Осы редакция 2007 ж. 9 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
11.05.04 ж. № 552-II (бұр. ред. қара); 09.07.04 ж. № 583-II; 2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.07.07. № 171-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 6-бап өзгертілді 6-бап. Мәслихаттардың құзыретi 1. Мәслихаттардың құзыретiне: 1) тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, соның ішінде қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдері іске асыратын (әрбір қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ бойынша жеке-жеке) бюджеттік бағдарламаларды бекіту; 2) тиiстi аумақтарда қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану жөніндегі бағдарламаларды және қоршаған ортаны қорғау, сауықтыру жөніндегі шығыстарды бекіту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарға сәйкес өзге де мәселелердi шешу; 3) Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті мемлекеттік басқарудың үлгі құрылымдары негізінде қалыптасқан әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын әкімнің ұсынысы бойынша бекіту; 4) өздерiнің қарауына жатқызылған әкімшілік-аумақтық құрылыс және жергілікті қауымдастық ұйымының шекараларын айқындау мәселелерін шешу; 5) әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешiмімен тиісті әкімияттың дербес құрамын келісу; 6) атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу; 7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру; 7-1) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заң актiсiне сәйкес аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерiн жасырын немесе ашық дауыс берудi өткізу жолымен сайлау; 8) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіленетін ережелерді бекіту; 9) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністі дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының, жергілікті бюджеттің атқарылуына бақылау жасау; 10) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихаттың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу; 11) халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мен кедейлікті азайту бағдарламаларын бекіту; 12) әкімнің ұсынуы бойынша ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімият жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамын бекіту; 12-1) әкімнің ұсынысы бойынша "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру; 13) Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру; 14) азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауына жәрдемдесу; 15) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады. 2. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының құзыретіне сонымен бірге облыстың аудандық жоспарлану схемасын, облыс орталығын, республикалық маңызы бар қаланы және астананы салудың бас жоспары жобасын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізу, әкімшілік аудандардың аудандық жоспарлануы жобаларын, облыстық (облыс орталықтарынан басқа) және аудандық маңызы бар қалаларды салудың бас жоспарларын бекіту және ауылдық жерге жұмыс істеуге жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүйесін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету тәртібі мен оның мөлшерін айқындау жатады. 3. Аудандық мәслихаттар құзыретiне қалалар, тиiстi аудан аумағында орналасқан кенттер мен ауылдар салудың бас жоспарларын бекіту де жатады. 4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының мәслихаттары тиiстi әкiмияттардың ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қарыз алу туралы шешiмдер қабылдауға құқылы. 5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары қоршаған ортаны ластағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлемдер ставкаларын бекітеді.
|