|
|
|
Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингі және пайдаланылу тиiмділігiн бағалау ережесін бекіту туралы (2006.19.07. берілген толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 10 сәуірдегі № 213 Қаулысымен күші жойылды
«Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингілеу және бағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 196 бұйрығын қараңыз
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексi 157-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қоса берiліп отырған Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингi және пайдаланылу тиiмділiгiн бағалау ережесi бекітілсiн. 2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын: 1) «Гранттар тарту және пайдалану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 8 тамыздағы № 886 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 26, 286-құжат); 2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 8 тамыздағы № 886 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 30 қарашадағы № 1272 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 43, 432-құжат). 3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі № 740 қаулысымен бекітілген
Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингі және пайдаланылу тиiмдiлiгін бағалау ережесi
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 2006.19.07. № 682 қаулысымен 1-тармақ толықтырылды 1. Осы Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингi және пайдаланылу тиімділігін бағалау ережесi Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына берілетін байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингі және пайдаланылу тиiмдiлігін бағалау тәртібін айқындайды. Ереже ізгілік, қайырымдылық, әскери, азық-түліктік көмекті тарту және тарату рәсімдеріне қолданылмайды. 1) байланысты емес гранттарды тартудың және пайдаланудың ашық және тиiмдi процесiн қамтамасыз ету; 2) байланысты емес гранттарды пайдалану барысы және нәтижелерi туралы есептер мен ақпараттарды табыс ету процесін реттеу; 3) байланысты емес гранттардың мониторингi мен оларды пайдаланудың тиімділігін бағалау процесін реттеу және жүйелендiру болып табылады. 3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) бенефициар - осы Ережеде көзделген тәртiппен байланыссыз гранттарды тiкелей алатын және пайдаланатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымы; 2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымы - Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік мекеме; 3) атқарушы агенттік - орталық мемлекеттік орган немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдігі; 4) заттай үлес - бенефициарды және/немесе атқарушы агенттікті ұстауға көзделген бюджеттік қаржы бөлулер шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетiн, Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе жобаны мемлекеттік бюджеттен бірлесiп қаржыландыруын көздемейтін бенефициардың және/немесе атқарушы агенттiктiң белгiлi бір жобаны iске асыру шеңберіндегі (ақшадан басқа) үлесi; 5) салалық мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзырет шеңберiнде белгiлi бір қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және iске асыруды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган; 6) жоба - аяқталған сипаты бар белгілі бір мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған және шектеулi уақыт кезең iшiнде байланысты емес гранттар қаражатының есебінен iске асырылатын iс-шаралар жиынтығы; ҚР Үкіметінің 2006.19.07. № 682 қаулысымен 6-1) тармақшамен толықтырылды 6-1) өңірлік жоба - оны іске асыруға бірнеше мемлекеттің қатысуын көздейтін жоба; 7) байланысты емес гранттар туралы келісім - жазбаша нысанда жасалған, Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмек берудi көздейтін атқарушы агенттік пен донордың арасындағы келісім; 8) уәкілетті орган - байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингi мен пайдаланылу тиiмділігін бағалау процестерiн үйлестірудi жүзеге асыратын экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық атқарушы орган. 4. Байланысты емес гранттар көмек беру түрлерi бойынша былайша бөлінедi: 1) тауарларды жеткізу - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын донордың қаражатына сатып алынған материалдық-техникалық құндылықтарды өтеусiз негiзде мемлекеттік меншікке беру; 2) жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету - мемлекеттік ұйымдарға сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), еріктілерді (волонтерлердi) жiберу арқылы зерттеулер жүргiзу, консультациялық және басқа да көмек беру, сондай-ақ тауарларды жеткізу мен мемлекеттік ұйымдардың қызметшілерін оқыту түріндегі көмекті қоспағанда, жұмыстар мен қызметтердiң басқа да түрлерi; 3) мемлекеттік ұйымдардың қызметшілерiн оқыту - курстар, семинарлар, тренингтер және оқытудың басқа да түрлерiн жүргiзу және/немесе ұйымдастыру және мемлекеттік ұйымдар қызметшілерінің білiктiлiгiн арттыру. 5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланысты емес гранттарды пайдалану барысында бенефициарға және/немесе атқарушы агенттікке байланысты емес грант туралы тиiсті келісімде көзделген заттай үлес беруге рұқсат етіледi. 6. Мемлекеттік ұйымдардың донорларға байланысты емес гранттарды тарту мәселелерi бойынша жүгінуi тек уәкілеттi органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.
2. Байланысты емес гранттарды тарту тәртібі
7. Уәкілетті орган жыл сайын тиiстi қаржы жылының 1 мамырынан кешіктiрмей атқарушы агенттiктер өтiнiмдер қалыптастырған кезде есепке алу үшiн алдағы қаржы жылына арналған байланысты емес гранттарды беру туралы донорлардың ұсыныстары туралы ақпаратты атқарушы агенттіктерге жiбередi. 8. Атқарушы агенттіктер тиiстi қаржы жылының 1 тамызынан кешiктірмей уәкілетті органға алдағы қаржы жылында байланысты емес гранттарды тарту мақсатында басым жобалардың тiзбесiн қалыптастыру үшiн өтінімдер бередi. Атқарушы агенттiктердің мерзімнен кейiн берiлген өтінімдерін уәкілетті орган қарамай. Атқарушы агенттіктердiң өтінiмдерi оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердiң ұсыныстары ескеріле отырып қалыптасады. Барлық деңгейдегi мәслихаттар аппараттарының өтінімдерді тиiстi облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдiктерiнiң өтiнімдерiнде көрсетіледi. ҚР Үкіметінің 2006.19.07. № 682 қаулысымен 9-тармақ толықтырылды 9. Атқарушы агенттіктердің өтінiмдердi қалыптастыруы қолданыстағы мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті немесе Үкіметі бекіткен тұжырымдамалардың негізiнде жүзеге асырылады. 10. Атқарушы агенттiктiң өтінiмi: 1) ұсынылатын жобалардың тiзбесiн және олар бойынша шығыстар сомасын; 2) жобаның мақсаты, негiзгi iс-шаралар және оларды iске асыру мерзiмдерi, күтілетiн нәтижелерi көрсетіле отырып әр жобаға жеке түсiндiрме жазбасын (негiздемесiн); 3) әр жоба бойынша шығыстардың есептерiн; 4) ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша алынған және пайдаланылған байланысты емес гранттар туралы ақпаратты; 5) басқа да қажетті ақпаратты өзiне қамтуға тиіс. 11. Байланысты емес гранттарды тартуға арналған өтiнімге енгізiлген жобаларды iрiктеудi уәкілетті орган: 1) ұсынылған құжаттардың толықтығы мен сапасын; ҚР Үкіметінің 2006.19.07. № 682 қаулысымен 2) тармақша толықтырылды 2) жобалар мақсатының мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті немесе Үкіметі бекіткен тұжырымдамаларға сәйкестігiн; 3) жоба мақсатының Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдары үшін донорлардың байланысты емес гранттар беру саясатына сәйкестігiн ескере отырып жүзеге асырады. 12. Атқарушы агенттіктердiң өтінімдерiн қарау барысында уәкілетті орган қажет болған жағдайда: әлеуетті донорлармен консультациялар өткiзедi; мүдделi мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара iс-қимыл жасайды; алдағы қаржы жылына арналған жобалардың оңтайлы тiзбесiн қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтiн басқа да iс-шараларды жүргiзедi. 13. Атқарушы агенттіктердiң өтiнiмдерiн қарау нәтижелерi бойынша уәкілетті орган тиiсті жылдың 1 желтоқсанынан кешіктiрмей алдағы қаржы жылына арналған басым жобалардың тiзбесiн бекiтедi. 14. Басым жобалардың бекітілген тiзбесi уәкілетті органның байланысты емес гранттарды тарту жөніндегі iс-шараларды жүргізу үшін негiз болады. 15. Уәкiлеттi орган алдағы қаржы жылына арналған басым жобалар тiзбесiн бекiткеннен кейiн 10 күн ішінде донорларға байланысты емес гранттарды тарту туралы өтінім жiбереді. 16. Донор байланысты емес гранттарды тартуға арналған өтінiмдi мақұлдаған жағдайда уәкілетті орган тиiстi атқарушы агенттiкті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен байланысты емес грант туралы келісімдi дайындау, келiсу және оған қол қою жөнiнде iс-шаралар жүргiзу қажеттiгі туралы хабардар етеді. Байланысты емес грант туралы келісімдi атқарушы агенттiк материалдық-техникалық құндылықтарды жеткізудi және/немесе сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), ерiктілердi (волонтерлердi) тартуды көздейтiн әр жоба бойынша жеке жасайды. Мемлекеттік ұйымдардың қызметшілерiн оқыту түріндегі байланысты емес гранттарды тарту, донордың байланысты емес гранттар беру шарттарында мұндай талап болған жағдайда, уәкілеттi орган мен донор арасында жасалатын тиiстi келісімнің негiзiнде жүзеге асырылады. Донорлардың мемлекеттік ұйымдардың қызметшілерін оқыту түріндегі байланысты емес гранттар беру шарттарында байланысты емес гранттар туралы тиiстi келісімдерге қол қою қажеттілігі көзделуi мүмкiн. 17. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткізудi көздейтiн байланысты емес гранттар туралы келісім жеткiзiлетiн материалдық-техникалық құндылықтардың негiзгi техникалық және өзге де сипаттамаларын, сондай-ақ оларды жеткізу кестесiн (мерзiмiн) қамтуы тиiс. 18. Сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), ерiктілердi (волонтерлердi) тартуды көздейтiн байланысты емес гранттар туралы келісімдерде міндетті түрде: 1) жобаның негізгi кезеңдерi (iс-шаралары), оларды iске асыру мерзiмдерi, сондай-ақ сомасы туралы; 2) тараптардың мiндеттемелерi туралы, соның iшiнде донордың атқарушы агенттiкке жобаны iске асыру барысында iс-жүзiнде пайдаланылған сомалар туралы мәлiметтер беру мiндеттемесi туралы; 3) бенефициардың және/немесе атқарушы агенттіктің заттай үлесiнiң нысаны туралы нормалар қамтылуы тиiс. 19. Мемлекеттік ұйымдардың қызметшілерiн оқыту түрiнде ұсынылған байланысты емес гранттар туралы келісімдерде оқыту немесе білiктілiктi арттыру курстарының (семинарларының, тренингтерiнің) негiзгi бағыттары, оларды өткізу мерзiмдерi, сондай-ақ курстарға (семинарларға, тренингтерге) тыңдаушылар ретінде шақырылатын мемлекеттік ұйымдар қызметшілерінің болжалды саны көзделуi тиiс. 20. Облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдігі атқарушы агенттік болған жағдайда байланысты емес грант туралы келісімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиiстi салалық мемлекеттік орган немесе уәкілетті орган қол қояды. ҚР Үкіметінің 2006.19.07. № 682 қаулысымен 20-1-тармақпен толықтырылды 20-1. Донор уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті салалық мемлекеттік органның оң қорытындысы негізінде өңірлік жобаны іске асыру үшін байланысты емес грант берген жағдайда өңірлік жобаны іске асыру оны басым жобалардың тізбесіне қоспай жүзеге асырылады. ҚР Үкіметінің 2006.19.07. № 682 қаулысымен 20-2-тармақпен толықтырылды 20-2. Байланысты емес грант есебінен өңірлік жобаны іске асыру туралы тиісті келісімді дайындау, келісу және оған қол қою жөніндегі іс-шаралар донордың рәсімдерін ескере отырып, өңірлік жобаны іске асыруға қатысатын елдермен келісім бойынша жүзеге асырылады.
3. Байланысты емес гранттарды пайдалану тәртібі
21. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткізудi көздейтiн жобаларды iске асыру байланысты емес грант туралы келісімнiң шарттарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 22. Тауарларды жеткiзген жағдайда жобаны iске асыру шеңберiнде материалдық-техникалық құндылықтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен бенефициардың теңгерiмiне қабылданады. Материалдық-техникалық құндылықтарды бенефициардың теңгерiмiнен басқа мемлекеттік ұйымның теңгерiмiне беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. Бұл ретте атқарушы агенттiк 15 жұмыс күнi ішінде уәкілеттi органға олардың негiзiнде материалдық-техникалық құндылықтарды беру жүзеге асырылатын тиiстi құжаттардың көшiрмелерiн, соның iшiнде қабылдау-беру актісінің көшірмесiн бередi. 23. Сарашпылар мен консультанттарды (мамандарды) тартуды көздейтін, соның iшiнде материалдық-техникалық құндылықтарды жеткізу жөніндегі жобаны iске асыру атқарушы агенттіктiң келісімi бойынша бенефициар әзiрлейтін техникалық тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылады. Жобаға техникалық тапсырма байланысты емес грант туралы келісімнiң шарттарына сәйкес және донордың келісімi бойынша әзiрленедi. ҚР Үкіметінің 2006.19.07. № 682 қаулысымен 23-1-тармақпен толықтырылды 23-1. Өңірлік жобаға техникалық тапсырма өңірлік жобаны іске асыруға қатысатын мемлекеттер жасасқан байланысты емес грант есебінен өңірлік жобаны іске асыру туралы тиісті келісімнің шарттарына сәйкес әзірленеді. 24. Техникалық тапсырмада мiндетті түрде: 1) аяқталу нысаны мен оларды iске асыру мерзiмдерін қоса алғанда, жобаның кезеңдерi және нақты iс-шаралары; 2) жобаның әр кезеңіндегі iс-шараларды iске асырудан күтілетiн нәтижелер; 3) жергiлiктiлердi қоса алғанда, жобаны iске асыру үшiн тартылатын сарапшылардың және консультанттардың (мамандардың) функционалдық міндеттерi мен жобаға қатысу кезеңi көрсетiле отырып, олардың сандық және сапалық құрамы көзделуi тиiс. 25. Жобаға техникалық тапсырманы бенефициардың бірiншi басшысы не белгіленген тәртiппен оны алмастыратын тұлға, сондай-ақ донордың уәкілеттi өкiлi байланысты емес грант туралы келісім күшiне енген күнінен бастап үш айдан кешіктiрмей бекiтедi. Атқарушы агенттiк жобаға техникалық тапсырма бекітілген күнiнен бастап бір апта мерзiмде уәкілетті органға оның атқарушы агенттігiнің бірiншi басшысы немесе оның орынбасары растаған көшірменi берудi қамтамасыз етедi. 26. Жобаны iске асыру процесiнде бекітілген техникалық тапсырмаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат етіледi. Бұл ретте техникалық тапсырмаға өзгерістер мен толықтырулар байланысты емес грант туралы келісімнiң шарттарына қайшы келмеуi тиiс. 27. Техникалық тапсырмаға өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлген жағдайда атқарушы агенттiк бір апта мерзiмде уәкілетті органға енгізiлген өзгерістер мен толықтырулардың негіздемелерімен бірге нақты ақпараттың берiлуiн қамтамасыз етедi. 28. Жобаны iске асыру процесiнде атқарушы агенттiк: 1) байланысты емес грант туралы келісімде көзделіп қабылданған мiндеттемелердің, сондай-ақ техникалық тапсырмада көзделген iс-шаралардың уақтылы орындалуын; 2) Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттік органдарына, сондай-ақ уәкілетті органға донордың немесе оның уәкілетті тұлғаларының байланысты емес грант туралы келісімде көзделген мiндеттемелердi, сондай-ақ техникалық тапсырмада көзделген iс-шараларды орындамағаны туралы уақтылы хабардар етудi; 3) байланысты емес гранттардың мақсатты және тиiмдi пайдаланылуын; 4) донордың есебiнен берiлген материалдық-техникалық құндылықтардың импорты кезiнде кедендiк ресiмдеудiң уақтылы жүзеге асырылуын; 5) донордың есебiнен берiлген материалдық-техникалық құндылықтардың бенефициардың теңгерiмiне уақтылы қабылдануын қамтамасыз етедi.
4. Байланысты емес гранттардың мониторингі және оларды пайдаланудың тиiмділігін бағалау
29. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткізудi, сондай-ақ сарапшылар мен консультанттарды (мамандарды) тартуды көздейтiн байланысты емес гранттардың мониторингi және оларды пайдаланудың тиiмділiгiн бағалау: 1) жобалардың iске асырылу барысы, сондай-ақ жобалардың тиiмділігiн ағымдағы бағалау туралы ақпаратты атқарушы агенттiктердiң жинауын, өңдеуiн және оны уәкілетті органға ұсынуын; 2) уәкілеттi органның Қазақстан Республикасы мемлекеттік ұйымдарының байланысты емес гранттарды пайдалану туралы жиынтық ақпаратты жасауын және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынуын қамтиды. 30. Атқарушы агенттiк тоқсан сайын есептiден кейiнгi айдың 10-нан кешiктірмей уәкілетті органға мыналарды қамтитын: 1) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткізу кестесiнде (мерзiмдерiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асырудың ағымдағы жай-күйi туралы мәлiметтердi; 2) жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асыру барысында қол жеткiзiлген аралық нәтижелер туралы мәлiметтердi; 3) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткізу кестесiнде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шаралардың орындалмау не сапасыз орындалу себептерi туралы мәлiметтердi; 4) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткізу кестесiнде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асырудың тиiмділiгiн арттыруға бағытталған ұсыныстарды; 5) басқа да қажетті ақпаратты беруi тиiс. 31. Уәкiлетті орган мемлекеттік ұйымдардың қызметшiлерiн оқыту түрiнде ұсынылған байланысты емес гранттарды пайдалану мониторингiн атқарушы агенттіктер уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша және мерзiмде беретiн ақпарат негiзiнде жүзеге асырады. 32. Байланысты емес гранттар мониторингiн және оларды пайдаланудың тиiмділігiн бағалауды жүзеге асыру мақсатында уәкiлетті орган қажет болған жағдайда: атқарушы агенттiктерден және/немесе бенефициарлардан беру мерзiмiн көрсете отырып қосымша ақпарат сұратады; атқарушы агенттiктер беретiн ақпаратты растау үшiн жоба iске асырылатын жерге уәкiлетті тұлғаларды жiбередi; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де шараларды қабылдайды. 33. Уәкілетті орган жыл сайын тиiсті қаржы жылының 10 ақпанынан кешiктірмей Қазақстан Республикасы мемлекеттік ұйымдарының байланысты емес гранттарды пайдаланғаны туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкiметіне енгiзедi. 34. Уәкілеттi органның мемлекеттік ұйымдардың байланысты емес гранттарды пайдаланғаны туралы ақпаратты дайындауы жобаларды iске асыру және олардың тиiмділігін ағымдық бағалау барысы туралы атқарушы агенттіктердiң мәлiметтерi, сондай-ақ уәкілетті органның басқа ресми көздерден алған ақпараты негізiнде жүзеге асырылады. Бұл ретте байланысты емес гранттарды пайдаланудың тиiмділігiн қорытынды бағалауды уәкiлеттi орган жобаның iс жүзiндегі және күтiлетiн нәтижелерiн салыстыру, жобаны iске асыру барысында бенифициар мен атқарушы агенттік қабылдаған шараларды бағалау арқылы, сондай-ақ жобаның тиiмділiгiне ықпал еткен басқа да факторларды ескере отырып жүзеге асырады. 35. Байланысты емес гранттарды пайдаланудың тиiмділiгiн қорытынды бағалау нәтижелерiн уәкілетті орган атқарушы агенттіктердiң байланысты емес гранттарды тартуға арналған кейiнгi өтiнiмдерiн қараған кезде, сондай-ақ кейiн әлеуеттi донорды айқындаған кезде пайдалануы мүмкiн. ҚР Үкіметінің 2006.19.07. № 682 қаулысымен 36-тармақпен толықтырылды 36. Өңірлік жобаны іске асыру ушін байланысты емес грантты пайдаланудың мониторингі және тиімділігін бағалау жобаны іске асыру үшін осы тарауда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |