Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және (2006.07.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2006 ж. 11 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-бөлім. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс (1 - 36 баптар) қызметін мемлекеттік реттеу 1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 6 баптар) 2-тарау. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін (7 - 13 баптар) жүзеге асырған кезде мекендейтін және тіршілік ететін қолайлы ортаны қамтамасыз ету 3-тарау. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі (14 - 17 баптар) субъектілерінің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі 4-тарау. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс (18 - 27 баптар) саласындағы мемлекеттік басқару 5-тарау. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс (28 - 30 баптар) саласындағы мемлекеттік нормативтер 6-тарау. Сәулет-құрылыс бақылауы (31 - 36 баптар) 2-бөлім. Сәулет және қала құрылысы (37 - 64 баптар) 7-тарау. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры (37 - 40 баптар) 8-тарау. Аумақтарды дамытудың және оларға құрылыс (41 - 59 баптар) салудың қала құрылысын жоспарлау 9-тарау. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс (60 - 64 баптар) құжаттамасы 3-бөлiм. Құрылыс (65 - 79 баптар) 10-тарау. Құрылыс процесін мемлекеттік реттеу (65 - 72 баптар) 11-тарау. Құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау (73 - 79 баптар) Осы Заң Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың арасында туындайтын қатынастарды реттейді және адамның мекендейтін және тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік реттеу
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1. Сәулет қызметі (бұдан әрі - сәулет) - объектінің ішкі және сыртқы келбетін жасаудың, құрылысқа арналған (реконструкциялау, қалпына келтіру) жобалау құжаттамасының сәулет бөлігінде кеңістікті, композициялық, көлемдік-жоспарлық және қызметтік ұйымдастырудың шығармашылық процесін, жобаны іске асыру кезінде авторлық қадағалау жүргізуді қамтитын сәулет объектілерін жасау жөніндегі қызмет. 2. Қала құрылысы қызметі (бұдан әрі - қала құрылысы) ұйымдардың қала құрылысын жоспарлау және аумақтар мен елді мекендерді дамыту, аумақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерін анықтау, қала құрылысы кеңістігін қалыптастырудың, қала құрылысы жобасын жасаудың шығармашылық процесін, қала құрылысы құжаттамасының барлық шектес бөлімдерін үйлестіруді қамтитын қалалар мен селолық елді мекендерді кешенді жоспарлау жөніндегі қызмет. 3. Құрылыс қызметi (бұдан әрi - құрылыс) - жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қою мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес негiзгi қорларды құру жөніндегі қызмет. 4. Жоба - жеке және заңды тұлғалардың немесе мемлекеттiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтiндiк материалдар, инженерлiк және сметалық есептеулер) нысанында ұсынған, адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiнiң қажеттi жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі түпкi ойы. 5. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы - аумақтарды ұйымдастыру, аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен қала құрылысын салуды жоспарлау, объектiлердi салу (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу, уақытша тоқтатып қою және кейiннен кәдеге жарату), сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру, сыртқы безендiру үшiн қажеттi (жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтiк құжаттарды қоса алғанда) өзара байланысты құжаттардың жүйесi. 6. Жобалау алдындағы құжаттама - қала құрылысы, сәулет жобаларын, құрылыс жобасын әзiрлеу алдындағы жасалатын және бағдарламаларды, есеп берулердi, құрылыстың техникалық-экономикалық негiздемелерiн, техникалық-экономикалық есептердi, ғылыми зерттеулер мен инженерлiк iзденiстер нәтижелерiн, технологиялық және конструкциялық есептердi, нобайларды, макеттердi, өлшемдер мен объектiлердi зерттеу нәтижелерiн, сондай-ақ жобалау құжаттамасын әзiрлеу және жобаларды кейiннен iске асыру туралы шешiмдер қабылдауға қажеттi өзге де бастапқы деректер мен материалдарды қамтитын құжаттама. 7. Жобалау құжаттамасы мыналарды қамтиды: 1) қала құрылысының жобалары - аумақтар мен елдi мекендердi немесе олардың бөлiктерiн ұйымдастыруды, дамыту мен салуды кешендi қала құрылысына жоспарлау жөніндегі түпкi ойдан (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, елдi мекендердiң бас жоспарлары, нақты жоспарлау жобалары, өнеркәсіп аймақтарын жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары, объектiлер мен кешендердiң бас жоспарлары, абаттандыру және көгалдандыру жобалары, өзге де жоспарлау жобалары) тұратын жобалар; 2) сәулет жобасы - жобалауға сәулетшінің қатысуы қажет болатын ғимарат (монумент) тұрғызудың сәулеттiк түпкi ойы бар жеке жоба немесе объектiнiң сәулет-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерiн қамтитын, әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, технологиялық, инженерлiк-техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитариялық-гигиеналық, экологиялық және өзге де талаптарды ескеретiн және құрылыс жобасын немесе құрылыс объектiсiне арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде орындалған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының бiр бөлiгi; 3) құрылыс жобасы (құрылыстық жоба) - көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдердi қамтитын жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк жағынан дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулер. Құрылыс жобаларына аяқталмаған объектiлер құрылысын уақытша тоқтатып қою және өз ресурсын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жобалары да жатады; 4) аумақты көгалдандыру, сыртқы безендiру, монументтiк немесе әшекей өнер туындыларын орналастыру және орнату (тұрғызу) жобалары. 8. Нобай (нобайлық жоба) - жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлiк немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi. 9. Макет - жоспарланып отырған аумақтардың, жобаланып отырған объектiлердiң, олардың жекелеген элементтерiнiң, сондай-ақ үй-жайлар интерьерлерiнiң кеңiстiктегi өлшемдестiгiн немесе құрылыстардың iшкi кеңiстiгiн анықтау мақсатында көлемдi нысандағы (түгелдей көрсете отырып немесе шартты түрде) масштабқа қатаң сәйкес келетiн етiп орындалған иллюстрациялық (көрнекi) материал. 10. Жобалар сараптамасы - тапсырысшының (инвестордың) жобаны инвестициялаудың орындылығы және оны iске асыру туралы шешiм қабылдауының алдындағы жобалаудан бұрынғы немесе жобалау құжаттамасын әзiрлеу кезеңi. Сараптаманың өзi инвестициялар құжаттамасына талдау жүргiзуге және оның тиiмдiлiгiн анықтауға, сондай-ақ жобалардың сапасын олардың мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүдделердi, адамның тiршiлiк етуiне қолайлы және қауiпсiз жағдайлар жасауды, жобаланып отырған объектiлердiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік нормативтердiң шарттары мен талаптарына сәйкестiгiн не сәйкес еместiгiн анықтау жолымен бағалауға келiп саяды. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 11. Жобалардың мемлекеттік сараптамасы - жобаларды (жобалау алдындағы немесе жобалау-смета құжаттамасын) кешендi бағалаудың мiндеттi нысаны, ол функцияларын қайталауға жол берiлмейтiн бiрыңғай мемлекеттік жүйе болып табылады. Жобалардың мемлекеттік сараптамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі қандай да бір өзге қызметті жүзеге асыру құқығынсыз уәкiлдiк берген заңды тұлға жүзеге асырады. 12. Жобалардың мемлекетаралық сараптамасы - объектiлердiң құрылысы туралы халықаралық шартқа қатысушы екі және одан да көп мемлекеттiң мүддесiн бiлдiретiн жобаларды сараптаудың мiндеттi нысаны. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 13-тармақ жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ; 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 13. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi орган - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган. 14. Мемлекеттік нормативтер (мемлекеттік нормативтiк құжаттар) - адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiне қолайлы, қауiпсiз және басқа да қажеттi жағдайларды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң, нормативтiк-техникалық құжаттардың, өзге де мiндеттi талаптардың, шарттар мен шектеулердiң жүйесi. 15. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтiк құжаттар) нормативтiк-техникалық құжаттардың, ережелердiң және мемлекетаралық қала құрылысы нормативтерiн, мемлекетаралық құрылыс нормалары мен ережелерiн және Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттiң (басқа мемлекеттердiң) аумақтарында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде қолданылатын құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды қамтитын басқа да мiндеттi талаптардың, жағдайлар мен шектеулердiң жүйесi. 16. Қала құрылысын реттеу аумағы - шегiнде қандай да болсын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жүзеге асырылатын аумақ. 17. Қала құрылысының регламенттерi - аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (уақытын созуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда), сондай-ақ олардың жай-күйлерiнiң заңдарда белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерістерi. Қала құрылысының регламенттерi мемлекеттік нормативтерге сәйкес орындалған қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасымен белгiленедi. Қала құрылысы регламенттерiнiң қолданылуы олар үшiн белгiленген мерзiм шегiнде шектеледi. 18. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы - объектiнiң мақсатына, негiзгi параметрлерiне және оны нақты жер учаскесiне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешенi, сондай-ақ жобалау мен құрылысқа қойылатын, осы елдi мекен үшiн қала құрылысының регламенттерiмен белгiленетiн мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл орайда түсi жөніндегі шешiм мен үйлердiң (ғимараттардың) қасбеттерiн әрлеу материалдарын пайдалану, көлемдiк-кеңiстiктегi шешiм бойынша талаптар белгiлеуге жол берiлмейдi. 19. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры - қала құрылысы регламенттерiн, пайдалану режимiнiң әлеуметтiк-құқықтық белгiлерi, инженерлiк-техникалық жағынан қамтамасыз етiлу деңгейi, онда орналасқан объектiлердiң параметрлерi мен жай-күйi, сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайлары мен экологиялық жай-күйi бойынша қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметi аумағын сипаттайтын картографиялық, статистикалық және мәтiндiк ақпаратты қамтитын сан және сапа көрсеткiштерiнiң мемлекеттік жүйесi. 20. Объектiлер мониторингi - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерiнiң жай-күйi мен өзгерістерiн байқау жүйесi. 21. Қала құрылысы кадастрының есептеу бірлігi - ауқымды, жайпақ және линиялық құрылыстардың барлық түрлерін қоса алғанда, жалпы Қазақстан Республикасының аумағында, облыстарда, аудандарда, елдi мекендерде, жылжымайтын мүлiк объектiлерiнде ұйымдастырылатын және пайдаланылатын элементтер. 22. Сәулет объектiлерi - әзiрленуiне сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негiзiнде салынған үй, ғимарат, монумент, үйлер мен ғимараттар кешенi, олардың экстерьерлерi және (немесе) интерьерлерi, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерiнiң элементтерi. 23. Қала құрылысының кеңiстiгi - адамның (ел, аймақ, елдi мекен, елдi мекен бөлiгi халқының) мекендейтiн және тiршiлiк ететiн материалдық ортасы қалыптасатын қала құрылысын реттеу аумағы. 24. Сәулет (қала құрылысы) туындысы - белгiлi бiр сәулет объектiсiн жасауға немесе қала құрылысы кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған, жобалау құжаттамасы, жекелеген сызба, макет немесе нобайлар нысанында белгiленген авторлық ойды қоса алғанда, жеке тұлғалардың кәсіптік қызметіндегі шығармашылық процестерiнiң нәтижесi болып табылатын авторлық құқық объектiсi және автордың (авторлардың) санаткерлiк меншiгi, сондай-ақ нақты iске асырылған жоба (жобаның бөлiгi). 25. Авторлық қадағалау - бұл автордың: 1) сәулет және қала құрылысы туындысының авторы (авторлары) жүзеге асыратын құрылыс жобасының (құрылыс құжаттамасының) әзiрленуiне; 2) сәулет немесе қала құрылысы туындысының авторын (авторларын) қоса алғанда, оны әзiрлеушiлер жүзеге асыратын құрылыс жобасының iске асырылуына бақылау жүргiзу жөніндегі құқықтары. Авторлық бақылау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 26. Аумақтарды аймақтарға бөлу - қала құрылысын жоспарлау кезiнде аумақтарды жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерi мен оларды пайдалану жөніндегі мүмкiн болатын шектеулердi белгiлей отырып жұмыс iстелетiн аймақтарға бөлу. 27. Қонысаралық аумақтар - елдi мекендердiң шекарасынан (шегiнен) тыс жатқан аумақтар. 28. Елдi мекеннiң аумағы - қалалық немесе селолық елдi мекеннiң белгiленген шекара (iшкi) шегіндегі кеңiстiк. 29. Елдi мекеннiң бас жоспары - қаланы, кенттi, ауылды (селоны) не басқа да қонысты дамыту мен салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы, онда аймақтарға бөлудi, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен жұмыс iстеуiн ұйымдастыру, көлiк және инженерлiк коммуникациялар, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерi белгiленедi. 30. Объектiнiң бас жоспары - құрылыс объектiсi (үй, ғимарат, кешен) жобасының оны аумаққа (учаскеге) орналастыру, көлiк коммуникацияларын, инженерлiк желiлердi төсеу (жүргiзу), учаскенi инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, шаруашылық қызметiн көрсетудi ұйымдастыру мәселелерiн және жобаланып отырған объектiнiң орналасатын жерiне байланысты өзге де iс-шараларды кешендi шешу қамтылатын бөлiгi. 31. Қалалық аймақтарға бөлу - елді мекеннің аумағын олардың жұмыс істейтін мақсатына сәйкес бөлу (тұрғын, қоғамдық, өнеркәсiптiк, рекреациялық және өзге де функционалдық аймақтар). 32. Қоныстану аумағы - тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлiк және көлік инфрақұрылымдарының жекелеген бөлiктерiн, басқа да объектiлердi орналастыруға арналған, орналастырылуы мен қызметi арнаулы санитариялық-қорғаныш аймақтарын талап ететiндей әсер етпейтiн елдi мекен аумағының бiр бөлiгi. 33. Санитариялық-қорғаныш аймағы - арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсiп орындары мен елдi мекендегi басқа да өндірістiк, коммуналдық және қоймалық объектiлердi жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуiн әлсiрету мақсатында бөлiп тұратын аумақ. 34. Сейсмикалық қаупi жоғары аймақтар (аудандар) - сейсмикалық әсерiнiң жиiлiгi 7 және одан да көп балл болуы мүмкiн (күтiлетiн) аудандар. 35. Құрылыс салуды реттейтiн сызық (құрылыс салу сызығы) қызыл және сары сызықтардан немесе жер учаскелерi шекарасынан шегiндiре отырып, үйлердi (ғимараттарды, құрылыстарды) орналастыру кезiнде белгiленген құрылыс салу шекарасы. 36. Қызыл сызық - кварталдардың, шағын аудандардың, елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы өзге элементтердiң аумақтарын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады. 37. Сары сызық - жойқын жер сiлкiнiстерi, өзге де табиғи немесе техногендiк сипаттағы зiлзалалардың салдарынан үйлердiң (ғимараттардың, құрылыстардың) үйiндiлерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкiн болатын аймақтар шекарасы. Әдетте сары сызық үйлер мен ғимараттар арасындағы қашықтықты реттеу үшін қолданылады. 38. Құрылыс өнiмi - сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң аралық және (немесе) түпкiлiктi нәтижесi. 39. Құрылыс өнiмiнiң сапасы (объектiнiң сапасы) - қызметтiң (пайдалануға беру, пайдалану, қолдану) бүкiл мерзiмi бойында меншiк иелерiнiң (пайдаланушылардың) тұтас алғанда қоғамның мүдделерi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды бiлдiретiн, тұтынушыларға жеткiзiлген түпкiлiктi құрылыс өнiмi сипаттамасының (эстетикалық сипаттаманы қоса алғанда) жиынтығы. 40. Құрылыс-монтаж жұмыстары - құрылыс қызметi, ол: 1) жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды; 2) үйлер мен ғимараттардың (оның iшiнде көпiрлер, көлік эстакадалары, тоннельдер мен метрополитендер, жол құбыры, труба құбыры, өзге де жасанды құрылыстар) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын салуды; 3) желiлiк құрылыстарды төсеу жөніндегi арнаулы құрылыс және монтаж жұмыстарын; 4) сыртқы инженерлiк желiлер мен құрылыстар, сондай-ақ iшкi инженерлiк жүйелер құруды; 5) конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және өңдеу жөніндегi жұмыстарды; 6) автомобиль жолы және темір жол құрылысын; 7) технологиялық жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), iске қосу-жөндеу жөніндегi жұмыстарды қамтиды. 41. Қабылдау комиссиясы - объектiнiң (кешеннiң) дайындығына кешендi тексеру технологиялық жабдықтар мен инженерлiк жүйелерге бақылаушылық сынақ жүргiзетiн және салынған объектiнi пайдалануға қабылдайтын уақытша алқалы орган. 42. Жұмыс комиссиясы - нәтижелерiн мемлекеттік қабылдау комиссиясына ұсыну үшiн объектiнiң дайындығына кешендi тексеру жүргiзетiн уақытша алқалы орган. 43. Үй - адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк процестердi орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетiне салынып, тұйық көлемдi құрайтын, тiреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылыс. Yйдiң жер астындағы бөлігi болуы мүмкiн. 44. Ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндірістiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе линиялы (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты) объект. Ғимарат көркемдiк-эстетикалық, безендiру-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн. 45. Yйлердiң (ғимараттардың) инженерлiк жабдықтары материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен өндiрiс процестерiн инженерлiк жағынан қамтамасыз ететiн, адамдардың тұруына (тұрмысына), еңбек етуiне (болуына) қалыпты не жайлы жағдайлар жасайтын инженерлiк жүйелер мен техникалық құрылғылар кешенi. 46. Аяқталмаған құрылыс - пайдалануға беру үшiн тапсырысшы белгiленген тәртiппен қабылдамаған және мақсатына қарай пайдаланылмайтын құрылыс объектiсi (тұру, қызмет көрсету, өнiм шығару, пайда алу және пайдаланудың басқа да түрлерi). 47. Салынып жатқан объектiлердi уақытша тоқтатып қою құрылысы аяқталмаған объект конструкцияларының, материалдары мен жабдықтарының оны салудың уақытша тоқтатылуы кезеңiнде сақталуын және олардың сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөніндегi шаралар кешенi. 48. Объектiнi кейiннен кәдеге жарату - пайдаланылуы (пайдаланылуы, қолданылуы) тоқтатылғаннан кейiн кәдеге асатын элементтердi (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бiр мезгiлде қалпына келтiрiп және екiншi рет пайдаланып, сондай-ақ кәдеге аспайтын элементтер мен қалдықтарды ұқсата отырып, күрделi құрылысты (үйдi, ғимаратты, кешендi) бөлшектеп алу және бұзу жөніндегi жұмыстар кешенi. 49. Адам мекендейтiн орта - адам тұратын орта. Мекендеу ортасы мыналарды қамтиды: 1) қоршаған орта - жаратылыстық және жасанды табиғи жағдайлар мен объектiлердiң, өзге де сыртқы факторлардың кешенi, онымен жеке адам немесе қоғамдастық байланысты және биохимиялық айналым процесiнде өзара әрекет етедi; 2) сәулеттiк-ландшафтық орта - адам шаруашылық қызметтi және басқа да мiндеттердi жүзеге асыратын, табиғи жағдайлар мен сәулеттiк нысандар ұштастырылған кеңiстiк. Әдетте, бұл - адамның өмiр сүру жағдайлары мен психикалық-физикалық жай-күйiн айқындайтын елдi мекендер ортасы; 3) iшкi орта - тұрғын үй-жайлардағы өмiр сүру жағдайларының және жұмыс (өндiрiс) үй-жайларындағы еңбек жағдайларының кешенi, ол әлеуметтiк, эстетикалық, биологиялық, психологиялық және физикалық-химиялық факторларды, соның iшiнде табиғи радиацияны, сыртқы шуды, биотикалық төңiректi, ауаның ластануын, ылғалдылығын, құрамы мен ауысуын, иiстердi, жанған өнiмдердi, табиғи және жасанды жарықты, судың тазалығын және басқаларды қамтиды. 50. Антропогендiк әсер ету - табиғатқа, қоршаған ортаға, елдi мекенге адам әрекетiнiң салдарынан туындаған оң және терiс әсер етулер. Терiс әсер етiлген жағдайда табиғат қорғау шараларын қолдану қажеттiгi туындайды. 51. Техногендiк әсер ету - халыққа, елдi мекендерге не қонысаралық аумақтарға, әдетте, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болуы қатерiн төндiрмей немесе қатер төндiре отырып, адамның шаруашылық қызметi нәтижесiнде туындаған жағымсыз немесе зиянды (қауiптi) әсер ету. 52. Техногендiк зiлзалалар - шаруашылық қызметпен байланысты және: 1) өнеркәсiп, көлiк аварияларын және басқа да аварияларды; 2) өрт, жарылыстар немесе жарылыс қатерiн; 3) биологиялық, химиялық қауiптi немесе радиоактивтi заттардың шығарылуын немесе шығарылу қатерiн; |