|
|
|
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы (2007.11.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
«Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006 - 2014 жылдарға арналған стратегиясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1678 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006 - 2008 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін. 2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, өзге де мемлекеттік органдар Бағдарламада көзделген іс-шаралардың тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін және жыл сайын 30 маусымға және 30 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне олардың орындалуы жөнінде ақпарат ұсынсын. 3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жыл сайын 10 шілдеге және 10 қаңтарға қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын. 4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2006 жылғы 5 сәуірдегi № 240 қаулысымен Бекітілген
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006 - 2008 жылдарға арналған бағдарламасы
ҚР Үкіметінің 2007.11.04. № 288 Қаулысымен паспорт өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бағдарламаның паспорты
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан - 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» атты 4-ұзақ мерзімді басымдықтың құрауышы болып табылады. Осыған байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1678 Жарлығымен бекітілген іске асырылуы үш кезеңге бөлінген Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006 - 2014 жылдарға арналған стратегиясының негізгі ережелерін басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006 - 2008 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) әзірленді, онда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың бірінші кезеңдегі негізгі бағыттары баяндалған. Бағдарлама нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы бұрын қолданыста болған бағдарламаларға қатысы бойынша сабақтастық қағидаты сақтала отырып әзірленді.
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
Географиялық орналасуы, көлік инфрақұрылымының қарқынды дамуы, көптеген шектес мемлекеттермен шекараның «ашықтығы» және біздің мемлекетіміздің ішіндегі әлеуметтік-экономикалық тұрақты жағдай Қазақстанның Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Ресейге, одан әрі қарай Еуропаға есірткі құралдары мен психотроптық заттардың транзиті үшін «көлік дәлізі» болуына ықпал етті. Қолданылып отырған шараларға қарамастан, республикадағы есірткі ахуалы күрделі күйінде қалуда және тұрақты келеңсіз серпінмен сипатталады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001 - 2005 жылдарға арналған стратегиясының үш кезеңі іске асырылды. Бірінші кезең 2000 - 2001 жылдарды қамтыды, оның қорытындысы Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 16 мамырдағы № 395 Жарлығымен екітілген Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2000 - 2001 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру арқылы елде нашақорлыққа қарсы күрес жүйесінің негізгі буындарын құру болды. Мәселен, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар республикалық бюджеттен 260 млн. теңгеге жуық сомаға техника, жабдық, материалдар түрінде нақты қолдау алды. Бұрын болған консультативтік-кеңесші орган - Есірткіге бақылау жасау жөніндегі мемлекеттік комиссияның орнына кейіннен уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті болып қайта ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі құрылды. Әр облыста, Астана және Алматы қалаларында әкімдердің орынбасарлары басқаратын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетіне есеп беретін нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмыс істей бастады, бұл жергілікті жерлерде есірткіге қарсы жұмысты жолға қоюға мүмкіндік берді. Екінші кезең Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 8 шілдедегі № 736 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2002 - 2003 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру арқылы бұрын құрылған буындарды нығайтуға бағытталды. Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қызметін талдау Қазақстан Республикасының Үкіметі қойған мақсаттар мен міндеттердің орындалғанын, нәтижесінде белгілі бір оң нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетті. Осылайша, республика өңірлерінде наркологиялық қызметтерді жетілдіру жөніндегі жұмыстар жалғастырылды, нашақорлықтың таралуының жаңа үрдістері ескеріле отырып, наркологиялық диспансерлердің құрылымында кәмелетке толмағандарды емдеуге арналған стационарлық бөлімшелер құрылды, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес проблемаларына арналған мерзімді журнал шығарылуда және өтеусіз негізде таратылуда, Қазақстан Республикасындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласына халықаралық ұйымдар мен донор елдердің қаражаты айтарлықтай белсенді түрде тартылды, арнайы бөлімшелерді, кинологиялық қызметтерді ұйымдастыру және материалдық-техникалық нығайту жалғасты. Үшінші кезең Қазақстан Республикасында нашақорлықтың және есірткі бизнесінің одан әрі таралуына қарсы тиімді мемлекеттік және қоғамдық іс-қимылдың толық ауқымды жүйесін қалыптастыруға бағытталды, оны іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2004 жылғы 13 сәуірдегі № 411 қаулысымен Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2004 - 2005 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. 2004 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті (бұдан әрі - Комитет) құрылды оған барлық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес құрылымдардың есірткіге қарсы қызметін үйлестіру жөніндегі функциялар жүктелді. Өңірлік деңгейде нашақорлыққа қарсы қызметті әкімдіктер жанындағы өңірлік комиссиялардың басшылығымен барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар жүзеге асырылады. Олардың көпшілігінің құрамына Төраға орынбасары деңгейінде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Ішкі істер департаменттері Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармаларының бастықтары енгізілді. Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің әсіресе соңғы жылдары шиеленісе түскен проблемалары Азия мен Еуропада жүріп жатқан әскери-саяси сипаттағы жаhандық процестерге де, сондай-ақ түрлі елдердегі қылмыстық күштердің жеке әлеуметтік проблемаларды есірткінің заңсыз саудасының, діни фанатизм мен экстремизмнің, халықаралық терроризмнің арандатушылықтары желісін кеңейту арқылы шешуге өсіп отырған ұмтылысына да байланысты. Есірткінің заңсыз айналымының көлемі мен Қазақстанда оларды теріс пайдалану ауқымы халықтың денсаулығына қатер төндіріп қана қоймай, сонымен бірге экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдайға, мемлекет жүргізіп отырған экономикалық реформалар процесіне теріс әсер ете отырып, өсе түсуде. 2005 жылғы 1 қаңтарда "нашақорлық" диагнозымен 47 мың 903 адам есепте тұрды. Нашақорлықтың жастар арасында таралуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Әйелдер арасында есірткіге тәуелділердің саны өсуде. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректері бойынша (2006 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) есірткілерді теріс пайдаланатын 53577 адам есепте тұрады, оның ішінде 4940 әйел, 4843 кәмелетке толмағандар (қоса алғанда 14 жасқа дейінгілер - 1233). Тұтастай алғанда, 1991 жылдан бастап есірткіге тәуелділердің саны 4,5 есе дерлік көбейді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы жүргізген зерттеу деректері бойынша 2002 - 2003 жылдары елде есірткі тұтынушылардың нақты саны 200 000-нан астам адамды немесе жалпы халық санының 1,3%-ын, немесе еңбекке қабілетті халықтың 2,06%-ын құрады. Ересек халықтың арасында есірткіге тәуелділікті анықтаудың ең жоғары көрсеткіштері Алматы қаласында, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, ал балалар мен жасөспірімдер арасында - Алматы және Қарағанды облыстарында, Астана қаласында тіркелді. Есірткіге тәуелділерге арналған "Кездесу" қоғамы" (Амелия қаласы, Италия) әлеуметтік-оңалту орталығы әзірлеген нашақорлық профилактикасы және оның алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі шетелдік оң тәжірибе Ақмола облысының Раздольное ауылында орналасқан Есірткіге тәуелділерді әлеуметтік оңалту орталығын құру және оның жұмысын ұйымдастыру кезінде пайдаланылды. Қалыптасқан жағдайдың күрделілігі мен оның маңыздылығын Қазақстанның барлық облыстарында, Астана және Алматы қалаларында жүргізілген, 18 жастан асқан 12 мың адам қатысқан әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері де көрсетті. Қазақстандықтардың көпшілігі нашақорлық пен есірткі бизнесінің таралуын заманымыздың ең елеулі қаупі деп санайды. Атап айтқанда, сұралғандардың 30,3%-ы нашақорлық пен есірткі бизнесі проблемасы бүгінгі күні басқалармен қатар "Қазақстан үшін ең өткір проблемалардың бірі" болып табылады деп санайды. Статистикалық деректерді талдау есірткінің заңсыз таралуымен және оларды медициналық емес мақсатта пайдаланумен байланысты қылмыстар мен өзге де құқық бұзушылықтардың тұрақты өсу үрдісінің сақталып отырғанын куәландырады. Оның нашарлау себептерінің бірі ел ішіндегі есірткіге тәуелді адамдар санының өсуіне тікелей әсер ететін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы "ауыр" есірткілердің транзиті болып табылады. 2001 - 2005 жылдар аралығында Қазақстанның құқық қорғау органдары 62519 есірткі қылмыстарын тіркеді, есірткі құралдарын өткізудің 22021 фактісі анықталды, заңсыз айналымнан 104,5 тоннадан астам әр түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 2 тоннадан астам героин алынды. Тек 2005 жылдың ішінде 9741 есірткі қылмысы, оның ішінде есірткі өткізудің 4330 фактісі анықталды, заңсыз айналымнан 23 тонна 696 кг астам есірткі құралдары, оның ішінде 625 кг-нан астам героин алынды. Жүріп жатқан есірткі рыногын қарқынды құрылымдық қайта құрудың салдары дәстүрлі каннабис тобындағы есірткілерді героин, апиын сияқты белсенділігі жоғары, қымбат тұратын және денсаулыққа анағұрлым қауіпті есірткілердің ығыстыруы болды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасындағы есірткі ахуалы: есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар санының көбеюімен; есірткі бизнесіне қарсы күрестің, оның трансұлттық сипатына және Қазақстан Республикасы аумағының транзиттік рөліне байланысты ерекшелігін тиісінше есепке алмаумен байланысты мемлекеттік және кедендік шекараларды қорғау жөнінде тиісті қызметтер қабылдайтын шаралардың тиімсіздігімен; құзыретіне есірткі бизнесінің ақшасын "жылыстату" фактілерін анықтау және жолын кесу кіретін мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігінің жоқтығымен; есірткі қылмысының ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес тиімділігінің жеткіліксіздігімен; есірткіні тұтынушылар жасының төмендеуімен; есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға алдын алу, емдеу және оңалту көмегінің жеткіліксіз дамуымен; есірткінің екінші айналымын болдырмау мақсатында оларды есепке алу, сақтау және жою тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық кесімдердің сақталмауымен; есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерін регламенттейтін ғылыми, әдістемелік және практикалық базаның жеткіліксіздігімен; әлеуметтік-психологиялық оңалтудың тұтас жүйесінің болмауымен сипатталады. Республикада есірткіленудің бетін қайтару нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте барлық қоғамдық және мемлекеттік институттардың күш-жігерін нақты жұмылдырғанда ғана мүмкін болады.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
Бағдарламаның мақсаты есірткіні теріс пайдаланудың және олардың заңсыз айналымының өсуін тоқтату, есірткілердің таралуын қоғамға барынша аз қауіп келтіретін деңгейге дейін дәйектілікпен қысқарту үшін жағдай жасау болып табылады. Бағдарламаның аса маңызды міндеттерінің қатарынан мыналарды бөліп көрсету қажет: Қазақстан Республикасында есірткіге қарсы қызметтің субъектілері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту; есірткіге қарсы қызметті реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру; есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау тетігін жетілдіру; есірткіге қарсы насихатты жетілдіру, салауатты өмір салтының дағдыларын сіңіру; психикалық белсенді заттарға тәуелді адамдар профилактикасының, диагностикасының, оларды емдеудің, оңалтудың, қайта әлеуметтендірудің қазіргі заманғы технологияларын әзірлеу; наркологиялық емдеу-алдын алу мекемелерінің құрылымын, технологиясын, штаттық кестесін және материалдық-техникалық базасын қазіргі заманғы наркологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың заңнамамен бекітілген стандарттарына сәйкес келтіру; автоматтандырылған психологиялық тестілеудің, есірткіге қарсы мектеп және отбасылық бейнеқор мен кітапхананың мамандандырылған бағдарламаларын құру және енгізу; жабайы өсетін құрамында есірткі бар өсімдіктерге қарсы күрестің ғылыми технологияларын әзірлеу; кейіннен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұқсас жүйелерімен ықпалдасу мақсатында жедел, статистикалық, есепке алу және өзге де мәліметтермен алмасудың ведомствоаралық автоматтандырылған жүйелерін құру; мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша шекаралық бақылауды күшейту.
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктерi
Осы Бағдарламаны іске асыру мыналарға бағытталады: Қазақстан Республикасында есірткі ахуалының дамуының жай-күйін және үрдісін талдауға, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы стратегиялар мен бағдарламаларды іске асыру барысы туралы ақпараттық-талдау материалдарын дайындауға; мемлекеттік органдармен бірлесіп есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы, олардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау саласындағы мемлекеттік саясат пен стратегияны әзірлеуге және іске асыруға; заңнаманы қолдану практикасын талдау және қорытындылау жолымен есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіруге; есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған жедел-алдын алу іс-шаралары мен операцияларын жүргізуге; республикалық және өңірлік деңгейде әрі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы есірткіге қарсы іс-шараларды жүргізу жолымен қоғамдық иммунитетті қалыптастыруға, балалар мен жастар үшін қолжетімді спорттық-демалу мекемелері кешенін дамытуға; нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету кешенін жақсартуға, оны көрсету кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдікті қамтамасыз етуге, оңалту және алдын алу бағдарламаларын әзірлеуге және енгізуге, Есірткіге тәуелділер үшін бірыңғай телефонмен консультация беру қызметін дамытуға; есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы, олардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау саласында, оның ішінде құрамында есірткі бар өсімдіктерді гербицидтермен және мәдени өсімдіктермен ығыстыру саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге; есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мамандарды, сондай-ақ есірткі құралдары мен психотроптық заттарды пайдаланатын және пайдалануға бейім адамдар профилактикасы, оларды емдеу мен әлеуметтік оңалтуды ұйымдастыру саласындағы мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру жолымен мемлекеттік органдарды ұйымдастырушылық-кадрлық тұрғыдан нығайтуға; "нашақорлық" диагнозы қойылған адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалтуға бағытталған бағдарламаларды және тиісті қызметтердің түр-түрін құруға және дамытуға; есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы күресті тиімді ұйымдастыру үшін қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу жолымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте әрекет ететін мемлекеттік органдарды кадрлық және материалдық-техникалық тұрғыдан нығайтуға; есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін одан әрі арттыруға, олардың заңсыз айналымы мен оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауға. Есірткі бизнесіне қарсы күресу ақпаратымен, тәжірибесімен және әдістерімен алмасу үшін ғылыми-практикалық конференциялар, кездесулер өткізуге.
ҚР Үкіметінің 2007.11.04. № 288 Қаулысымен 6-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара) 6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi
Бағдарламаны орындау оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, республикалық және жергілікті бюджеттерде тиісті қаржы жылына көзделген қаражат есебінен және оның шегінде және бюджеттік бағдарламалар мен заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылатын болады. Бағдарламаны іске асыру республикалық бюджет қаражатынан 2006 жылы - 678 млн. 506 мың теңге, 2007 жылы - 442 млн. 603 мың теңге, 2008 жылы - 752 млн. 163 мың теңге, жергілікті бюджет қаражатынан 2006 жылы - 341 млн. 333 мың теңге, 2007 жылы - 202 млн. 401 мың теңге, 2008 жылы - 203 млн. 344 мың теңге көлемінде қаржыландыруды талап етеді. 2007 және 2008 жылдарға арналған шығыстар сомасы болжалды болып табылады және тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттердің жобасын қалыптастыру кезінде республикалық бюджеттік комиссия және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттік комиссиялары нақтылайтын болады.
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтиже
Бағдарламаны іске асыру мыналарға қол жеткізуге мүмкіндік береді: заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың көлемін ұлғайтуға; есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды теріс пайдалану нәтижесінде жасалатын қылмыстардың санын азайтуға; нашақорлықтың алдын алу жүйесі мен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жасау тетігін одан әрі жетілдіру арқылы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды теріс пайдаланылатын адамдардың анықталуын және оларды есепке қоюды ұлғайтуға; нашақорлықпен ауыратын адамдардың профилактикасына, оларды емдеуге және оңалтуға, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі құқық қорғау органдарының қызметіне жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға; нашақорлықпен ауыратын адамдарды емдеу, оңалту және қайта әлеуметтендіру әдістемелерін жетілдіруге; балалар мен жастар үшін қолжетімді спорттық-демалыс мекемелері кешенін құруға; есірткінің заңсыз енуіне қарсы Қазақстан Республикасының кедендік және мемлекеттік шекараларын бақылауды күшейтуге; есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге; есірткінің заңсыз айналымымен байланысты істер бойынша сот ісін жүргізуді жетілдіруге;
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |