|
|
|
Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы 2000 жылғы 7 желтоқсандағы N 110-II Қазақстан Республикасының Заңы Осы редакция 10.07.03 ж. N 483-II ҚР Заңымен енгізілетін өзгерістеріне дейін қолданады 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар Осы Заң тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесiнiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi және осы жүйенiң жұмыс iстеуiне байланысты оның субъектiлерiнiң арасындағы қатынастарды, сондай-ақ оны мемлекеттiк ынталандыру жағдайларын, мазмұнын және нысандарын реттейдi. 2-бап. Осы Заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады: 1) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы - тұрғын үй құрылысы жинақ банкiмен тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасасқан жеке тұлға; 2) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт - салымшы мен тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арасындағы екі жақты шарт; 3) шарттық сома - салымшыға тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi шараларды жүзеге асыру үшiн қажет, жинақталған ақша мен тұрғын үй заемы сомасынан тұратын, өзi тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты жасап отырған ақша сомасы; 4) тұрғын үй заемы - осы Заңның нормаларына және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың талаптарына сәйкес тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына тұрғын үй құрылысы жинақ банкі берген нысаналы заем; 5) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы - салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегі шараларды жүргiзу мақсатында тұрақты сыйақы ставкасымен тұрғын үй заемын және мемлекеттің сыйлықақысын алу үшін тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiнде жинақтаған ақша сомасы; 6) комиссиялық алым - тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта белгiленген сома, ол тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң шарт жасасуға байланысты шығысының бiр бөлiгiн жабады; 7) бағалау көрсеткiшi - осы Заңның 8-бабының 3-тармағына сәйкес шарттық сомаларды төлеу кезектiлiгiн қалыптастыру үшiн тұрғын үй құрылысы жинақ банкi әрбiр шарт бойынша анықтайтын аталған шарт бойынша салымдардың ұзақтығы мен шамасын бағалауға негiзделген есептеу шамасы; 8) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақы (мемлекеттiң сыйлықақысы) - республикалық бюджеттен жыл сайын бөлiнетiн және Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының үстiне есептелетiн ақша; 9) аралық тұрғын үй заемы - тұрғын үй құрылысы жинақ банкi осы Заңның нормаларына, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың және бөлек заем шартының талаптарына сәйкес тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына осы мақсатқа тартылған заемдар есебiнен берген нысаналы заем; 10) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесi - тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi шараларды қаржыландырудың салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына тартуға және оларға тұрғын үй заемдарын беруге негiзделген тұйықталған жүйесi; 11) жинақтау мерзiмi - тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта белгiленген, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы қажеттi соманы жинақтайтын уақыт кезеңi; 12) жинақталған қаражат сомасы - салымшының салымдардан, олардың үстiне есептелген сыйақылардан және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекеттiң сыйлықақысынан құралған нақты жинақталған ақша сомасы. 3-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесi 1. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi, осы банктердiң салымшылары және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақы есептеу мен төлеудi жүзеге асыратын мемлекет тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесiнiң субъектiлерi болып табылады. 2. Тұрғын үй құрылысы ақшасын жинақтау тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi арқылы ғана жүзеге асырыла алады. 3. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша бiр есепшот ашуға ғана құқылы. 4. Жинақталған ақшаның ең аз қажеттi сомасы шарттық соманың 50 процентiнен кем болмауға тиiс. 5. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым бойынша және тұрғын үй заемын пайдаланғаны үшін сыйақы ставкалары тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасалған кезде белгiленедi және шарттың қолданылатын бүкiл мерзiмiнде тұрақты болып қалады. Тұрғын үй заемы бойынша сыйақы ставкасының мөлшерi тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйақы ставкасынан жылдық үш проценттен әрi аспауға тиiс. 6. Сыйақы мен тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым бойынша мемлекеттiң сыйлықақысы салымның негiзгi сомасын көбейтуге жұмсалады. 7. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң есепшотына түскен мемлекеттiң сыйлықақысы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшыларының - Қазақстан Республикасы азаматтарының есепшоттарына аударылады. 8. Салымшы тұрғын үй заемын (аралық тұрғын үй заемын) және жинақталған ақша сомасын Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi шараларды жүргізу мақсатына ғана пайдалана алады, оған мыналар жатады: 1) тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында тұрғын үй алу, соның iшiнде оны айырбастау жолымен; 2) тұрғын үй салу, жөндеу және жаңғырту (құрылыс материалдарын, жер учаскесiн сатып алуды, мердiгерлiк жұмыстар ақысын төлеудi қоса алғанда). 9. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға және шартта белгiленген талаптар бойынша сыйақысы қосылған салымды алуға құқылы. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының есепшотына салым бойынша есептелген сыйлықақының аударылмауы негiздемелерi бойынша шарт бұзылған жағдайда банк жинақталған ақшаның бүкiл сомасын төлеуге мiндеттi. 2-тарау. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесінің жқмыс істеуін құқықтық реттеу 4-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң құқықтық мәртебесi 1. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң осы Заңның 5-бабында көзделген қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар банк. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттерiне) мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру (оларды сақтандыру) жүйесiне қатысуға мiндеттi. 2. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң ресми мәртебесi жоқ заңды тұлға "тұрғын үй құрылысы жинақ банкi" деп атала алмайды немесе өзiн осы Заңның 5-бабына сәйкес қызметпен айналысатын тұлға ретiнде сипаттай алмайды. 3. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiн құру, олардың жұмыс iстеу және қызметiн тоқтату тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi. 5-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi қызметiнiң нысанасы 1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясына сәйкес мыналар: 1) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшаларына салымдар қабылдау; 2) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшыларына тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi шараларын жүргiзуге тұрғын үй заемдарын, оның iшiнде аралық тұрғын үй заемын беру тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi қызметiнiң негiзгi түрлерi болып табылады. 2. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясына сәйкес тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесінің жұмыс істеуiн тiкелей қамтамасыз ететiн басқа да банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы. 6-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар 1. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта мыналар болуға тиiс: 1) салымшының және тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң құқықтары мен мiндеттерi; 2) шарттық сома және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тарапының да, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жинақ банкi тарапының да мiндеттемелердi орындау мерзiмi; 3) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым салу кестесi; 4) тұрғын үй заемын беру шарттары; 5) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар мен тұрғын үй заемы бойынша сыйақы ставкалары; 6) жинақталған ақша сомасын және (немесе) тұрғын үй заемын кепiлге беру талаптары; 7) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша және тұрғын үй заемын пайдаланғаны үшiн сыйақының ставкаларын қоспағанда, шарт мазмұнын өзгерту талаптары; 8) шартты бұзу талаптары мен тәртiбi; 9) шарт жасасу кезiндегi комиссиялық алым мөлшерi; 10) шарт бұзылған жағдайда жинақталған ақша сомасын беру тәртiбi; 11) шарт тараптары өз мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда олардың жауаптылығы; 12) тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң қызметi тоқтатылған жағдайда тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының ақшасын қайтару, оның iшiнде тұрғын үй құрылысы жинақ банкiн - жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттерiне) мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беруге (оларды сақтандыруға) қатысушыны мәжбүрлеп тарату кезiнде өтем төлеу тәртiбi мен шарттары; Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта тараптардың келiсуi бойынша басқа да талаптар, оның iшiнде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдарды және тұрғын үй заемдарын индекстеу жөнiндегi талаптар болуы мүмкiн. 2. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың үлгi нысанын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi. 7-бап. Қаражатты пайдалану және орналастыру 1. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдарды, олардың үстiне есептелген сыйақыны, мемлекеттiң сыйлықақысын, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшыларының алған тұрғын үй заемдарын (аралық тұрғын үй заемдарын) өтеу есебiне салған ақшасын және басқа да тартылған ақшаны тек қана тұрғын үй заемдарын (аралық тұрғын үй заемдарын) және жинақталған ақша сомасын төлеу үшiн пайдалануға тиiс. Тұрғын үй заемын салымшы осы Заңға сәйкес сол банктен өзi алған аралық тұрғын үй заемын өтеу үшiн де пайдалана алады. 2. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң уақытша жұмсалмай жатқан ақшасы мемлекеттiк бағалы қағаздарға және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi тiзбесiн бекiтетiн басқа да қаржы құралдарына орналастыру үшiн пайдаланылуы да мүмкiн. 8-бап. Қаражатты бөлу 1. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi тартқан ақша бiрiншi кезекте тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы жасалған шарт негiзiнде тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiнiң тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшыларының арасында ақшаны бөлуiне сәйкес шарттық соманы төлеуге жұмсалады. 2. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына шарттық сома мынадай жағдайларда: 1) шартта белгiленген қажеттi сома жинақталғанда; 2) шартта белгiленген жинақтау мерзiмi аяқталғанда, бiрақ тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасалғаннан кейiн кем дегенде 3 жылдан соң; 3) тұрғын үй құрылысы жинақ банкi салымшының шарт бойынша өз мiндеттемесiн орындауын, жинақтау мерзiмiн және жинақталған ақша сомасын ескере отырып есептейтiн бағалау көрсеткiшi негiзiнде айқындалатын төлеу кезегi жеткенде; 4) салымшы тұрғын үй заемын қажеттi қамтамасыз етудi ұсынғанда төленедi. 3. Бағалау көрсеткiшiн айқындау және мемлекеттiң салымшыларға сыйлықақы төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейдi. 4. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi осы баптың 2-тармағында көзделген шарттық соманы төлеудiң барлық талаптарын сақтаған жағдайда ғана тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына белгiлi бiр күнге қарай шарттық соманы төлеу жөнiнде өздерiне мiндеттемелер қабылдай алады. 5. Жинақтау мерзiмi өткен соң және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы салым сомасын ең аз қажеттi мөлшерге жеткiзе алмаған жағдайда ол салымды және оның үстiне есептелген сыйақыны алуға құқылы. Салымшы тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнде ақша жинақтауды жалғастыра беруге құқылы, бұл орайда бұл жинақтың үстiне мемлекеттiң сыйлықақысын есептеу жүзеге асырылмайды. 6. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының ең аз қажеттi соманы жинақтаған жағдайда аралық тұрғын үй заемын алуға құқығы бар. Аралық тұрғын үй заемын беру шарттары тұрғын үй құрылысы жинақ банкi мен тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы арасында жасалатын заем шартымен реттеледi. 7. Тұрғын үй заемын (аралық тұрғын үй заемын) беру тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi. 9-бап. Тұрғын үй заемын (аралық тұрғын үй заемын) қамтамасыз ету Тұрғын үй заемы (аралық тұрғын үй заемы) мынадай тәсiлдерінің бiрiмен: жылжымайтын мүлiктi, оның iшiнде сатып алынатын тұрғын үйдi кепiлге беру, кепiлдiкпен, кепiлгерлiкпен, сақтандыру шартымен немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мiндеттеменi қамтамасыз етудiң басқа да тәсiлдерiмен қамтамасыз етiлген болуға тиiс. 3-тарау. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесін мемлекеттік қолдау 10-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақы төлеу шарттары 1. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына - тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң салымшыларына тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдары бойынша сыйлықақы бередi. 2. Қазақстан Республикасының 18 жасқа толмаған азаматтарының салымдары немесе олардың атына арнап басқа адамдар салған салымдар да сыйлықақымен ынталандырылады. 3. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша жыл сайынғы сыйлықақы мөлшерi ынталандырылатын салым сомасының 20 процентiн құрайды. Сыйлықақымен ынталандырылатын салымға тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнде есепшот ашылған күннен бастап есептелетiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым сомасы мен сол бойынша есептелген сыйақы кiредi. 4. Сыйлықақы жыл сайын жыл қорытындысы бойынша беріліп тұрады. Сыйлықақымен ынталандырылатын сома 60 айлық есептiк көрсеткiштен аспауға тиiс. Егер салым сомасы 60 айлық есептiк көрсеткiштен артық болса, онда салымның ынталандырылмай қалған сомасы келесi жылы сыйлықақы есептеу кезiнде ескерiлуге тиiс. 5. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақы төлеуге қажеттi ақша, сондай-ақ оны төлеу мерзiмi жыл сайын тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделедi. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақы аудару тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мен тұрғын үй құрылысы жинақ банкi арасында жасалатын Келiсiмде анықталады. Келiсiмдi орындамау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның тараптарының жауаптылығына апарып соқтырады. 11-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақы төлеудi шектеу 1. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың талаптарын бұзған жағдайда сыйлықақы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен республикалық бюджетке қайтарылуға тиiс. 2. Сыйлықақы мынадай жағдайларда: 1) ақша шарт бойынша тұрғын үй шараларына пайдаланылған жағдайда салымшы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша талап ету құқығын немесе жинақталған қаражат сомасын және (немесе) тұрғын үй заемын (аралық тұрғын үй заемын) алу құқығына кепiлдiктi басқа адамға берген; 2) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы қайтыс болған соң немесе еңбекке жарамдылығынан толық айрылған жағдайда; 3) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасалғаннан кейiн заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жұмыссыз ретiнде тiркелсе және мемлекеттiң сыйлықақысы төленетiн кезде 6 ай бойы осындай жағдайда болса; 4) осы Заңның 12-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда бюджетке қайтарылуға жатпайды. 3. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына осы Заңның нормаларын және (немесе) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты бұза отырып төленген сыйлықақы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен республикалық бюджетке қайтарылуға тиiс. 12-бап. Салымшылардың жинақталған ақша сомасын алу құқығы 1. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы осы Заңның 8-бабының 2-тармағының талаптарын орындаған жағдайда және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша құқық басқа адамға берілмеген (талапты басқаға беру) немесе басқа адамдар пайдасына салынбаған жағдайда тұрғын үй құрылысы жинақ банкі тұрғын үй заемын бермесе, банк заң актілеріне сәйкес жауапты болады, сондай-ақ салымшының бірінші талабы бойынша оған жинақталған ақшасы сомасын сөзсіз төлеуге міндетті. 2. Жинақталған ақша сомасын қайтару тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысын тұрғын үй заемын алу құқығынан айырмайды. 3. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тұрғын үй заемын алудан бас тартқан жағдайда, ол осы Заңның 8-бабы 2-тармағының талаптарын орындаған-орындамағанына қарамастан, 5 жыл жинақтаудан кейін сыйлықақы алуға құқылы. 13-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу Осы Заң жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |