|
|
|
Астық туралы Қазақстан Республикасының 2001 ж. 19 қаңтардағы N 143-II Заңы (ҚР 11.07.01 ж. N 231-11 Заңымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция 2003 ж. 13 қазандағы N 488-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Осы Заң Қазақстан Республикасында астықты өндiру, сақтау және сату процесiнде пайда болатын қатынастарды реттейдi. 1-тарау. Жалпы ережелер ҚР 11.07.01 ж. N 231-11 Заңымен 1-бап өзгертілді 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) агент - мемлекет жүз процент қатысатын, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен құрылатын және өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк астық ресурстарын басқару жөнiндегi өкiлеттiктi жүзеге асыратын ұйым; 2) аттестаттау - жеке және заңды тұлғалардың сортты жаңарту мен сортты ауыстыру үшiн ауыл шаруашылық дақылдарының элиталық тұқымдарын өндiру және сату жөнiндегi элиталық-тұқым өсiру ұйымдарының мәртебесiне сәйкестiгiн анықтау (растау); 4) тұқым аттестаты - элиталық тұқымның сорттылық және себу сапасын растайтын құжат; 5) мемлекеттiк астық ресурстары - азық-түлiктiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және мемлекеттiк мiндеттемелердi орындау мақсатында, сондай-ақ астық рыногын қорғау мен реттеу үшiн жасалған мемлекеттiк астық запастары; 6) астық иесi - астық қабылдау кәсiпорнына сақтауға астық берген жеке (немесе) заңды тұлға; 7) астық қолхатын ұстаушы - астық қолхатының меншiк иесi және (немесе) оны нақты ұстаушы; 8) астық - тағамдық, тұқымдық, мал азығы және техникалық мақсаттар үшiн пайдаланылатын дәндi, дәндi-бұршақ және майлы дақылдардың өнiмдерi; 9) астық қолхаты - астық иесiнен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсiпорны беретiн қоймалық қос куәлiк; 10) астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) - астық сақтауға арнап мамандандырылған техникалық ғимарат; 11) астықтың сапасы - астықтың мемлекеттiк стандарттардың, техникалық жағдайлардың, санитариялық және мал дәрiгерлiк-санитариялық ережелер мен нормалардың, гигиеналық нормативтер мен өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келетiн тұтыну қасиеттерiнiң жиынтығы; 12) астық рыногының мониторингi - астықты өндiрудi, сақтауды және сатуды қоса алғанда, астықпен жасалатын операциялар туралы деректердi жинауға, өңдеуге және талдауға бағытталған тұрақты iс-шаралар жиынтығы; 13) жұмылдырушы дайындық - мемлекеттiк органдардың алуан түрлi дағдарысты жағдайларда ел халқын астық ресурстарымен қамтамасыз ету қабiлетi; 14) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн жаңарту - ол үшiн белгiленген сақтау мерзiмiнiң өтуiне байланысты, оның бiр бөлiгiн кейiннен оны мiндеттi түрде салатын болып сату; 15) азық-түлiктiк қауiпсiздiк - сыртқы және iшкi жағдайларға қарамастан, тамақтанудың физиологиялық нормаларына сәйкес халықтың тамақ өнiмдерiне деген қажеттерiн қанағаттандыратын тиiстi ресурстармен, әлеуетпен және кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген экономиканың, соның iшiнде оның агроөнеркәсiптiк кешенiнiң жай-күйi; 16) азық-түлiктiк астық - тағамдық мақсаттарға пайдаланылатын астық; 17) астық өндiру - астық өсiруге бағытталған агротехникалық iс-шаралар кешенi; 18) реттеушi орган - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаны (тарифтердi) мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк орган; 19) тұқымдық астық (тұқым) - себу мақсаттарына пайдаланылатын әрi сорттылық және себу сапаларына қарай бөлiнетiн астық; 20) тұқым сараптамасы - тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарының сақталуына тұқымның сорттылық және себу сапаларының сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi iс-шаралар кешенi; 21) тұқым шаруашылығы - сортты тұқымдарды өсiру, дайындау, сақтау және сату жөнiндегi iс-шаралар кешенiн қамтитын қызмет; 22) сертификаттау - тауар өндiрушiге (сатушыға) және тұтынушыға (сатып алушыға) тәуелсiз органның нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға астықтың сәйкестiгiн жазбаша растауы; 23) сорттылықты бақылау - егiс сапасын анықтау, топыраққа бақылау және зертхананың сорттылыққа бақылауын жүргiзу арқылы сорттың тазалығын анықтау және тұқымның белгiлi бiр сортқа жататындығын белгiлеу жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылау; 24) тұқымдық бақылау - тұқымның себу сапасын анықтау жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын, тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарының сақталуын бақылау; 25) тұқым куәлiгi - бiрiншi және кейiнгi репродукциялы тұқымның сорттылық және себу сапасын растайтын құжат; 26) уәкiлеттi орган - астық рыногы саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, оған қатысушылардың қызметiн үйлестіру мен реттеуді, сондай-ақ мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 27) астық рыногына қатысушылар - астықты өндiруге, сақтауға, тасымалдауға және онымен сауда жасауға қатысушы жеке және заңды тұлғалар; 28) астық қолхатын орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхатын ұстаушылардың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында астық қабылдау кәсiпорындары өз ерiктерiмен мемлекеттiң қатысуымен құратын заңды тұлға; 29) жемдiк астық - жануарлар мен құс азығына арналған астық; 30) астық қабылдау кәсiпорны - қызметтiң айрықша түрi құқығымен астық сақтау жүзеге асырылатын меншiк құқығындағы астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) бар заңды тұлға; 31) астықты сақтау - астық қоймасы жүзеге асыратын, астық қабылдауды, өңдеудi, сақтауды және тиеп жөнелтудi қамтитын шаралардың технологиялық кешенi. 2-бап. Астық туралы заңдар 1. Қазақстан Республикасының астық туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 2-тарау. Астық рыногын мемлекеттік басқару мен реттеу 3-бап. Астық рыногындағы мемлекеттiк басқарудың мақсаттары Астық рыногын мемлекеттiк басқару мен реттеудiң мақсаттары: 1) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгi мен жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету; 2) астық бағасының демпингіне жол бермеу; 3) астық өткiзу рыногын кеңейту; 4) астық сапасын қамтамасыз ету; 5) фитосанитариялық жағдайды қауiпсiз деңгейде ұстау; 6) табиғи-климаттық жағдайларды және рынок конъюнктурасын ескере отырып, астық өндiру құрылымын оңтайландыру және астықты өндiру, сақтау мен сату технологиясын жетілдiру; 7) жемдiк астықтың мемлекеттiк ресурстары көлемiнiң шегiнде мал шаруашылығы мен құс шаруашылығында азықтың ықтимал тапшылығын жою; 8) астық өндiру iсiнде инвестиция, кредит, салық және кеден саясатын қалыптастыру болып табылады. 4-бап. Астық рыногын мемлекеттiк реттеу нысандары Астық рыногына қатысушылардың қызметiн мемлекеттiк реттеу: 1) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн бiлiктiлiк талаптары негiзiнде астық сақтау жөнiндегi қызметтi лицензиялау; 2) астық сапасын мiндеттi түрде сертификаттау; 3) астық қолхаттарының айналысын құқықтық реттеу; 4) астық қабылдау кәсiпорындары қызметiнiң астық сақтау жөнiндегi бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн бақылау; 5) мемлекеттiк астық ресурстарын қалыптастыру және олардың сандық-сапалық жай-күйiн бақылау; 6) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттiк субсидия нысанында элиталық тұқымдардың құнын арзандату; 7) өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды мемлекеттiк қаржыландыру; 8) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне бюджеттiк бағдарламаларға сәйкес минералдық тыңайтқыштардың және жанар-жағар материалдардың құнын арзандату; 9) элиталық тұқым өндiрумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларды аттестаттау; 10) заң актiлерiнде көзделген өзге де нысандар арқылы жүзеге асырылады. 5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi Қазақстан Республикасының Үкiметi: 1) Қазақстан Республикасының астық рыногы мен астық индустриясын дамыту стратегиясы - мемлекеттiк астық бағдарламасын әзiрлеп, iске асырады; 2) астық өндiрудi мемлекеттiк қолдау бағдарламасын бекiтедi, инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдай қалыптастырады және астық рыногын дамыту мен оның тұрақтылығын қолдау жөнiнде өзге де шаралар қолданады; 3) мемлекеттiк астық ресурстарының көлемiн, құрылымын, қалыптастырылу, сақталу және пайдаланылу ережелерiн бекiтедi; 4) астықпен жасалатын операцияларға байланысты үкiметаралық келiсiмдер жасасады; 5) астық қабылдау кәсiпорны мен астық иесi арасындағы жария шарттардың үлгi нысанын бекiтедi; 6) астықты сақтау жөнiндегi қызметтi лицензиялау кезiнде бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi; 7) астықтың мемлекеттiк ресурстарымен және агенттiң жеке қаржы-шаруашылық қызметiмен жасалатын операцияларды жеке есепке алу бойынша бухгалтерлiк есептiң ережелерi мен стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi; 8) Қазақстан Республикасының заң актiлерi мен Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де мiндеттердi орындайды. 6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi 1. Уәкiлеттi органның құзыретiне мыналар кiредi: 1) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өкiлеттiк шегiнде мемлекеттiк астық ресурстарын басқару; 2) тиiстi бюджеттiк бағдарламаларды әзiрлеу және оларға әкiмшiлiк ету; 3) астықты сақтау жөнiндегi қызметтi лицензиялау, қызметтiң осы түрi бойынша бiлiктiлiк талаптарын әзiрлеу; 4) мемлекеттiк ресурстардың астығын сақтау үшiн астық қабылдау кәсiпорындарын белгiленген тәртiппен таңдап алу; 5) астық рыногының мониторингiн жүзеге асыру; 6) ауыл шаруашылық техникасының лизингiн ұйымдастыру, селекция және тұқым шаруашылығын, дәндi дақылдарды өсiру мен өсiмдiктердi қорғаудың технологиясын дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысу; 7) астықты сақтау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру кезiнде астық қабылдау кәсiпорындарының бiлiктiлiк талаптарын сақтауын белгiленген тәртiппен бақылау; 8) элиталық тұқым өндiрумен және оны сатумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларды аттестаттау; 9) астық сапасын мемлекеттiк бақылау; 10) астықтың (тұқымның) сапасы бойынша стандарттарды, техникалық жағдайларды жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды, басқа да нормативтiк құжаттарды енгiзу; 11) астықтың сандық-сапалық есепке алынуы жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және бекiту; 12) тұқым шаруашылығында сорттылық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыру; 13) тұқым сараптамасы (сертификатталуы) мен оның сорттылық және себу сапасын куәландыратын тиiстi құжаттар беру тәртiбiн белгiлеу; 14) тұқымға сорт үстемесiнiң нормаларын белгiлеу; 15) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де өкiлеттiктi жүзеге асыру. ҚР 11.07.01 ж. N 231-11 Заңымен 7-бап өзгертілді 7-бап. Астық сапасын мемлекеттiк бақылау 1. Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн астық қолданылып жүрген мемлекеттiк стандарттардың, техникалық жағдайлардың, санитариялық нормалардың талаптарына сәйкес болуға тиiс. Астық сапасының стандарттарын уәкiлеттi органның ұсынуымен стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi мемлекеттiк орган бекiтедi. 2. Астық сапасын мемлекеттiк бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады. 3. Астық сапасын мемлекеттiк бақылау: 1) астық сапасы бойынша мемлекеттiк стандарттар, нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеудi, сондай-ақ техникалық жағдайларды бекiтудi; 2) астық қабылдау кәсiпорындары есеп беруiнiң, нұсқаулықтардың және басқа да нормативтiк актiлердiң үлгi нысандарын әзiрлеу мен бекiтудi; 3) астықтың, соның iшiнде астық қолхаттарымен қамтамасыз етiлген астықтың сандық-сапалық жай-күйiн бақылауды; 6) сорттылық және тұқымдық бақылауды қамтиды. 8-бап. Астықты сертификаттау 1. Iшкi рынокта, экспорт және импорт кезiнде астықты тиiстi сапа сертификаттарынсыз сатуға жол берiлмейдi. 2. Мемлекеттiк ресурстардың астығын сертификаттауды белгiленген тәртiппен тiркелген ұйымдар (зертханалар) жүзеге асырады. 3. Сатуға арналған тұқымның сорттылық және себу сапасына сараптама жасалуға тиiс. 4. Карантиндi зиянкестермен және өсiмдiк ауруларымен зақымданған тұқымның себiлуiне жол берген тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделгендей жауапты болады. 9-бап. Астық тасу 1. Қазақстан Республикасының аумағында астық тасу тура және аралас қатынас жүйесi болып табылатын темiр жол, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiгiмен жүзеге асырылады. 2. Уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк астық ресурстарын тиеп жөнелту мен тасуға бақылауды жүзеге асырады. Мемлекеттiк астық ресурстарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк ресурстардың астығын сақтайтын астық қабылдау кәсiпорындары мен аталған астық қабылдау кәсiпорындарынан астық әкетудi жүзеге асыратын көлiк ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен кез келген мөлшерде астық тиеп жөнелтудi уәкiлеттi органмен келiсуге мiндеттi. 3. Көлiктiң кез келген түрiмен тасылуға тиiстi астық партиясына көлiктiң сол түрiмен жүк тасу ережелерiне сәйкес мынадай құжаттар: азық-түлiктiк және жемдiк астыққа - сапа сертификаты; бiрiншi және кейiнгi репродукциялы тұқымға - тұқым куәлiгi; элиталық тұқымға - тұқым аттестаты қоса берiледi. 4. Астықты тасу және тиеп жөнелту жөнiндегi көлiк қызметiне жеңiлдiктi тарифтер беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 3-тарау. Астық өндіру мен сатуды мемлекеттік қолдау 10-бап. Мемлекеттiк қолдаудың нысандары Астық рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет астық өндiру мен сатуды қолдаудың мынадай нысандарын жүзеге асырады: 1) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне элиталық тұқым құнын арзандату; 2) техника мен жабдықтардың лизингiлiк жеткiзiлiмiн ұйымдастыру; 3) мемлекеттiк бюджеттен өсiмдiк қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзуге қаражат бөлу; 4) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнен мемлекеттiк астық ресурстарына астықты нарықтық бағамен сатып алу; 5) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттiк тұқым ресурстарынан тұқымдық несие беру; 6) мемлекеттiк бағдарламалар шеңберiнде мелиорация жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру; 7) селекция, тұқым шаруашылығы және топырақтың құнарлылығын сақтау жөнiндегi ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыру; 8) астықты өндiру мен сақтаудың жаңа озық технологияларын енгiзуге жәрдемдесу; 9) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарынан жемдiк несие бөлу; 10) астық қолхаттарының тиiмдi айналысы үшiн жағдай жасау; 11) iшкi рыноктың мұнай өнiмдерiне деген қажеттерiн дер кезiнде қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдану; 12) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне республикалық және жергiлiктi бюджеттерде көзделген мөлшерде кредит беру жөнiндегi бiрлесiп қаржыландыру бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру; 13) агроөнеркәсiптiк кешен үшiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес кадрлар даярлау; 14) аймақтарда астық өндiрушiлерге сертификаттық қызмет көрсету жөнiнде бәсекелестiк орта құру үшiн шаралар қолдану; 15) астық өндiрушiлердi қорғау жөнiнде демпингке қарсы шаралар әзiрлеу; 16) отандық ауыл шаруашылық машина жасау iсiн жаңғырту жөнiнде шаралар қолдану. 4-тарау. Мемлекеттік астық ресурстары 11-бап. Мемлекеттiк астық ресурстарының түрлерi 1. Мемлекеттiк астық ресурстары: 1) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнен; 2) мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарынан; 3) мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарынан; 4) мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарынан тұрады. 2. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi: 1) Қазақстан Республикасының жұмылдыру қажеттерiн; 2) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған. 3. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының негiзге алынған көлем шегiнде азық жөнiндегi қажеттерiн қамтамасыз етуге арналған. 4. Мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстары - Қазақстан Республикасының тұқым материалына деген қажеттерiн тұрақты қамтамасыз ету үшiн құрылған және соған арналған тұқымдық астық запасы. 5. Мемлекеттiк сатылатын астық ресурстары - астық рыногын iшкi реттеу, мемлекетаралық келiсiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервін, мемлекеттік тұқымдық және жемдiк астық ресурстарын толықтыру мен жаңарту үшiн құрылған және соған арналған астық запасы. 6. Мемлекеттiк астық ресурстарын сатып алу мен сақтау жөнiндегi шығыстар: 1) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi үшiн - республикалық бюджет; 2) мемлекеттiк жемдiк, сатылатын және тұқымдық астық ресурстары үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады. 12-бап. Мемлекеттiк астық ресурстарын басқару 1. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттiк жемдiк және тұқымдық астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау, жаңарту және пайдалану ережелерiн, сондай-ақ мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және сату ережелерiн, олардың құрылымы мен мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. 2. Мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi мен уәкiлеттi орган белгiлеген құзыретi шегiнде агент шарт негiзiнде жүзеге асырады. 3. Агенттiң мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруына байланысты операциялардың есепке алынуын ол өзiнiң қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерiн есепке алудан бөлек жүзеге асырады. 5-тарау. Астық қабылдау кәсіпорындары 13-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметi 1. Астық қабылдау кәсiпорындары жалпы пайдаланылатын тауар қоймасы деп танылады. Олардың астық сақтауға жасалатын шарттары (бұдан әрi - шарт) жария шарттар болып табылады. 2. Астық сақтау жөнiндегi қызметтi лицензия негiзiнде тек қана астық қабылдау кәсiпорындары жүзеге асырады. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметтiң осы түрi бойынша бiлiктiлiк талаптарына сәйкес астық сақтау жөнiндегi өз қызметiн жүзеге асыру едәуiр нашарлап кететiн немесе мүлде мүмкiн болмай қалатын негiзгi құралдарды иелiктен айыруына тыйым салынады. 14-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының мiндеттерi Астық қабылдау кәсiпорны: 1) астық сақтау тәртiбiн, сондай-ақ олардың саны мен сапасы жағынан белгiленген тәртiппен бекiтiлген нормативтiк құқықтық актiге сәйкес сақталуын қамтамасыз ететiн iс-шараларды сақтауға; 2) қажет болған жағдайларда белгiленген тәртiппен астық иелерiне оның сынамаларын iрiктеп алуды қамтамасыз етуге; 3) астық қолхатын ұстаушының алғашқы талап етуi бойынша астық қолхатына айырбастап, осы Заңның 31 және 40-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ астық қолхатымен қамтамасыз етілген астықты сақтағаны үшiн берешегi болмаса, шарт талаптарына сәйкес сақтаулы астықты толық көлемiнде босатуға мiндеттi. 15-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының астық сақтау жөнiндегi шығындарының орнын толтыру 1. Астық қабылдау кәсiпорнының астық сақтау жөнiндегi шығындарының орнын толтыру шартқа сәйкес жүзеге асырылады. 2. Астық қабылдау кәсiпорнының: 1) астық қолхатын ұстаушымен келiсе отырып, ақшалай не сақтаулы астықтың тиiстi мөлшерiн ұстап қалу жолымен оны кейiн астық рыногында еркiн өткiзу арқылы сақтау жөнiндегi шығындарын жабуға; 2) астық қолхатын ұстаушының мүдделерiн көздеп өзге де операциялар бойынша шартта көзделген немесе заң актiлерiнде белгіленген шығындардың орнын толтыруға құқығы бар. 16-бап. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысушы астық қабылдау кәсiпорындары 1. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысушы астық қабылдау кәсiпорындары ең төмен жарғылық капитал талаптарына сай келуге және өз мүлкi мен өзге де мүлiктiк мүдделердi заңдарда белгiленген тәртiппен сақтандыруға (өзара сақтандыруға) тиiс. 2. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысушы астық қабылдау кәсiпорындарының осы астық қабылдау кәсiпорындары берген астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын орындамау салдарынан туындаған мiндеттемелерiн астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қоры берiлген астық қолхаттары бойынша төленуге тиiстi берешектiң бүкiл сомасының сексен процентiнен аспайтын мөлшерде өтейдi. 3. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысушы, осы Заңға сәйкес уақытша басқару енгiзiлген астық қабылдау кәсiпорнының астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қоры бiрiншi кезектегi тәртiппен қанағаттандырады. 4. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорын құру тәртiбiн және астық қолхаттарын орындауға кепілдiк беру қорына қатысушы астық қабылдау кәсiпорындарының ең төмен жарғылық капиталының мөлшерiн, сондай-ақ олардың берiлген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн өтеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 6-тарау. Астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін реттеу 17-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн реттеу тәсiлдерi Астықты сақтау жөнiндегi қызметтi лицензиялау кезiнде астық қабылдау кәсiпорындарының бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiн, астық иелерiнiң мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi орган астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн реттеудi: 1) белгiленген тәртiппен астық қабылдау кәсiпорындары орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығару; 2) астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуi жөнiнде инспекциялау (тексеру); 3) астық қабылдау кәсiпорындарына, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына заңдарға сәйкес санкциялар салу; 4) осы Заңға және басқа заң актiлерiне сәйкес өзге де шаралар қолдану арқылы жүзеге асырады. 18-бап. Басым жағдайға ие болған астық қабылдау кәсiпорындары көрсететiн қызметтердiң бағасын (тарифтерiн) мемлекеттiк реттеу Рынокта басым жағдайға ие болған астық қабылдау кәсiпорындары көрсететiн қызметтердiң бағасын (тарифтерiн) мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен реттеушi орган жүзеге асырады. 19-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн шектеу Рынокта басым жағдайға ие болған астық қабылдау кәсiпорындарының: 1) көрсетiлетiн қызмет үшiн осы Заңның 18-бабына сәйкес реттеушi орган белгiлегеннен артық мөлшерде ақы алуына; 2) көрсетiлетiн қызметтерге қол жеткiзу жағдайларын күштеп таңуына немесе көрсетiлетiн қызметтердiң тұтынушыларын кемсiтушiлiкке немесе тұтынушылардан белгiленген тарифтерде ескерiлмеген ақы алу есебiнен табыс табуға бастайтын өзге де әрекеттер жасауына тыйым салынады. 20-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының аудитi 1. Астық қабылдау кәсiпорнының жылдық қаржылық есебiнiң дұрыстығын, сондай-ақ оның iсiнiң ағымдағы жай-күйiн тексеру және растау үшiн астық қабылдау кәсiпорны жыл сайынғы мiндеттi аудиторлық тексерулер жүргiзiп отырады. 2. Егер кәсiпорынның басқару органы астық қабылдау кәсіпорнының жылдық қаржылық есебiне, сондай-ақ оның iсiнiң ағымдағы жай-күйiне аудиторлық тексеру жүргiзуден жалтарса, кез келген мүдделi тұлғаның арызы бойынша қабылданған сот шешiмiмен тексеру тағайындалуы мүмкiн. 3. Тексеру комиссиясының (ревизордың) астық қабылдау кәсiпорны басқару органының қызметiн тексерудi жүзеге асыруы астық қабылдау кәсiпорнын аудит жүргiзу мiндетiнен босатпайды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |