|
|
|
Жоба Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "KAZSAT" байланыс және хабар таратудың қазақстандық спутнигін жасау жөнiндегі ынтымақтастық туралы келісім ҚР Үкiметiнің 21.12.04 ж. N 1351 қаулысыменмақұлданды Осы редакция 2005 ж. 17 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын тиiмдi пайдаланудың негiзгi қағидаттары мен шарттары жөнiндегi келiсiмдi, 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешенiн тиiмдi пайдалану жөнiндегi ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiмдi, 2004 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiмдi назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ғарыш кеңiстігін игеру және пайдалану саласында өзара тиiмдi ынтымақтастықты дамыту мүддесiнен шыға отырып, төмендегілер туралы келiстi: 1-бап Осы Келiсiмнiң мақсаты ұйымдастыру аясын жасау және геостационарлық орбитада "KAZSAT" спутнигi базасында қазақстандық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесін құру жөнiндегi Тараптар ынтымақтастығын жүзеге асыруға арналған жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады. 2-бап Осы Келiсiмдi орындау үшiн ынтымақтастық халықаралық құқықтың жалпы танылған нормалары мен қағидаттары сақтала отырып және Тараптардың өздерi қатысушылары болып табылатын басқа Келiсiмдер бойынша мiндеттемелердi орындауына залал келтiрiлместен Тараптар мемлекеттерінiң заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерiне сәйкес жүзеге асырылады. 3-бап Осы Келiсiм бойынша уәкілеттi органдар мыналар болып табылады: Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі; Ресей Тарабынан - Федералдық ғарыш агенттiгi мен Ресей Федерациясы Ақпараттық технологиялар және байланыс министрлiгi. Қажет болған жағдайда кез келген Тарап екiншi Тараптың келiсiмiмен дипломатиялық арналар бойынша жазбаша хабарлама арқылы басқа уәкiлеттi органдарды тағайындай алады. Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн "ынтымақтас ұйымдар" терминi осы Келiсiм шеңберiнде нақты жұмыстарды (қызметтердi) орындайтын (көрсететін) ұйымдарды бiлдiредi. Қазақстандық "KAZSAT" спутнигiн әзiрлеу, жасау, геостационарлық орбитаға ұшыру және кейiннен пайдалану жөнiндегi мiндеттемелердi орындаумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жерүсті басқару кешенін және байланыс мониторингi жүйесiн жасаумен байланысты нақты жұмыстарды (қызметтердi) орындау (көрсету) жөнiндегi ынтымақтас ұйымдар: Қазақстан Тарабынан - "Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электромагниттiк үйлесiмділiгi республикалық орталығы" акционерлiк қоғамы, "Казсат" акционерлiк қоғамы; Ресей Тарабынан - "М.В. Хруничев атындағы Мемлекеттiк ғарыш ғылыми-өндiрiстiк орталығы" Федералдық мемлекеттік бiртұтас кәсiпорны, "Ғарыштық байланыс" Федералды мемлекеттік бiртұтас кәсiпорны болып табылады. 4-бап "KAZSAT" спутнигі геостационарлық орбитаға шығарылады және уақытша берiлген ресейлiк үйлестiрiлген 96,5о шығыс бойлығында геостационарлық орбитада орбиталық немесе Қазақстан Тарабын қанағаттандыратын "KAZSAT" спутнигi үшiн қажетті жиілiктік-поляризациялық жоспармен өзге тұғырда орналастырылады. 5-бап Ынтымақтас ұйымдар спутниктің, жерүстi басқару кешенi мен "KAZSAT" байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесi байланыс мониторингi жүйесiнiң, орбиталық-жиілiк ресурсының келiсiлген талаптары мен сипаттамаларын, "KAZSAT" спутнигiн тапсыру-қабылдау және жерүсті басқару кешенi мен байланыс мониторингi жүйесi объектілерiн пайдалануға беру, қазақстандық персоналды даярлау мен оқыту шарттарын айқындайды және оларды келiсім-шарт шеңберiнде iске асырады. 6-бап Ресей Тарабының уәкілетті органдары мен ынтымақтас ұйымдары: өздерiнің геостационарлық спутниктерi арқылы немесе халықаралық спутниктiк ұйымдардың ұқсас жиілiк-поляризациялық жоспары бар спутниктерi арқылы "KAZSAT" спутнигінің байланыс ресурстарын резервтеуге жәрдем көрсетедi; "KAZSAT" спутнигiн пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын жерүстi басқару кешенi мен байланыс мониторингi жүйесi объектілерiн резервтеу жөнiнде қызметтер ұсынады. Аталған қызметтердi көрсету шарттары ынтымақтас ұйымдар арасындағы жекелеген келiсiм-шарттардың (шарттардың) мәнi болып табылады. Ресей Тарабының ынтымақтас ұйымдары "KAZSAT" спутнигiне, жерүсті басқару кешенi мен байланыс мониторингі жүйелерiне мәлiмделмеген техникалық, аппараттық және бағдарламалық мүмкiндiктердiң енгiзiлуiне жол бермеуге кепiлдiк бередi. 7-бап Осы Келiсiм шеңберiнде жүргiзілетін жұмыстар бойынша ұйымдастырушылық қаржылық, құқықтық және техникалық сипаттағы нормалар мен рәсiмдер жекелеген келiсiм-шарттардың (шарттардың) мәнi болып табылады. Тараптар ынтымақтас ұйымдар жасасқан жекелеген келiсiм-шарттардан (шарттардан) туындайтын қаржылық мiндеттемелер бойынша жауаптылықта болмайды. 8-бап Қазақстан Тарабы осы Келiсiм шеңберiнде: 1) жұмыстар мен қызметтердi қаржыландыруды; 2) Қазақстан Республикасының аумағында "KAZSAT" спутнигін жерүстi басқару кешенi мен байланыс мониторингi жүйесін орналастыру және пайдалану үшін қажетті жерүстi инфрақұрылым объектілерін құруды қамтамасыз етедi. 9-бап Халықаралық электр байланысы одағындағы Қазақстан спутник жүйесi бойынша үйлестіру іс-шаралар рәсiмдерiн ескере отырып, "KAZSAT" спутнигiн ұшыру сәтiнде геостационарлық орбитада уақытша бос орбиталық-жиілік ресурсын иеленген Ресей Тарабы Қазақстан Тарабына уақытша негiзде (спутниктің орбитада белсендi жұмыс iстеу мерзiмiне, бiрақ 15 жылдан көп емес) геостационарлық орбитаның шығыс бойлығындағы 96,5о немесе Қазақстан Тарабын қанағаттандыратын өзге де тұғырдағы орбиталық жиiлiк ресурсын "KAZSAT" спутнигi үшiн қажеттi жиілік-поляризациялық жоспармен бередi. Тараптар радиожиілік спектрін бөлу мәселелерi бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асырады және жиілiкті бөлудi бiрлесіп қорғау мәселелерiн қоса алғанда, Халықаралық электр байланысы одағындағы орбиталық-жиiлiк берудi үйлестіру мәселелерiнде бір-біріне жәрдемдеседi. 10-бап Тараптар 1975 жылғы 14 қаңтардағы Ғарыш кеңiстiгiне ұшырылған объектілерді тiркеу туралы конвенцияға сәйкес "KAZSAT" спутнигін геостационарлық орбитадағы ғарыштық объект ретiнде тiркеудi қамтамасыз eтeді. 11-бап Тараптар Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына соның iшiнде қазақстандық "KAZSAT" спутнигін, жерүстi басқару кешенi мен байланыс мониторингі жүйесiн жасау мен оны орбитаға жеткiзу жобасын iске асыру мақсаты үшiн үшінші елдерден әкелінетін қосалқы жабдықты, бағдарламалық қамтамасыз етулер мен материалдарды (бұдан әрі - Жабдық) қоса алғанда, жабдық және оның жиынтықтары Қазақстан Республикасының аумағында кедендік төлемдерден, салықтар мен өзге де алымдардан толық босатылады деп келiсті. Жабдықты кедендік ресiмдеу Тараптардың мемлекеттік органдарының лицензиялары мен өзге де рұқсаттары ұсынылмастан, тек Қазақстан Тарабының уәкiлетті органы беретiн, Жабдықтың осы Келiсiмнiң мақсатында пайдаланылатынын растайтын құжат болған жағдайда жүзеге асырылады. 12-бап Осы Келiсiм бойынша ынтымақтастық барысында жасалған немесе берiлген зияткерлік меншiктi қорғау, бөлу және пайдалану мәселелерi Тараптар мемлекеттерінiң заңдарымен және өзге де нормативтік актілерімен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттармен белгiленедi. Осы Келiсiм шеңберiндегi - ынтымақтас ұйымдар мен Тараптардың олар осы Келiсiм шеңберiнде немесе одан тыс бiрлескен қызметi басталғанға дейін алған зияткерлiк меншiк құқықтарына нұқсан келтiрмейдi. 13-бап Тараптар, уәкілеттi органдар және ынтымақтас ұйымдар Тараптар мемлекеттерінiң заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнде және осы Келiсiмде белгiленген тәртiппен жасырын ақпарат алмасуды жүзеге асырады. Жасырын ақпаратты Тараптар, уәкілеттi органдар және ынтымақтас ұйымдар көрсетiлген ақпараттың тасығышына "Жасырын" деген белгi қою жолымен таңбалайды. Мұндай таңбалау үшiн жауапкершілiк - ақпараты осындай жасырындылықты талап ететiн Тарапқа, уәкілеттi органға немесе ынтымақтас ұйымға жүктеледi. Құпия ақпаратты беру беруші Тарап мемлекетiнің заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнде және Тараптар жасасқан құпия ақпаратты қорғау мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. Әр Тарап, оның уәкілетті органы немесе ынтымақтас ұйым екiншi Тараптан, оның уәкілетті органынан немесе ынтымақтас ұйымнан алған құпия және/немесе жасырын ақпаратты өз мемлекетінің заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актілерiне сәйкес қорғайды. Осы Келiсiм шеңберiнде орындалған бiрлескен әзiрленiмдер туралы кез келген ақпарат оның қатысушысы болып табылмайтын Тарапқа тек Тараптардың жазбаша түрде ресiмделген өзара келiсімi бойынша берiлуi мүмкін. 14-бап "KAZSAT" спутнигiн ұшыру кезiнде ұшырушы мемлекеттiң функциялары мен жауапкершілігін 1972 жылғы 29 наурыздағы Ғарыш объектілерi келтiрген залал үшiн халықаралық жауапкершілiк туралы конвенцияға сәйкес Ресей Тарабы көтередi. 15-бап Тараптар және олардың уәкiлетті органдары өздерiнiң iс-қимылын бiр-бiрiмен күнi бұрын үйлестiре отырып, осы Келiсiм бойынша қызмет туралы көпшiлiктi хабардар ете алады. 16-бап Осы Келiсiмдi түсiндiрумен немесе жүзеге асырумен байланысты кез келген даулар Тараптардың және олардың ынтымақтас ұйымдарының арасында консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi. 17-бап Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына қайшы келмейтiн бөлiгiне қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi. Келiсiм Тараптар өздерiне қабылдаған мiндеттемелердi орындағанға дейiн күшiнде болады. Кез келген Тарап екiншi Тарапқа өз ниетi туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келiсiм аталған хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн өз қолданысын тоқтатады. Осы Келiсiм қолданысының тоқтатылуы оған сәйкес әзiрленген, бiрақ оның қолданысы тоқтатылған сәтте әлі орындалмаған ынтымақтастық iс-шараларының, бағдарламаларының және жоспарларының iске асырылуына әсер етпейдi. Осы Келiсiмге осы Келiсiмнің ажырамас бөлiгі болып табылатын және осы бапта көзделген тәртiппен күшіне енетін жекелеген хаттамалар жасасу жолымен өзгерiстер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Осы Келiсiм ____ "___" _________ _________ қаласында қазақ және орыс тiлдерiндегi екi түпнұсқа данада жасалды, әрi екi мәтiннiң күшi бiрдей.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |