|
|
|
Қазақстан Республикасы Президентінің (2024.13.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Қазақстан Республикасында Мемлекеттік протоколдың бірыңғай нормаларын сақтау мақсатында қаулы етемін: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколы бекітілсін. 2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын. 3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Астана, Ақорда, 2006 жылғы қазанның 12-сі.
№ 201
ҚР Президентінің 2013.18.04. № 553 Жарлығымен; 2024.13.02. № 481 Жарлығымен (бұр.ред.қара) Мемлекеттік протокол жаңа редакцияда Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ПРОТОКОЛЫ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколы (бұдан әрі - Мемлекеттік протокол) қалыптасқан халықаралық практикаға сәйкес Қазақстан Республикасының басшылығы қатысатын ресми іс-шараларды өткізудің рәсімдік қағидаларын реттейді. 2. Мемлекеттік протокол бірыңғай протоколдық-ұйымдастыру нормаларын белгілейді және қамтамасыз етеді, мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларды өткізген кезде Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының протоколдық үлкендік реті қағидатын Мемлекеттік протоколға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес бекітеді және протоколдық іс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдары мен ұйымдарының орындауы үшін міндетті болып табылады. 3. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының Мемлекеттік протоколды ұстануын бақылауды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі - Сыртқы істер министрлігі) жүзеге асырады.
2-тарау. Шетелдік делегациялар сапарларының жіктелуі
4. Шетелдік ресми делегацияға протоколдық рәсімдер мен сый-құрмет сапардың форматына, делегацияны басқарып келген адамның мәртебесіне (мемлекет басшысы, үкімет басшысы, сыртқы саясат ведомствосының басшысы, халықаралық ұйымның басшысы немесе басқа да жоғары лауазымды адам) (бұдан әрі - мейман), екіжақты қатынастардың деңгейіне сәйкес, сондай-ақ өзара сыйластық қағидаты ескеріле отырып көрсетіледі. 5. Мейманның Қазақстан Республикасына сапары Қазақстан Республикасына келген кезінен басталады. 6. Шетелдік делегациялардың деңгейіне байланысты сапарлар аса жоғары деңгейдегі және жоғары деңгейдегі сапарлар болып бөлінеді. Аса жоғары деңгейдегі сапарларға шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының сапарлары, жоғары деңгейдегі сапарларға Сыртқы істер министрлігі айқындайтын шет мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының және лауазымды адамдарының, оның ішінде: қауіпсіздік кеңестері хатшыларының; орталық өкілді органдар басшыларының; мемлекеттік кеңесшілердің; үкімет басшылары орынбасарларының; конституциялық мәртебесі бар мемлекеттік органдар басшыларының; мемлекет басшыларына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының; министрлердің; орталық атқарушы органдар басшыларының; үкіметтердің құрамына кірмейтін ведомстволар басшыларының; мемлекеттер басшылары мен үкіметтер басшыларының арнаулы өкілдерінің; халықаралық ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларының; бұрынғы мемлекет басшыларының, үкімет басшыларының және сыртқы саясат ведомствосы басшыларының; өкілді органдар мүшелерінің сапарлары жатады. 7. Форматына қарай сапарлар мемлекеттік, ресми, жұмыс бабындағы, жеке және жол-жөнекей сапарлар болып бөлінеді. 8. Шет мемлекеттер басшыларының Қазақстан Республикасына сапары мемлекеттік сапар болып табылады. 9. Мемлекеттік сапар шет мемлекетпен екіжақты қарым-қатынастың жоғары саяси деңгейін атап өту мақсатында өткізіледі. Мемлекеттік сапар кезінде мейманды қарсы алудың (шығарып салудың) айрықша жоғары деңгейі және рәсімдік сый-құрметтің барынша толық көлемі қамтамасыз етіледі. 10. Мемлекеттік сапар бағдарламасын жасаған кезде: 1) әуежайда қарсы алу және шығарып салу рәсімдері; 2) Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» сарайында (бұдан әрі - Президент Сарайы) ресми қарсы алу рәсімі; 3) шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер; 4) екіжақты құжаттарға қол қою; 5) баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасау; 6) мемлекеттік қабылдау; 7) гүл себетін (гүл шоқтарын, гүлдесте) қою; 8) ағаш отырғызу (ауа райы қолайлы болса); 9) ел аралау сапары (тараптардың келісуі бойынша); 10) Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары депутаттарының алдында сөз сөйлеу (тараптардың келісуі бойынша); 11) елдің жоғары оқу орнында сөз сөйлеу (тараптардың келісуі бойынша); 12) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен (бұдан әрі -Премьер-Министр) және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен кездесу; 13) бизнес-форумға қатысу; 14) қаланың көрікті объектілеріне бару көзделеді. 11. Мемлекеттік сапар барысында мейманның автомашинасына мотоциклшілердің құрмет эскортының ілесіп жүруі көзделеді (ауа райы қолайлы болса). 12. Аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлар ресми сапар болып табылады. 13. Ресми сапар бағдарламасын жасаған кезде: 1) әуежайда қарсы алу (шығарып салу) рәсімі; 2) Президент Сарайында ресми қарсы алу рәсімі; 3) шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер; 4) екіжақты құжаттарға қол қою; 5) баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасау; 6) ресми қабылдау; 7) ел аралау сапары (тараптардың келісуі бойынша); 8) Премьер-Министрмен және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен кездесу; 9) бизнес-форумға қатысу; 10) қаланың көрікті объектілеріне бару көзделеді. 14. Нақты мақсатқа арналған сапарлар, оның ішінде келіссөздер, консультациялар, көпжақты іс-шаралар (саммит, форум, съезд) өткізу, көрмелерді немесе қандай да бір объектіні ашу, ұлттық және мемлекеттік мерекелер мен мерейтойлық күндерді мерекелеу жұмыс бабындағы сапар болып табылады. 15. Шетелдік лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істерімен (демалысқа, туризм мақсатында немесе жеке мақсатпен) келуі жеке сапарға жатады. 16. Жол-жөнекей сапар Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін аса жоғары немесе жоғары деңгейдегі ресми делегацияның Қазақстан Республикасында қысқа мерзімге аялдауына байланысты болады. 17. Мемлекеттік, ресми және жұмыс бабындағы сапарлар өткізілген кезде шетелдік делегациялардың басшылары мен мүшелерін қонақүймен, автокөлікпен және жеке күзетпен қамтамасыз ету көзделеді. Жеке сапар өткізілген кезде шетелдік делегациялардың басшылары мен мүшелерін қонақүймен, автокөлікпен және жеке күзетпен қамтамасыз ету тараптардың келісуі бойынша көзделеді. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін шетелдік мемлекеттік, үкіметтік және басқа да делегациялардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жол жүру барысында Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарымен кездесулері өткізілетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан тарапы көрсетілген делегациялардың Қазақстан Республикасында жүріп-тұруына байланысты шығыстарды көтермейді. 18. Шетелдік делегацияның Қазақстан Республикасына сапары кезінде екіжақты іс-шаралар өткізілетін жерлерде екі елдің тулары орнатылады (шет мемлекеттің туы бірінші болып орнатылады). Көпжақты іс-шара (саммит, форум, съезд) өткізілген кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы және шет мемлекеттердің мемлекеттік тулары халықаралық практикаға сәйкес және (немесе) тиісті халықаралық ұйымның регламентінде белгіленген тәртіппен орнатылады. 19. Халықаралық іс-шараларды (екіжақты сапарлар, конференциялар, форумдар, семинарлар) дайындауды және өткізуді Сыртқы істер министрлігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының тиісті саладағы орталық мемлекеттік органы жүзеге асырады.
3-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының мемлекеттік сапары
1-параграф. Әуежайда қарсы алу рәсімі
20. Шет мемлекеттің басшысын қарсы алу үшін әуежайда мейман елінің және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тулары тігіледі. 21. Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік протокол қызметінің (бұдан әрі - Мемлекеттік протокол қызметі) басшысы мен шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдігінің басшысы (бұдан әрі - мейман елінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі) ұшақтың бортына көтеріліп, мейманды сыртқа шығуға шақырады. 22. Ұшақ басқышы алдында мейманды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі (бұдан әрі - Сыртқы істер министрі), бекітілген лауазымды адам (Үкімет мүшесі), Қазақстан Республикасының тиісті шет мемлекетте аккредиттелген шетелдік мекемесінің басшысы (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі) және жергілікті атқарушы органның басшысы (бұдан әрі - әкім) қарсы алады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің (бұдан әрі - Президент Әкімшілігі) шешімі бойынша қарсы алатын адамдардың деңгейі өзгертілуі мүмкін. Қазақтың ұлттық киімін киген бойжеткен мен (немесе) бозбала мейманға гүл ұсынады (егер мейман зайыбымен (жұбайымен) бірге келсе, мейманға және зайыбына (жұбайына) гүл ұсынады). Тараптардың келісуі бойынша әуежайда қарсы алу рәсіміне шығармашылық ұжымдар қатыстырылуы мүмкін. 23. Мейман демалыс және (немесе) мереке күндері, таңертең ерте немесе тым кешкі уақытта келген жағдайда Қазақстан тарапынан қарсы алатын ресми адамдардың деңгейі төмендетілуі мүмкін. 24. Сыртқы істер министрі мейманға Қазақстан тарапынан қарсы алушы лауазымды адамдарды таныстырады. Мейман Сыртқы істер министрімен бірге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерінің құрмет қарауылы (бұдан әрі - құрмет қарауылы) екі жағын бойлай сап түзеп тұрған ұзын кілемше үстімен қысқаша әңгімелесу үшін әуежай ғимаратының VІР-бөлмесіне өтеді (әңгімелесу кезінде шай, сусындар беріледі). 25. Сыртқы істер министрімен қысқаша әңгімелескеннен кейін мейман мен бекітілген лауазымды адам автокөлікке қарай өтіп, жайғасады. Мотоциклшілер эскорты еріп жүретін кортеж қалаға бет алады. 26. Бекітілген лауазымды адам мейманмен тұратын жеріне дейін бірге барады. Егер мейман зайыбымен (жұбайымен) бірге келсе, оны зайыбына (жұбайына) бекітілген лауазымды адам (тиісті жыныстағы) қарсы алады және бірге жүреді. 27. Мемлекеттік сапар кезінде ауа райы қолайлы болғанда және кортеж әуежайдан қонақүйге (резиденцияға) дейін және кері қарай, қонақүйден (резиденциядан) Президент Сарайына дейін және кері қарай жүргенде мотоциклшілердің құрмет эскортының еріп жүруі көзделеді. 28. Мейманның әуежайдан жүретін жолының бойына екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді. Тұратын аумағында мейман елінің мемлекеттік туы ілінеді.
2-параграф. Президент Сарайында ресми қарсы алу рәсімі
29. Ресми қарсы алу рәсімі басталғанға дейін Президент Сарайына екі елдің ресми делегацияларының мүшелері, мейманмен еріп жүретін адамдар, бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі - БАҚ) өкілдері алдын ала келеді. 30. Мейманның автомобилі Президент Сарайының орталық басқышына келіп, ұзын кілемшенің жиегіне тоқтайды, ол жерде мейманды (зайыбымен немесе жұбайымен бірге) Қазақстан Республикасының Президенті Протокол қызметінің (бұдан әрі - Президенттің Протокол қызметі) қызметкері қарсы алады және оны (оларды) Президент Сарайына шақырады. 31. Салтанатты рәсімдер залында мейманды (зайыбымен немесе жұбайымен бірге) Қазақстан Республикасының Президенті (бұдан әрі - Президент) (зайыбымен немесе жұбайымен бірге) қарсы алады. Өзара сәлемдескеннен кейін мейман мен Президент таныстыру үшін екі елдің делегацияларына жақындайды (қазақстандық делегация бірінші болып таныстырылады). Президент мейманды подиумға өтуге шақырады, бұл ретте мейман Президенттің оң жағына тұрады (зайыптары (жұбайлары) подиумның оң жағында арнайы бөлінген орынға өтеді). 32. Құрмет қарауылының бастығы мейманға сәлемдік баянат жасайды. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік гимндерін орындайды (мейман елінің мемлекеттік гимні бірінші болып орындалады). Мемлекеттік гимндер орындалғаннан кейін мейман мен Президент ұзын кілемше үстімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай беттейді, оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдіреді. Мейман мен Президент құрмет қарауылы сапының бойымен өтеді (мейман сапқа жақын жүреді), бастарын сәл иіп құрмет қарауылының бастығымен қоштасады және шағын құрамдағы келіссөздерге көшеді. 33. Егер мейманмен зайыбы (жұбайы) бірге жүретін болса, ресми қарсы алу рәсімінен кейін екі елдің мемлекеттік туларының жанында мемлекеттер басшыларының зайыптарымен (жұбайларымен) бірге протоколдық фотосуретке түсуі көзделеді. Протоколдық фотосуретке түскеннен кейін мейманның зайыбы (жұбайы) жеке бағдарламаға сәйкес бөлек кетеді.
3-параграф. Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер
34. Қазақстан тарапынан келіссөздерге қатысушылардың құрамы және келіссөздерді жүргізу тәртібі жөніндегі ұсыныстарды Сыртқы істер министрлігі енгізеді, оны Президент Әкімшілігі бекітеді. 35. Шағын құрамдағы келіссөздер 1+1 форматында (тараптардың келісуі бойынша қатысушылар форматы өзгеруі мүмкін) өткізіледі. Протоколдық түсірілім (фото және/немесе бейне) көзделеді. 36. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер 1+10 форматында өткізіледі (тараптардың келісуі бойынша қатысушылардың форматы өзгеруі мүмкін). Протоколдық түсірілім (фото және/немесе бейне) көзделеді.
4-параграф. Екіжақты құжаттарға қол қою
37. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аяқталғаннан кейін екіжақты құжаттарға қол қою рәсімін өткізу көзделеді. 38. Құжаттарға қол қою кезінде Сыртқы істер министрлігінің қызметкері қазақ тілінде, аудармашы немесе шетелдік делегацияның өкілі мейман елінің тілінде қол қойылатын құжаттардың атауын оқиды және құжаттарға қол қоятын лауазымды адамдарды жариялайды. 39. Егер бағдарламада мемлекетаралық және үкіметаралық құжаттарға қол қою көзделсе, бірінші болып мемлекетаралық, содан соң үкіметаралық құжаттарға (тараптардың келісуі бойынша) қол қойылады. 40. Президент және Қазақстан Республикасының өзге де лауазымды адамдары (делегация мүшелері) құжаттарға қол қойған кезде оларға Сыртқы істер министрлігінің қызметкері көмектеседі. 41. Құжаттарға қол қою аяқталғаннан кейін құжаттары бар папкалармен алмасып, қол алысу жүзеге асырылады.
5-параграф. Баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасау
42. Екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін баспасөз конференциясын өткізу немесе баспасөзге мәлімдеме жасау көзделеді. Президент бірінші болып сөз сөйлейді, содан кейін мейманға сөз беріледі.
6-параграф. Мемлекеттік қабылдау
43. Мемлекеттік қабылдау Президент атынан ұйымдастырылады. Мемлекеттік қабылдауға ресми делегациялар мүшелерінің, бірге жүретін адамдардың, Премьер-Министр мен Қазақстан Республикасы Парламентінің қос Палатасы төрағаларының, екі ел қоғамы өкілдерінің қатысуы көзделеді. Мейман зайыбымен (жұбайымен) келген жағдайда мемлекеттік қабылдауға Президенттің зайыбы (жұбайы) қатысады (тараптардың келісуі бойынша). 44. Мемлекеттік қабылдаудың басында тост айту көзделеді (тараптардың келісуі бойынша). 45. Мемлекеттік қабылдауда концерттік бағдарлама ұсынылады. 46. Мемлекеттік қабылдау кезінде еріп жүретін адамдар (протокол, баспасөз қызметінің қызметкерлері және мейман елінің қауіпсіздік офицерлері) үшін фуршет (бұдан әрі - техникалық үстел) ұйымдастыру көзделеді.
7-параграф. Мемориалдық монументке гүл себетін (гүл шоғын, гүлдесте) қою және ағаш отырғызу рәсімі
47. Мейман бекітілген лауазымды адаммен бірге мемориалдық монументке (бұдан әрі - монумент) келеді. Мейманды монументтің жанында әкім (әкімнің орынбасары) қарсы алады. 48. Мейман құрмет қарауылы бойлай сап түзеп тұрған, арнайы төселген ұзын кілемшенің үстімен, гүл шоғын көтерушілерге беттейді. Салтанатты-рәсімдік музыка ойнап тұрады. Гүл шоғын көтерушілер монументке қарай жүреді, мейман олардың соңынан 1,5-2 м қашықтықта жүріп отырады. Монументтің іргесіне гүл себеті (гүл шоғы, гүлдесте) қойылғаннан кейін мейман гүл себетіне (гүл шоғына, гүлдестеге) жақындап келіп, лентасын түзейді. Бір минут үнсіздік жарияланады. Тараптардың келісуі бойынша бір минут үнсіздіктен кейін екі елдің мемлекеттік гимндері орындалады (мейман елінің мемлекеттік гимні бірінші болып орындалады). 49. Әкім (әкімнің орынбасары) мейманға монумент кешенін таныстырады. Кешенді қарап болғаннан кейін мейман әкіммен (әкімнің орынбасарымен) бірге ағаш отырғызатын жерге беттейді (тараптардың келісуі бойынша). Ағаш отырғызу рәсімі аяқталғаннан кейін делегация кортежге беттейді де, жүріп кетеді.
50. Ел аралау сапары мемлекеттік сапар шеңберінде тараптардың келісуі бойынша жүзеге асырылады. Ел аралау сапарында шет мемлекеттің басшысымен бекітілген лауазымды адам (Үкімет мүшесі) немесе оның орынбасары, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі бірге жүреді. 51. Әуежайда мейманды әкім (әкімнің орынбасары) қарсы алады (шығарып салады). Әуежайдың ұшу алаңында екі елдің мемлекеттік тулары тігіледі. Шет мемлекет басшысының болу бағдарламасында облыстың (қаланың) тарихи, мәдени және әлеуметтік орталықтарымен танысу және әкімнің атынан қабылдау өткізу көзделеді.
9-параграф. Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары депутаттарының алдында сөз сөйлеу
52. Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірінде депутаттар алдында сөз сөйлеу мемлекеттік сапар шеңберінде тараптардың келісуі бойынша жүзеге асырылады. 53. Мейман Қазақстан Республикасы Парламенті Палатасының ғимаратына келген кезде оны Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасының Төрағасы қарсы алады, Қазақстан Республикасы Парламенті Палатасының Төрағасы мейманмен қысқаша әңгімелеседі де, оны мәжіліс залына шақырады. 54. Қазақстан Республикасы Парламенті Палатасының Төрағасы сәлемдесу сөзін сөйлеп, мейманға сөз береді.
10-параграф. Елдің жоғары оқу орнында сөз сөйлеу
55. Мейманның елдің жоғары оқу орнында сөз сөйлеуі мемлекеттік сапар шеңберінде тараптардың келісуі бойынша жүзеге асырылады. 56. Мейманды жоғары оқу орнының ректоры қарсы алады. Оқу орнын қысқаша таныстыру жүзеге асырылады. Мейман профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің алдында сөз сөйлеу көзделетін залға шақырылады. 57. Ректор сәлемдесу сөзін сөйлейді және жоғары оқу орнының ғылыми кеңесі шешім қабылдаған жағдайда мейманға құрметті профессор (доктор дәрежесі) атағының берілгендігі туралы хабарлайды.
11-параграф. Әуежайда шығарып салу рәсімі
58. Мейманды әуежайда шығарып салу рәсіміне Сыртқы істер министрі, бекітілген лауазымды адам, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі, әкім және Мемлекеттік протокол қызметінің басшысы қатысады. Президент Әкімшілігінің шешімі бойынша шығарып салатын адамдардың деңгейі өзгертілуі мүмкін. Мейман әуежайға келген кезде қысқаша әңгімелесу үшін Сыртқы істер министрімен бірге VІР-бөлмеге өтеді. 59. Қысқаша әңгімелесуден кейін мейман Қазақстан Республикасы делегациясының мүшелерімен қоштасады, құрмет қарауылы бойлай сап түзеп тұрған ұзын кілемшенің үстімен басқышқа қарай өтеді.
4-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының ресми сапары
1-параграф. Әуежайда қарсы алу рәсімі
60. Әуежайда шет мемлекеттің басшысын қарсы алу үшін мейман елі мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік тулары тігіледі. Ұшу алаңында құрмет қарауылы сап түзейді. 61. Басқыш алдында мейманды Сыртқы істер министрінің орынбасары, бекітілген лауазымды адам (орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары деңгейінен төмен емес), Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі және әкімнің орынбасары қарсы алады. Президент Әкімшілігінің шешімі бойынша қарсы алатын адамдардың деңгейі өзгертілуі мүмкін. Егер мейман зайыбымен (жұбайымен) келген болса, оны зайыбына (жұбайына) бекітілген лауазымды адам (тиісті жыныстағы) қарсы алады және бірге жүреді. Қазақтың ұлттық киімін киген бойжеткен мен (немесе) бозбала мейманға гүл ұсынады (егер мейман зайыбымен (жұбайымен) бірге келсе, мейманға және зайыбына (жұбайына) гүл ұсынады). 62. Мейманның әуежайдан жүретін жолының бойына екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді. Тұратын аумағында мейман елінің мемлекеттік туы ілінеді.
2-параграф. Президент Сарайында ресми қарсы алу рәсімі
63. Ресми қарсы алу рәсімі басталғанға дейін Президент Сарайына екі елдің ресми делегацияларының мүшелері, мейманмен еріп жүретін адамдар, БАҚ өкілдері алдын ала келеді. 64. Мейманның автомобилі Президент Сарайының орталық басқышына келіп, ұзын кілемшенің жиегіне тоқтайды, ол жерде мейманды (зайыбымен немесе жұбайымен бірге) Президенттің Протокол қызметінің қызметкері қарсы алады және оны (оларды) Президент Сарайына шақырады. 65. Салтанатты рәсімдер залында мейманды (зайыбымен немесе жұбайымен бірге) Президент (зайыбымен немесе жұбайымен бірге) қарсы алады. Өзара сәлемдескеннен кейін мейман мен Президент таныстыру үшін екі елдің делегацияларына жақындайды (Қазақстан Республикасының делегациясы бірінші болып таныстырылады). Президент мейманды подиумға өтуге шақырады, бұл ретте мейман Президенттің оң жағына тұрады (зайыптары (жұбайлары) подиумның оң жағында арнайы бөлінген орынға өтеді). Құрмет қарауылының бастығы мейманға сәлемдік баянат жасайды. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік гимндерін орындайды (мейман елінің мемлекеттік гимні бірінші болып орындалады). Мемлекеттік гимндер орындалғаннан кейін мейман мен Президент ұзын кілемшенің үстімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай беттейді, оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдіреді. Мейман мен Президент құрмет қарауылы сапының бойымен өтіп (мейман сапқа жақын жүреді), бастарын сәл иіп, құрмет қарауылының бастығымен қоштасады және шағын құрамдағы келіссөздерге көшеді. 66. Егер мейманмен зайыбы (жұбайы) бірге жүретін болса, ресми кездесу рәсімінен кейін екі елдің мемлекеттік туларының жанында мемлекеттер басшыларының зайыптарымен (жұбайларымен) бірге протоколдық фотосуретке түсуі көзделеді. Протоколдық фотосуретке түскеннен кейін мейманның зайыбы (жұбайы) жеке бағдарламаға сәйкес бөлек кетеді.
3-параграф. Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер
67. Қазақстан тарапынан келіссөздерге қатысушылардың құрамы және келіссөздерді жүргізу тәртібі жөніндегі ұсыныстарды Сыртқы істер министрлігі енгізеді, оны Президент Әкімшілігі бекітеді. Шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулерге қатысушылардың форматын тараптар алдын ала келіседі. Протоколдық түсірілім (фото және/немесе бейне) көзделеді.
4-параграф. Екіжақты құжаттарға қол қою
68. Тараптардың келісуі бойынша екіжақты құжаттарға қол қою рәсімін өткізу көзделеді. Сыртқы істер министрлігінің қызметкері қазақ тілінде, аудармашы немесе шетелдік делегацияның өкілі мейман елінің тілінде қол қойылатын екіжақты құжаттардың атауын оқиды және екіжақты құжаттарға қол қоятын лауазымды адамдарды жариялайды. Президент және Қазақстан Республикасының өзге де лауазымды адамдары (делегация мүшелері) екіжақты құжаттарға қол қойған кезде оларға Сыртқы істер министрлігінің қызметкері көмектеседі. Әрбір құжатқа қол қою аяқталғаннан кейін құжаттары бар папкалармен алмасып, қол алысу жүзеге асырылады.
5-параграф. Баспасөз конференциясы немесе баспасөзге мәлімдеме жасау
69. Екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін баспасөз конференциясын өткізу немесе баспасөзге мәлімдеме жасау көзделеді. Бірінші болып Президент сөз сөйлейді, содан кейін мейманға сөз беріледі.
70. Шет мемлекет басшысына арналған ресми қабылдау Президент атынан ұйымдастырылады. 71. Ресми қабылдауға ресми делегация мүшелерінің қатысуы көзделеді. Ресми қабылдауда концерттік бағдарлама ұсынылады. Ресми қабылдау кезінде техникалық үстел ұйымдастыру көзделеді.
7-параграф. Әуежайда шығарып салу рәсімі
72. Мейманды әуежайда шығарып салу рәсіміне Сыртқы істер министрінің орынбасары, бекітілген лауазымды адам (орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары деңгейінде), Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі, әкімнің орынбасары және Мемлекеттік протокол қызметінің басшысы қатысады. Президент Әкімшілігінің шешімі бойынша шығарып салатын адамдардың деңгейі өзгертілуі мүмкін.
5-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының жұмыс бабындағы сапары
1-параграф. Әуежайда қарсы алу (шығарып салу)
73. Әуежайда шет мемлекеттің басшысын қарсы алу (шығарып салу) үшін мейман елі мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік тулары тігіледі. 74. Әуежайда мейманды бекітілген лауазымды адам (орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары деңгейінде), Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі, және әкімнің орынбасары қарсы алады (шығарып салады). Президент Әкімшілігінің шешімі бойынша қарсы алатын (шығарып салатын) адамдардың деңгейі өзгертілуі мүмкін.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |