Осы редакция 2011 жылғы 15 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 тамыздағы № 692 қаулысымен бекітілген
Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу, жасау, сату, сатып алу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі
1. Осы Ереже «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу, жасау, сату, сатып алу жөніндегі қызметті лицензиялаудың тәртібін белгілейді. 2. Қызметтің осы түрлерін лицензиялауды Ішкі істер министрлігі және оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады. 3. Лицензияға лицензиардың басшысы не осыған уәкілетті тұлға қол қояды және лицензиардың мөрімен расталады. 4. Лицензия иеліктен алынбайтын және лицензиат оларды басқа жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайтын болып табылады. 5. Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу, жасау, сату, сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде лицензиат заңнамада белгіленген тәртіппен оларды сақтауға және пайдалануға рұқсат алады. 6. Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарға (бұдан әрі - азаматтық пиротехникалық бұйымдар) жылу, жарық, от, дыбыс, түтін, газ немесе олардың комбинациялары түріндегі әсерлерді техникалық немесе тұрмыстық мақсаттарда өндіруге арналған пиротехникалық қоспалар, солардың негізінде жасалатын бұйымдар жатады. 7. Азаматтық пиротехникалық бұйымдар қолданылу кезінде ықтимал қауіптілігі дәрежесіне қарай 4 сыныпқа бөлінеді: 1-сынып - қауіпті факторлар қатарында соққы беретін толқындар мен жарылыс кезінде жан-жаққа ұшатын жарықшақтары жоқ, кинетикалық қозғалыс энергиясы 0,5 Дж-дан аспайтын, бұйымнан 0,25 м аралықтағы акустикалық сәулеленуі 125 ДцБ-дан аспайтын, ал қалған факторлар бойынша қауіпті аймақ радиусы 0,5 м-ден аспайтын бұйымдар (бенгаль шамдары, шартылдақтар, үстелге қойылатын фонтандар, зырылдауықтар, көбелектер); 2-сынып - қауіпті факторлар қатарында соққы беретін толқындар мен жарылыс кезінде жан-жаққа ұшатын жарықшақтары жоқ, кинетикалық қозғалыс энергиясы 5 Дж-дан аспайтын, бұйымнан 2,5 м аралықтағы акустикалық сәулеленуі 140 ДцБ-дан аспайтын, ал қалған факторлар бойынша қауіпті аймақ радиусы 5 м-ден аспайтын бұйымдар (ұшатын фейерверктер, түтінді фейерверк бұйымдары, шағын-отшашулар, концерттік фонтандар); 3-сынып - қауіпті фактор қатарында соққы беретін толқындар мен жарылыс кезінде жан-жаққа ұшатын жарықшақтары жоқ, кинетикалық қозғалыс энергиясы 20 Дж-дан аспайтын, бұйымнан 5 м аралықтағы акустикалық сәулеленуі 140 ДцБ-дан аспайтын, ал қалған факторлар бойынша қауіпті аймақ радиусы 20 м-ден аспайтын бұйымдар (шағын рим шырақтары, үйкеліс петардалары, білтелі петардалар және петарда орамдары, жер үсті фейерверктері, шағын зымырандар); 4-сынып - қауіпті факторлар қатарында соққы беретін толқындар мен жарылыс кезінде жан-жаққа ұшатын жарықшақтары жоқ, ал қауіпті аймақ радиусы қалған факторлардың біpеуі бойынша 20 м-ден астамды құрайтын бұйымдар (азаматтық кәсіби пиротехникалық бұйымдар). 8. Азаматтық пиротехникалық бұйымдар мақсаты мен қолданылу шарттары бойынша мыналарға бөлінеді: 1) тұрмыстық мақсаттағы 1-3 қауіптілік сыныбындағы халыққа еркін сатылатын, оларды қолдану арнаулы білім мен дағдыны талап етпейтін пиротехникалық бұйымдар; 2) оларды қолдану орындаушылардың (пайдаланушылардың) арнаулы білімі мен дағдысын және (немесе) техникалық мақсаттың белгіленген шарттарын қамтамасыз етуді талап ететін техникалық және арнаулы мақсаттағы 4 қауіптілік сыныбындағы пиротехникалық бұйымдар. 9. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды әзірлеуге, жасауға, сатуға, сатып алуға арналған лицензия алу үшін өтініш беруші мынадай құжаттарды ұсынады: 1) өтініш; 2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері; 3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі; 5) өтініш берушінің салық органында есепте тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі; 6) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат; 7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар. 10. Лицензиар лицензияны алуға өтініш берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі органдарына санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі саласында қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды беруі туралы сауал жібереді. 11. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі органдары лицензиардың сауалының негізінде жиырма бес жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жеті жұмыс күні ішінде өтініш берушінің санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі саласында қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді және тиісті лицензиарға өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды жібереді. 12. Лицензиарға лицензия беру үшін ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі аталған органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгімен өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі). 13. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды әзірлеуді, жасауды, сатуды, сатып алуды жүзеге асыруға арналған лицензия мерзімі шектелмей берілетін бас лицензия болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады. Лицензиялар бірыңғай технологиялық кешенді ескере отырып, қызметтің бірнеше түрлеріне, сондай-ақ жекелеген түрлеріне де беріледі. 14. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сатып алуға арналған лицензия бір жолғы болып табылады және қосымшаға сәйкес 12 ай мерзімге Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сатып алуға арналған лицензия оларды жеткізуге жасасқан нақты шарттың (келісім-шарттың) спецификациясымен қоса береді және басқа шарт (келісім-шарт) бойынша іс-әрекет жасаған кезде пайдаланылмайды. Қайта өтініш білдіргенде өтініш беруші осы Ереженің 9-тармағының 1), 6), 7) тармақшаларында көзделген құжаттарды көшірмелерін ұсынады. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе қайта тіркелген, қару сатып алуға және сақтауға жауапты адам ауысқан кезде өтініш беруші осы Ереженің 9-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады. 15. Лицензияны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей береді. Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензияны береді не лицензиядан бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады. 16. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген немесе өтініш берушіні лицензияны беруден бас тарту себебі туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда осы Ережеде лицензияны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді. 17. Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия береді. 18. Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес лицензиялар (лицензиялардың телнұсқасы) берілген (қайта ресімделген) кезде алынады. 19. Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің түрімен айналысуға тыйым салынған; 2) заңнамаға сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады; 3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген; 4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген; 5) өтініш берушіге қатысты оған жекелеген қызмет түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензия беруден бас тартылады. 21. Лицензия беруден бас тартылған жағдайда лицензиар өтініш берушіге лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады. 22. Егер лицензия осы Ережеде белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензияны беруден бас тарту өтініш берушіге дәлелсіз болып көрінсе, онда ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл іс-әрекеттерге шағымданады. 23. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы. Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі. Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып, жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның телнұсқаларын береді. 24. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызметтің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш береді. Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді. 25. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда: 1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда; 2) жүзеге асыруына лицензия берген іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда; 3) лицензиядан айырғанда; 4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда; 5) лицензия лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда; 6) лицензияланатындардың тізбесінен жекелеген қызмет түрі алынып тасталғанда тоқтатылады. 26. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтарады. 27. Лицензияның қолданылуын тоқтату, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. 28. Осы Ереженің негізінде заңды және жеке тұлғаларға берілген лицензиялардың бірыңғай есебін жүргізу үшін лицензиар белгіленген үлгідегі лицензиялар бланкілерін береді, олар қатаң есептегі құжаттар болып табылады. Бланкілерді есепке алу лицензиялар тізілімін жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Лицензиялар тізілімінде «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 8-бабының 5-тармағында көзделген мәліметтер көрсетіледі.
Азаматтық пиротехникалық заттардың қолданылуымен жасалған бұйымдарды әзірлеу, өндіру, сату, сатып алуға байланысты қызметті лицензиялау жөніндегі лицензиялау ережесіне қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 тамыздағы № 692 қаулысымен бекітілген
Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу, жасау, сату, сатып алу жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары
1. Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу, жасау, сату, сатып алу жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары лицензия алуға үміткер жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның пиротехникалық бұйымдарға рұқсаты болатын қызметкерінің мәлімделген қызметті жүзеге асыруға байланысты теріс көрсеткіштерінің (психикалық аурулары, алкоголизм немесе нашақорлық) жоқтығы туралы медициналық анықтамаларының болуын қамтиды. 2. Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеуге байланысты қызметті жүзеге асыру үшін: 1) лицензия алуға үміткер жеке тұлғаның, заңды тұлғаның пиротехникалық бұйымдарға рұқсат алатын басшысы мен оның орынбасарының қызметтің көрсетілген түрін жүзеге асыру құқығы берілетін курстарды бітіргендігі туралы куәліктерінің, тиісті Қауіпсіздік ережелерін білуі; 2) қызметтің көрсетілген түрін жүзеге асыру құқығы берілетін курстарды бітіргендігі туралы куәлігі бар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органда Қауіпсіздік ережесін білуін білікті тексеруден өткен білікті мамандардың; 3) өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес келетін және есепке алынған өнімнің сақталуын, оны қатаң есепке алуды және бар-жоғын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз ететін дайын пиротехникалық өнімді сақтауға арналған меншік немесе жалға алу құқығындағы қоймалардың; 4) жасау, сақтау, тасымалдау, өткізу, пайдалану және пайдаға асыру кезінде өнімнің қауіпсіздігі мен тұтынушылық қасиеттерін қамтамасыз ету үшін қажетті толық ақпарат беруді қамтамасыз ететін конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасы жиынтығының (сызба, техникалық жағдайлар, технологиялық үдеріс, пайдалану, (қолдану және басқа да) жөніндегі нұсқаулықтар (ұсынымдар); 5) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге арналған аккредиттелген зертханалық базаның; 6) қызметтің мәлімделген түрін жүзеге асырудың санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өртке қарсы қызмет қауіпсіздігі саласындағы талаптарға сәйкес; 7) азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, олардың сақталу және есепке алу тәртібі жөніндегі ішкі істер органдарының талаптарына сәйкес болуы қосымша талап етіледі. 3. Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды жасауға байланысты қызметті жүзеге асыру үшін: 1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органда Қауіпсіздік ережесін білуін білікті тексеруден өткен лицензия алуға үміткер жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның пиротехникалық бұйымдарға рұқсат алатын басшысы мен оның орынбасарының көрсетілген қызмет түрін жүзеге асыру құқығы берілетін курстарды бітіргендігі туралы куәлігінің; 2) көрсетілген қызмет түрін жүзеге асыру құқығы берілетін курстарды бітіргендігі туралы куәлігі бар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органда Қауіпсіздік ережесін білуін білікті тексеруден өткен жабдықтарды, тетіктерді, құрылғыларды, жарақтарды, көлікті, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматиканы қауіпсіз пайдалануды және оларға техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін білікті мамандардың; 3) жасау, сақтау, тасымалдау, өткізу, пайдалану және пайдаға асыру кезінде өнімнің қауіпсіздігі мен тұтынушылық қасиеттерін қамтамасыз ету қажетті толық ақпарат беруді қамтамасыз ететін конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасы жиынтығының (сызбалар, техникалық жағдайлар, технологиялық процесс, пайдалану, (қолдану және басқа да) жөніндегі нұсқаулықтар (ұсынымдар); 4) пиротехникалық бұйымдарды өндіруге, сақтауға және пайдаға асыруға арналған және мыналарды: белгіленген тәртіппен технологиялық операцияларды орындауға жіберілген технологиялық және көмекші жабдықтарды; өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес келетін және есепке алынған өнімнің сақталуын, қатаң есепке алуды және бар-жоғын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз ететін дайын пиротехникалық бұйымдарды сақтауға арналған қойманы; ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүргізуге арналған аккредиттелген зертханалық базаны; пиротехникалық бұйымдарды бақылау сынағынан өткізуге арналған арнайы жабдықталған аумақты; пиротехникалық бұйымдарды тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған автокөлікті; өртке қарсы қорғаныс құралдарын (өрт сигнализациясы мен өрт сөндіру), өртті сөндіру үшін қажетті өртке қарсы сумен жабдықтауды және арнайы құралдардың есеп запасын, өрт шыққан жағдайда персоналдың іс-әрекеттер жоспарын қамтитын белгіленген талаптарға жауап беретін меншік немесе жалға алу құқығындағы өндірістік-техникалық базаның; 5) жұмысты қауіпсіз жасау жөніндегі нұсқаулықтардың, ережелер мен нормативтік-техникалық құжаттардың; 6) қызметтің мәлімделген түрін жүзеге асырудың санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптарға сәйкес; 7) азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, олардың сақталу және есепке алу тәртібі жөніндегі ішкі істер органдарының талаптарына сәйкес болуы қосымша талап етіледі. 4. Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатуға байланысты қызметті жүзеге асыру үшін: 1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органда Қауіпсіздік ережесін білуін білікті тексеруден өткен лицензия алуға үміткер жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның пиротехникалық бұйымдарға рұқсат алатын басшысы мен оның қызметкерінің көрсетілген қызмет түрін жүзеге асыру құқығы берілетін курстарды бітіргендігі туралы куәлігінің; 2) өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес келетін және есепке алынған өнімнің сақталуын, оны қатаң есепке алуды және бар-жоғын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз ететін дайын пиротехникалық бұйымдарды өткізуге арналған меншік немесе жалға алу құқығындағы арнайы жабдықталған үй-жай мен оларды сақтауға арналған қоймалардың; 3) пиротехникалық бұйымдарды тасымалдауға арналған меншік немесе жалға алу құқығындағы арнайы жабдықталған автокөліктің; 4) қызметтің мәлімделген түрін жүзеге асырудың санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптарға сәйкес; 5) азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, олардың сақталу және есепке алу тәртібі жөніндегі ішкі істер органдарының талаптарына сәйкес болуы қосымша талап етіледі. 5. Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алуға байланысты қызметті жүзеге асыру үшін: 1) өтініш берушінің пиротехникалық бұйымдарды әзірлеу және (немесе) жасау және (немесе) сату құқығына лицензиясының; 2) пиротехникалық бұйымдарды сатып алуға және олардың сақталуына жауапты адамның; 3) өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес келетін және есепке алынған өнімнің сақталуын, оны қатаң есепке алуды және бар-жоғын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз ететін дайын пиротехникалық бұйымдарды өткізуге арналған меншік немесе жалға алу құқығындағы арнайы жабдықталған үй-жай мен оларды сақтауға арналған қоймалардың; 4) азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдардың спецификациясын қоса бере отырып, оларды жеткізуге дайындаушы өнеркәсіппен шарттың (келісім-шарттың) нотариалды куәландырылған көшірмесінің болуы қосымша талап етіледі. Әзірлеу, жасау, сату жөніндегі лицензиясы бар заңды тұлға немесе дара кәсіпкер сатып алуға лицензиясы бойынша пиротехникалық бұйымдарды сатып алады, ал 1-3 сынып аралығындағы қауіптілігі бар пиротехникалық бұйымдарды оларды сатып алуға лицензия талап етпей, халыққа еркін өткізеді.
|