|
|
|
2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 1245 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 2 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы Заңының 6-бабының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ мүдделі ұйымдар: 1) Бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз етсін; 2) жыл сайын, 10 қаңтарға және 10 шілдеге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін. 3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жыл сайын, 20 қаңтарға және 20 шілдеге жарты жылдықтың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін. 4. «2006-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 шілдедегі № 706 қаулысының күші жойылды деп танылсын. 5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 1245 қаулысымен бекітілген
2007 - 2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы
Мазмұны
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау 4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері 5. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен іске асыру тетігі 6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері 7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер 8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2007 - 2009 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары
Мемлекет балалық шақты адам өмірінің маңызды кезеңі деп таниды және балаларды қоғамдағы толыққанды тіршілік әрекетіне даярлау басымдығы қағидаттарын негізге алады. Қазақстан Республикасы 1994 жылы Бала құқықтары туралы конвенцияны (бұдан әрі - Конвенция) ратификациялады. Осы Конвенция ережелерін, балалардың жағдайы жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында (Нью-Йорк, 2002 жылғы 8-10 мамыр) қабылданған «Балалардың өмір сүруі үшін жарамды әлем» атты БҰҰ-ның мыңжылдық Декларациясын және Іс-қимыл жоспарын іске асыру мақсатында республикада айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасының балалар құқықтарын қорғау мәселелерін реттейтін халықаралық нормалардан туындайтын міндеттемелерін орындауына байланысты әзірленді. Бағдарлама шеңберінде балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мүдделі мемлекеттік құрылымдардың, жергілікті атқарушы органдардың және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылының тиімді жүйесін құру көзделеді. Бағдарлама шеңберінде балалардың барлық санаттарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған іс-шаралардың атаулылығы, Конвенция ережелерінің, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345-ІІ Заңының және балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған басқа да нормативтік құқықтық құжаттардың орындалуы қамтамасыз етіледі. Бағдарламада балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары және балалар қауымының барлық санаттары үшін әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етудің кешенді шаралар жүйесі айқындалды. Бағдарламаны қабылдау қажеттігі оны іске асыру балалардың барлық санаттарына білім беру жүйесіне тең қол жетімділікті, сапалы медициналық қызмет көрсету мен сауықтыруды, немқұрайлы қарым-қатынастың, қатыгездік пен еңбекті пайдаланудың барлық нысандарынан қорғауды, балалардың демалуын, бос уақытын өткізуді, мәдени және шығармашылық өмірге құқықтарын қамтамасыз ететін әлеуметтік басымдықтарды сақтауға және дамытуға мүмкіндік беретіндігімен сипатталады.
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
Қазақстан Республикасы Конвенцияның 4-бабына сәйкес Конвенцияда белгіленген нормаларды жүзеге асыру үшін заңнамалық, әкімшілік және басқа да шараларды қабылдады. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету саласындағы халықаралық нормаларды имплементациялау Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі дамыту мен жетілдіруде өз көрінісін табуда. Конвенцияның жалпы қағидаттары мен нормалары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне енгізілді. Негізгі қолданылу аясы балалардың құқықтары мен мүдделері болатын заңдардың тұтас кешені: «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Білім туралы», «Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы», «Неке және отбасы туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары, сондай-ақ басқа да нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Халықаралық және ұлттық нормаларды неғұрлым егжей-тегжейлі және толық үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне түзетулер, толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Балалардың құқықтарын іске асыруға Қазақстан ратификациялаған балалардың қарулы тартыстарға қатысуына, балалар саудасына, балалар жезөкшелігі мен балалар порнографиясына, сондай-ақ балалар еңбегінің ең нашар нысандарына тыйым салу және оларды жою жөніндегі шұғыл шараларға қатысты конвенцияларға факультативтік хаттамалар ықпал етеді. Балалардың құқықтарын сақтауға қатысты мемлекеттік саясат Қазақстан Республикасы заңнамасының Конвенцияның қағидаттары мен ережелеріне толық сәйкес болуы мақсатында оны одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді. Конвенцияның ұлттық заңнамада имплементацияланбаған бірқатар нормалары бар. Мысалы, босқын балаларды ерекше қорғау мәселесі шешілмеген. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 33-ші арнайы сессиясының отырысында Қазақстан Республикасына берілген ұсынымдарға сәйкес 2006 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды, оның негізгі міндеті балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады. Конвенцияның нормаларын мейлінше толық орындау үшін басты назар ресурстарды жұмылдыруға бөлінеді. Қазақстан Республикасының экономикалық өсуі балалар мүддесіне орай оқыту, тәрбиелеу, денсаулығын сақтау, мәдениет, дене тәрбиесі мен спорт, әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты басым қаржыландыруға ықпал етеді. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы бірқатар жетістіктерге қарамастан қазіргі кезде түрлі санаттағы балалардың барлығы өздерінде бар құқықтарды толық пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары кәмелетке толмаған балаларға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі өздерінің қызметтерін «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 106-бабына сәйкес жергілікті білім беру және денсаулық сақтау уәкілетті органдары арқылы жүзеге асырады. 2007 жылдың басында республикадағы 18 жасқа дейінгі халықтың саны 4 922 715 баланы құрады, ал қорғаншы және қамқоршы органдары мамандарының саны небәрі - 180: бір маманға 27 349 баланың құқығын қорғау бойынша міндеттеме жүктеледі. Әлемдік практика көрсетіп отырғандай, балаларды қорғау жөніндегі мамандардың саны 5000 балаға бір маман есебінен айқындалады. Жергілікті жерлердегі өкілдері қорғаншы және қамқоршы органдар болатын уәкілетті органның тарапынан білім беру ұйымдарының қызметін ведомствоаралық үйлестіру мен бақылаудың тиімді жүйесін құру балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін және олардың дамуы үшін жағдай жасайтын тиімді тетік болады. Мәліметтерді жинаудың бірыңғай жүйесі мен тұрақты мониторингінің болмауы Конвенция нормаларының орындалу нәтижелерін және өткізілетін іс-шаралардың тиімділігін үнемі қадағалауға және бағалауға мүмкіндік бермейді. Тұрақты мониторинг пен бақылау тетігін енгізу Конвенция нормаларын орындауды іске асыруға және балалар құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға мемлекеттік органдардың тиімді қатысуын анықтауға мүмкіндік береді. Балалардың білім алуға қол жетімділігі мәселесі толық шешімін таппай отыр. 2007 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 230,8 мың баланы немесе 27,6 % қамтитын 1391 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеді. Мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 2003 пен 2006 жылдар аралығын салыстырғанда небәрі 108 бірлікке, атап айтқанда: 2004 жылы - 25 бірлікке, 2005 жылы - 77 бірлікке, 2006 жылы 6 бірлікке ұлғайды. Мектеп жасына дейінгі тәрбие беру ұйымдарындағы балалар контингенті 2003 жылмен салыстырғанда 70,1 мың балаға артты, мектеп жасына дейінгі тәрбие беру ұйымдарында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 2006 жылғы 1 қазанға небәрі 27,6 %-ды құрады. Осыған байланысты мектепке дейінгі білім берудің аз шығынды нысандарын дамытуды ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесіндегі реформаларды одан әрі жетілдіру қажет. Республикада мүмкіндігі шектеулі 150 мыңнан астам бала анықталды. Аталған санаттағы балалардың білім алуға тиімді қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін республикада 101 арнайы түзеу-білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 17030 бала оқиды, бұл олардың жалпы санының 23,3%-ын ғана құрайды.
Арнайы түзеу-білім беру ұйымдарының желісі мен контингентінің даму серпіні
Республикада арнайы білім беру жүйесінің біртіндеп кеңейтілуіне қарамастан, мұқтаж балалардың бәрі бірдей оған қол жеткізе алмайды. Қазіргі уақытта республиканың жалпы білім беретін мектептерінде 65 мыңдай бала мамандардың білікті көмегінсіз оқиды. Жалпы білім беретін мектептердің 766 арнайы сыныптарында ғана ақыл-ой кемістіктері бар және психикалық дамуы тежелген 6883 баланы оқыту үшін жағдай жасалған. Есту, көру, тірек-қимыл аппаратында, сөйлеу қабілетінде кемшілігі бар балалар үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың, арнайы техникалық оқыту құралдарының аса тапшылығы орын алып отыр. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту, тәрбиелеу және оларды мәдени өмірге белсенді және тең қатыстыруға көркем шығармашылық, спорт саласында талантты мүгедек балаларды анықтауға қатысты проблемаларды шешу үшін арнайы білім беру бағдарламаларын қолдау жөніндегі шараларды әзірлеу және енгізу қажет. Интернаттық ұйымдарда тұратын балалар қазіргі заманғы басылымдар, оқулықтар, мерзімді баспасөз, Интернет сияқты ақпараттық ресурстарға қол жеткізуі шектеулі, лайықты деңгейде компьютерлік білім, сондай-ақ шет тілдері бойынша білім алмайды. Бүгінгі таңда жасөспірімдік кезеңдегі балалардың денсаулық жағдайы өзекті проблемалардың бірі болып табылады, оның әлеуметтік маңыздылығы кәсіби қызметке және отбасын құруға дайындалу қажеттілігінен туындайды. Баланың денсаулығын сақтауға құқығы мынадай: Қазақстан Республикасының бала денсаулығын сақтау саласындағы заңнамасын жетілдірумен, балалардың салауатты өмір салтын насихаттаумен және оған ынталандырумен, баланың, оның ата-анасының денсаулық жағдайын бақылауды қамтамасыз ету және балалар дертінің алдын алу сияқты шаралармен қамтамасыз етіледі. Соңғы бес жылдың ішінде республикада жалпы ішкі өнімге шаққандағы денсаулық сақтау жүйесіне қарастырылған шығыстардың үлесі 2001 жылғы 1,92 %-дан 2006 жылы 2,19 %-ға дейін ұлғайды. Осыған қарамастан республикада жыл сайын 18 жасқа дейінгі балаларда 5 миллионға жуық аурулар тіркеледі. Жасөспірімдерді (12-18 жас) жыл сайынғы алдын ала медициналық тексерулердің қорытындылары бойынша диагностикадан өтетін балалардың 53%-дан астамы ас қорыту, көру органдарының, сүйек-бұлшық ет жүйесінің, тыныс алу, жүйке және эндокриндік жүйелері ауруларынан зардап шегеді.
Қазақстан Республикасындағы 2005-2006 жылдарда жекелеген аурулар сыныптары мен топтары бойынша балалардың (14 жасқа дейінгі) жалпы науқастануы (100 000 балаға шаққанда өмірінде бірінші рет тіркелген аурулардың саны)
Ұсынылған кестеден көрсетілгендей, балалар арасында аурушаңдық артуда және жасына қарай көбеюде. 14 жасқа дейінгі оқушылар арасындағы аурушаңдық 19,3%-ды құрайды. Жылдан жылға мектеп бітірушілер арасында денсаулығы жақсы балалардың саны азаюда. Аурушаңдықтың басты себептерінің бірі мектептерде санитарлық нормалар мен ережелер талаптарының бұзылуы, тамақтанудың болмауы немесе нашарлығы болып табылады. Балалар мүгедектігінің жоғары деңгейі сақталуда. Балалар арасындағы алғашқы мүгедектік 2007 жылдың 9 айында 5,2 мың баланы (2006 жылы - 5,7 мың бала) құрады. Балалар мүгедектігінің құрылымында туа біткен кемістіктердің дамуы (32,9%), жүйке жүйесінің аурулары (23,9%) басым. Мүгедек балаларды тәрбиелеуге, атап айтқанда, ауру баланы өсіру үшін қажетті арнайы жағдай жасаумен айналысатын ананы жұмыс берушінің жұмысқа қабылдамауымен, байланысты проблема өзекті болып отыр. Жазатайым-оқиғалардан, жарақаттар мен уланудан болатын өлім-жітім жоғары болып отыр. Жыл сайын 14 жасқа дейінгі балалар арасында 200 мыңға жуық жазатайым оқиғалар мен жарақаттар тіркеледі, олардың 1,2%-ы мүгедектікке алып келеді. Балаларды емдеу-сауықтыру ұйымдарының медицина кадрларымен толық қамтылмауы және материалдық-техникалық базасының нашарлығы орын алып отыр. Осыған байланысты оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі шараларды әзірлеу және енгізу қажет. Балалардың әлеуметтік бағыттағы медициналық қызметтерді алу басымдылығы мына жағдаймен анықталуға тиіс: медициналық қамтамасыз ету қолда бар қаражат мөлшерімен емес, денсаулық сақтаудың қазіргі стандарттарын ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс. Жасөспірімдердің денсаулығы мен өміріне қауіпті жағымсыз мінез-құлық түрлерінің алдын алу шараларының болмауы ерекше алаңдаушылық туғызады. Кәмелетке толмағандардың арасында алкогольді ішімдік ішу, шылым шегу, нашақорлық проблемасы шиелінісіп отыр: 2007 жылдың басындағы жағдай бойынша республикада 54 мыңнан астам есірткіні пайдаланушылар ресми тіркелді, олардың 4 мыңнан астамы - 14-17 жастағылар. 2006 жылдың 1 желтоқсанына АҚТҚ жұқтырған 7279 адам тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі - 126 бала, 15-тен 19 жасқа дейінгі - 549 бала, сондай-ақ АҚТҚ жұқтырған аналардан туған 287 бала тіркелді. Жасөспірімдердің өміріне және денсаулығына қауіпті мінез-құлық түрлерінің алдын алу жөніндегі жұмыстың жүйелі сипатқа ие емес екендігін ескере отырып, атаулы іс-шараларды іске асыру үшін азаматтық секторды кеңінен тарту қажет. Балаларға қатысты мемлекеттік саясат елімізде экономикалық және саяси реформалау жағдайында іске асырылуда. Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістерге сәйкес балалардың қоғамдағы жағдайын жақсарту жөнінде бара-бар шаралар қабылданып отыр. Осыған қарамастан әлеуметтік отбасы институты рөлінің құлдырау проблемасы сақталып отыр, теріс өмір салтын ұстанатын ата-аналардың саны өсуде. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған ата-аналардың саны 2005 жылдың 9 айында - 181 адамды, 2006 жылы - 223 адамды, 2007 жылы - 185 адамды құрады. Балалардан бас тартуға әкеп соғатын некесіз бала туу саны 2005 жылдың басында кәмелетке толмаған қыздар арасында (100000 мың босанғандарға шаққанда) - 23,5 %-ды, 20 жасқа дейінгі аналар арасында 49,2%-ды құрады. Ата-анасы ажырасқан туылғаннан 17 жасқа дейінгі балалардың коэффициенті 2006 жылы 2001 жылмен салыстырғанда 5,2-ден 7,0-ге өсті. Мұндай жағдайдың себептері баланың жеке басының адамгершілік-рухани қалыптасуында отбасы рөлінің, сондай-ақ балаларды тәрбиелеуде ата-аналар жауапкершілігінің төмендеуі, материалдық және тұрғын үй-жай қиындықтары, әсіресе жас отбасыларында, мектеп, отбасы және қоғамның өзара іс-қимылының өткіліксіздігі, отбасы құндылығы мен отбасы тәрбиесін насихаттаудың осалдығы болып табылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |