|
|
|
Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу мен объектілерді концессияға беру жөніндегі конкурсты өткізу ережесін бекіту туралы
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 6 қазандағы № 921 қаулысымен күші жойылды
«Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу мен объектілерді концессияға беру жөніндегі конкурсты өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін. 2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 814 қаулысымен Бекітілген
Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу мен объектілердi концессияға беру жөніндегі конкурсты өткізу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу және объектілерді концессияға беру жөніндегі конкурсты өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді. 2. Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды (бұдан әрі - концессия объектілері) жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, мыналар қалыптастырады: республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша - тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары; тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық меншігіне жататын концессия объектілері бойынша - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары. 3. Осы Ереженің 2-тармағында көрсетілген ұсыныстардың негізінде экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган қалыптастырған Концессия объектілерінің тізбесін (бұдан әрі - Тізбе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми жариялануы тиіс. 4. Бекітілген Тізбенің негізінде Тізбеге енгізілген объектілерді концессияға беру жөнінде конкурс өткізіледі.
2. Концессия объектілері бойынша ұсыныстар беру, қарау мен Iріктеу
5. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары концессия объектілері бойынша, оның ішінде заңды және жеке тұлғалардың жеке бастама тәртібімен енгізген ұсыныстарын ескере отырып, жылжымалы негізде жыл сайын үш жыл мерзімге, жоспарланған орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың 1 мамырына дейін концессия объектілері бойынша ұсыныстарды қалыптастырады. 6. Жеке және заңды тұлғалар концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша жеке бастама тәртібімен ұсыныстарды мыналарға енгізеді: тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдарына - республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша; облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық меншігіне жататын концессия объектілері бойынша. 7. Республикалық меншікке жататын қолда бар концессия объектілері бойынша тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдарының ұсыныстары республикалық меншікті иелік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен міндетті түрде келісілуге тиіс. 8. Республикалық меншікке иелік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган республикалық меншікке жататын қолда бар концессия объектілері бойынша берілген ұсыныстарды олар берілген сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде келіседі. 9. Республикалық меншікке иелік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессияның нақты объектісі бойынша ұсыныстарды келісуден бас тартқан жағдайда тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, осы мәселе бойынша жұмыс бабындағы кеңесті шақыра алады. Егер жұмыс бабындағы кеңеске қатысушылар ортақ пікірге келмесе, республикалық меншікке жататын қолда бар концессия объектісі бойынша ұсыныс қалыптастырылған ұсыныстар тізбесінен алынып тасталады. 10. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы немесе жергілікті атқарушы органдар объект бойынша салалық сараптама материалдары мен негізгі техникалық көрсеткіштерін қоса бере отырып, экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жоспарланған орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың 1 маусымына дейін концессия объектілері бойынша ұсыныстарды жібереді. 11. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ұсыныс түскен сәттен бастап алпыс жұмыс күні ішінде берілген ұсыныстарға сараптама жүргізуді ұйымдастырады, оның қорытындылары бойынша концессияның әрбір объектісін концессияға беру мүмкіндігі туралы экономикалық қорытынды дайындайды. Берілген ұсыныстарды сараптамадан өткізу үшін экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тәуелсіз сарапшыларды тарта алады. 12. Әрбір объект бойынша экономикалық қорытынды негізінде әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімді жоспарларын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды ескере отырып, экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жылжымалы негізде жыл сайын алдағы орта мерзімді кезеңде концессияға беруге ұсынылатын объектілер тізбесін қалыптастырады. Тізбені қалыптастырған кезде сондай-ақ республикалық бюджеттің тиісті қаржы жылына мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілдемелерін беру жөніндегі мүмкіндіктері де ескеріледі. 13. Тізбе екі бөлімнен тұрады: 1) мемлекеттік меншіктің қолда бар объектілері; 2) салынуы мен пайдалануға берілуі концессия шарттарының негізінде жүзеге асырылатын объектілер. 14. Тізбеге енгізілмеген концессия объектілері бойынша тиісті хабарламаларды тиісті ұсыныстарды берген мемлекеттік орган жібереді. 15. Тізбе Қазақстан Республикасының Үкіметінің қарауына жоспарланған орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың 1 тамыздан кешіктірмей енгізіледі және жоспарланған орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. 16. Концессияның Тізімге енгізілген және концессияға берілмеген объектілерін экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган келесі орта мерзімді кезеңге қалыптастырылатын тиісті тізбеге енгізеді.
3. Объектілерді концессияға беру жөнінде конкурс өткізу
17. Концессионерді таңдау Заңның 19-бабына сәйкес Тізбеге қосылған объектілерді концессияға беру жөнінде ашық конкурс өткізу жолымен жүзеге асырылады. 18. Мыналар конкурсты ұйымдастырушы болып табылады: республикалық меншікке жататын қолданыстағы концессия объектілеріне қатысты - республикалық меншікке иелік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, салынуы және пайдаланылуы концессия шарттары негізінде жүзеге асырылатын, республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты - тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы, коммуналдық меншікке жататын, Тізбеде көзделген тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің концессия объектілеріне қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы. 19. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткізілетін күннен 60 күн бұрын конкурсты өткізу туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында міндетті түрде жариялайды. Конкурсты өткізу туралы ақпарат концессия объектілері туралы, конкурсты ұйымдастырушыға ұсыну үшін қажетті құжаттардың тізбесі туралы мәліметтерді, әлеуетті қатысушыларға қойылатын талаптарды қамтуы тиіс. 20. Конкурстық құжаттаманың мазмұны мен ұсыну шарттары, сондай-ақ әлеуетті концессионерлерге қойылатын біліктілік талаптары Заңның 17 және 18-баптарына сәйкес айқындалады. 21. Конкурсты ұйымдастырушы ұсынылған конкурстық құжаттама үшін конкурстық құжаттаманы көшіруге жұмсалған нақты шығындардан аспайтын төлемақы алуға құқылы. 22. Конкурстық өтінімдерді қарау мен іріктеуді: республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты - Қазақстан Республикасының Үкіметі; тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық меншігіне жататын концессия объектілеріне қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы құратын концессия жөніндегі комиссия (бұдан әрі - комиссия) жүзеге асырады. 23. Республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты комиссия туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Коммуналдық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты комиссия туралы ережені облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы бекітеді. 24. Егер конкурсты ұйымдастырушыға белгіленген мерзімде конкурстық өтінімдер түспеген не конкурсқа қатысуға бір өтінім ұсынылған жағдайда, концессияның осы объектісі бойынша үшінші және одан кейінгі конкурстарды қоспағанда, конкурс өткізілмеген болып есептеледі. 25. Концессия жөніндегі комиссия конкурстық өтінім бар конверттерді конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімде, уақытта және орында ашады. 26. Комиссия конкурсқа қатысушылар ұсынған барлық конкурстық өтінімдерді қарайды. Егер конкурс үшінші рет өткізілген және конкурсқа қатысуға бір ғана конкурстық өтінім ұсынылған жағдайда, комиссия осы өтінімде ұсынылған концессиялық жобаны оны іске асыру мүмкіндігі тұрғысынан қарайды. 27. Егер конкурстық өтінімдерді ашудың мерзімі, уақыты мен орны өзгерген жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы ашу күнінен кемінде он күн бұрын барлық әлеуетті концессионерлерге мұндай өзгеріс туралы хабарлауға міндетті. 28. Конкурсты ұйымдастырушы тиісті конкурстық өтінімдерде қамтылған, ұсынылған концессиялық жобаларға сараптама жүргізеді. Конкурсты ұйымдастырушы тиісті конкурстық өтінімдерде қамтылған, ұсынылған концессиялық жобаларды бағалауды және оларға сараптама жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәуелсіз сарапшыларды тартады. 29. Конкурсты ұйымдастырушының конкурстық өтінімдер жөніндегі қорытындылары барлық қажетті құжаттарды, оның ішінде тәуелсіз сарапшылардың қорытындыларын, салалық сараптаманы және концессиялық жобаларды қоса бере отырып, концессияның осы объектісі бойынша Комиссия отырысын өткізуден отыз күн бұрын мерзімде Комиссияның барлық мүшелеріне жіберіледі. 30. Комиссия концессиялық жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген концессиялық жобаларға арналған өлшемдер негізінде үздік деп танылған конкурсқа қатысушымен осы концессиялық жобаны және концессия шартының талаптарын нақтылау жөнінде келіссөздер жүргізеді. 31. Келіссөздерді дайындау шеңберінде концессиялық жоба және концессия шарты жөніндегі ескертулер мен ұсыныстарды комиссия өтінім берушіге осы концессия объектісі бойынша отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде жиырма күн бұрын мерзімде жазбаша нысанда жіберуі тиіс. 32. Конкурсты ұйымдастырушы өтінім берушіні оның концессиялық жобасын нақтылау жөнінде келіссөздер өткізу мақсатында Комиссияның кезекті отырысын өткізудің мерзімі, уақыты мен орны туралы жазбаша нысанда хабарлайды. 33. Келіссөздер барысында конкурс шарттарына, сондай-ақ концессиялық жобаның бастапқы параметрлері мен сипаттамаларына өзгерістер енгізуге жол берілмейді. 34. Егер концессиялық жобасы үздік деп танылған конкурсқа қатысушы комиссияның ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес концессиялық жобаны және концессия шартының талаптарын талқылаудан және нақтылаудан бас тартса не оның ұсыныстары конкурс шарттары тұрғысынан қолайсыз болып табылса, онда комиссия бұл концессиялық жобаны қарамайды және ұсынылған конкурстық өтінімдер арасынан қайтадан үздік концессиялық жобаны таңдайды. 35. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың қорытындылары бойынша комиссияның шешімімен концессиялық жоба бекітіледі, ал өтінім беруші конкурстың жеңімпазы болып танылады. Комиссия шешімі хаттама түрінде ресімделеді. 36. Конкурсты ұйымдастырушы комиссия шешімінің негізінде конкурс жеңімпазымен концессия шартын жасасады. Концессия шартын жасасу мерзімі конкурс нәтижелерін шығарған күннен бастап отыз күнтізбелік күннен аспауы тиіс. 37. Мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың нәтижелері туралы мәліметтерді конкурсты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды.
38. Ашылған конкурстық өтінімдер әлеуетті концессионерлерге қайтарылып берілмейді. 39. Объектілерді концессияға беру жөнінде өткізілген конкурстардың материалдары конкурсты ұйымдастырушының тиісті істер номенклатурасына сәйкес сақталады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |