|
|
|
Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі (Астана, 1999 ж. 13 шілде N 411-I) (ҚР 29.03.00 ж. N 42-II; 05.07.00 ж. N 75-II; 02.03.01 ж. N 162-II; 11.07.01 ж. N 238-II; 06.11.01 ж. N 251-II; 24.12.01 ж. N 276-II; 09.08.02 ж. N 346-II; 05.05.03 ж. N 409-II; 02.07.03 ж. N 451-II; 09.07.03 ж. N 482-II; 10.03.04 ж. N 532-II; 09.07.04 ж. N 583-II; 13.12.04 ж. N 11-III Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция 2004 ж. 28 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды 1-бөлім. Жалпы ережелер 1-тарау. Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу заңдары 1-бап. Азаматтық іс жүргізу заңдарымен реттелетін қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңдары соттардың осы Кодекспен және басқа заңдармен өз құзыретіне жатқызылған талап қою және өзге істерді қарау мен шешу барысында сот төрелігін атқаруы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. 2-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдары 1. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу тәртібі конституциялық заңдармен, Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына негізделген Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексімен айқындалады. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін өзге заңдардың ережелері осы Кодекске енгізілуге тиіс. 2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары азаматтық іс жүргізу құқығының құрамдас бөлігі болып табылады. 3. Азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдар азаматтық,отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік,қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді, сондай-ақ ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібін белгілейді. 4. Егер азаматтық істер бойынша іс жүргізу барысында әкімшілік құқыққа сәйкес шешілуге тиіс мәселені қарау қажет болса, ол осы Кодекстің 26-бабының ережелеріне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешіледі. 3-бап. Азаматтық сот ісін жүргізуде басым күші бар құқықтық нормаларды қолдану 1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заң күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының арасында қайшылық болған жағдайда Конституцияның ережелері қолданылады. 2. Осы Кодекстің нормалары мен Қазақстан Республикасы конституциялық заңының арасында қайшылық болған жағдайда конституциялық заңның ережелері қолданылады. Осы Кодекс нормалары мен өзге заңдардың арасында қайшылық болған жағдайда осы Кодекстің ережелері қолданылады. 3. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттар осы Кодекстен басым болады және халықаралық шартта оның қолданылуы үшін заң шығарылуы талап етіледі деп көрсетілген жағдайларды қоспағанда, олар тікелей қолданылады. 4-бап. Азаматтық іс жүргізу заңының уақыт жағынан қолданылуы 1. Азаматтық сот ісін жүргізу іс жүргізу әрекетін орындау, іс жүргізу шешімін қабылдау кезіне қарай күшіне енген азаматтық іс жүргізу заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 2. Жаңа міндеттер жүктейтін, процеске қатысушыларда бар құқықтардың күшін жоятын немесе оларды кемітетін, олардың пайдаланылуын қосымша шарттармен шектейтін азаматтық іс жүргізу заңының кері күші болмайды. 3. Дәлелдемелердің жарамдылығы оларды алған кезде қолданылып жүрген заңға сәйкес белгіленеді. 2-тарау. Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері мен принциптері 5-бап. Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. 6-бап. Заңдылық 1. Cот істерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті. 2. Соттардың адам мен азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтарына және бостандықтарына қысым жасайтын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқығы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп тапса, ол іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және Конституциялық Кеңеске осы актіні конституциялық емес деп тану жөнінде ұсыныс жасауға міндетті. Сот Конституциялық Кеңестің шешімін алған соң іс бойынша іс жүргізу қайта басталады. 3. Істерді шешу кезінде соттың заңды бұзуына болмайды және ол заңсыз сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады. Заңның бұзылуына кінәлі судья заңда белгіленгендей жауапты болады. 4. Сот істі шешу кезінде мемлекеттік немесе өзге органның актісі заңға сәйкес келмейді немесе ол өкілеттікті асыра пайдаланып шығарылған деп тапқан жағдайда одан артық заң күші бар құқықтық актілерді қолданады. 5. Даулы құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда сот ұқсас қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған жағдайда дауды заңдардың жалпы негіздері мен мағынасын негізге ала отырып шешеді. 6. Егер заң актілерінде немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен парасаттылық өлшемдерін негізге ала отырып шешуге міндетті. 7-бап. Сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы 1. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін азаматтық іс жүргізу заңдарында белгіленген ережелер бойынша тек қана сот жүзеге асырады. Соттың биліктік өкілеттілігін кімнің де болса иеленуі заңда көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады. 2. Төтенше, сондай-ақ өзге де заңсыз құрылған соттар шешімінің заң күші болмайды және орындалуға тиісті емес. 3. Өз қарауына жатпайтын іс бойынша азаматтық сот ісін жүргізуді жүзеге асырған, өз өкілеттігін асыра пайдаланған немесе осы Кодексте көзделген азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін өзгеше түрде елеулі бұзған соттың шешімдері заңсыз болады және олардың күші жойылуға тиіс. 4. Азаматтық іс бойынша сот шешімдерін осы Кодексте көзделген тәртіппен тек тиісті соттар ғана тексеріп, қайта қарай алады. 8-бап. Адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау 1. Әрбір адам бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы. Мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар немесе азаматтар заңда көзделген жағдайларда өзге адамдардың немесе адамдардың белгісіз бір тобының құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы сотқа арыз беріп жүгінуге құқылы. 2. Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып (арыз беріп) сотқа жүгінуге құқылы. 3. Ешкімге өзінің келісімінсіз ол үшін заңда белгіленген соттылығын өзгертуге болмайды. Жоғары тұрған соттың өзінен төменгі соттың жүргізетін ісін тараптардың келісімінсіз алып қоюға және оны өзінің іс жүргізуіне қабылдауға құқығы жоқ. 4. Егер заңға қайшы келсе немесе әлдекімнің құқығын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзса, сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады. 9-бап. Жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу 1. Азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық процеске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешімдер мен іс-әрекеттерге тыйым салынады. 2. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен адамға келтірілген моральдық зиян заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс. 10-бап. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы Азаматтардың жеке өмірі, жеке және отбасылық құпиясы заңның қорғауында болады. Әркімнің жеке салымдар мен жинақтар, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, почта, телеграф және өзге де хабарлар құпиясына құқығы бар. Азаматтық процесс барысында бұл құқықтарды шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. 11-бап. Меншікке қол сұғылмаушылық 1. Меншікке заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды. 2. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында адамдардың банктегі салымдарын және басқа мүлікті пайдалануға тыйым салу, сондай-ақ оны алып қою осы Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша жүргізілуі мүмкін. 12-бап. Судьялардың тәуелсіздігі 1. Судья сот төрелігін атқару кезінде тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. 2. Судьялар мен соттар азаматтық істерді өздеріне сырттан ықпал ету болмайтын жағдайларда шешеді. Соттың сот төрелігін атқару жөніндегі қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді. 3. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдігі Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңмен белгіленген. 13-бап. Барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі 1. Азаматтық істер бойынша сот төрелігі заң мен сот алдындағы теңдік негізінде жүзеге асырылады. 2. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында: азаматтардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың ешқайсысы шыққан тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, сенімдері, тұрғылықты жері жөніндегі себептермен немесе өзге де кез келген мән-жайлар бойынша кемсітілмеуге тиіс; заңды тұлғалардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың ешқайсысы да орналасқан жеріне, ұйымдық-құқықтық нысанына, бағыныстылығына, меншік нысанына және басқа да мән-жайлары себепті кемсітілмеуге тиіс. 3. Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен иммунитеті бар адамдарға қатысты азаматтық сот ісін жүргізу талаптары Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Кодексте, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда белгіленеді. 14-бап. Сот ісін жүргізу тілі 1. Азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады. 2. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз (арыз) берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Белгілі бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. 3. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. 4. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы адамдарға басқа тілде жазылған істің заң бойынша қажетті іс материалдарының сот ісін жүргізу тіліне сот тегін аударып беруді қамтамасыз етеді. Сот процесіне қатысушы адамдарға сотта сөйленген сөздің басқа тілде айтылған бөлігін сот ісін жүргізу тіліне тегін аударып беру қамтамасыз етіледі. 5. Сот құжаттары іске қатысушы адамдарға олардың ана тіліне немесе олар білетін басқа тілге аударылып беріледі. 15-бап. Тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы 1. Азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Тараптар бірдей іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндеттерін көтереді. 2. Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз айқындамасын таңдап алады, оны қорғау әдісі мен амалдарын дербес және соттан, басқа органдар мен адамдардан тәуелсіз түрде таңдап алады. Сот істің нақты мән-жайын анықтау мақсатында өз бастамасымен айғақтар жинаудан босатылған, алайда тараптың дәлелді өтініші бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртіппен қажетті материалдарды алуға жәрдемдеседі. 3. Істі қараушы сот объективтілікті және әділдікті сақтай отырып, істің мән-жайын толық және объективті зерттеуге тараптардың құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды, іске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, іс жүргізу әрекеттерін жасаудың немесе жасамаудың салдары туралы ескертеді және осы Кодексте көзделген жағдайларда олардың өз құқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдеседі. Сот іс жүргізу шешімін зерттеуге қатысу тараптардың әрқайсысына бірдей негізде қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді. 4. Сот тараптарға бірдей және құрметпен қарайды. 16-бап. Дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау 1. Судья істе бар дәлелдемелерді олардың жиынтығымен әділ, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл орайда ол заң мен ар-ұятты басшылыққа алады. 2. Сот үшін ешқандай дәлелдеменің күні бұрын белгіленген күші болмайды. 17-бап. Куәлік жауап беру міндетінен босату 1. Ешкім өзіне, жұбайына (зайыбына) және ауқымы заңмен айқындалған жақын туыстарына қарсы куәлік беруге міндетті емес. 2. Діни қызметшілер тәубаға келіп, өздеріне сенім білдірген адамға қарсы куәлік беруге міндетті емес. 3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайларда аталған адамдар жауаптар беруден бас тартуға құқылы және бұл үшін қандай да болсын жауапқа тартылмайды. 18-бап. Білікті заң көмегін алуға құқықты қамтамасыз ету 1. Әр адамның азаматтық процесс барысында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы бар. 2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі. 19-бап. Сотта істі қараудың жариялылығы 1. Барлық соттар мен барлық сот сатыларында сотта істі қарау ашық жүргізіледі. 2. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтері бар шешімдерді хабарлауды қоса, сондай-ақ бала асырап алу құпиясын, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды, азаматтар өмірінің ашық айтпайтын сырлары туралы мәліметтерді сақтауды қамтамасыз ету қажет екендігін не істі ашық қарауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайларды негізге алған іске қатысушы адамының өтінішін сот қанағаттандырған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 179-бабының алтыншы бөлігінде көзделген жағдайда заңға сәйкес істерді қарау жабық сот отырысында жүзеге асырылады. 3. Азаматтардың жеке хат алысуы және жеке телеграф байланысы ашық сот отырысында арасында осы хат алысу мен телеграф байланысы болған адамдардың келісімімен ғана жария етілуі мүмкін. Бұлай болмаған жағдайда бұл адамдардың жеке хат алысуы мен жеке телеграф байланысы жабық сот отырысында жария етіліп, зерттеледі. Аталған ережелер фото және кино құжаттарын, дыбыс және бейне жазбаларды, сондай-ақ техникалық құралдардың көмегімен алынған жеке сипаттағы мәліметтер бар хабарларды зерттеген кезде де қолданылады. 4. Соттың жабық отырысында істі қарау кезінде іске қатысушы адамдар, олардың өкілдері, ал қажет болған жағдайларда куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар да қатысады. 5. Сот істі соттың жабық отырысында қарау туралы дәлелді ұйғарым шығарады. 6. Сот отырысының залына, егер іске қатыспайтын адамдар болса немесе куә болмаса, он алты жасқа толмаған азаматтар жіберілмейді. 7. Жабық сот отырысында істі қарау азаматтық сот ісін жүргізудің барлық ережелері сақтала отырып жүргізіледі. 8. Іске қатысушы адамдар мен ашық сот отырысына қатысушы азаматтардың сотта істі қарау барысын залда отырған орындарынан жазып алуға немесе дыбыс жазуды пайдаланып жазып алуға құқығы бар. Сотта істі қарау барысында киноға және суретке түсіру, бейнетаспаға жазу, тікелей радио және телехабар жүргізу соттың іске қатысушы адамдардың пікірін ескере отырып берген рұқсаты бойынша ғана мүмкін болады. Бұл іс-әрекет сот отырысының қалыпты жүруіне бөгет жасамауға тиіс және оның уақытын сот шектеуі мүмкін.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |