|
|
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi туралы ереженi ҚР Үкіметінiң 20.05.99 ж. № 592 қаулысымен күші жойылды Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi: 1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi туралы ереже бекітілсiн. 2. "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 30 сәуірдегі № 689 қаулысының күшi жойылған деп танылсын. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Үкіметінiң 1997 жылғы 10 желтоқсандағы № 1732 қаулысымен Бекiтiлген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi туралы ереже МИССИЯСЫ Премьер-Министрдiң Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қызметiн ұйымдастыру жөніндегі тиiмдi жұмысы үшiн жағдай жасау және Үкiмет шешiмдерiн дайындауды ұйымдастырушылық қамтамасыз ету. I. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1. Премьер-Министрдiң Кеңсесi Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкіметінiң қызметiн ұйымдастыру, құқықтық, ақпараттық-талдамалық, консультативтiк және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. 2. Премьер-Министрдiң Кеңсесi өз қызметiн Республиканың Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінiң және Премьер-Министрінің актілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінiң Регламентiн және осы Ереженi басшылыққа ала отырып жүзеге асырады. 3. Премьер-Министрдiң Кеңсесi заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік және орыс тiлдерiнде өзiнiң атауы жазылған мөрi болады. 4. Премьер-Министрдiң Кеңсесi туралы ереженi, сондай-ақ оның құрылымды мен штаттық санын Республиканың Үкіметі бекiтедi. II. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРI КЕҢСЕСIНIҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ 5. Премьер-Министрдiң Кеңсесi мынадай негiзгi функцияларды: Үкiметтiң Регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етудi; Үкiметтiң мәжілістерiнде қарауға арналған мәселелердiң тоқсан сайынғы тiзбесiн дайындауды; Үкiмет мәжілісi күн тәртібінiң жобасын жасауды; министрлiктер, мемлекеттік комитеттер, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдар дайындаған Үкiметтiң қаулылары мен Премьер-Министрдiң өкiмдерiнiң жобаларын сараптауды; Республика Үкіметі енгiзетiн заңдар мен Қазақстан Республикасының Президентi актілерінiң жобаларын сараптауды; Үкiметтiң мәжілістерiнде қол қойылған қаулыларды шығаруды; оларды Үкiметтiң мәжілісiнде қараған кезде келiспеушiлiк пайда болған және оларды жою жөнiнде тапсырма берiлген жағдайларда Үкiмет қаулыларының жобаларын пысықтауға қатысуды; Қазақстан Республикасының Премьер-Министрiне Президенттiң, Үкiметтiң және Премьер-Министрдiң актілерінiң орындалу барысы туралы жүйелi түрде хабарлап отыруды; Премьер-Министрге тиiстi жылға арналған Үкiметтiң iс-қимыл бағдарламасы мен Заң жобасы жұмыстарының жоспары жөніндегі шаралардың орындалуы туралы ай сайын хабарлап отыруды; Президенттiң, Үкiметтiң, Премьер-Министрдiң актілерінiң атқарылу мерзiмдерiне бақылауды жүзеге асыруды; Үкiмет пен оның Төралқасының мәжілістерiн, халықаралық кездесулер мен сапарларды және Премьер-Министр мен оның орынбасарлары өткiзетiн басқа да шараларды ақпараттық-талдамалық, құқықтық, ұйымдастырушылық, консультативтiк және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi; Премьер-Министр мен оның орынбасарлары үшiн Республиканың жай-күйi мен әлеуметтiк-экономикалық дамуын сипаттайтын материалдар дайындауды; Премьер-Министрдiң бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын қамтамасыз етудi; Премьер-Министр мен Үкiметтiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етуге және өзге де мәселелердi шешуге қатысуды; Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауды, жүйелендiрудi және кодтандыруды; Республиканың Үкіметі тағайындайтын лауазымдардың тiзбесiне кiретiн кадрлардың сапалық құрамы мен қозғалысына талдау жүргiзудi; кадрларды оқытуды, даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыруды; Премьер-Министр мен Үкiметтiң қызметiн құжаттамалық қамтамасыз етудi және қызмет көрсетудi, iс қағаздарын жүргiзудi; мемлекеттік, орыс және басқа да тiлдердiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етудi; қызметтiк құжаттарды қарауды; азаматтар мен заңды тұлғалардың өтiнiмдерiн қарауды; азаматтарды қабылдауды ұйымдастыруды жүзеге асырады. III. ПРЕМЬЕР-МИНИСТР КЕҢСЕСIНIҢ ӨКIЛЕТТIГI 6. Премьер-Министр Кеңсесiнiң өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшiн, өз құзыреттерiнiң шегiнде: мемлекеттік органдардың қолында бар кез-келген, оның iшiнде құпия, ақпараттық деректердiң банкiн пайдалануға; мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен және ұйымдармен Премьер-Министр Кеңсесiнiң жүргiзуге қатысты мәселелер бойынша қызметтiк жазбалар алмасуды жүргiзуге; министрлiктер, мемлекеттік комитеттер, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдар дайындаған заңдардың Қазақстан Республикасының Президентi актілерінiң, Үкiметтiң қаулыларының және Премьер-Министрдiң өкiмдерiнiң жобаларына сараптауды жүзеге асыруға; оларды Үкiметтiң мәжілістерiнде қараған кезде келiспеушiлiк пайда болған және оларды жою жөнiнде тапсырма берiлген жағдайларда Үкiметтiң қаулыларының жобаларын пысықтауға қатысуға; Президенттiң актілерінiң, Үкiметтiң қаулыларының, Премьер-Министрдiң өкiмдерiнiң атқарылуына тексеру жүргiзуге қатысуға; Президенттiң, Үкiметтiң, Премьер-Министрдiң актілерінiң атқарылу мерзiмдерiне бақылау жасауды жүзеге асыруға; министрлiктер, мемлекеттік комитеттер, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдар алқаларының мәжілістерiне қатысуға құқығы бар. 7. Премьер-Министр Кеңсесiнiң мемлекеттік органдардың қажеттi материалдарды, хабарламаларды ұсынуы жөніндегі талабы, егер тапсырмада басқа атқару мерзiмдерi белгiленбесе, заңдарда белгiленген мерзiмдерде атқарылуға жатады. IV. ПРЕМЬЕР-МИНИСТР КЕҢСЕСIНIҢ БАСШЫЛЫҒЫ 8. Премьер-Министрдiң Кеңсесiн Үкiметтiң мүшесi болып табылатын, Премьер-Министрдiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметiнен босататын Кеңсенiң Басшысы басқарады. 9. Кеңсе Басшысының Премьер-Министрдiң Кеңсесi Басшысының ұсынуы бойынша Үкiмет қызметке тағайындайтын және қызметiнен босататын екi орынбасары болады. 10. Кеңсенiң Басшысы мынадай негiзгi функцияларды орындайды: орынбасарларының мiндеттерiн айқындайды; Премьер-Министрдiң Кеңсесi туралы ереженi Үкiметтiң бекітуiне ұсынады; Кеңсенiң штаттық кестесiн бекiтедi, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қарауына Кеңсенiң жауапты қызметкерлерiн тағайындау және босату туралы ұсыныс енгiзедi, Премьер-Министрге жеке лауазымдық жалақылар мен Кеңсе қызметкерлерiнiң лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгiлеу туралы ұсыныс енгiзедi; Кеңсенiң бөлiмдерi мен басқа да құрылымдық бөлiмшелерiне жалпы басшылық пен олардың қызметтерiн үйлестiрудi жүзеге асырады; Кеңседегi iшкi еңбек тәртібінiң ережесін бекiтедi; Премьер-Министр Кеңсесiнiң шығыстар сметасын бекiтедi және оның шегiнде қаржы қаражатына билiк етедi; Премьер-Министрдiң Кеңсесi бойынша бұйрықтар шығарады және нұсқаулықтарды бекiтедi; Премьер-Министрдiң Кеңсесiнiң Президенттiң Әкiмшiлiгiмен, Республика Парламентi Палаталарының Аппараттарымен, министрлiктермен, мемлекеттік комитеттермен, өзге де орталық, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимылын ұйымдастырады; Үкiмет пен оның Төралқасының мәжілістерiн ұйымдастырушылық, құқықтық, консультативтiк, материалдық-техникалық дайындау мен өткiзудi қамтамасыз етедi; Үкiмет қаулыларының жобаларына, Үкiмет енгiзетiн Президент актілерінiң жобаларына, Үкiметтiң мәжілісiне енгiзiлетiн заң жобаларына, сондай-ақ Үкiмет мәжілістерiнiң хаттамаларына виза қояды; Үкiмет қаулыларының жобасын әзiрлеу кезiнде мемлекеттік органдардың арасында пайда болған келiспеушiлiктердi жою үшiн кеңес ұйымдастырады; Премьер-Министрге заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтiк құқықтық актілерінiң, Үкiметтiң қаулыларының, Премьер-Министрдiң өкiмдерiнiң жобаларын, басқа да құжаттар мен материалдарды ұсынады; Президент актілерінiң, Үкiмет шешiмдерiнiң, халықаралық келісімдердiң, Президенттiң, Премьер-Министрдiң және оның орынбасарларының тапсырмаларының атқарылуына олардың орындалу барысы туралы Премьер-Министрге жүйелi түрде хабарлай отырып бақылау жасау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады; министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша Үкiметтiң атына түскен арыздар мен өтiнiмдердi тиiстi мемлекеттік органдарға жолдайды; Премьер-Министрге Үкiметтiң тиiстi жылға арналған Iс-қимыл жоспары мен Заң жобалары жұмыстарының жоспары жөніндегі шаралардың орындалуы туралы ай сайын хабарлап отырады; өз құзыретiнiң шегiнде тапсырманы бақылаудан алуға не оны атқаруды кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдауға рұқсат бередi; Премьер-Министр Кеңсесiнiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi бекiтедi; Премьер-Министрдiң Кеңсесiне техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн Кеңсенiң қызметкерлерiн және ведомстволық бағыныстағы ұйымдастырдың басшыларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады; Премьер-Министрдiң Кеңсесi құзыретiнiң шегiнде қызметтiк құжаттамаға қол қояды; өзiне Республика Премьер-Министрi мен Үкіметі жүктеген басқа да функцияларды орындайды. 11. Премьер-Министрдiң Кеңсесi Басшысының: министрлiктерге, мемлекеттік комитеттерге, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға Үкiметтiң қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеу және келiсу жөнiнде нұсқау беруге; министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың Үкiметтiң шешiмдерiн дайындау жөніндегі жұмысын үйлестiруге; министрлiктерден, мемлекеттік комитеттерден, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардан, ұйымдардан Үкiмет үшiн қажеттi материалдарды, заңдардың Президент актілерінiң, Үкiмет қаулыларының, Премьер-Министр өкiмдерiнiң орындалуы туралы ақпарат сұратуға және оларға атқарылуы мiндеттi тапсырмалар беруге; меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардан құжаттарды, Үкiметтiң құзыретiне қатысты мәселелер бойынша өзге де материалдарды қоса алғанда қажеттi ақпараттар сұратуға; олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеген және Қазақстан Республикасының Үкіметі Регламентiнiң талаптарын бұзу арқылы ұсынылған жағдайда заңдардың, Республика Президентi актілерінiң, Республика Үкіметі қаулыларының және Премьер-Министрi өкiмдерiнiң жобаларын министрлiктерге, мемлекеттік комитеттерге, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға қайтаруға; министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделмеген қосымша қаржыландыру мәселелерi не жеке салық, кеден және басқа да жеңiлдiктер беру жөніндегі өтiнiмдерiн тiркеместен қайтаруға; отандық және шетелдiк ұйымдармен Үкiмет пен Премьер-Министр Кеңсесiнiң қызметiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде шарттар (келісім-шарттар) жасасуға құқығы бар. V. ПРЕМЬЕР-МИНИСТР КЕҢСЕСIНIҢ ҚЫЗМЕТIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ 12. Премьер-Министрдiң Кеңсесiне жүктелген функцияларды орындау үшiн оның құрамында бөлiмдер және басқа да құрылымдық бөлiмшелер құрылады. 13. Премьер-Министр Кеңсесiнiң құрылымдық бөлiмшесi осы Ереженiң негiзiнде, сондай-ақ Премьер-Министр Кеңсесiнiң Басшысы бекiтетiн бөлiмдер және басқа да құрылымдық бөлiмшелер туралы ережелердiң негiзiнде қызмет iстейдi. Бөлiмдердiң қызметкерлерi құзыреттерiне сәйкес не Премьер-Министрдiң Кеңсесi Басшысының тапсырмасы бойынша Үкiмет енгiзетiн заңдардың, Президент актілерінiң, Үкiметтiң қаулыларының және Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын шығару үшiн жауапты болып табылады. 14. Бөлiмдердiң және басқа да құрылымдық бөлiмшелердiң басшыларын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшiлер болып табылатын Кеңсесiнiң басқа да қызметкерлерiн (бұдан әрi - жауапты қызметкерлер) Премьер-Министрдiң Кеңсесi Басшысының ұсынуы бойынша Республиканың Үкіметі қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады. 15. Премьер-Министр Кеңсесiнiң бөлiмдерi мен басқа да құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары олар басқаратын бөлiмдер мен басқа да бөлiмшелерге жүктелген мiндеттердiң уақтылы және толық орындалуы, Кеңсенiң Басшысы мен оның орынбасарлары тапсырмаларының уақтылы және толық атқарылуы үшiн жауаптылықта болады, қызметкерлердi тағайындау, орнын ауыстыру және босату туралы ұсыныс енгiзедi, қызметкерлердiң арасында мiндеттердi бөледi. 16. ҚР Үкіметінiң 07.04.98 ж. № 295 қаулысымен күшi жойылды
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |