізуге бастамашы болуы; 4) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуі; 5) сарапшылық кеңестің күндізгі отырысын өткізуді талап етуі мүмкін. 7. Сараптамалық кеңестердің қызметін қамтамасыз етуді жанынан сараптамалық кеңестер құрылатын мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен кейінгі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса беріп, сараптамалық кеңестер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жібереді. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзім ол жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне келіп түскен сәттен бастап он жұмыс күнінен аз болмауы керек. 8. Сараптамалық кеңестің жұмыс органының функцияларын мемлекеттік органның шешімімен айқындалған оның тиісті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады. 9. Сараптамалық кеңестің жұмыс органы: сараптамалық кеңес отырыстарының арасындағы кезеңде оның жұмысын ұйымдастырады; нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, мүдделі коммерциялық емес ұйымдарға жібереді және/немесе оларды мемлекеттік органдардың ресми сайтына орналастырады; сараптамалық кеңестің отырысына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша материалдар дайындауды жүзеге асырады; сараптамалық кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттама дайындауды және оған қол қоюды қамтамасыз етеді. 10. Сараптамалық кеңестің төрағасы сараптамалық кеңестің жұмысына басшылық жасауды жүзеге асырады, сараптамалық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді, қажет болған кезде оның отырысын шақырады, отырыстардың хаттамаларына қол қояды. Сараптамалық кеңестің төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын орынбасар орындайды. 11. Сараптамалық кеңестің шешімдері хаттама түрінде ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады. 12. Сараптамалық кеңестің отырыстары кемінде тоқсанына бір рет өткізіледі. 13. Сараптамалық кеңестің нормативтік құқықтық актінің жобасын қарауы отырыс өткізбестен, оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне тарату жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Қарау нәтижелері бойынша осы Ережеде белгіленген тәртіппен хаттама жасалады. 14. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мүшелерінің шоғырландырылған пікірін білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және оларды мемлекеттік орган қабылдағанға дейін нормативтік құқықтық актінің жобасына міндетті қосымша болып табылады. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік және орыс тілдерінде береді. 15. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар бір сараптамалық қорытынды ұсынған және осы бірлестік сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді табанды түрде талап еткен жағдайда осындай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады. Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырыстары сараптамалық кеңес мүшелерін тікелей шақыру арқылы не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін. 16. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жібереді. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. 17. Мемлекеттік органдардың жанындағы сараптамалық кеңестер қызметінің мониторингін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның жанынан құрылатын үйлестіру кеңесі жүзеге асырады. 18. Мемлекеттік органдар өзінің ресми сайтында сарапшылық кеңестің отырысына шығарылған қолданыстағы әрбір нормативтік құқықтық акті бойынша сарапшылық кеңес мүшелері мен өзге де мүдделі тұлғалардың ұсыныстарын, мемлекеттік органдардың жауаптарын, хаттамаларды және сараптамалық қорытындыларды сақтайды. |