|
|
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 21 желтоқсандағы № 1351 Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "KAZSAT" байланыс және хабар таратудың қазақстандық спутнигiн жасау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасасу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 21 желтоқсандағы № 1351 қаулысына мынадай өзгерiс енгізiлсiн: жоғарыда көрсетiлген қаулымен мақұлданған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "KAZSAT" байланыс және хабар таратудың қазақстандық спутнигiн жасау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнiң жобасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын. 2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 17 қаңтардағы № 20 қаулысына қосымша ЖОБА Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "KAZSAT" байланыс және хабар таратудың қазақстандық спутнигiн жасау жөнiндегі ынтымақтастық туралы КЕЛIСIМ Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негiзгi қағидаттары мен шарттары туралы келісімдi, 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешенiн тиiмдi пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімдi және 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенiн жалдау шартын назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ғарыш кеңiстiгiн игеру және пайдалану саласында өзара тиiмдi ынтымақтастықты дамыту мүдделерiн негiзге ала отырып, төмендегiлер туралы келісті: 1-бап Осы Келісімнің мақсаты Тараптардың геостационарлық орбитада "KAZSAT" байланыс және хабар таратудың қазақстандық спутнигiн жасау жөніндегі ынтымақтастығын жүзеге асыруға арналған негiзгi қағидаттар мен шарттарды айқындау және оның базасында ғарыштық байланыс пен хабар таратудың қазақстандық жүйесiн жасау болып табылады. 2-бап Осы Келісімдi орындау үшiн ынтымақтастық халықаралық құқықтың жалпы танылған нормалары мен қағидаттары сақтала отырып және Тараптардың өз мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа Келісімдер бойынша мiндеттемелердi орындауына залал келтiрiлместен Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келісімге қайшы келмейтiн заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 3-бап Осы Келісім бойынша уәкілетті органдар: Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі; Ресей Тарапынан - Федералдық ғарыш агенттігі мен Ресей Федерациясы Ақпараттық технологиялар және байланыс министрлігі болып табылады. Осы Келісімнiң мақсаты үшiн "ынтымақтас ұйымдар" терминi осы Келісімнiң шеңберiнде нақты жұмыстарды (қызметтердi) орындайтын (көрсететiн) ұйымдарды бiлдiредi. Қазақстандық "KAZSAT" спутнигін әзiрлеу, дайындау, геостационарлық орбитаға ұшыру және кейiннен пайдалану жөнiндегі мiндеттемелердi орындаумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жерүстi басқару кешенiн және байланыс мониторингi жүйесiн жасаумен байланысты нақты жұмыстарды (қызметтердi) орындау (көрсету) жөнiндегі ынтымақтас ұйымдар: Қазақстан Тарапынан - "Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электромагниттiк үйлесiмдiлігі республикалық орталығы" акционерлік қоғамы, "Казсат" акционерлік қоғамы Ресей Тарапынан - "M.B. Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндiрiстік орталығы" Федералдық мемлекеттік біртұтас кәсiпорны, "Ғарыштық байланыс" Федералды мемлекеттік біртұтас кәсiпорны болып табылады. Тараптар өздерiнiң уәкiлетті органдары мен ынтымақтас ұйымдары өзгерген жағдайда дипломатиялық арналар бойынша бір-бірiн жедел хабардар етеді. 4-бап "KAZSAT" спутнигi геостационарлық орбитаға шығарылады және Тараптардың байланыс әкiмшiлiктерiнiң арасындағы орбиталық-жиiлiктiк ресурсты халықаралық үйлестiру мәселелерiн айқындайтын жеке келісім бойынша "KAZSAT" спутнигi үшiн қажетті жиiлiктiк-поляризациялық жоспармен Тараптардың келісімi бойынша айқындалатын геостационарлық орбитада уақытша берiлген үйлестiрiлген ресейлiк орбиталық позицияда орналастырылады. 5-бап Ынтымақтас ұйымдар спутниктiң, жерүсті басқару кешенi мен "KAZSAT" байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесi байланыс мониторингi жүйесiнiң, орбиталық-жиіліктiк ресурсының келісілген талаптары мен сипаттамаларын, "KAZSAT" спутнигі мен жерүстi басқару кешенi объектілерiн және байланыс мониторингі жүйелерiн пайдалануға тапсыру-қабылдап алу, қазақстандық персоналды даярлау мен оқыту шарттарын айқындайды және оларды келісім-шарт шеңберiнде iске асырады. 6-бап Осы Келісімнiң шеңберiнде жүргізілетiн ұйымдастырушылық, қаржылық, құқықтық және техникалық сипаттағы жұмыстар жөніндегі қағидаттар, нормалар және рәсімдер жекелеген келісім-шарттардың (шарттардың) нысанасы болып табылады. Тараптар ынтымақтас ұйымдар жасасқан жекелеген келісім-шарттардан (шарттардан) туындайтын мiндеттемелер бойынша жауаптылықта болмайды. 7-бап Қазақстан Тарабы осы Келісімнiң шеңберiнде: қажетті көлемдегi жұмыстар мен қызметтердi қаржыландыруды; Қазақстан Республикасының аумағында "KAZSAT" спутнигін жерүсті басқару кешенi мен байланыс мониторингi жүйесiн орналастыру және пайдалану үшін қажеттi жерүсті инфрақұрылым объектілерiн құруды қамтамасыз етедi. 8-бап Қазақстандық спутниктiк жүйе бойынша Халықаралық электр байланысы одағындағы үйлестiру іс-шаралары рәсімін ескере отырып, "KAZSAT" спутнигiн ұшыру сәтiнде геостационарлық орбитадағы уақытша бос орбиталық-жиілiктiк ресурсқа иелік ететiн Ресей Тарабы Қазақстан Тарабына уақытша негiзде (спутниктiң орбитада белсендi түрде болу мерзiмiне, бірақ 15 жылдан көп емес) Тараптардың келісімi бойынша, сондай-ақ қолданыстағы халықаралық үйлестiру келісімдерiн ескере отырып, "KAZSAT" спутнигi үшін қажеттi жиiлiктiк-поляризациялық жоспармен үйлестірілген орбиталық-жиіліктік ресурсты бередi. Тараптар радиожиiлiктік спектрді бөлу мәселелерi бойынша ақпаратпен алмасуды жүзеге асырады және жиiлiктердiң бөлiнуiн бірлесiп қорғау мәселелерін қоса алғанда, Халықаралық электр байланысы одағында орбиталық-жиіліктiк берулерді үйлестiру мәселелерiнде бір-біріне жәрдемдеседі. 9-бап Тараптар 1975 жылғы 14 қаңтардағы Ғарыш кеңiстігіне ұшыратын объектiлердi тiркеу туралы конвенцияға сәйкес "KAZSAT" спутнигін геостационарлық орбитадағы ғарыштық объект ретiнде тiркеудi бірлесiп қамтамасыз етедi. 10-бап Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына, соның iшiнде қазақстандық "KAZSAT" спутнигін, жерүстi басқару кешенi мен байланыс мониторингi жүйесін жасау мен оны орбитаға жеткiзу жобасын іске асыру мақсаты үшiн үшiншi елдерден әкелiнетiн қосалқы жабдықты, бағдарламалық қамтамасыз етудi (бұдан әрi - Жабдық) қоса алғанда, жабдық және оның жиынтықтары Қазақстан Республикасының аумағында кедендiк төлемдер алудан, салықтар мен өзге де алымдардан толық босатылады деп келiстi. Жабдықты кедендiк ресiмдеу Қазақстан Тарабы мемлекеттік органдарының лицензиялары мен басқа да рұқсаттары ұсынылмастан, тек Қазақстан Тарабының уәкілеттi органы беретiн, осы Келісімнiң мақсатында Жабдықтың пайдаланылатынын растайтын құжат болған кезде жүзеге асырылады. 11-бап Тараптар осы Келісім бойынша ынтымақтастық барысында пайдаланылатын зияткерлiк меншiктi қорғауды Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына, сондай-ақ қатысушысы бір уақытта Тараптардың мемлекеттерi болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қамтамасыз етедi. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық ынтымақтас ұйымдар мен Тараптардың олар осы Келісім шеңберiнде немесе одан тыс бірлескен қызмет басталғанға дейiн алған зияткерлiк меншiк құқықтарын қозғамайды. 12-бап Тараптар, уәкілеттi органдар және ынтымақтас ұйымдар Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында және осы Келісімде белгіленген тәртiппен жасырын ақпарат алмасуды жүзеге асырады. Жасырын ақпаратты Тараптар, уәкілеттi органдар және ынтымақтас ұйымдар көрсетiлген ақпараттың жеткiзгiшiне "Жасырын" деген белгi қою жолымен таңбалайды. Мұндай таңбалау үшiн жауапкершiлiк ақпараты осындай жасырындылықты талап ететiн Тарапқа, уәкілеттi органға немесе ынтымақтас ұйымға жүктеледi. Құпия ақпаратты беру және қорғау берушi Тарап мемлекетiнiң заңнамасында және 2004 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. Әрбір Тарап, оның уәкiлетті органы немесе ынтымақтас ұйым екiншi Тараптан, оның уәкілеттi органынан немесе ынтымақтас ұйымнан алған құпия және/немесе жасырын ақпаратты өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес қорғайды. Осы Келісім шеңберiнде орындалған бірлескен әзiрлемелер туралы кез келген ақпарат оның қатысушысы болып табылмайтын үшiншi тараптарға тек Тараптардың жазбаша түрде ресiмделген келісімi бойынша берiлуi мүмкiн. 13-бап Тараптар және олардың уәкiлеттi органдары бір-бірiмен өздерiнiң iс-қимылын күнi бұрын үйлестiре отырып, осы Келісім бойынша қызмет туралы жұртшылықты хабардар етуi мүмкiн. 14-бап Тараптардың немесе олардың уәкілеттi органдарының арасында осы Келісімдi түсiндiруге және/немесе жүзеге асыруға байланысты даулар туындаған жағдайда Тараптар немесе олардың уәкілетті органдары достық реттеуге қол жеткiзу үшiн дипломатиялық арналар арқылы бірiншi кезекте консультациялар немесе келiссөздер жүргiзедi. Осы баптың бірiншi бөлігінде көзделген рәсiмдерге сәйкес реттелмеген даулар реттеудiң басқа әдiстерiне қатысты келісім болмаған кезде Тараптардың бipeуi екiншi Тарапқа реттеу туралы жазбаша сұрау жiбергеннен кейiн 6 ай iшiнде Тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша ЮНСИТРАЛ ережелерiне сәйкес құрылатын Төрелiк соттың талқылауына жiберiлуi мүмкiн. 15-бап Осы Келісім қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi. Осы Келісім Тараптар өздерiне алған мiндеттемелердi толық орындағанға дейiн қолданылады. Кез келген Тарап екiншi Тарапқа осы Келісімнiң қолданылуын тоқтату болжамдалған күнге дейiн кемiнде 6 алты ай бұрын оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама жiберу жолымен оны тоқтата алады. Осы Келісімнiң қолданылуын тоқтату оның қолданылуы тоқтатылғанға дейiн заңды тұлғалардың осы Келісімнiң орындалуына байланысты туындаған құқықтарын немесе мiндеттемелерiн қайта қарау үшiн құқықтық негiз бола алмайды. Осы Келісімге Тараптар арасында жеке хаттамалар жасасу жолымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуi мүмкiн. Аталған хаттамалар олардың күшіне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнi күшiне енедi. Осы Келісім 2005 жылғы "____" ________ _______ қаласында қазақ және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды әрi екi мәтiннiң күшi бірдей.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |