|
|
|
Қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстаудың тәртібі мен шарттары туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы N 353-І Заңы (ҚР 16.07.01 ж. N 244-II; 10.07.02 ж. N 338-II Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы заңның міндеттері Осы заң қылмыстың жасалуына сезікті және айыпталушы адамдарды күзетте ұстаудың тәртібін реттейді, шарттарын, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін айқындайды, сондай-ақ күзетте ұстау орындары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. 2-бап. Негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: сезікті - өзіне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша оны қылмыс жасаған деп сезік білдірілуіне байланысты қылмыстық іс қозғалған, бұл туралы оған тергеуші, анықтаушы жария еткен не қамауға алу жүзеге асырылған, не айып тағылғанға дейін бұлтартпау шарасы қолданылған адам; айыпталушы - өзіне қатысты айыпталушы ретінде іске тарту туралы қаулы шығарылған адам не өзіне қатысты сотта жеке айыптау қылмыстық ісі қозғалған адам, сондай-ақ өзіне қатысты айыптау хаттамасы жасалып, анықтау органының бастығы бекіткен адам; сотталушы - ісі бойынша басты сот талқылауы тағайындалған айыпталушы; сотталған адам - өзіне қатысты айыптау үкімі шығарылған айыпталушы; күзетте ұстау - қылмыс жасады деп ұсталған сезіктілерді, сондай-ақ қамауға алу түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған адамдарды арнаулы мекемелер мен үй-жайларда заңмен белгіленген уақытша оқшаулау; уақытша ұстау изоляторы - қылмыс жасады деген сезік бойынша ұсталғандарды күзетті ұстауға арналған арнаулы мекеме; тергеу изоляторы - бұлтартпау шаралары ретінде қамауға алу қолданылған сезіктілер мен айыпталушыларды ұстауға арналған арнаулы мекеме; бір адамдық камера - күзетке алынған бір ғана адамды барынша толық және қатаң оқшаулау мақсатында ұстауға арналған арнаулы орын; карцер - күзетте ұстаудың белгіленген тәртібін қасақана бұзған адамды ұстауға арналған бір адамдық камера. 3-бап. Қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстаудың мақсаттары Қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстау Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген шараларды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. 4-бап. Күзетте ұстау принциптері Күзетте ұстау заңдылық, кінәсіздік презумпциясы, азаматтардың заң алдындағы теңдігі, ізгілік, жеке бастың ар-намысы мен абыройын құрметтеу принциптеріне, халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады және қылмыс жасаған деп күзетте ұсталушы сезіктілер мен айыпталушыларды тәни немесе рухани азапқа тарту мақсатындағы іс-әрекеттермен ұштаспауға тиіс. 5-бап. Күзетте ұстау негіздемесі Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес шығарылған қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын таңдау туралы тергеушінің, анықтаушының прокурор санкция берген қаулысы, прокурордың немесе судьяның қаулысы не соттың қаулысы өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылған сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстауға негіздеме болып табылады. 6-бап. Сезіктілер мен айыпталушылардың құқықтық жағдайы 1. Сезіктілер мен айыпталушылар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген шектеулермен қоса алғанда, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады және сондай міндеттер атқарады. 2. Республиканың аумағында күзетте ұсталушы сезікті және айыпталушы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген міндеттерді атқарады және сондай құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады. 3. Сезіктілер мен айыпталушыларды шыққан тегіне, әлеуметтік, қызметтік және мүліктің жағдайына, жынысына , нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қарай немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушілікке жол берілмейді. ҚР 16.07.01 ж. N 244-II; ҚР 10.07.02 ж. N 338-II Заңдарымен 7-бап өзгертілді 7-бап. Күзетте ұстау орындары 1. Сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстау орындары: 1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеу изоляторлары; 2) Қазақстан Республикасының iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының уақытша ұстау изоляторлары болып табылады. 2. Осы Заңда көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бас бостандығынан айыру түріндегі жазалауды атқаратын қылмыстық-атқару жүйелерінің түзеу мекемелері (бұдан әрі - жазалауды атқарушы мекеме) және гауптвахталар сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстау орындары болып табылуы мүмкін. 3. Қылмыс жасады деген күдік бойынша қамауға алуды заңдарда белгіленген тәртіппен алыс сапардағы теңіз кемелерінің капитандары, шекара отрядтарының бастықтары жүзеге асырған жағдайларда сезіктілер аталған лауазымды адамдар белгілеген және осы мақсат үшін ыңғайластырылған үй-жайларда ұсталады. 4. Қылмыстық істі жүргізіп жатқан адам немесе орган Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес он екі сағат ішінде сезіктінің немесе айыпталушының туыстарының біріне оның күзетте ұсталу орны туралы немесе ол орнының өзгергені туралы хабарлауға міндетті. Сезікті немесе айыпталушы шетелдікті күзетте ұстау орны туралы немесе ол орнының өзгергені туралы хабарлама аталған мерзімде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Сыртқы істер министрлігіне, Әділет министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, сондай-ақ ол азаматы болып табылатын мемлекеттің елшілігіне, консулдығына немесе өзге де өкілдігіне жолданады. 8-бап. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеу изоляторлары 1. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеу изоляторлары (бұдан әрі - тергеу изоляторлары) өздеріне қатысты бұлтартпау шаралары ретінде қамауға алу қолданылған сезіктілер мен айыпталушыларды ұстауға арналған. 2. Тергеу изоляторлары заңды тұлға құқықтарына ие болады. Олар Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады. 3. Тергеу изоляторларын қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. ҚР 10.07.02 ж. N 338-II Заңымен 9-бап өзгертілді 9-бап. Қазақстан Республикасының iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының уақытша ұстау изоляторлары 1. Ішкі істер органдарының уақытша ұстау изоляторлары олардың құрылымдық бөлімшелері болып табылады. Ішкі істер органдарының уақытша ұстау изоляторларын қаржыландыру жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2. Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiк органдарының уақытша ұстау изоляторлары республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. 3. Уақытша ұстау изоляторларын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешімдер олардың ведомстволық тиістілігіне қарай Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті белгілеген тәртіппен қабылданады. 10-бап. Жазаларды орындаушы мекемелерді, әкімшілік ұсталуға алынған адамдарды ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларды және гауптвахталарды сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстау үшін пайдалану 1. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар басқа қылмыстың жасалуына сезікті болған немесе айыпталған жағдайда, олар осы мекемелерде, бірақ жазасын өтеп жатқан басқа сотталғандардан бөлек ұсталуы мүкін. 2. Мемлекеттік шекараны бұзуға байланысты қылмыс жасалуына сезіктілер мен айыпталушылар уақытша ұстау орындарына жеткізу жүзеге асырылғанға дейін әкімшілік ұсталуға алынған адамдарды ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларда ұсталуы мүмкін. 3. Өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылған сезіктілер мен айыпталушылар заңдарда көзделген негіздер бойынша сараптама тағайындау қажет болған жағдайда, сондай-ақ оларға медициналық көмек көрсетілген жағдайда осы Заңның 23-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен медициналық мекемелерге орналастырылады. 4. Сезікті және айыпталушы әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде, осы Заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша гауптвахталарда ұсталуы мүмкін. ҚР 10.07.02 ж. N 338-II Заңымен 11-бап өзгертілді 11-бап. Күзетте ұстау орындарының қызметкерлері 1. Күзетте ұстау орындарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының күзетте ұстау режимін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді атқаратын ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамындағы адамдар, ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілері жатады. 2. Теңіз кемелерінің капитандары, шекара отрядтарының бастықтары, сондай-ақ олар уәкілдік берген адамдар күзетте ұстау режимін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді атқару кезеңінде күзетте ұстау орындарының қызметкерлеріне осы заңда берілген міндеттерді атқарады және құқықтарды пайдаланады. 3. Осы Заңда күзетте ұстау орындары әкімшілігінің басшылары болып: 1) тергеу изоляторларының бастықтары; 2) түзеу мекемелерінің бастықтары; 3) уақытша ұстау изоляторларының бастықтары; 4) қарауында уақытша ұстау изоляторлары бар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi бөлімдерінің командирлері; 5) қарауында гауптвахталар бар әскери бөлімдердің (корабльдердің) командирлері; 6) гарнизондық гауптвахталардың бастықтары ұғылады. 12-бап. Тергеу изоляторларында ұсталушы сезіктілер мен айыпталушыларды уақытша ұстау изоляторларына ауыстырудың негіздемесі 1. Тергеу изоляторларында ұсталушы сезіктілер мен айыпталушылар тергеу изоляторлары орналасқан елді мекендерден тыс жерлерде тергеу іс-әрекеттерін, соттың істі қарауды жүргізуі үшін аталған іс-әрекеттер мен сот процесін орындау уақытына оларды күн сайын жеткізу мүмкін болмайтын қажетті жағдайларда уақытша ұстау изоляторларына ауыстырылуы мүмкін, бірақ ол отыз тәуліктен аспауға тиіс. 2. Мұндай ауыстыруға прокурордың қаулысы, сондай-ақ тергеушінің немесе анықтаушының прокурор, оның орынбасары санкция берген қаулысы негіздеме болып табылады. 13-бап. Күзетте ұстау мерзімі Сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстау мерзімі Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексімен белгіленеді. 14-бап. Күзетте ұстау орындарындағы режим 1. Күзетте ұстау орындарында сезіктілер мен айыпталушылар құқықтарының сақталуын, олардың өз міндеттерін атқаруын, оларды оқшаулауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететін режим белгіленеді. 2. Режимді қамтамасыз ету күзетте ұстау орындарының әкімшілігіне, сондай-ақ қызметкерлеріне жүктеледі, олар қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін заңда белгілегендей жауап береді. 15-бап. Күзетте ұстау орындарындағы ішкі тәртіп 1. Күзетте ұстау орындарында режимді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі Қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстау орындарындағы ішкі тәртіп ережелерін (бұдан әрі - Ішкі тәртіп ережелері) бекітеді. Ішкі тәртіп ережелерімен: 1) сезіктілер мен айыпталушыларды қабылдап алу және камералар бойынша орналастыру; 2) жеке тінтуді, саусақтарының таңбасын алуды, суретке түсіруді, сондай-ақ сезіктілер мен айыпталушылардың заттарын тексеруді жүргізу; 3) сезіктілер мен айыпталушылардан сақтауға және пайдалануға тыйым салынған нәрселерді, заттарды және тамақ өнімдерін алып қою; 4) сезіктілер мен айыпталушыларды материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету; 5) сезіктілер мен айыпталушылардың тамақ өнімдерін, сондай-ақ ең қажетті нәрселер мен басқа да өнеркәсіп тауарларын сатып алу; 6) сезіктілер мен айыпталушылардың сәлемдемелер, сәлем-сауқаттар алу және жіберу; 7) сезіктілер мен айыпталушылардың жеделхаттар, хаттар, ақша аударымдарын алу және жіберу; 8) сезіктілер мен айыпталушылардың ұсыныстар, арыздар және шағымдар жолдау; 9) сезіктілер мен айыпталушылардың діни жоралар жасауы; 10) айыпталушыларды еңбекке тарту; 11) сезіктілер мен айыпталушылардың отбасылық-құқықтық қатынастарға және азаматтық-құқықтық мәмілелерге қатысуы; 12) айыпталушылардың газеттер мен журналдарға жазылуы; 13) сезіктілер мен айыпталушыларды медициналық-санитариялық қамтамасыз ету; 14) сезіктілер мен айыпталушылардың күн сайын серуенге шығарылуы; 15) сезіктілер мен айыпталушылардың осы Заңның 17-бабында аталған адамдармен жолығысуын өткізу; 16) сезіктілердің, айыпталушылардың және сотталушылардың тергеу әрекеттері мен сот мәжілістеріне қатысуын қамтамасыз ету; 17) күзетте ұстау орындары әкімшілігі басшысының және ол уәкілдік берген адамдардың сезіктілер мен айыпталушыларды жеке қабылдауы; 18) күзетте ұстау орындарында қайтыс болған сезіктілер мен айыпталушылардың мәйіттерін беру тәртібі белгіленеді. 2. Ішкі тәртіп ережелерінде сол сияқты сезіктілер мен айыпталушылардың күзетте ұстау орындарындағы мінез-құлық ережелері, тамақ өнімдерінің, ең қажетті заттардың, аяқ киімдердің, киім-кешектердің және сезіктілер мен айыпталушылар өзінде ұстап, сақтап, сәлемдемелермен, сәлем-сауқаттармен алуына болатын және қолма-қол ақшасыз есеп айырысып сатып ала алатын басқа да өнеркәсіп тауарларының тізбесі мен мөлшері белгіленеді, сондай-ақ сезіктілер мен айыпталушыларға белгіленген ақылы қызмет түрлерінің тізбесі көрсетіледі. Қызмет атқаруды, уақытша ұстау изоляторларында ұсталатын сезіктілер мен айыпталушыларды күзету жөніндегі нұсқаулықты қараңыз 2-тарау. Күзетте ұстау орындарындағы сезіктілер мен айыпталушылардың құқықтары 16-бап. Сезіктілер мен айыпталушылардың құқықтары 1. Сезіктілер мен айыпталушылардың күзетте ұстау орындарында болған кезеңде: 1) өздерінің құқықтары мен міндеттері, күзетте ұсталу режимі, тәртіптік талаптар, ұсыныстар, арыздар мен шағымдар беру тәртібі туралы ақпарат алуға; 2) күзетте ұстау орындарында жеке басының қауіпсіздігіне; 3) күзетте ұстау орны әкімшілігінің басшысына және күзетте ұстау орындарындағы қызметті бақылайтын адамдарға аталған адамдар оның аумағында болған уақыттарда өтініш жасауға; 4) қорғаушысымен жолығысуларға; 5) туыстарымен және осы Заңның 17-бабында аталған өзге де адамдармен жолығысуларға; 6) құқыққа қарсы мақсатта пайдаланылуы мүмкін немесе мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтері бар құжаттар мен жазбаларды қоспағанда, қылмыстық іске қатысты не өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру мәселелеріне байланысты құжаттар мен жазбаларды өзінде сақтауға; 7) өздерінің күзетте ұсталуының заңдылығы мен негізділігі және өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы туралы мәселелер бойынша ұсыныстармен, арыздармен, соның ішінде сотқа жүгінуге; 8) хат жазысуға және жазу құралдарын пайдалануға; 9) тегін тамақ алуға, материалдық-тұрмыстық және медициналықсанитариялық жағынан қамтамасыз етілуге; 10) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өздерін іс жүргізуге және өзге де іс-әрекеттерге тартуға тыйым салынатын түнгі уақытта сегіз сағат ұйықтауға; 11) күн сайын ұзақтығы бір сағаттан кем емес серуендеуге; 12) өзінің жеке төсек-орын заттарын, сондай-ақ тізбесі мен саны Ішкі тәртіп ережелерінде белгіленетін басқа да заттар мен нәрселерді пайдалануға; 13) күзетте ұстау орындарындағы кітапханадан алынған не күзетте ұстау орындарының әкімшілігі арқылы сауда желісінен сатып алынған әдебиетті және мерзімді баспасөз басылымдарын, сондай-ақ стол үсті ойындарын пайдалануға; 14) Ішкі тәртіп ережелері және басқа сезіктілер мен айыпталушылар құқықтары сақталуы шартымен сезіктілер мен айыпталушылардың күзетте ұстау орындарында діни жоралар жасауға, өзінде діни әдебиет, ғибадат заттарын ұстауға; 15) өзінің білімін көтерумен шұғылдануға және арнайы әдебиетті пайдалануға; 16) сәлемдемелер мен сәлем-сауқаттар алуға; 17) күзетте ұстау орындары қызметкерлерінің тарапынан сыпайы арақатынасқа; 18) азаматтық-құқықтық мәмілелерге қатысуға; 19) заң актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар. 2. Тергеу изоляторларында ұсталушы сезіктілер мен айыпталушылардың сондай-ақ: 1) ақша аударымдарын алуға және жөнелтуге; 2) некеге отыруға және оны бұзуға, егер олар заңдарға қайшы келмеген жағдайда, өзге де отбасылық-құқықтық қатынастарға қатысуға; 3) тергеу орнындағы дүкеннен (дүңгіршектен) не күзетте ұстау орындарының әкімшілігі арқылы сауда желісінен тамақ өнімдері мен ең қажетті заттарды сатып алуға; 4) газеттер мен журналдарға жазылуға және оларды алуға; 5) әкімшіліктен қажет болған жағдайда күзетте ұстау орындарында киіп жүруге рұқсат етілген маусымдық киім-кешек алуға құқығы бар. 3. Күзетте ұсталушы сезіктілер мен айыпталушыларға тиісті жағдайлар болған кезде еңбек етуге мүмкіндік беріледі. 4. Сезіктілер мен айыпталушылардың жоғарыда аталған құқықтардан басқа Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген құқықтары бар. 17-бап. Қорғаушыларымен, туыстарымен және өзге де адамдармен жолығысулар 1. Сезіктілер мен айыпталушыларға қамауға алынған кезден бастап қорғаушымен оңаша және құпия жолығысуға мүмкіндік беріледі. Жолығысулардың саны мен ұзақтығына шек қойылмайды. Мынадай жағдайларда: 1) адвокатураға қатыстылығын растайтын құжатын және заң консультациясының осы іске адвокаттың қатысу құқығына берілген ордерін немесе маңызы бойынша онымен теңестірілген құжатты көрсетуі бойынша қорғаушы ретінде іске қатысушы адвокатпен; 2) қорғаушы болып тағайындалғаны туралы қоғамдық бірлестіктің немесе оның басшы органының тиісті шешімін көрсетуі бойынша - қорғаушылар болып табылатын кәсіптік одақтардың және өзге де қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен; 3) соттың қаулысын, тергеушінің немесе анықтаушының қаулысын, сондай-ақ өзінің жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі бойынша қорғаушылар ретінде іске қатысушы өзге де адамдармен жолығуға рұқсат беріледі. 2. Сезіктілер мен айыпталушыларға қылмыстық істі жүргізуші адамның немесе органның жазбаша рұқсаты негізінде туыстарымен және өзге де адамдармен жолығысуға айына әрқайсысының ұзақтығы үш сағатқа дейін екі реттен аспайтын, ал кәмелетке толмағандарға - үш реттен аспайтын рұқсат берілуі мүмкін. 3. Туыстарымен және өзге де адамдармен жолығысу күзетте ұстау орындары қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асырылады. Қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтіруі немесе қылмыс жасауға жәрдемдесуі мүмкін тыйым салынған нәрселерді, заттар мен тамақ өнімдерін не мәліметтерді сезікті мен айыпталушыға беруге әрекет жасалған жағдайда жолығысу мезгілінен бұрын тоқтатылады. 4. Егер заңдарға қайшы келмейтін болса, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шешімі бойынша өзі өкілі болып табылатын мемлекеттің сезікті немесе айыпталушы шетелдік адамына шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері ресми өкілдерінің жолығысуына құқығы бар. 5. Жұқпалы ауруы бар (ВИЧ/ЖҚТБ (СПИД) және туберкулез) науқастарға жолығысулар саны мен ұзақтығы медициналық қызметкермен (дәрігермен) алдын-ала әңгімелесіп, ауруды жұқтыру мүмкіндігі туралы жазбаша хабарланғаннан кейін белгілеген тәртіппен беріледі. 18-бап. Сезіктілер мен айыпталушылардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету Сезіктінің немесе айыпталушының өмірі мен денсаулығына қауіп төнген не басқа сезіктілер мен айыпталушылардың жеке басына қарсы қылмыс жасалу қаупі туындаған кезде күзетте ұстау орындарының қызметкерлері осындай қауіп төнген сезіктінің немесе айыпталушының жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде дереу шаралар қолдануға міндетті. 19-бап. Хат жазысу 1. Сезіктілер мен айыпталушыларға туыстары мен өзге де адамдардан айына екі хат немесе жеделхат алуға және жөнелтуге рұқсат етіледі. Хатхабарларды жөнелту және алу сезіктілер мен айыпталушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2. Сезіктілер мен айыпталушылардың хат жазысуы қылмыстық істі жүргізуші және цензура өткізуге тиіс адамның немесе органның рұқсаты бойынша күзетпен ұстау орнының әкімшілігі арқылы ғана жүзеге асырылады, бұған осы Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |