Iшкi сауда ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2008 жылғы 28 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Сауда қызметiн реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қоса берiлiп отырған Iшкi сауда ережесi бекітілсiн. 2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң 2005 жылғы 21 сәуірдегі № 371 қаулысымен Бекiтiлген
Iшкi сауда ережесi
2. Iшкі сауда қызметінің субъектiлерi мен объектiлерi 3. Сауда қызметiн жүзеге асыруға қойылатын талаптар § 1. Сауда қызметін жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар § 2. Сауда объектiлерiне қойылатын талаптар § 3. Сауда қызметiн ұйымдастыру және жүзеге асыру кезiнде қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық § 1. Көтерме сауданы жүзеге асыру тәртібі § 2. Бөлшек сауданы жүзеге асыру тәртібі § 3. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң сауданы жүзеге асыру тәртібі 5. Сауданың өзге де түрлерiн жүзеге асыру тәртібі § 3. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауда § 8. Тауарлардың биржалық саудасы 6. Тауарлардың жекелеген түрлерiн сатуға қойылатын талаптар § 1. Азық-түлiк тауарларын сатуға қойылатын Талаптар § 2. Нан-тоқаш және кондитерлiк өнiмдердi сатуға қойылатын талаптар § 3. Тоқыма, трикотаж, тiгін және үлбiр тауарлары мен аяқ киімдердi сатуға қойылатын талаптар § 4. Тұрмыстық мақсаттағы техникалық жағынан күрделi тауарларды сатуға қойылатын талаптар § 5. Парфюмерлiк-косметикалық тауарларды сатуға қойылатын талаптар § 6. Жеңiл автомобильдердi, мототехникаларды, тiркемелердi және нөмiрлi агрегаттарды сатуға қойылатын талаптар § 7. Қымбат бағалы металдардан және қымбат бағалы тастардан жасалған бұйымдарды сатуға қойылатын талаптар § 8. Аудио, аудиожазба өнiмдерiн және электрондық есептеу машиналары мен дерекқорларға арналған бағдарламаларды сатуға қойылатын талаптар 7. Осы Ереженiң сақталуын бақылау Түпнұсқада мазмұны жоқ
1. Осы Iшкі сауда ережесi (бұдан әрi - Ереже) «Сауда қызметiн реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының аумағында iшкi сауда қызметiн жүзеге асырудың тәртібін айқындайды. 2. Осы Ереже Қазақстан Республикасының арнайы заңнамалық кесiмдерімен реттелетін тауарлардың жекелеген түрлерiнiң айналымы жөніндегi қатынастарға қолданылмайды. 3. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) автодүкен - сауда жабдығымен жарақталған мамандандырылған автокөлiк құралы; 2) тауардың түр-түрі - қандай болмасын бiр немесе жиынтық белгiлер бойынша бiрiктiрiлген тауарлар жиыны; 3) iшкі сауда (ішкі сауда қызметі) - Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметі; 4) көшпелi сауда - мамандандырылған немесе сауда үшін арнайы жабдықталған көлiк құралдарын, сондай-ақ тек көлік құралымен жиынтықта қолданылатын ұтқыр жабдықты пайдалана отырып, тұрақты жұмыс iстейтiн бөлшек сауда желісінен тыс жүзеге асырылатын бөлшек сауда; 5) жылжымалы сөре - арнайы белгіленген орынға орналастырылатын жеңiл құрылатын тасымалды немесе жылжымалы сауда орны; 6) тауар сапасы - тауардың тұтынушылық сипаттарының жиынтығы; 7) дүңгiршек - арнайы бөлінген жер учаскесiне орнатылатын, сауда залы болмайтын, сауда жабдығымен жарақталған күрделi емес тасымалды құрылыс; 8) дүкен - сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етілген тұрақты жұмыс істейтін күрделi құрылыс немесе оның бөлiгi; 9) көтерме сауда - жеке, отбасылық, үйiшiлiк және осыған ұқсас өзге де пайдаланумен байланысты емес, кейiннен сатуға немесе өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткізу жөніндегі кәсiпкерлiк қызмет; 10) шатыр - құрастырмалы-жинамалы конструкциядан жасалып, сауда жабдықтарымен жарақталған және арнайы бөлінген орынға орналастырылатын жеңіл құрылатын құрылыс; 11) сатып алушы - тауар сатып алатын жеке немесе заңды тұлға; 12) сатушы - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сауда қызметiн жүзеге асырушы сауда қызметiнiң субъектiсі; 13) бөлшек сауда - тауарларды тұтынушыларға олардың жеке пайдалануы үшiн сату жөніндегі кәсiпкерлiк қызмет; 14) жарамдылық мерзiмi - ол аяқталғаннан кейiн тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңi; 15) сақтау мерзiмi - белгiленген сақтау шарттары сақталған жағдайда тауар нормативтiк құжаттарда көрсетiлген өзiнiң барлық қасиеттерiн сақтайтын кезең; 16) тез бұзылатын тамақ өнiмдерi - тасымалдаудың, сақтаудың және сатудың арнайы қатал регламенттелетiн шарттарын талап ететiн тамақ өнiмдерi; 17) тауар - айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбасқа арналған кез келген еңбек өнiмi; 18) тауарлық көршiлiк - шикi және дайын өнiмдердi бiрге сақтауды және сатуды, олардың ластануын және тауардың сапасына әсер ететiн бөгде иiстердiң сiңуiн болдырмайтын шарттар; 19) сауда қызметi - жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсiпкерлiк қызметi; 20) сауда ақпараты - тауар, дайындаушы, сатушы туралы заңнамада көзделген және тауармен және оны пайдаланудың ерекшелiктерiмен таныстыру мақсатында сатушыға жеткiзiлетiн мәліметтер; 21) сауда автоматы - тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы; 22) сауда үйi - бiртұтас басқарылатын сауда объектiлерiнiң және қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң жиынтығы орналасқан сауда қызметiне арналған және сауда, әкiмшiлiк-тұрмыстық және қойма үй-жайларымен және өз аумағы шекарасының шегiнде автокөлiк құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етiлген тұрақты жұмыс iстейтiн күрделi құрылыс; 23) сауда залы - сатып алушыларға қызмет көрсетуге арналған сауда үй-жайының арнайы жабдықталған негiзгi бөлiгi; 24) сауда мүкаммалы - сауда қызметін жүзеге асыруға арналған заттар; 25) сауда объектiсi - сауда қызметiн жүзеге асыру үшiн сауда қызметiнiң субъектiлерi пайдаланатын мүлiктiк кешен; 26) сауда базары - аумақта шаруашылық қызметін көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, маңындағы аумақтан бөлектенген, сауда қызметiне арналған және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшiн алаңмен қамтамасыз етіліп оқшауланған мүлiктiк кешен; 27) баға - тауар құнының ақшалай көрiнiсi; 28) сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi орган - сауда қызметi саласында мемлекеттік реттеудi және үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2. Iшкі сауда қызметінің субъектiлерi мен объектiлерi
4. Iшкi сауда қызметiнiң субъектiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сауда қызметiн жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар жатады. 5. Сауда объектiлерi мен қоғамдық тамақтандыру объектiлерi iшкi сауда объектiлерiне жатады. 6. Сауда объектiлерiне мыналар жатады: 1) сауда автоматы; 2) жылжымалы сөре; 3) автодүкен; 4) шатыр; 5) дүңгiршек; 6) дүкен; 7) сауда үйі; 8) сауда базары. 7. Сауда объектiсiнiң мамандануын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының келісімi бойынша оның меншiк иесi айқындайды. 8. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерi мынадай санаттарға бөлiнедi: 1) мейрамхана; 2) дәмхана; 3) бар; 4) асхана.
3. Сауда қызметiн жүзеге асыруға қойылатын талаптар
§ 1. Сауда қызметін жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар
9. Сатуға ұсынылатын тауарлардың түр-түрiн, көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн, сондай-ақ қызмет көрсету нысандарын сатушы өз қызметiнiң бейiнi мен мамандануына сәйкес дербес айқындайды. 10. Сатушы сауда қызметiн жүзеге асыру кезінде бейiнi мен мамандануды ескере отырып, мемлекеттік стандарттарда, санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық, өртке қарсы ережелерде және басқа нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарды сақтайды. 11. Сатушы тауарларды сату орындарында сақтау мен өткізу кезiнде стандарттардың талаптарына сәйкес олардың сапасы мен қауiпсiздiгiн сақтауды, сауданың тиiстi жағдайларын, сондай-ақ сатып алушының тауарларды дұрыс таңдауы мүмкiндігін қамтамасыз ететiн қажеттi үй-жайларға, жабдық пен мүкаммалға ие болады. 12. Егер сатушы жүзеге асыратын қызмет лицензиялауға жататын болса, онда ол лицензияның нөмiрi мен қолданылу мерзiмi туралы, сондай-ақ оны берген орган туралы ақпаратты ұсынады. Көрсетiлген ақпарат сатып алушының танысуы үшiн ыңғайлы орындарда орналастырылады. Егер сауда сатушының тұрақты тұратын жерiнен тыс жүзеге асырылса, осыған ұқсас ақпарат сауда уақытша үй-жайларда, жәрмеңкелерде, лотоктардан және басқа да жағдайларда жүзеге асырылған кезде де сатып алушылардың назарына жеткiзiледi. 13. Сатушы уақытылы көрнекi және қолжетiмдi нысанда тауарларды дұрыс таңдау мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн тауарлар мен оларды дайындаушылар, атап айтқанда: 1) тауардың атауы; 2) тауар шығарылған ел, тауарды дайындаушының атауы мен орналасқан жерi (мекен-жайы), дайындаушы (сатушы) сатып алушылардан талаптар қабылдауға уәкiлеттiк берген және тауарға жөндеу жүргiзетiн әрi техникалық қызмет көрсететiн ұйымның (ұйымдардың) орналасқан жерi; 3) талаптарына тауар сәйкес келуi тиiс стандарттардың белгiленуi; 4) тауардың тұтыну сипаттары мен құрамы туралы мәлiметтер; 5) тауарды тиiмдi және қауiпсiз пайдалану мен сақтаудың тәсiлi, ережесi және шарттары; 6) кепiлдiк мiндеттемелер және талаптар қоюдың тәртібі; 7) егер олар нақты тауар үшiн белгіленсе, дайындалған күнi, қызмет ету мерзiмi немесе сақтау және жарамдылық мерзiмi, сондай-ақ егер тауарлар көрсетілген мерзiмдер өткеннен кейiн сатып алушының өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне қауiп төндiретiн болса немесе өз мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болса, көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн сатып алушының қажеттi әрекеттерi туралы және ондай әрекеттер орындалмаған жағдайда мүмкiн болатын салдарлар туралы мәлiметтер; 8) тауарды сатып алу шарттары; 9) тауардың көтерме саудадағы және (немесе) бөлшек саудадағы бағасы, оның iшiнде қосылған құн салығы көрсетiле отырып; 10) тауардың сапасы мен дайындаушының тауарлық белгiсi туралы мәлiметтер; 11) аудио, аудиожазба өнiмдерiн, электронды есептеу машиналары мен деректер қорларына арналған бағдарламаларды сату кезiнде - туындыға авторлық және/немесе сабақтас құқықтардың иесi туралы мәлiметтер туралы қажет және дұрыс ақпаратты сатып алушының назарына жеткізеді. 14. Егер сатып алушы сатып алған тауар бұрын қолданыста болса немесе ақауы (ақаулары) жөнделген болса, сатушы бұл ақпаратты сатып алушының назарына жеткізеді. 15. Тауарларды сату кезiнде сатушы тауарлардың белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау туралы ақпаратты сатып алушының назарына жеткізеді және тұтынушыға оның талап етуi бойынша мына құжаттардың бiрiн ұсынады: 1) сәйкестік туралы сертификат немесе декларация және тауардың қауiпсiздiгi туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды; 2) сертификаттың түпнұсқасын ұстаушы немесе сертификат берген тауарларды сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган куәландырған сертификаттың көшiрмесi; 3) дайындаушы немесе жеткізушi (сатушы) ресiмдеген тауарға iлеспе құжаттар; 4) туындылар авторлық (лицензиялық) шарт бойынша қайта шығарылған жағдайда - шарттың көшiрмесi. 3) және 4) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар дайындаушының (жеткізушiнiң, сатушының) деректемелерi көрсетiле отырып, оның қолымен және мөрiмен куәландырылады. 16. Тауар, оны дайындаушы және сатушы туралы ақпарат Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде және стандарттардың талаптарында белгiленген тәсілдермен, ал егер олар көрсетiлген кесiмдермен айқындалмаған болса, онда тауарлардың жекелеген түрлерi үшiн немесе халықаралық стандарттармен қабылданған тәсiлдермен сатып алушының назарына жеткiзiледі. Бұл ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиiс. 17. Сатушы, тауарлар және оларды дайындаушылар туралы ақпарат сатып алушылардың назарына мемлекеттік және орыс тiлдерiнде, ал қажет болған жағдайда сатушының қалауы бойынша басқа да тiлдерде жеткiзiледi. 18. Мыналарды сатуға жол берілмейді: 1) зияткерлік меншiк объектiлерiн қамтитын, авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұза отырып немесе бөгде тауарлық белгiнi заңсыз пайдалана отырып дайындалған тауарлар; 2) айналымнан алынып тасталған тауарлар; 3) арнайы рұқсат алынбаған, айналымы Қазақстан Республикасының заңнамасымен шектеулі тауарлар; 4) белгiленген тәртiппен таңбалауға жататын, акциздік маркалары жоқ акцизделетiн тауарлар; 5) тиiстi сапасы жоқ, қауiпсiздiк талаптарына жауап бермейтiн және нормативтік құжаттарға, техникалық шарттарға сәйкес келмейтiн тауарлар; 6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен сатуға тыйым салынған өзге де тауарлар. 19. Сатушы көрсетiлетiн қызметтер, олардың бағалары және қызметтер көрсетудiң шарттары, сондай-ақ тауарларды сату кезiнде қолданылатын сауданың түрi туралы көрнекі және дұрыс ақпарат береді. Тауарларды сату кезінде сатып алушыға өз бетімен немесе сатушының көмегiмен өнiмнiң сапасы мен қауiпсiздiгi туралы ақпаратпен танысуға мүмкiндiк берiледi. 20. Сатушы сатып алушыға ұсынылатын тауарды қарау, сипаттарына тексеру жүргiзу немесе, егер оған тауардың сипатына қарай тыйым салынбаса, оның жұмыс iстеуiн көру мүмкiндiгiн бередi. 21. Сатып алушыға сатып алынатын тауарлардың сапасын, жиынтығын, шамасын, салмағын және бағасын, олардың ыңғайлылығын тексеру, сондай-ақ оларды қауiпсiз және дұрыс пайдалану жөнiнде ақпарат алу мүмкiндiгi берiледi. Сатушы мұндай жағдайларда, оның iшiнде көрсетiлген сипаттамаларды өз бетiмен тексеру үшiн оған бақылау-өлшеу құралдарын ұсынады және қажет болған жағдайда оларды сараптамаға жiберуге ықпал етедi. 22. Сатушы сатылатын тауарларда тауардың атауын, оның сортын, тауардың салмағы немесе бiрлiгi үшiн бағасын көрсете отырып, айқын ресiмделген баға көрсеткiштерiнiң болуын қамтамасыз етедi. 23. Тауардың бағасын сауда қызметiнiң субъектiлерi өз бетiмен айқындайды. Бағаларды мемлекеттік реттеуге тек Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес рұқсат етiледi. 24. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе сатушы мен сатып алушының арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, сатушының сатып алушыға кассалық немесе тауарлық чектi немесе тауарға ақы төленгендiгiн растайтын өзге де құжатты берген сәтiнен бастап сатып алу-сату шарты тиiстi нысанда жасалған болып саналады. 25. Сатушы өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртiппен және жағдайларда фискальдық жады бар бақылау-кассалық машиналарын қолданады. 26. Сатушы сатып алушыға тауардың құнына енгізiлуi мүмкiн тауарларды сатумен байланысты қызметтердi ұсынады. Бұл ретте сатып алушыға тауарды сату кезiнде ұсынылатын қызметтерден бас тарту, сондай-ақ сатушыдан өзiнiң келісімiнсiз ұсынылған қызметтер үшiн төленген соманың қайтарылуын талап ету мүмкiндiгi берiледi. 27. Сатушы бiр тауарларды сатуды екiншi тауарларды мiндеттi түрде сатып алуға немесе оларды сатуға байланысты мiндеттi қызметтер көрсетуге шарттаспайды. 28. Сатушы өз сипаты бойынша ыдысқа салуды және (немесе) орауды қажет етпейтiн тауарды қоспағанда, сатып алушыға тауарды лайықты сапада ыдысқа салып және (немесе) ораммен, тауарға қатысты құжаттармен және керек-жарақтармен бiрге белгiлi бiр жиында (тауарлар жиынтығы) және жиынтықта бередi. Берiлетiн тауардың сапасына, ыдысына және (немесе) орамына, оның жиынтықтығына, керек-жарақтары мен құжаттамасына, тауарлар жиынтығына, сондай-ақ тауарды жеткізу шарттарына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленедi. 29. Тауарды сатып алушының оны белгiлi бiр мерзiмде қабылдайтыны туралы шартпен сатқан жағдайда, сатушы тауарды осы мерзiм iшiнде басқа сатып алушыға сата алмайды. Егер сатушы мен сатып алушының арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, сатушының келмеуiн немесе шартта айқындалған мерзiм iшiнде тауарды қабылдау үшiн өзге де қажеттi әрекеттер жасамауын сатушы сатып алушының тауарды сатып алудан бас тартуы деп қарауы мүмкiн. 30. Егер сатушы неғұрлым ұзағырақ мерзiм жарияламаған болса, сатып алушыға азық-түлiк емес тауар берiлген сәттен бастап 14 күн iшiнде оған сатып алынған тиiстi сапалы тауарды сатып алу орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда, бағада айырмашылық болған жағдайда сатушымен қажеттi қайта есеп айырысу жүргiзе отырып, басқа мөлшердегi, нысандағы, ауқымдағы, пiшіндегі, түстегi, жиынтықтағы және тағы басқа ұқсас тауарға алмастыру мүмкiндiгi берiледi. Сатушыда алмастыру үшiн қажеттi тауар болмаған жағдайда сатып алушыға сатып алынған тауарды сатушыға қайтару және ол үшiн төленген ақшалай соманы алу мүмкiндiгi берiледi. Уағдаластық бойынша сатушы сатып алушыға сатып алынған тауарды ол саудаға бiрiншi түскен кезде ұқсас тауарға айырбастау мүмкiндiгiн бередi. Егер тауар тұтынуда болмаса, оның тұтынушылық қасиеттерi сақталса және оның осы сатушыдан сатып алынғаны туралы дәлелдер болса, сатып алушының тауарды айырбастау не қайтару туралы талабы қанағаттандыруға жатады. 31. Егер тауардың кемшiлiктерi сатушымен келісілмесе, тиiстi сапасы жоқ тауар берiлген сатып алушыға өз қалауы бойынша сатушыдан: 1) сатып алу бағасын мөлшерлес азайтуды; 2) ақылға қонымды мерзiмде тауардың кемшiлiктерiн өтеусiз жоюды; 3) тауардың кемшiлiктерiн жоюға жұмсалған өз шығыстарын өтеудi; 4) тиiстi сапасы жоқ тауарды шартқа сәйкес тауарға алмастыруды; 5) шартты орындаудан бас тарту және тауарға төленген ақшалай соманы қайтаруды талап ету мүмкiндiгi берiледi.
§ 2. Сауда объектiлерiне қойылатын талаптар
32. Сауда автоматтарын, жылжымалы сөрелердi, автодүкендердi, шатырлар мен дүңгіршектердi қоспағанда, сауда қызметiнiң объектiлерi: 1) өз ұйымының фирмалық атауы, орналасқан жерi (мекен-жайы) және жұмыс режимi көрсетiлген маңдайша жазуларымен (мемлекеттік, орыс және сатушының тiлегi бойынша басқа да тiлдерде); 2) сауда аймақтарының мамандану бойынша көрсеткiштерiмен; 3) барлық қажеттi объектiлер: сауда қатарлары, анықтама бюросы, сантехникалық тораптар, бақылау өлшеу құралдары тағы басқалар көрсетiлген жоспарлармен; 4) сауда бөлiмшелерiне (көкөнiс, жемiс-жидек, ет, сүт, тұрмыстық тауарлар, киімдер, аяқ киімдер т.б.), тамақтандыру пункттерiне, бақылау таразыларына, шығар есiктерге, автокөлiк тұрақтарына, балалар алаңдарына бағыттау көрсеткiштерiмен; 5) автокөлiктi қоюға арналған тұрақтармен; 6) сантехникалық тораптармен; 7) күзетпен жарақталады. 33. Сауда қызметiнiң объектiлерi техника қауiпсiздiгi ережелерiне, ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы және сауда қызметiнiң тиiстi объектiсi үшiн белгiленетiн басқа да талаптарға жауап беруi тиiс. 34. Сауда жабдығын сауда объектiсiнде орналастыру тұтынушылардың сауда орындарына еркiн кіруiн, өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауды, авария немесе төтенше жағдайларда адамдар мен материалдық құндылықтарды шұғыл шығару мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi. 35. Азық-түлiк емес сауда объектiлерiнде (сауда объектiлерiнiң залдарында) заттарды (киім, аяқ киім) сату кезiнде оларды өлшеп көруге арналған жағдайлар, ал күрделi техника мен тексерудi талап ететiн басқа да тауарлар үшiн тексеру жүргiзуге арналған жағдайлар жасалуы тиiс. 36. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сату мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат еткен материалдардан жасалған ыдыстардан, тауарлық көршiлiк қағидаты сақтала отырып, жүзеге асырылады. 37. Сауда объектiсi қажеттi сауда мүкаммалымен, жабдықпен, оның iшiнде "Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қолдануға рұқсат етiлген өлшеу құралдарымен жарақталады.
§ 3. Сауда қызметiн ұйымдастыру және жүзеге асыру кезiнде қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық талаптар
38. Тамақ өнiмдерiн сақтаумен және сатумен айналысатын сауда қызметінiң субъектiлерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi сақтауы тиiс. 39. Жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринарлық препараттарды, азықтар мен азықтық қоспаларды дайындау, сақтау және сату жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын сауда қызметiнiң субъектiлерi Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртiппен сәйкестендiру рәсiмiнен өтедi. 40. Азық-түлiк тауарларын сататын және қоғамдық тамақтандыру қызметтерiн көрсететiн сауда объектiлерi мен қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң қызметкерлерi халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтедi.
41. Iшкi сауда түрлерiне көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру және заңнамада белгiленген өзге де сауда түрлерi (аукциондық, комиссиондық, шекара маңы, көшпелi, көрме-жәрмеңкелiк, электрондық, биржалық сауда және тапсырыстар бойынша сауда) жатады.
§ 1. Көтерме сауданы жүзеге асыру тәртібі
42. Көтерме сауда бөлшек сауданы жүзеге асыру орындарынан оқшауланған орындар болған жағдайда мамандандырылған немесе аралас дүкендерде, сауда үйлерi мен сауда базарларында жүзеге асырылады. Оқшауланған орындар болған жағдайда көкөнiс және жемiс-көкөнiс өнiмдерiн көлiк құралдарынан көтерме саудамен сатуға рұқсат етiледi. 43. Тауарлар түр-түрiнiң ауқымдылығы бойынша көтерме сауда мамандандырылған және әмбебап болуы мүмкiн. Мамандандырылған көтерме сауда тауарлардың жекелеген түрлерiн сатуға бағдарланады. Әмбебап көтерме сауда сауданы бiрнеше тауарлар түрлерiн сатуға бағдарланады. 44. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда объектiсi түр-түрлiлiктiң ерекшелiгiне және жұмыс iстеудiң нақты жағдайларына қарай тауарды өндiру аймақтарында да, оларды жаппай тұтыну орталықтарында да орналасуы мүмкін. 45. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде: 1) сауда объектiлерiнде сатылатын тауарларға қойылатын бағалардың деңгейi мен шектерi; 2) мәмiлелер кезіндегі делдалдық үшiн сауда объектiсіндегі делдалдар алатын сыйақы мөлшерлерi белгiленбеуi тиiс. 46. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда объектiлерiнiң меншiк иелерi мынадай талаптарды қамтамасыз етедi: 1) тауарларды сату, сатып алу, сақтау; 2) көтерме сауданы жүргiзуге арналған ұйымдық жағдайлар жасау, сауда мәмiлелерiн жасасу; 3) сатылатын тауарлардың сапасын бақылауды қамтамасыз ету және осы Ереженiң талаптарын сақтау; 4) көтерме сауда субъектiлерiн салмақ өлшеу жабдығымен және басқа да қызмет түрлерiмен қамтамасыз ету; 5) инженерлiк инфрақұрылым құру және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, тоңазыту, сауда жабдығына және өзге де жабдықтар мен тетiктерге техникалық қызмет көрсету; 6) сауда объектiсiн күзету және көтерме сатып алу-сату жүргiзудiң қауiпсiздiгi. Көтерме сауда объектiсiнiң аумағында стандарттау, метрология және сертификаттау, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ветеринарлық қадағалау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органдардың қызметтерi мен банк және қаржы мекемелерiнiң, байланыстың бөлiмшелерi (филиалдары) және басқалары да орналасуы мүмкiн. 47. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде, жасалған сату-сатып алу шарттары бойынша есеп айырысуды қолма қол ақшасыз тәртiппен жүзеге асыруға рұқсат етiледi. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде көтерме саудаға қатысушылармен (тауардың меншiк иелерiмен) келісім бойынша аукциондық және конкурстық сауда-саттықтарға рұқсат етiледi.
§ 2. Бөлшек сауданы жүзеге асыру тәртібі
48. Бөлшек сауданы жүзеге асыратын сатушы тауарды Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiмен қандай да бiр тауарларды сату кезiнде тұтынушының жасы бойынша шектеу қойылатын жағдайларды қоспағанда, тауарды сатып алуға өтiнiш бiлдiрген әрбiр адамға сатады. Мұндай жағдайларда сатушы, егер тұтынушы өзiнiң жасын растайтын құжаттар ұсынбаса, сатудан бас тартады. 49. Сатушы бөлшек сауданы жүзеге асыру кезiнде сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес жеке, отбасылық, үйiшiлiк немесе өзге де пайдалануға арналған тауарларды бередi. 50. Бөлшек сауда дүкендер, сауда үйлерi, сауда базарлары, сауда автоматтары, дүңгiршектер, автодүкендер, шатырлар және жылжымалы сөрелер арқылы жүзеге асырылады. 51. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта өзгеше белгiленбесе, не тауардың табиғатынан туындамаса, бөлшек сауда кезiнде тауардың әр бiрлiгі оралады, өлшеніп, буылады. 52. Тауарларды сатылатын орындарында шығарып қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер беру (сипаттау, каталогтар, фотосуреттер тағы сол сияқты), сатушы тиiстi тауарлардың сатуға арналмағанын анық айқындаған жағдайларды қоспағанда, бағаларының немесе сатып алу-сату шартының басқа да елеулi жағдайларының көрсетiлгенiне қарамастан, жария оферта болып танылады. |