«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» ИДЕЯСЫ МЕН ҚОЛДАНЫСТАҒЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ИНСТИТУЦИЯЛАР: DE LEGE LATA
Нұрзада Маханбетұлы Примашев,
з.ғ.к., доцент, Астана қаласы
Қазақстанда қаңтар айының басында орын алған оқиға мен оның салдары туралы мемлекеттік билік құрылымдары мен мемлекеттік басқару органдары, азаматтар, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар тарапынан да аз айтылып жатқан жоқ. Бұл оқиға басқаларға, әсіресе көрші елдерге сабақ іспетті болды деуге болады. Оны, әрине, әркім өзінше бағалады. Қазақстанның болашағы бойынша қаншама ұсыныстар мен кеңестер беріліп, жаһанданған ақпараттық кеңістіктің түкпір-түкпірін қамтитын бұқаралық ақпарат құралдарының беттері мен шапшаң әлеуметтік желілерде [1] басым көрініс тапты. Яғни, қаңтардың алғашқы онкүндігінде осы оқиғаның орын алу фактісі әлемдік жаңалықтар лентасының негізгісі болды деген артық болмас.
Әзірге ол оқиғаның іс-қимылдық фазасы осылай аяқталған болды, бірақ шындығында, ол күтушілік не латенттік фазаға аяқ басты. Осындай жағдайда оқиғаның талдаулық кезеңінің туындауы объективті заңдылық. Әдеттегідей, кез-келген факті бойынша іркілместен пікір бере беретін саясаттану мен әлеуметтанушылық көзқарастар мен билік өкілдерінің постфактум пікірлері ақпарат беттерін толтырып тастады. Ал бұл оқиға себептерінің экономикалық талдаулары мен ұсынымдары әлдеқашан-ақ жасалып қойылған болатын. Іс жүзінде оған, өкінішке орай, мемлекеттік (жекебастық) билік назар аудармады, шындығында назар аударғысы да келмеді. Бірақ егеменді мемлекет есебіндегі қазақстандық экономиканың кейбір секторларының шартты түрде болса да 30 жылдық нарықтық (капиталистік) дамуы орын алды дегеннің өзінде де, мемлекеттік биліктің феодалдық қатынастармен шектеліп келгені [2] айдан анық. Осыған орай ол бойынша ғылыми ой қозғау не жариялауға бейресми табу қойылғаны да белгілі жайт. Сондықтан мемлекеттік құрылыстық, биліктік, конституциялық-құқықтық мәселелер бойынша ғылыми талдаулық жұмыстарды ресми жариялау, құзіретті құрылымдар назарына жеткізу мүмкіндігі болған жоқ. Адамға, оның лауазымына, атқарып жатқан істеріне, яғни жекебастыққа еш қатысы жоқ, тек қана ғылыми сипаттағы зерттеулер мен талдау жұмыстары бір жеке адамның мүддесін қамтамасыз ету құрылымдарының жаншуында қалып келеді. Мұндай жағдайларда ғылым мен ілім-білімді дамытуды былай қойғанда, түрлі заңдылықтарды орнату туралы ойлау да мүмкін болмас.
Осындай кіріспенің өзі мақаланың негізгі бөлімінде қарастырылатын мәселелерді талдау мен олар бойынша ұсынымдар берудің қисындық тұғыры бола алатындай әлеуетінің бар екенін көрсетеді. Сондықтан мақала объектісі ретінде алынған мемлекеттіліктің қазақстандық конституциялық-құқықтық институттарының жай-күйін оларды реттейтін заңнамалық актілер, яғни de lege lata тұрғысынан қарастыру заңды болып табылады.
Белгілі бір конституциялық-құқықтық нормалардың жиынтығы есебінде қалыптастырылатын институттардың өзіндік теориясымен қатар оң және теріс практикасы да бар. Олардың ішінде уақыт және мемлекеттілік сынынан өткендері әлі күнге дейін адамзаттың құқықтық қажеттіліктерін қанағаттандырып келеді. Кейбіреулері тіпті үлгілік дәрежеге де жетті. Ал кейбіреулерінің объективті негіздері мен қоғамдық сұраныс пен қажеттіліктерінің болмауына байланысты біржолғы тәжірибе есебінде мемлекет пен құқық тарихынан ғана орын алды.
Қазақстан Республикасының конституциялық-құқықтық институттары да 30 жылдық мемлекеттік құрылыста осындай эволюциялық жолды жүріп өтті. Қазақстанда үлгі есебінде таңдалған, қалыптастырылған, құрылған мұндай институциялардың басты ерекшеліктері оның мемлекеттік биліктік қалауда болатындығында. Сондықтан олардың түрлі саяси және әлеуметтік-экономикалық, шындығында басым түрде субъективті конъюнктураға сай өзгертіліп отыруының өзі де жеке институттық дәрежеге жетерлік ахуалда.
Мақалада қойылған мақсатқа сай «тұңғыш президент», «мемлекеттік органдар», «саяси партиялар», «қоғамдық ұйымдар» және т.с.с. институттарды өзгертудің, қайта жаңғыртудың құқықтық негіздерін жасау бойынша қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізілді. Конституциялық-құқықтық институттардың ауқымы өте кең, сондықтан бір мақала көлемінде олардың барлығын қарастыру мүмкін еместігі анық. Жоғарыда айтылғандай, көрсетілгендерден басқа заңды/заңсыз сипаттағылары да бастан асарлық. Мысалы, «кезектен тыс президенттік сайлау», «президенттік мерзімді ұзарту», «электрондық сайлау өткізу» [3], «жергілікті өзі-өзі басқару» және т.с.с. институциялар да түрлі субъективтік себептермен сансыз да қисынсыз өзгертулерге ұшырап келеді. Олардың ішінде жеке бастық және ұжымдық теріс сипаттағы қасиеттерге негізделген көзқарастар мен себептер де жетерлік.
Өткенді осылай талдаудың негізгі мақсаты заң тұрғысынан бекітілгеніне қарамастан сансыз өзгерістерге ұшырап отырған конституциялық-құқықтық институттардың «Жаңа Қазақстан» идеясымен қалай ұштасатынын айқындау болып табылады. Осыған орай қолданыстағы заңнамаға шынайы талдау жасалып, өзгертілуі күрделі салдар тудырмайтын ұсыныстар беру қисынды әрі қоғамдық қажеттілік деп санаймын.
Қаңтар оқиғасының кіндік мәселесі болып отырған билікке қатысты құқықтық нормалар Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында және жай заңдарында бекітілген. Осыған орай, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, кезінде құқықтық табиғаты жоқ, жасанды түрде енгізілген «тұңғыш президент» институтын біржолата алып тастау қажет. Ол үшін бірқатар заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, Конституцияның 2-бабының 3 және 3-1-тармақтарынан «Нұр-Сұлтан» деген сөздерді «Астана» сөзімен ауыстырып, тарихи жағдайды қайтару керек [4]. Тиісінше 42-баптың 5-тармағының екінші абзацын мүлдем алып тастап, осы тармақтың құқықтық қисынын қалпына келтірген орынды. Дәл осындай рәсім 46-баптың 4-тармағы бойынша да талап етіледі. Оларға қоса, «мемлекеттің тәуелсіздігі, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны» сияқты құқықтық та, қисындық та объективті институттарды ғана қалдырып «сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының» деген сөздерді алып тастау қажет [5].
Конституциялық заң болып саналатын «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының күшін жою қажет. Осының арқасында бірқатар заңдарды «тұңғыш президент» институтын құратын құқықтық нормалардан тазартуға мүмкіндік туады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 4-бабының 4-тармағын, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 53-бабының екінші абзацын, «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 2-тармағын, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 2008 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 2-тармағын да алып тастау қажет.
Заңдар туралы заңның – «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының осы институтқа қатысты 7-бабының 2-тармағы 2-1) тармақшасын, 10-бабының 5-тармағындағы «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері», 18-бабының үшінші абзацындағы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Кеңсесі,» деген сөздерді, 42-баптың 3-тармағының 1) тармақшасындағы «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының нормативтік құқықтық жарлықтары,», 47-баптың 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы,» деген сөздерді де алып тастау ұсынылады.
Оларға қоса «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы»1995 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің мәртебесі бойынша айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені тапсырыла отырып, «Халық қаһарманы» (Народный герой) атағының иегері болады.» деген үшінші абзацын, 11-баптағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» (Первый Президент Республики Казахстан – Елбасы Нурсултан Назарбаев) деген атауға қоса 12-1-бапты толығымен алып тастау аталған нормалардың құқықтық мәні мен мағынасын бұзбайды.
Осындай құқықтық тазарту заң шығару процесіне де ауадай қажет. Онсыз қолданыстағы заңнамадағы қисынсыз, мағынасыз әрі заңсыз нормативтік құқықтық актілер күшінде қалып қояды. Мысалы, «Осы Конституциялық заң Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың, Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовтің қолдары қойылып тиянақталғандықтан, ол осы Конституциялық заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына аталған лауазымды тұлғалардың заңдық жауапкершілігін айғақтайды.» [6] деген нормадан құқықбұзушылық фактісінің орын алғаны анық көрініп тұр. Мұндай заңдық химера енді қайталанбауға тиіс.
Қолданыстағы заңнамаға мұндай өзгерістерді енгізу мәселесі бүгін туындамағаны белгілі. Жоғарыда көрсетілгендей биліктік тәжірибемен келіспейтін позицияны ашық жариялай алмай, бүркемелей не меңзеу түрінде ойларын жеткізгісі келетін бейресми пікірлерді елеген ешкім болған жоқ. Тіпті ішкі түйсігі бойынша елегісі келетіндерді де биліктік тетіктер мен лауазымдар елеттірмеді. Мысалы, өткенмен батыр болудың қажеттігі жоқ дегеннің өзінде де, 30 жылдық кезеңде бірімен бірі жарысып, тек пафостық тұрғыдағы «келді/кетті, барды/көрді, деді/айтты» деген құнды дүниелерден тұратын «ғылыми мақалаларға» қарағанда «Ұлттық заңнаманы жетілдіруді декриминизация, депенализация сияқты операциялармен қатар, деперсонификациялаумен де ұштастыру қажет» [7] деген сөйлемді түсінуге еш кедергі болмаған сияқты.
Келесі маңызды конституциялық-құқықтық институттың бірі – парламент институты. Әлемдік тәжірибеде сан түрлі сыннан өткен бұл институттың қазақстандық үлгісінің өз айтары жоқ, мемлекеттік-құқықтық тарихы қысқа. Қазақстан Республикасының жоғары заң шығару органы – Қазақстан Республикасы Парламентінің мемлекеттік билік жүйесіндегі шынайы орны, оның құқықтық мәртебесі туралы аз жазылып жүрген жоқ. Оны құру (өткізілген «парламенттік сайлаулардың» күмәнділігі, жалпы псевдопартиялық негізі, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің іс жүзінде белсенді 2 дауысқа ие болуы, Сенаттың атқарушы биліктен босатылған лауазымдар үшін резервтік алаңшаға айналуы, биліктің қалауы бойынша шексіз Мәжілістен Сенатқа және кері бағыттағы депутаттық «рокировкалар», қажетті адамға «депутаттық мандат пен лайықты лауазым дайындау», палатаішілік ауыс-түйіс, «мәңгілік депутаттық», депутаттық тән емес қызметті орындау, халық атынан сөйлеу және т.б.), тек Мәжілістің таратылу мүмкіндігі мен сол кезде Сенаттың Парламенттің қызметін орындауы сияқты күрделі мәселелер парламенттің де шынайылылығына күмән туғызады. Осындай теріс тәжірибені болдырмас үшін «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қағидатты өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, Сенат Палатасын жою, сайлаудың мажоритарлық жүйесіне өту, Мәжіліс Төрағасын сайлаудың шынайылылығын қамтамасыз ету, палаталардың конституциялық органдардың мүшелерін сайлау не тағайындау құзіретін нақты іске асыруы және т.с.с. тетіктерді енгізу, яғни «қуыршақ» емес, биліктің тармақтары арасындағы конструктивтік бәсекелестікті кепілдендіре алатын парламенттің құқықтық негіздерін құру қажет. Бұл үлкен жұмысты керек етеді, өйткені тәуелді парламентпен Тәуелсіз мемлекетті құру мүмкін емес. Мұндай жұмыстың басы ретінде қазіргі легислатураны тарату ұсынылады.
Легислатура туралы мәселені Орталық сайлау комиссиясымен ұштастырған орынды. Бұл органның керексіздігінің 30 жылдық тәжірибесі бар. Ақпарат беттерінде ашық жарияланып жатқан сайлау атаулының болмауы, оның құқықтық емес, ұйымдастырушылық мәртебесінің жоқтығынан туындап отыр. Нағыз сайлау өткізу үшін сайлау туралы заңнаманы да қайта қарау қажет. Тұрақты жұмыс істейтін Орталық сайлау комиссиясын таратып, оның орнына әр сайлауға ad hoc комиссия құру ұсынылады. Әлемдік тәжірибеде сыналған бұл әдіс шынайы сайлауды қамтамасыз ете алады, әрі арзан болып табылады.
Парламентке қоса оған қатысы бар және қоғам мен мемлекет үшін қажет демократияның бір белгісі болып табылатын «партия» институты да қайта қарауды талап етеді. 30 жылдық көзбояушылық партиялық құрылысты қойып, қазіргі жаһандық талаптар мен тегеуріндерге жауап беруі үшін мемлекеттік радикалды іс-шаралар қабылдау қажет. Оны қоғамға берілген тәуелсіздік мүмкіндігі тағы да міндеттейді. Бүгінгі күні «билік партиясы» деп аталатын «Нұр-Отан» деген, шын мәнісінде мемлекеттік билікті монополиялап алған азғантай ғана топ (анығында бірнеше ғана адамнан тұрады. Бюджеттік мекемелер мен қаржы айналымынан түспейтін белгілі ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтарды «мәжбүрлі-ерікті» түрде қосып алған ұйым есепке алынбайды). Ұлттық мүддеге жауап бере алатын партиялық жүйе құру үшін (егер ондайлар болып жатса) жалпы мемлекеттік құрылыста орны мен рөлі мүлдем белгісіз, халық арасында абыройсыз, іс жүзінде жоба есебінде жоғарының нұсқауымен ұйымдастырылған «аналар мен мыналар партиясы» деп аталатындар, негізгісінің көлеңкесінде «белсенділік» танытып жүрген 2-3 «партиялар» үшін қайта тіркеу рәсімін ұйымдастырған орынды. Нәтижесінде ешкімді ешкім заңсыз таратпайды, «партиялар» өздері-ақ тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді. Соның салдары есебінде кезінде орын алған, парламентке ендірілмеген партияның парламенттік фракция құрып, әлемдік партиялық құрылыс тарихында жаңалық жасау тәжірибесі мен «парламенттік партия» деген ойындық атау автоматты түрде жойылатын болады. Бұл ретте «партия мүлігі» деп аталатын мүлік те өзінің құқықтық табиғатына сай реттеуді қажет етеді. Сонымен қатар келер партияларға бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін, бірінші кезекте мұғалімдер мен дәрігерлерді тартуға заңдық тыйым салуға да мүмкіндік туады.
Келесі партиялық тағы бір орын алып отырған теріс тәжірибелік мәселе – мемлекеттік органдардағы партиялық ұйымдар. Конституцияда мемлекеттік органдарда партиялық ұйымдар құруға тыйым салынған. Ал қазіргі кезде іс жүзінде бүкіл дерлік мемлекеттік органдарда, орталық органда анық, партиялық ұйымдар олардың түрлі мәртебедегі шаруашылық бөлімдері мен құрылымдарында тіркеліп, партиялық іс-шаралар «өткізілуде», әсіресе, мүшелік жарна жиналуда. Осы ғана мысал бойынша «биліктік партияны» конституцияға қарсы әрекеті үшін жауапқа тартуға болатын еді.
Өз кезегінде «партия» болып жүрген құрылымдарды халық қаржысынан бөлу үшін «қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға жол берілмейді» деген норманы Конституцияға қайтару қажет.
Шындығында партиялық реформалаудың басты мақсаты Қазақстан Республикасы Президентінің партияда болмауын қамтамасыз ету болуы тиіс. Президенттік міндеттерді орындау кезінде адам партиядағы мүшелігін автоматты түрде тоқтатуы тиіс.
Қайта қаралатын конституциялық-құқықтық институциялар ішінде мемлекеттік құрылыстықтар да бар. Осыған орай, әлі күнге дейін мемлекеттік-құқықтық табиғаты айқын емес Конституциялық Кеңесті нақтылау мәселесі де өзекті. 25 жылдық тарихы мен «тәжірибесі» бар бұл құрылым да билік жетегінде. Бұған оның апогейлік шешімдерінің бірі «Қазақстан Республикасы Конституциясының 45-бабының 2-тармағын, 53-бабының 3) және 4) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы» 2008 жылғы 26 маусымдағы № 5 Нормативтік қаулысы [8] бойынша көз жеткізуге болады. Қазақстан Республикасында бірде-бір құрылымның 1995 жылғы тамызда Конституция жобасының 45-бабының 2-тармағында жіберілген өрескел қатені мойындағысы келмегендіктен, Конституциялық Кеңес те мұндай тығырықтан шығудың жолын іздеп, «Қазақстан Республикасы Парламенті: бейбіт уақытта Конституцияның 53-бабының 3) тармақшасына сәйкес; соғыс уақытында Конституцияның 45-бабының 2-тармағына және 53-бабының 4) тармақшасына сәйкес республика Президентіне заң шығару өкілеттігін беруге хақылы.» деген құқықтық түгілі қисындық мағынасы жоқ, ешкімге түсініксіз құқықтық химера ойлап тапты. Жоғары конституциялық заңдылықты қамтамасыз етуге тиіс органның табиғатта жоқ нәрсені ойлап табуының ешқандай құқықтық маңызы мен салдары жоқ. Шындығында, бүкіл қоғам мен мемлекетті қоса алғанда, белгісіз орындаушының қателесуінен кеткен қатенінің, яғни 45-баптың 2-тармағында жасалған сілтеменің Конституцияның 53-бабының 4) тармақшасына [9] емес,
3) тармақшасына жасалуы керектін. Егемен мемлекет есебіндегі 27 жылдық тәжірибеде Конституция нормаларының құқықтық та, тілдік те үйлеспейтінін байқалмауы таңданарлық қана жайт. Батпандай болып көрінетін 45-баптың
2-тармағындағы «заңдар шығарады» мен 53-баптың 4) тармақшасындағы «соғыс және бітім мәселелерін шешеді» деген тіркестерді үйлестіру нонсенс болып табылады. Конституциялық Кеңес жасаған ақылға қонымсыз конструкция да осындай мәртебеде! Қорытындылай келгенде мұндай өрескел қатенің 2017 жылғы конституциялық реформада қалай жойылғанын ешкім байқамай қалды деуге де болады.
Онымен Конституция түзетілді, дұрысталды деп айтуға болмайды. Қаншама реформа жүргізілгеніне қарамастан Конституцияның 58-бабының 2-тармағында орын алып отырған өрескел құқықтық қатені жою күн тәртібіне қойылмай келеді. Ол туралы да кезінде бірнеше мәрте жазған болатынмын. Мүмкіндіктерді пайдаланып әлі күнге дейін «кез келген қатені мойындау ерлік» деген көзқарасымды білдіріп келемін. Ешкім қатесін мойындамайтын, жаппай жауапсыздық орын алған қоғамның күні немен бітетінін тарих қанша рет дәлелдеп қойған. Алысқа барудың қажеті жоқ. Бірақ конституциялық алаңда қалыптасқан тыныштық одан әрі жалғасуда... Бұл жерде Конституцияның қазақ тіліндегі нұсқасы туралы ой білдіру артық болып табылады.
Бұл бір ғана мысал. Конституциялық мәселелермен айналысудың орнына Конституциялық Кеңес қоғамға белгісіз тірліктерді атқарып жатқан сияқты. Сондықтан болар, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің өзінің құзіреттік міндеттеріне сай елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы баяндаудың орнына соңғы жылдары негізсіз, өзектілігі жоқ жолдауларды жолдауда. Мысалы, 2021 жылғы жолдауда Негізгі Заң туралы поэтикалық шығармалар (!?) жинақталған «Жыр арқауы – Ата Заң» кітабы мен сурет салудан мектеп оқушылары арасында өткізілген «Бала өрген Ата Заң» (!?) атты конкурстың альбомынан басқа ешнәрсе жоқ! Қайталап айтыла беретін мардымсыз тарихтың өзі де маңызсыз. Мұндай тәжірибеден Қазақстанда 25 жылдық «конституциялық заңдылық» болды ма деген сұрақ пен күдік өздігінен туындайды. Осы ширек ғасырлық уақытта Конституциялық Кеңес те, ол бақылайтын конституциялық заңдылық та «ұйқылы тыныштық» кейпінде қалып келеді. Бұл орган да «қайта жүктеуді» қажет етеді.
Конституциялық-құқықтық институттар мәселелерінің бірқатары адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтитын институцияларда жатыр. Конституцияда оларды мемлекеттің кепілдендіретіні туралы нормалар бекітілген. Оларды нақты түрде жүзеге асырудың теріс бір мысалын кәсіпкерлік саласынан көруге болады. Мысалы, Конституцияда азаматтардың бірлесу бостандығына құқығы, кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі туралы нормалар бекітілгеніне қарамастан, осы саладағы заңсыз әрекеттер туралы БАҚ беттерінде қаншама материал жарияланып жатыр. Сондықтан осы салада конституциялық заңдылықты орнату мақсатында «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» 2013 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын [10] қайта қарау ұсынылады. Бұл қоғамдық ұйым да кәсіпкерлерді «мәжбүрлі ерікті» негізде біріктіріп отыр. Оған қоса аталған Заңда «міндетті мүшелік жарна» деген шектеу тетігі бекітілген. Конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында бұл қоғамдық, шын мәнісінде мемлекеттендірілген ұйымды да тарату қажет. Кәсіпкерлер «бірігеміз» деп ерікті ұсыныс жасап
Мақаланы қорытындылай келе «Жаңа Қазақстан» құру үшін мемлекетті толықтай жаңғырту қажет деп санаймын, өйткені қолданыстағы конституциялық-құқықтық институттар мен тетіктер арқылы оған жету мүмкін емес. Сондықтан батыл жаңа көзқарас, жаңа тәсіл, жаңа құрал керек. Олар болмайынша бұл идея да 30 жылдық өзін-өзі алдау тәжірибесіне ұқсап, утопияға айналатыны хақ. Мемлекеттілік ондайды көтермейді.
Ескерту:
1. Солардың бір көрінісі ретінде жақын шет елдердегілерді былай қойғанның өзінде Еуропа елдеріндегі, Чили, Колумбия, Панама, Перу, Таяу Шығыс пен Азия елдеріндегі университеттік достар мен жолдастар амандық хабар-ошар алып, Қазақстанның жарқын болашағына бағытталған тілеулестіктерін білдіре отырып, шынайы да нақты ақпараттың жоқтығына алаңдаушылықтарын білдіріп жатты. Оқиғаның ақиқаты мен шындығы өз кезектерін күтіп тұрған мәселелер, бірақ олар басқа жеке талдау жұмыстарын қажет етеді.
2. Мұндай шектеулер қатарында қоғамдық ой мен өрісті алға жетелеуші, сан алуан қоғамдық қатынастардың катализаторы бола алатын, табиғатында бейресми болуы тиіс ғылым саласында да бар. Ғылымның дамымауының бір ұшы бейресми позицияны білдіру тетігінің жоқтығында деп білемін. Нағыз ғылымның орнына, ғылымға жат тірліктер мен талпыныстар орын алуда. Мысалы, 2011 жылы «Әлемдік ғылымды дамытуға қосқан орасан зор үлесі үшін және мемлекеттік даму стратегиясының ғылыми негізін қалап, жүзеге асырғаны үшін Қазақстан Республикасының президенті, елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Ғасыр ғұламасы» (редакциясы сақталған. – Н.П.) ең жоғары атағын беріп, енді 2022 жылғы 10 қаңтарда «ҚР ҰҒА Төралқасы ҚР Президентінің шешімін қолдайды» дегенді іліп қойған қоғамдық ұйым тек басшылық нұсқап берген ресми бір бағытта (яки шектелген) ғана жұмыс істейтінін делелдейтін сияқты. Ғылымның балама көзқарас бен пікірсіз дамымайтынына қарамастан, осы сала бойынша жауапты құзіретті мемлекеттік органға өзге көзқарастар мен позицияларды білдіру мен жариялау үшін 2006 жылдан бері ұсынылып келе жатқан тәуелсіз бейресми жариялау басылымды ұйымдастыру туралы бастама еленбей келеді. Осындай «табандылықтың» салдары һәм
30 жылдық ғұламалық көрініс аталған қоғамдық ұйымның өз сайтында орналастырылған материалдардың өзінен-ақ көрініп тұр. Мысалы, «В журнале «Вестник НАН РК. » статьи публикуются на государственном казахском, русском или английском языке (по желанию авторов).», «Басқа құрлықтан келген зерттеушілер де шақырылады.», «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы - ҚР ҰҒА «Известия» компаниясының негізін қалаушы. Ауылшаруашылық ғылымдарының сериясы ».», «Авторлық құқыққа қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және жариялау этикасы бойынша әлемдік тәжірибеде жалпы қабылданған ережелерге сүйенуге.», «050010, Алматы, к. Шевченко, 28 жаста» (!?), «ұлттық академия Қазақстан Республикасының ғылымы», «Журинов Мурат Журинович ҚР ҰҒА вице-президенті, ауылшаруашылық ғылымдары кафедрасының төрағасы» деген ақпарат қазақстандық ғылым ордасы мен ондағы іс-жағдайлар деңгейін толық дәлелдей алады (қараңыз: http://www.bulletin-science.kz/kz/index.html). Қазақстандық ғылым ордасының басылымдарында оның беделін түсіретін жоғарыдағылардан да өрескел қателер кездеседі. Олар да жеке мақалаларға объект бола алады.
Бұларға қоса «алдыңғы қатарда боламыз» деп Болон процесіне еліктеп, биліктің өзі абсурдқа айналдырған, бұрынғы жүйені біржолата жойып, ғылым мен ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау ісінің жоғалтылғаны да факт. Шет елдік тәжірибені ескермей жаппай магистратуралау мен PhD-деудің де ғылымды тығырыққа алып келгені шындық. Оған қоса жоғары рейтингтік басылымдарда жариялау үшін (жариялап та жүрген) құқықтық жағынан азаматтық-құқықтық шарт негізінде, яки заңды түрде ақшасына тапсырыс алып, «кәсіпкерлікпен» айналысып жүрген ұйымдардың барлығы да белгілі. Қазір ғалымдар, әсіресе жас ғалымдар арасында «ғылыми этика» деген категория жоғалған сияқты. Бұл да 30 жылдық дамудың бір нәтижесі. Қазақстандық ғылымның теріс тәжірибесінің ауқымы өте кең, жеке-жеке мақалаларға татырлық.